Замандас бейнесі: Сүлейменовтің ізденісі...
ХХІ ғасырда театр өнері өзгеріске түсіп отыр. Сондықтан, жас буын актерлердің ойындары да трансформацияланып жүр. Ерекше икемділікпен қатар тапқырлық бойынан табылатын және ізденімпаздық қасиетіне ие адам - актер. Мәселен, сол ағысты бойлап келе жатқан - Дархан Сүлейменов.
Актер бала кезінде өнер саласына қызығушылығы ашыла қоймаған, деседе, домбырамен ән айтып, скетч ойнайтынын ауыл арасында білетіндер бар еді. Осылайша, үлкен ағасының жол сілтеуімен өнер ордасы Т.Жүргенов академиясына оқуға түсіп, «Драма және кино» актер мамандығы бойынша білім алады. 2010 жылы дипломдық спектакльді Талғат Теменов көріп, жұмысқа шақырды. Содан бері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып, табан аудармай еңбек етіп келеді. Актердің алғаш болып жұлдызын жаққан, театр және кинорежиссері - Талғат Теменов. Сонымен қатар, актердің алғашқы рөлдерінің бірі Теменовтің, қазақ ақындарының өлеңдерінен құрылған «Махаббат сазы» атты қойылымда поэзия оқып, би билеп, ән шырқап көзге түсті. Одан соң, көрермен жадында сақталатын, актердің тәжірбиесін арттыра түскен С.Сматаевтың «Көгілдір такси» мелодрамасындағы Нұрбақыт кейіпкерін сәтті сомдап шықты.
Сүлейменовтің комедия жанрындағы бірқатар рөлдері болды, олар: С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» қойылымында - Тілші жігіт болып ойнаса, «Қара шекпен»де - Кико атты жүгі ауыр, күлкілі есек образын алып шықты. Актер көбінесе театр сахнасында драмалық жанрдағы кейіпкерлерде бой көрсетті. Нақтырақ айтқанда, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» – Айдарды, Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» қойылымында балықшы жігітті, Т.Теменовтің «Карменситасында» – Хосені, «Шығыс сазында» – Ғабиденді, М.Әуезов «Ай-Қарагөзінде» – Сырымды ойнап, көрермен көзайымына айналды.
Қазіргі таңда актердің танымалдыққа ие болуымен қатар, театр сахнасында тәжірбиесінің артуына арқау рольдерінің бірі, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарындағы» кейіпкері Ербол. Режиссері- Фархад Молдағали, актерді көптеген ізденіске итермелеген және заманауи үлгідегі жаңа қырын аша білген режиссер. Актер үшін үлкен жеңіс ол, шығармашылыққа жаңа тыныс бере алатын режиссерді табу. Осындай тағы бір сәтті кейіпкермен, сәйкесінше епті режиссерді кездестірді. Ол А.П.Чеховтың «Шағаласындағы» - Треплев атты жас драматург жігіт. Қоюшы-режиссері – Елік Нұрсұлтан. Спектакль желісі – бәрімізге белгілі: артист, өнер, шығармашылық, махаббат жайында. Пьесадағы Треплев - Аркадинаның ұлы. Ортасынан мейірім көрмей өсіп, ынжықтығы басым, өзін өнерлі адамдар ортасында ең бейшара сезінетін тірі жетім. Шығармашылықты жақсы көретін, бірақ, бұл өнерін анасы мойындамайтын жазушы. Сүйген аруы теріс айналып, үміті үзілген. Өзін әлі таппаған, қиялшыл, сезімге берілгіш жас жігіт. Басқа авторлардай «күйдім, сүйдім» деп алқынбай, Чехов кейіпкерлері өз сезімдерін осылайша «сыбырлап» жеткізеді. Сүлейменовтің барлық дерлік талантын аша алған кейіпкер - Треплев. Қойылымның сәтті шығуы, сахнадағы серіктеске байланысты болатыны жасыратын дүние емес. Актер мен актрисаның жас ерекшеліктері, сыртқы түр-әлпет пен ішкі мінездердің үйлесім табуы, нағыз актер үшін ұтыс ұтқанмен тең деуге болады. Бірін-бірі ыммен түсініп, екеуі ғана ұғынып тұрған импровизация жасай алу жылдар бойы жиналатын тәжірбиемен келеді. Мысалы: «Шағала» қойылымындағы сахналық серіктесі Ақбота Рахат сомдаған Аркадина образы, Сүлейменовтің кейіпкерін жандандыра түсті. Кәсібилік тұрғыдан алғанда Треплевтің пьесадағы орнын, оның анасы арқылы жеткізе білді. Режиссер Е.Нұрсұлтан актерлерді таңдау барысында дөп түскендігін және актерге берілген нұсқаулықтың оң нәтижелі жемісін көре алдық.
