Бір тал жапырақ
Әңгіме
Жұмыстан түскі асқа бүгін ертерек келген Нұрсара сал болып төсек тартып жатқан отағасын дәретке отырғызып, астын тазалап, бет-қолын жуып арбасына отырғызды. Ток самаурынға шай қойып, тоңазтқыштағы түн асқан тамақты қысқа толқынды пешке жылытып дастарханға қойды. Екеуі бірге отырып шай ішіп, өткен-кеткенді біраз әңгіме қылды. Шайдан соң төсегіне қайта жатқызып, оқып жүрген кітабын алып беріп жатып, «Санат, мен жұмысқа барайын, Жарқынның да сабақтан келетін уақты болып қалды. Қалған ұсақ-түйек шаруаларың болса балаңа айтарсың. Ал өзім жұмыстың арасында бір келіп қайтармын», – деді де сөмкесін қолына алып, үйден шығып кетті.
Жарқын мектептен келе салып күндегі үйреншікті әдеті бойынша сырт киімін ауыстырып, қолын жуып келіп, шешесі дайындап кеткен дастарханға жайғасып, шайын ішіп болған соң Санатқа: «Әке, үйде істейтін жұмыс болмаса мен суға кеттім. Шешем сұраса солай айтарсыз», – деді де далаға асығыс ұмтылды.
Колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын жалғастырып оқып жатып, оқиғаның қызығына кіріп кеткен Санат Жарқын есіктен шығып кеткен соң барып: «Балам, суағардан көп кешікбей келерсің!» – деді, сөзімді Жарқын естімей қалмасын дегендей даусын көтеріңкіреп.
«Иә, әке, ұқтым, ұқтым! Көп кешікпей келемін ғой», – деп жылдам жауап қайтарған Жарқын қоларбасына елу литрлік көк бөшкесін салып алып, ауылдың төменгі жағындағы суағарға келсе, өзі құралпас балалар үлкенді-кішілі, түрлі-түсті бөшкелерін бірінің артына бірін қойып, өздері суағардың биіктеу жеріндегі алаңқайда асық ойнап жатыр екен. Жарқын қоларбасын ыңғайлы жерге жайғастырып, бөшкесін апарып кезекте тұрған қалың бөшкенің соңына қойды да, өзі асық ойнап жатқан балаларға бармай, суағардың аяқ жағындағы мал су ішуге арнап қойған науаның бетімен бет болып ағып жатқан суға атын суғарып тұрған Есім атаға келіп:
– Армысыз, ата? – деп сәлем берді.
– Бар бол балам! Тәңір жарылқасын!– деп сәлемін алған Есім ата:
– Сен қай баласың? – деп Жарқынға үңіле қарады.
Есім ата мені шынымен танымай тұрма, әлде маған қайтер екен деп әдейі істеп тұрма деп ойлаған ол:
– Ата, мен осы көшенің басында тұратын электрик Нәдірбеков Санаттың баласы Жарқынмын ғой, – деді шәшін сипалап.
– Ой, айналайын! Ана өзіміздің Санат шырақтың баласы екенсің ғой.
Сенің атың Жарқын емес пе? Сен туылғанда өзім азан шақырып атыңды қойған болатынмын. Соны сен білесің бе? – деп Есім ата кеңкілдеп күлді.
Жарқын жымия езу тартып, Есім атаға иегін көтере қарап:
– Неге білмеймін ата, сізді мен жақсы танимын ғой. Оның үстіне әке-шешем, «Есім ата үйге келмей кетті, жасы үлкен адамның денсаулығы сыр беріп жүрген жоқ па екен» деп уайымдап, сіздің әңгімеңізді ылғи айтып отырады, – деді көңілденіп.
– Ой, айналайын! Текті атаның ұрпағы қашанда тегіне тартпай қоймайды екен ғой. Мен сенің ұлы атаң Нәдірбекпен құрдаспын. Бала кезімізден екеуіміз тай-құлындай тебісіп өстік, жолдас болып бірге жүрдік. Ол кезде бұл ауыл жоқ пен бардың ортасында еді. Ел әр жерде, сай-салада бөренеден жасалған ағаш үй мен там үйде тұратын. Ол бір үйдің жалғызы еді. Ұлы Отан соғысына бірге аттандық. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, екеуіміз соғыстан аман-есен оралдық. Алматыға бірге барып оқуға түстік, Нәдірбек мал дәрігер оқуын оқыды, ал мен бухгалтер оқуын оқыдым. Бір қызығы оқу бітіргеннен кейін, ауылға тағы бірге қайттық. Өйткені, екеуіміздің ойлаған, алдымызға қойған ортақ мақсатымыз, арманымыз болды. Ол – әр жерде тарыдай шашылып отырған елді бір жерге жинап, қой савхозын құру болатын. Міне, осылайша Жалағаш ауылының алғашқы қазығын қағып, ірге тасын қалап, шаңырағын көтерген біз болатынбыз. Ол кезде қой совхозы болатын, қазір ғой ауыл деп жүргені. Нәдірбек совхоз директоры болды, ал мен совхоздың бас бухгалтері болып жұмыс істедім.