Бір емес бірнеше қойылымда Сүлейменовтің сахнадағы асығын алшысынан түсіріп жүрген актриса Гүлбахрам Байбосынова. Ербол мен Меңтайды сомдайтын әртістерді, бүгінде еліміздің басқада қалаларындағы жанкүйерлері театр залын тоздырып күтеді. Әрине, көзі қырағы көрерменнен алғыс алу, үлкен еңбекті талап етеді. Актердің табиғаты – менің сол актер шығармашылығын зерттеудегі басты себебім. Кейіпкер сомдаушының қарапайым рольдердің өзін, режиссермен ақылдаса отырып, ерекше астары бар сөздермен жеткізуге тырысуының өзі ізденіс. Бұл актер табиғатын өзге өнерпаздардан ерекшелей түседі. Мәселен, «Иран конференциясында» ойнаған рөлі - Магнус Томсен, Дархан үшін үлкен дайындықты қажет етті. Десек те, актерлік жағынан көрерменге жаңа қырынан көрінді, бірбеткей, өз ойын ашық жеткізе алатын, өмірде қолданылатын боқауыз, бей әдепті қоса отыра кейіпкердің мақсатын айқындап берді. Сонымен қатар, актер табиғаты көбінесе драмалық жанрға бейім, комедиялық эпизод рольдері бірең-сараң, тіпті жоқтың қасы. Бұл дегеніміз актерге тек бір жақты ғана емес, жан-жақты, алуан түрлі тағдырды сомдау қажет екенін алдыға шығару керек. Сүлейменовтің Ербол атты кейіпкері - ынжық, сезім білдіріп сөз айталмайтын жасық мінезін, майдан көрген батырдың қыз алдына келгендегі ішкі күйін, тебіренісін ашық сахналап жеткізе білген. Сонша қыздың арасында көзіне оттай басылғаны - Меңтай еді. Оның жаудан тайсалмаған қайсар жүрегі қыздың кіршіксіз сызылған нәзік үнін естігендегі кейіптен тез ауысып, шығармадағы сол үнсіздікті сезіндіре алды. Ерболға жан бітті, ғашық болды. Бұған дейін басынан кешпеген күйден дәм татты. Ербол-Дарханның көздері отқа толып, жайнап сала берді. Ол Ерболдың орнына өзін қойып, алғашқы махаббатын есіне алғандай. Ортадан сәл ғана тѳмендеу бойы бар, самай тұсы бұйраланып тұратын қою қара шашын ұзын қос бұрым етіп ѳріп, оны ақ мандайынан жоғарылата басына бірнеше рет орап, екі ұшын тас қылып тѳбесіне түйіп тастаған, ақ беті таза қолмен аршыған жұмыртқадай кіршіксіз, жасы он сегізге келген талдырмаш қыздардың бейнесі әсем етіп бейнеленеді. Заманауи драматургия, өзекті мәселелермен қатар дамып келе жатқан тың идеялық режиссерлер қатары толығып жатыр. Жаңа толқынның актерлері де өзіңдік ерекше талантқа ие. Оған дәлел Дархан Сүлейменовтің сомдаған кейіпкерлері. Театр сахнасында көрерменге көрсетер тәлімді дүниелерде басты роль сомдау, актер үшін жетістік. Дархан Сүлейменов театр сахнасында жүргеніне 10 жылдан асты, дегенменде әлі де көптеген ізденістер керек екендігін, тек ғана драмалық жанрда емес, комедияда да көрерменде өз өнерін паш ете алатына кәміл сенеміз.
Ұлпан Шеріхан
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театртану» мамандығының 2 курс студенті
Abai.kz