Біз жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, тынымсыз еңбек еттік. Оның қиындығы мен келтірген кесапаты да аз болған жоқ. Алайда, төккен теріміз, еткен еңбегіміз еш кеткен жоқ, өз нәтижесін берді. Мына сендер оқып жүрген үш қабатты мектеп, мәденит үйі, балабақша мен Көкпектінің теріскейі мен күңгейіндегі қыстаулардың бәрін Нәдірбек салдырған. Жалағаш қой совхозының қойы 60 мыңға жетіп, аты бүкіл Респуликаға белгі болып еді. «Еңбек түбі – береке» дегендей, оның игілігін, рахатын осы ел көрді. Қысқасы, сол заманның жақсылығы мен жамандығын, қиыншылығы мен қуанышын марқұм Нәдірбек ауыл халқымен бірге көріп еді.
Ал қазір сол қызықтың бәрі қайда?!. Ауылымыздың жер асты, жер үсті байлығы мен шұрайлы, құнарлы жерлері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті... – деп Есім ата ауыр күрсініп, көзіне жас алды.
Бұл әңгіме Жарқынға ұнады ма, әлде атасы Нәдірбек туралы біраз нәрсе білгісі келді ме, ол:
– Ата, менің Нәдірбек атам туралы тағы не білесіз? – деп Есім атаға сұрақты төтесінен қойып алып, өзін ыңғайсыз сезініп қалды.
– Ой, айналайын! Сен Нәдірбек атаңа айнымай тартқан екенсің. Марқұм Нәдірбек бала кезінде әр нәрсені білуге құмар еді...
Менің Нәдірбек туралы білмейтінім аз қой... Аманшылық болса, бір күні өзіңе асықпай айтып беремін. Алайда, сен сұрап тұрған соң атаң туралы әңгіменің шет-жағасын айтып берейін, – деп тамағын қылқ еткізіп бір жұтынып алды да сөзін қайта сабақтады: – Нәдірбек жарықтық салмақты, бір тоға, білімді, жүрегі кең, елге, ағайынға сыйлы жан еді ғой. Әр істі ақылмен ітеп, мәселені жұртпен кеңесіп шешетін. Бұл ауыл халқының Нәдірбектің жақсылығын көрмегені жоқ шығар. Нәдірбек тірі болса, мына мен құсап жүрер ме еді сүйретіліп, амал нешік?! Ұлбала екеуінің бұл өмірден ертерек кетуіне жалғыз баласы, сенің ата-әжең Жапар мен Гүлсімнің жол апатынан қыршын кетуінен деп ойлаймын. Өйткені, бұл қаза екеуіне өте ауыр соққы болды...
Нәдірбектің кейбір ерекшеліктерін әкең Санаттан байқаушы едім. Байқұс бала оқыс оқиғадан кейін екі аяғы салданып, жарым жан болып қалды ғой. «Жазымыштан озымыш жоқ» деген рас шығар, бірақ оған мойын ұсынып, беріле салуға болмайды. Қайта онымен күресе білу керек, – деп Есім ата іштен күрсінді.
Есім атаның әңгімесін ұйып тыңдаған Жарқын ата-әжелерінің қазасы мен әкесі Санаттың хал-жағдайы туралы айтылғанда бала көңілі су сепкендей басылып, ауыр мұңға батып:
– Ата, үйге анда-санда келіп әкеммен әңгімелесіп тұрсаңызшы. Бұрын жиі келіп тұрушы едіңіз, бір жылдан бері ат ізін салмай кеттіңіз ғой, – деп Есім атаға жалынышты көзбен қарады.
Есім ата тарамдалған көк тамыры анық көрінген сол қолын Жарқынның иығына қойып, оның мұңлы көзіне қарап:
– Айналайын, Жарқын балам! Менің сендердің үйге бара алмай жүргенім, соңғы кезде мені кәрілік меңдетіп, бойдан қуат кете бастады. Оның үстіне көз бұрынғыдай емес, бұлыңғыр көретін болды. Сол себепті көп ұзап шыға алмай жүрмін. Анда-санда ауыл арасындағы жиын-тойға, өлім-жітімге мына жануарымның арқасында барып жүрмін. Бүгін Жамалбек марқұмның жылдық асына барып келе жатып жол-жөнекей атымды суғара кетейін деп бұрылғанмын, – деді де қолын оның иығынан алып, тас төбеден шақырайып түсіп тұрған күн нұрын алақанымен қағып, Жалағаш тауынына көз салып, мұнартып көрінген жал қарағайларына бір сәт көз жүгіртіп алды да:
– Мына суағарды Нәдірбек атаң екеуіміз жасатқанбыз, қазір 50 жылдан асып кетті. Жалағаш тауының етегінде жеңді білектей болып ағатын «Тасбұлақ» деген бұлақ болатын. Осы бұлақтың суын ауылға алып келу үшін Нәдірбек менімен ақылдасып, бұған қанша қаржы жұмсалатынын есептетіп, құжаттарын алып облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына төте кірді. Бірінші хатшы біздің бұл өтінішімізді қолдап, сол жылы ауылға қаржы бөлді. Он шақырым жердегі «Тасбұлақтың» қайнар көзін цементпен қымтап қатырып, темір құбыр арқылы ауылға алып келіп ауылдың бас жағынан бір суағар, аяқ жағынан бір суағар қойдырдық. Міне, содан бері ауыл халқы осы суды пайдаданып келді. Бүгінге дейін елдің өзі де, малы да ішіп қарқ болды. Ана сендердің үй жақтағы суағардың құбыры шіріген бе, әлде бұлақтың қысымы азайған ба биыл одан су ақпай қалыпты ғой. Енді бүкіл ауыл халқы осы жалғыз суағарға телміріп отыр...
Ой, Жарқын балам! Нәдірбек екеуіміздің бұл ауылға істеген тірлігімізді айта берсем оның өзі таусылмайтын хикая. Осы ел Қазақстан үкіметі Мемлекеттік «Ауыз су» бағдарламасы бойынша құдық қазып, үйді-үйге ауыз су кіргізіп беретін болды деп айтып жүргеніне де пәлен жыл болды ғой... Оны сендер көрмесеңдер, мен көре алмайтын шығармын?! – деп күлді де:
– Басқаны қойшы, Санат баламның хал-жағдайы қазір қалай? Нұрсара келін медбикелік пен үй шаруасын қатар істеймін деп шаршап жүрген жоқ па? Әйел адамға бір отбасының жүгін арқалап жүру оңай емес қой, – деді де ішінен: – О, Тәңірім, бұларға өзің жар болагөр! – деп күбірледі.
– Ата, әкем сол бір қалыпты келе жатыр. Шешем күнде аяқ-қолын ұқалап, дәрісін уағында беріп тұрады. Әр күні арбасына отырғызып алып күннің шуағына шығарып тұрамыз. Жылына екі рет аудан, облыс орталығындағы емханаға апарып ем-дом жасатып жүрміз, – деді Жарқын бәсең үнмен мұңая.
– Ой, айналайын, әке-шешең аман болсын! Санат жастай мүгедек болып қалғанына өкінбесе, оның бала-шағасының алдында, отбасының төрінде қалқиып отырғанның өзі үлкен олжа ғой. «Бас аман болса, бөрік табылады» дегендей, көрде тұр әкең әлі-ақ жақсы болып кетеді. Үміттеріңді үзбеңдер! Сен әкеңнің қазіргі арқа сүйер тірегісің, өмірінің жалғасысың ғой. Әке-шешеңе менен сәлем айт, бола ма? Құдай қаласа, бір күні барып қайтармын, – деді Есім ата Жарқынның жылдар бойы іздеген үмітін жалғап.
– Әке-шешеме сәлеміңізді айтамын ата. Болмаса қазір менімен бірге жүріңіз. Әкемнің әңгімелесетін адамы жоқ, көп жағдайда іші пысады. Кітап оқиды, теледидар көреді, радио тыңдайды, өлең жазады... Одан қалса арбасына отырып алып престің жібінен ноқта мен жүген тоқиды, арқан еседі... Сіз секілді аталармен әңгімелессе бір жасап қалар еді, – деді Жарқын Есім атаға жалынышты көзбен қарап.
– Ой, айналайын, барам, барам! Тек қазір емес, – деген Есім ата ердің екі қасынан ұстап, Жарқынның қолтығынан демеуімен тор атына мініп, тайпалтып жүріп кетті.
***
Жарқын Есім атаны біраз жерге дейін көзбен ұзатып салған соң суағарға келсе оның кезегі де келіп қалыпты. Бөшкесін суға толтырып алып, қол арбасын сүйреп үйіне қарай қайқайды. Жол бойы Есім атаның айтқан әңгімесін есіне алды. «Менің ұлы атам Нәдірбек шынымен де керемет адам болған ба?» деп көңілдене жымиды. Нәдірбек атам бір әкеден жалғыз болса, ал атам Жапар да, әкем Санат та жалғыз. Ал өзім шы, өзім де жалғызбын. Жаратушы Құдай біздің ұрпаққа ылғи жалғыздықты жазған ба? Сонда қалай? Бұдан артық біздің тұқымның көбею биологиясы болмайды дегені ме? Әлде биология пәнінің мұғалімі «генетика» туралаы айтқанда «тұқым қуалау», «ген» дегені осы болғаны ма?.. деп күбірлеп, өзіне-өзі сұрақ қойып келеді. Содан ол: «Жоқ, жоқ, олай болуы мүмкін емес!» деп басын шайқады...
«Жарқын, Жарқын, тұра тұршы, бірге жүреміз!» – деген айғайдан ол бұл ойынан сейіліп, артына қайырылып қарап еді, өзінен бір сынып төмен оқитын Асқат деген көрші бала екен. Жарқын Асқатты соның алдында суағарда асық ойнап жүрген балалардың арасынан көрген болатын. Ол қол арбасын сүйрей-мүйрей жүгіріп Жарқынның жанына алқынып жетіп:
– Жарқын, алды-артыңа қарамай кетіп қалғаның не? Жүр, енді бірге кеттің! – деді де сөзін ары қарай жалғастырып, Жарқынды тергей бастады:
– Жарқын, сен неге үй күшігі секілді үйден шықпайтын болғансың?
Адам құсап балалармен араласып, ойнамайтын болдың ғой? Тіпті өз сыныптастарыңмен араласуды, ойнауды қойыпсың. Жаңа суағарда асық ойнап жатқан бізге келмей, атын суғарып тұрған Есім атаға барып әңгімелесіп тұрып алдың. Мен сені түк түсінбедім, түсінсем бұйырмасын... – деді.
Әншейінде бір қалыпты, сабырлы, біртоға мінезді Жарқын Асқаттың бұл сөзін естігенде аяғымен шоқ басқандай қарғып кетті:
– Түсінбейтін несі бар. Әкемнің төсек тартып жатқанына пәлен жыл болғанын көрші сен емес, бүкіл ауыл біледі. Шешем үй мен түздің шаруасын жалғыз өзі істеп жүр. Сол себепті шешеме көмектесіп, оның жұмысының бір жағынан шыққым келеді. Соның өзін артық көрген шешем: «Балам, сабағыңды жақсы оқы. Үйдің жұмысына өзім жетісем, бір уақ дала барып балалармен ойнап кел. Балалықтың қызығын көрмей кетесің бе?» деп ылғи айтады. Ал мен болсам оған: «Шеше, әкемнің төсек тартып жатып, азаптанғанын көрсем де, сіздің сау жүріп қиналғаныңызды көргім келмейді. Мектепке барсам да, үйге келсем де әкем мен сізді ойлаймын. Осыны көріп тұрып балалармен қалай ойнай аламын» деймін. Сен секілді алдымда ағам не артымда інім болса, не әкемнің төрт мүшесі сау болса онда ойынның түбін мүмкін мен түсірген болар ма едім. Амал нешік, тағдыр менің маңдайыма оны жазбапты. Енді түсіндің бе?! – деп Жарқын аузын тоңпаңдатып, ұрса сөйлеп арбасын жылдам тартып, Асқаттан ұзап кетті.
Ал Асқат болса Жарқынға одан ары не айтарын білмей, оны қатты ренжіткеніне опық жеп: «Рас-ау! Жарқынның жүрегіндегі жараның аузын тырнап жіберген жоқпын ба?!» деп өзін іштей ыңғайсыз сезініп, орнынан қозғалмай мелшиіп тұрып қалды.
***
Жарқынның атасы Жапар Кеңес одағы кезінде осы ауылдың мектеп директоры, ал әжесі Гүлсім мектептің математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайтын. Екеуі де жас болғанымен, бірақ өз қызметін, өз кәсіптерін ұршықша иіретін. Жұртқа жағымды болатын. Содан болар ауылдастары арасында: «Бала мен келін болса Нәдірбектің Жапары мен Гүлсіміндей болсын» деген тәмсіл жиі айтылатын.
Қазақ Елі тәуелсіздік алудан бес жыл бұрын екеуі Сарағаштың демалыс шипажайына барып он күн емделіп, қайтып келе жатқанда олар отырған көлік Жамбыл облысының Қордай асуында жол апатқа ұшырайды. Өкінішке орай, бұл көлікке отырған жолаушылардың аман қалғаны аз болды. Қайтыс болғандардың ішінде Жапар мен Гүлсім де бар еді. Оны естіген бүкіл ауыл күңіренді. Ел: «Бұл екеуіне тіл-көз тиді. Тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады деген осы» десіп жүрді. Әке-шешесінен он бес жасында жетім қалған Санат зейнет демалысындағы атасы мен әжесінің қолында өсіп, мектепті үздік бітірді. Әсілі санаттың жоғары оқу орнына түсіп оқу мүмкіндігі бар еді, бірақ ол атасы мен әжесінің көз алдында жүргенін қалап, аудан орталығындағы училещенің электр мамандығын үйден барып-келіп оқып бітіреді. Содан соң өз ауылына электрик болып жұмысқа тұрады. Ата-әжесінің: «Санат балам, үйлен, шөбере сүйелік!» деп қолқа салуымен ол ауыл емханасында медбике болып жұмыс істейтін сыныптасы Нұрсарамен сөз байласып үйленеді. Жарқын туылып алты айдан кейін атасы мен әжесі бірінің артынан бірі дүниеден озады...
***
Электр жарығының желісінен бір ақау туылды болды, бүкіл ауыл өре түрегеліп Санатты іздейтін. Өйткені, бұл ауылда Санаттан басқа токтің тілін жақсы білетін адам жоқтың қасы еді. Бір күні жұмыстан ерте қайтып келген Санат кешкі тамағын ішіп болып, телдидардың алдында шынтағына жастық қойып, екі аяғын көсіліп «Менің атым Қожа» киносын көріп жатыр еді қора жақта сиыр сауып жүрген Нұрсарадан біреудің: «Жеңге, Санат аға үйде ме?» деген күбірін естиді де, «апақ-сапақ мезгілде жүрген бұлар кім болды екен» деп таңырқаған Санат орнынан қарғып тұрып, теледидарды сөндіріп, есікке қарай беттегенде, ашық тұрған есіктен ауылдың екі жігіті кіріп келіп:
– Амансыз ба, Санат аға? – деп бірінен кейін бірі қолын беріп амандасты.
– Шүкір, аманшылық. Кештетіп қайдан жүрсіңдер, тыныштық па? – деді Санат таңданыспен.
– Қысқасы аға, былай, – деп орта бойлы, қара торы мұртты жігіт Санатқа жақындай түсіп: – Ауыл әкімі аудандық Орман және табиғатты қорғау мекемесінің рұқсатын алып, ауыл көшелерінің бойындағы бұтағы арбиған ағаштардың бұтағын бұталап, қураған теректерді түгел кесіп тастап, көшені тазалауды бұйырған еді. Содан біз бүгін таңнан бастап, төрт жігіт шетінен маторлы арамен баудай түсіріп келе жатыр едік. Мына төменгі Байтұрсынов көшесі мен Жандосов көшесінің қиылысындағы үлкен терек бізге күш бермей Тоқтардың үйінің электр сымын үзіп кетті. Тоқтар үй-ішімен түгел шығып, «бізді жарықсыз қалдырдыңдар» деп аузына келенін айтып, қарғап-сілеп есімізді шығарды. Осыған сіздің көмегіңіз керек болып тұр аға. Сол үзілген электр сымын ептеп жалғап берсеңіз қайтеді, – деді жалынышты сезіммен.
Онысыз да өзінің күнде илейтін терісі, істейтін жұмысы болғандықтан, оларға ләм десестен үйіне кіріп, жұмыс киімін киіп алып сыртқа шыққан Санат:
– Мен таңертең ауданға бара жатып сендерді сырттарыңнан көрген болатынмын. Сонда осылар бірдеме бүлдіріп, маған артық жұмыс тауып беріп жүрмесін деп ойлап, сендерге келіп ескертіп кетейін деп едім, бастығым қайта-қайта телефон шалып «тездетіп жет!» деген соң асығыс кетіп қалып едім. Абайламадыңдар ма?! Мұндай биік, жуан теректерді кранның көмегімен кесу керек еді ғой, – деп құрал-саймандарын алып жатып, жігіттерге ренжи сөйледі. Содан ол әлде нені ұмытқандай артына бұрылып:
– Нұрсара, сырттағы шаруаларыңды ыңғайлап болсаң үйге кірерсің. Ана Жарқын диванда ұйықтап қалды, қорқып жүрмесін. Құдай бұйырса бір-екі сағатта қайтып келемін, – деді де екі жігітпен бірге артынып-тартынып қақпадан шығып кетті.
– Санат аға, сіз кранды айтасыз, бұл ауылдан кран тұрмақ, жібі түзу жөнді техника таппайсың ғой. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Мына Нұра ауылында техниканың бәрі бар, ал оған барсаң сағатына пәленбай мың теңге ақша сұрайды. Сіздің айтқаныңызды әкімге біз де айтқанбыз. Бірақ әкім: «Мен сендерге жоқ кранды қайдан тауып беремін. Маған артық сұрақ қойушы болмаңдар, бір амалын тауып ағаштарыңды кесіңдер!» деген соң кірісіп кетіп едік, – деді Санатпен қатарласа келе жатқан ұзынтұра сары жігіт.
Үшеуі жылдамдатып Байтұрсынов пен Жандосов көшесінің қиылысындағы электр бағанасының жанына келсе, Тоқтардың қатын-баласы мен көрші-қолаңдары түгел сыртта жүр екен. Соның арасынан суырылып шыққан Тоқтар Санаттың қарсы алдына келіп:
– Санат інім қалайсың? Мына оңбағандар, терек кесеміз деп біздің үйдің электр сымын үзіп кетіпті, – дей беріп еді, Санат:
– Былай тұрыңызшы аға, мен сіздердің айтыс-тартыс, дау-дамайларыңды естігелі келгенім жоқ, – деп Тоқтарды шынтағымен итеріп жіберіп, электр бағанасының түбіне келіп жоғары қарады да, – Мен электр генераторына барып осы көшенің токін ажыратып келейін, – деді.
– Оны өшірсең, бұл көше түгел жарықсыз қалады ғой. Бұл жоғары кернеулі ток емес қой. Бір амалын тауып жалғай салмайсың ба? – деді Тоқтар Санаттың артынан келіп. Сонда қара торы мұртты жігіт сөзге араласып:
– Тоқтар аға, токпен ойнауға болмайды ғой. Оның үстіне ымырт жамылып, қас қарайып кетті. Бір күн жарықсыз отырсаңыз бірдеме бола ма? Санат аға ертең күндіз келіп жалғап берсін, – деп еді.
– Аузыңды жап! Токпен ойнап жүрген мен емес, сендерсіңдер. Бәрін бүлдіріп алып енді айтып отырған сөзін қара бұның. Онда сендер Санатты неге мүнда ертіп келіп жүрсіңдер? – деп Тоқтар жігітке кіжінді.
– Енді...енді...сіз шу шығарғанан кейін барып ертіп келіп едік, – деді жігіт күмілжіп.
– Енді менің көрмегенім сендердің төбелестерің еді. Тоқтар аға, қойсаңшы, ата сақалы аузыңа түскенше төбелесуді қоймайсың ба?! – деді де, Санат жігіттерге бұрылып:
– Әкелші құрал-сайманымды, – деп бағанаға шығатын басқышын аяғына киіп, бағанаға бір метрдей көтеріліп алды да, қауіпсіздік белбеуін беліне байлап, сөмкесін иығына іліп алып бағананың басына көтеріліп кетті.
Санат электр сымын тартып, екі ұшын енді жалғауға әрекет жасағанда қарағай бағананың дәл ортасынан шатырлаған дыбыс шықты. Жерде тұрған жігіттер:
– Санат аға, Санат аға, байқаңыз бағана сынып бара жатқан сиқты, – деп айғай салды.
– А, не дейсіңдер? – деп Санаттың айтқаны сол екен бағана ортасынан қарс айрылып сынды да кетті. «О, Тәңірім өзің сақтай гөр!» деген сөзді әрең айтып үлгірген Санат бағананың сынған бөлігімен бірге жерге гүрс ете түсті. Жерден көтерілген шаң айналаны жауып кетті.
– Санат аға, Санат аға, амансың ба? – деп екі жігіт жүгіріп барып еді, Санат бағананы құшақтаған күйінде шалқасынан ес-түссіз жатыр. Үсті-басын түгел шаң басып кеткен. Түрі жөнді көрінбейді. Жігіттер шошып кетті. Айнала у-шу болды да қалды. «Жедел жәрдем шақырыңдар, адам өлетін болды» деген айғай-шу ауылды басына көтерді.
***
Санат есін жиып, көзін ашқанда қасында Нұрсара бар болатын.
– Нұрсара, мен тірімін бе? Әлде бұл түсім бе? – деп Нұсараға таңғала қарап, оң қолын созды. Нұрсара қолын екі қолымен қысып ұстап:
– Санат, бұл түс емес! Дәл, анық өңің. Сен өлген жоқсың, тірісің! – деп жанарындағы жасын әрең іркіп, сәл жымиды.
– Мен қазір қай жерде жатырмын?
– Сен облыстық ауырухананың жан сақтау бөлімінде жатырсың, – деді де Нұрсара көз жасына амалсыз ерік берді.
– Неге жылайсың, жылама?! Жарқын балам, қайда? – деді.
– Жарқын үйде.
– Үйде жалғыз қалды ма?
– Жоқ, сіңлім Айнұрмен бірге.
– Бұның жөн болған екен.
– Мен қашаннан бері мұнда жатырмын.
– Бүгін үш сөтке болды.
– Недейсің? Сонда мен бір өліп-тірілген болдым ғой, – деді де екі алақанын кеудесіне басып тұрып: – Уа, Жаратқан ием! Мына жарық дүниені сыйлап, отбасыммен қайта қауыштырған бүгінгі күніме шүкір! Ажалыма араша түсіп, тоқтаған жүрегімнің қайта соғуына себепкер болған ақ халатты абзал жандарға рақмет! – деді де Санат басын көтеріп, арқасын жастыққа сүйеп отырғысы келіп, екі қолын тіреп артына жылжымақ болып еді, екі аяғы өзіне бағынбай, әрекетсіз қалды. Ол денесінің белінен төменгі бөлігі салданғанын сонда біліп:
– Нұрсара, менің екі аяғымда жан жоқ қой. Мен жарым жан болып қалған сияқтымын ғой?! – деді даусы дірілдеп.
– Иә, солай болып тұр, әлі толық жазылған жоқсың ғой. Жалғасты, ұзақ уақыт емделуің керек екен... Дәрігерлер солай деп айтты... деді сөзін үзіп-үзіп қинала айтқан Нұрсара бұрыла беріп, екі алақанымен бетін басып жылады.
– Қап, менің мүгедек болып қалғаным-ай! Бүйтіп сендерге масыл болғанымша, біржолата өліп қалғаным дұрыс еді. Неге мені аурухананың жан сақтау бөліміне әкелдіңдер. Өз үймде жатып өлгенім дұрыс еді, – деп Санат көзін жұмып алды да басын шалқалап жастыққа ұрғылай бастап еді. Нұрсара жылауын қоя салып:
– Саған не болды, олай істеуші болмайды?! Сен өлсең біздің күніміз не болмақ сонда? Соны ойладың ба?! Бұдан кейін бұл сөзіңді мен естімейтін болайын. Ана қаршадай балаң Жарқын: «Әкем өліп қалатын болды, енді не істейміз?» деп күні-түні жылап есімізді алды. Оны көрген біздің жүрегіміз езіліп кетті. Ең болмаса сол балаңды бір сәт ойласаңшы. Онан да ақылға келіп, дәрігер қалай кеңес береді соны орында. Ақырындап жақсы болып кетесің. Ең бастысы отбасымыздың бас иесі сенің аман болғаның бізге үлкен олжа, – деді ол қайратқа мініп, оның жігерін жани түсті.
Осы сәтте Санатқа опериция жасаған хирок келіп, оның хал-жағдайын сұрап, «Санат, сенің жарақаттарың өте ауыр еді. Біз тіпті, өміріңе араша түсе алмаймыз ба деп қатты қорықтық. Деседе, көрер жарығың бар екен. Мейлі сенің екі аяғың салданып арбаға таңылсаң да оған еш өкінбе. Тәңірім саған екінші өмір сыйлады, осыған шүкіршілік айтып қуан. Екі күнен кейін ауруханадан шығып, үйіңе барасың», – деді де артына бұрылып шығып кетті.
***
Дәрігердің сараптамасына қарағанда Санаттың үш омыртқасы ауыр дәрежеде зақымдалған, жұлыны қатты жаншылған. Міне, содан бері оған жасалған емшара өнім бермей, орнынан тік тұрып жүре алмайтын мүгедекке айналады. Сол күнгі апатқа байланысты аудандық пракуратура бұл істі тексеріп: «Өте ұзақ жыл болған қарағай бағанасының шірігенін, оған құлаған теректің сызат түсіргенін, сол себепті бағана электрик Санатты көтере алмай морт сынғанын анықтап» сотқа жібереді. Ал аудандық сот терек кесушілерге «әкімшілік құқық бұзушылық» заңын қолданып, оларға айыппыл төлетіп істі жабады. Ал Еңбек және халыққа әлеуметтік қорғау минстрлігінің аудандық бөлімшесі Қазақстан Респуликасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңына сүйене отырып Санатты «ауыр жарақат алу себебінен, өмір бойы немесе ұзақ уақытқа қабілетін жоғалтқан адам» деп танып, бірінші дәрежелі мүгедектік жәрдемақы тағайындайды.
***
Арбаға тағылған отағасын қарау Нұрсараға жеңіл түспеді. Дәретін астынан алып, қабағына қарап, аяқ-қолын ертелі-кеш ұқалап, мейір шуағын төккен аяулы жанның кіршіксіз жүрегі даладай дарқан, теңіздей терең еді. Санаттың сөзімен айтқанда «Нұрсара болмаса, бұл үйдің оты сөнеді, тірлігі тоқтайды». Ол алғаш Санатты ауруханадан үйіне алып келгенде, екі көзінен жасы сорғалап жылап тұрған Жарқынды көргенде өзін ұстай алмай балапанын бауырына басып, ағыл-тегіл жылап, ішіне бүккен қайғы-шерін дәл сол күні төкті. Ауыр азабы мен қайғысы меңдеткен науқас адамның қасында қаншама таңдарды ұйқысыз атырып, көңілсіз күндерді өткізді десеңші. Нұрсара өзінің туа біткен ашық та, жайдары мінезімен олардың жабырқау жүректеріне мейір нұрын сеуіп, ақ отаудың шаңырағын шайқалтпай мықты ұстап, өзге құрбы-достарна, ауылдастарына жарасымдылықтың үлгісі бола білді.
Нұрсара бүгін де күндегі әдетімен ерте оянды. Таңғы тәтті ұйқының құшағында жатқан жан жары мен баласына мейірлене кезек-кезек қарап еді, ақша жүзіне күлкі үйірілді. Сәлден соң орнынан жеңіл тұрды да далаға шықты. Ағарып атқан таңды қызықтап сәл кідірді де, күнделікті әдеті бойынша үй шаруасына кірісіп кетті. Әуелі сиырын сауып бадаға жіберді де, есік алдын сыпырды. Үй ішін жиыстырып болған соң, күйеуінің отыратын арбасы мен Жарқынның аяқ кимін сүртіп, реттеп қойды. Газға шай қойып, оларды оятты. Орта бойлы, күші мығым болғанымен аяғын тік басып тұруға шарасыз Санат жатқан жерінен басын сәл көтеріп: – Жарқын, таң атып кетіпті, тұрайық балам! Мектептен кешігесің, – деп киініне бастады.
Үшеуі таңғы шайларын ішіп отырып көңілді әңгімелесті. Ана күні су ағарда кездескен Есім атаның Жарқынға айтқанын біраз әңгіме жасады. Жарқын ұлы атасы Нәдірбек секілді елге елеулі, жұртқа қалаулы адам болуды армандап жүргенін әкесі мен шесіне мақтана айтты. «Ал балам, оны қалай дәлелдейсің?» деген Нұрсараның сұрағына ол:
– Мен мектепті жақсы оқып, алтын медальмен бітіруім керек. Одан кейін Алматыдағы медицина университетіне оқуға түсіп оқимын. Дәрігер мамандығын алған соң, ең алдымен әкемді емдеп жазатын боламын. Әкем екі аяғын тік басып, ел қатарына қосылатын болады. Одан кейін ауруына шипа іздеген әкем сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеймін. Сонда ел мені сыйламай кімді сыйлайды? – деп жауап бергенде, Жарқынның сол жағында отырған Санат оны құшақтай алып:
– Ой, менің бір тал жапырағым! «Арманы жоқ адам қанаты жоқ құс секілді» деген бұрынғылар, сондықтан армандағаның дұрыс. Ата-бабаңның аруағы қолдасын сені! Сол армандарыңа қол жетізіп, жаңағы айтқандарыңның бәрі орындалсын! Сол күнге аман-есен бізді жеткізсін Құдай! – деп маңдайынан иіскеді. Ал шай құйып отырған Нұрсара:
– Нені оқығың келеді, соны оқышы балапаным. Ең бастысы денің сау, басың аман болсын! Өмірден тарлық, жаманшылық көрмегін! Осы арманың Құдайдың құлағына шалынып, қалтқысыз орындалатын болсын! Ал енді шайыңді ішіп болсаң, мектебіңе жөнел, біздің сүйікті болашақ дәрігер, – деп күліп, Жарқынды асықтырып жолға салды.
***
Арада үш жыл өткенен кейін Жарқын мектепті алтын медальмен бітіріп, өзінің қалауы бойынша Алматыдағы медицина университетінің емдеу факультетіне оқуға түседі. Униерситетте жеті жыл озат оқып, мемлекеттің болашақ бағдарламасы бойында емтихан тапсырып Германияның Берлин қаласындағы медицина университетінің сыртқы аурулар факультетінде оқуға аттанады. Онда үш жыл оқып, медицина ғылымының докторы болады. Ол зеттеген «Адам омырқасының зақымдалуы және денесінің салдануы» деген ғылыми еңбегі Германияда жоғары бағаланып, медицина ғылымының ең жоғарғы сыйлығын алдады. «Жарқын, бізде қалып жалғасты жұмыс жасай бергін?!» деген ұстаздарының өтінішіне көнбеген ол өз отаны Қазақстанға оралып, Алматыдағы шетелмен бірікен медицина институтына жұмысқа тұрады.
Ол бұл жаңа жұмыста жасалатын ең алғашқы операцияға пациент ретінде әкесі Санатты таңдайды. Операция өте күрделі болып, төрт сағат жалғасқанымен, ота өте сәтті өтеді. Бүкіл баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдары бұл жаңалықты бүкіл әлемге сенсация ретінде жариялайды.
Он бес жылдай сал болып, арбаға тағылған Санат он бес күнде аяғынан тік тұрып, төрт мүшесі сау адамадар қатарына қосылады. Осыдан кейін де көптеген сал адамдарға опериция жасаған Жарқынның хирогиялық шеберлігі мен оның оң нәтижесі бүкіл әлемді мойндатады. Америка, Германия, Ангелия, Франция, Жапаония, Сингапор, оңтүстік Корея және Қытай секілді елдердің медицина орталықтары оны ұсыныспен шақырып өте қиын, күрделі операцияға қатыстыратын болады...
Жарқын өзімен бірге істейтін дәрігер қызбен махаббаттасып отау көтереді. Санат пен Нұрсара Жалағаш ауылынан Алматыға көшіп келіп бәрі бірге тұрады. Жарқынның келіншегі үш ем босанып, әке-шешесіне немере сүйдіреді. Жарқынның ел игілігіне жасаған жақсылығын естіген сайын Санат пен Нұрсара: «Аман бол балам! Сен бізге ғана емес, халқыңа керек адамсың!» деп оның тілеуін тілеп, немірелерін бағып марқайып жүретін болды.
Санаттың бір тал жапырағы, осылай өсіп көп жапыраққа айналды. Өмір деген осындай алма-кезек дүние екен.
Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz