Жексенбі, 7 Маусым 2026
Арылу 220 0 пікір 7 Маусым, 2026 сағат 12:46

Ескі тәртіптің агониясы

Сурет: KZ.Media сайтынан алынды

Көпшілік дағдарыс мемлекет құлаған кезде басталады деп қате ойлайды. Жоқ. Мемлекеттер әлдеқайда кейін құлайды.

Дағдарыс адамдар сенуден қалған сәттен басталады. Уәделерге, статистикаға, жаңалықтарға сенуден қалған кезде. Сайлауға сенуден қалған кезде. Болашаққа сенуден қалған кезде. Адамның тоңазытқышы бос, банк картасы бұғатталған болса, теледидар мен насихаттың әсері болмайды.

Кез келген жүйе полицияға, армияға немесе заңдарға ғана сүйеніп тұрмайды. Ол миллиондаған адамдардың қолданыстағы тәртіпті әділ әрі орынды деп қабылдауына негізделеді. Саясаттанушылар мұны мемлекет пен азаматтар арасындағы қоғамдық келісімшарт деп атайды. Осы келісім бар кезде жүйе тұрақты болады. Ал ол жоғалған кезде ыдырау басталады.

Назарбаев жүйесінің тұрақтылығы оның айлакерлігінде болды. Басқа да шаралармен қатар, ол шағын және орта бизнесті тексеруге кезең-кезеңімен мораторий жариялап отырды. Соның арқасында кәсіпкерлер көбірек табыс табатын. Бірақ мұның тағы бір әсері болды: адамдар жұмыс істеді, жұмыссыздық азайды, әл-ауқат өсті, әлеуметтік тұрақтылық сақталды.

Шынын айтсақ, шағын кәсіпкерлер салықтан жалтарып, жаңа көлік сатып алып жүрген кезде, жоғарыдағылар миллиардтаған долларды айналдырып жатты. Көптеген қарапайым адамдар да өздерінің шағын пайдасын көруге ұмтылып, сол арқылы билікті сынауға моральдық құқығынан айырылды. Бірақ бұл туралы оппозиция мен зиялы қауымның сирек әрі әлсіз дауыстарынан басқа ешкім айтпады. Оның үстіне, бизнес өкілдері ризашылық сезімін бастан кешірді. Отбасы тоқ, жылына екі рет шетелде демалады, балалар жекеменшік мектептерде оқиды. Бақыт үшін тағы не керек?

Бірақ айналаңызға қараңыз. Әлем өзгеріп жатыр. Мемлекеттер барған сайын байып барады, ал адамдар барған сайын алаңдаулы. Технологиялар жетіліп келеді, бірақ сенім азаюда. Ақпарат көлемі бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсуде, бірақ болып жатқан оқиғаларды түсіну деңгейі төмендеуде. Көпшілікке іргелі білім мен сыни ойлау жетіспейді. Басқару аппаратында практикалық тәжірибе аз, олардың бүкіл мансабы кабинет қабырғасында өтті. Нәтижесінде экономика зардап шегеді, халық кедейленеді.

Бізге жаһандану өркендеу әкеледі деп уәде берген еді. Ол расында өркендеумен бірге билік пен капиталдың орасан шоғырлануын да алып келді. Қазақстан минералдық шикізаттың жаһандық жеткізу тізбегіне сәтті кірігіп, ірі державалар үшін ыңғайлы отарға айналды. Солардың ел басшылығына деген лоялдылығы тұңғыш президент Назарбаевтың өз халқының алдындағы артықшылық сезімін күшейтіп, өзін ерекше миссия иесі ретінде қабылдауына әсер етті.

Осыдан жеке басқа табынушылық, көзі тірісінде ескерткіштер орнату, көшелер мен астананың атын оның құрметіне өзгерту пайда болды. Жағымпаздар да қалыс қалмай, президентті «Патша» деп атай бастады. Президент Әкімшілігінің ғимараты кенеттен Ақорда деп аталды, ал Конституция бойынша біз әлі де зайырлы әрі демократиялық мемлекетпіз, хандық немесе әмірлік емеспіз.

Тоқаев осы жағымпаздарға президент қызметінің шынайы мәнін көрсетті: президент – менеджер, яғни басқарушы.

Бізге интернет ақпарат еркіндігін береді деп уәде етілді. Ол шынында да берді. Бірақ сонымен бірге бұрын-соңды болмаған бақылау мен адамның назарын басқару тетіктерін қалыптастырды.

Біз дамыған банк секторын, алақанмен төлем жасауды, цифрландыруды мақтан тұтамыз. Бірақ көптеген демократиялық мемлекеттер азаматтарды жаппай бақылауға жол бермейтінін, олардың өмір сүру, қозғалу және сөз бостандығы сияқты конституциялық құқықтарын шектеуге рұқсат етпейтінін түсіне бермейміз.

Мұның екінші жағы Қытайдағы әлеуметтік рейтинг жүйесі арқылы көрсетілді. Біз шынымен соны қалаймыз ба? Сол үшін күрестік пе? Мен Джордж Оруэллдің «1984» антиутопиясының өмірде жүзеге асқанын қаламас едім.

Бізге нарық көптеген мәселелерді шешеді деп айтылды. Социализм өзін ақтамады, ал КСРО халықтар түрмесі болды делінді. 1920–1930 жылдардағы ашаршылықтың, қазақ ұлтының едәуір бөлігін жалмаған қасіреттің, қуғын-сүргін мен халықтың ең таңдаулы перзенттерін ату фактілерінің ақиқаты либерализм мен сөз бостандығы туралы әңгіменің көлеңкесінде қалдырған тағы бір шындық бар еді: капитализм жағдайында халықтың басым бөлігі өмір шетінде қалып қойды.

Барлығы байып кеткен жоқ. Бірақ халықтың байлығы шетелдік корпорациялардың қолына өтті. Балаларымыз бен немерелерімізге ата-аналарының несие қамыты мен мемлекеттің сыртқы қарызынан басқа ештеңе қалмауы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жаһандық экономиканың едәуір бөлігі санаулы ірі корпорациялар мен қаржы институттарының бақылауында.

Мұны қалай атауға болады?

Бұл қастандық емес. Бұл – ресурстардың, технологиялардың және капиталдың ұзақ жылдар бойы шоғырлануының табиғи нәтижесі. Мәселе мынада: шоғырланудың әрдайым салдары болады.

Байлық тым аз адамның қолында шоғырланса, әлеуметтік шиеленіс пайда болады. Деректер тым аз адамның қолында болса, бақылауға деген құмарлық туындайды. Билік тым аз адамның қолында болса, қоғамның үнін естімеу азғыруы күшейеді.

Адамзат тарихы осы сабақты қайта-қайта қайталайды. Рим республикасы осылай құлады. Еуропалық монархиялар осылай күйреді. Кеңес Одағы осылай ыдырады. Ақшасы таусылғандықтан емес. Армиясы жоғалғандықтан емес. Билеуші элиталар өз халқын түсінуден қалғандықтан.

КПСС іштен шіріді. Кейін оның тағдырын билеуші «Нұр Отан» партиясы қайталады. Осы тарихи үдерістерді түсіне отырып, Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялады. Қаңтар оқиғасы халықтың айтары бар екенін дәлелдеді.

Бүгінде біз тағы да қауіпті белгілерді байқап отырмыз.

Мемлекеттердің қарыз жүктемесі өсуде. Қазақстанның сыртқы қарызы 182 миллиард доллардан асты. Тіпті АҚШ-тың өзі шамамен 40 триллион доллар қарызға ие. Әлем елдерінің жиынтық қарызы 300 триллион доллардан асты. Бұл көпіршік бір күні жарылуы мүмкін. Сонда біз капитализмнің барлық «артықшылықтарын» сезінеміз. Сондықтан әлемде жаңа әскери қақтығыс ошақтары пайда болып жатыр — жаһандық экономиканың қайғылы аяқталуын кейінге шегеру үшін.

Туу көрсеткіші төмендеуде. Қарт адамдар саны артып келеді. Демографиялық тұрғыдан күйзелістегі Еуропа елдерімен салыстырғанда Қазақстан әзірге болашағы бар ел болып көрінеді. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Ең бастысы — үрдісті дұрыс бағалау. Соңғы бірнеше жылда туу көрсеткішінің төмендеуін көріп отырмыз.

Әлеуметтік жіктелу күшейіп келеді және ол барған сайын қалыпты құбылысқа айналуда. Мұны көрген жас буын ата-анасынан жақсы өмір сүретініне күмәндана бастады. Біз балалар мен ересектер арасындағы суицид көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің біріміз.

Саяси партиялар беделінен айырылып жатыр. Халықтың саяси спектакльге деген сенімі азайды. Сондықтан билік саяси алаңға «ӘДІЛЕТ» деген үміт күттіретін атауы бар жаңа партияны шығаруға мәжбүр болды.

Бұл саяси енжарлықтан құтқара ма? Партиялар өз қатарына қоғамдағы беделді адамдарды тарта ала ма? Тек академиктерді, жазушыларды немесе блогерлерді ғана емес, моральдық беделі бар, атына кір жұқпаған адамдарды?

Жағдайды тек адал адамдардың саясатқа келуі ғана түзете алады. Қоғамдық енжарлық ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді. Мемлекетті оңай басқарғысы келетіндер мұны ұмытпауы тиіс.

Дәстүрлі БАҚ-қа деген сенім азаюда. Тәуелсіз журналистер өте аз қалды. Өз ойын ашық айтатындарды қудалау күшейді. Азаматтар институттарды қорғаушы ретінде емес, бөтен бюрократиялық механизм ретінде қабылдай бастады.

Ең алаңдатарлығы да осында.

Сенім жоғалған кезде билік оны бақылаумен алмастыруға тырысады. Бұрын адамдарды сендіретін болса, қазір оларды реттеуге ұмтылады. Бұрын диалог құрса, қазір нұсқаулық жазады. Бұрын беделге сүйенсе, қазір алгоритмдерге сүйенеді.

Технологиялардың өзі жақсы да, жаман да емес. Цифрлық сервистер ыңғайлы. Жасанды интеллект пайдалы. Электрондық мемлекет тиімді. Бірақ кез келген құралды әртүрлі мақсатта пайдалануға болады. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық азайған жоқ.

Сұрақ әрқашан біреу:

Бақылаушыларды кім бақылайды?

Өйткені еркіндік тек диктатураның соққысынан ғана жоғалмайды. Кейде ол біртіндеп жойылады. Ыңғайлылық деген желеумен. Қауіпсіздік деген желеумен. Қамқорлық деген желеумен.

Жаңа Конституцияның преамбуласынан «ЕРКІНДІК» пен «ТЕҢДІК» сөздері алынып тасталды. Ұлы Даланың мыңжылдық тарихы ең алдымен көшпелі халықтардың еркіндігі мен теңдігі арқасында қалыптасқанын түсіну соншалық қиын ба?

Сондықтан қоғамға тәуелсіз журналистер, тәуелсіз соттар, жергілікті халық сайлайтын судьялар, күшті жергілікті өзін-өзі басқару, белсенді азаматтар, кәсіби әрі тәуелсіз кәсіподақтар, қоғамдық ұйымдар қажет. Мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыратын институттар қажет.

Қазіргі әлемнің басты мәселесі қандай да бір құпия басқару орталығының бар болуында емес. Мәселе одан да күрделі. Ондай орталық жоқ. Оның орнына өзара байланысқан саяси, қаржылық, технологиялық және бюрократиялық құрылымдардың алып жүйесі бар. Олар көбіне инерциямен қозғалады және өз шешімдерінің салдарын барған сайын нашар түсінеді.

Сондықтан дағдарыс жаһандық сипатқа ие болуда. Қазақстан бүкіл қаржы жүйесі күйремей тұрып осы инерциялық тұзақтан шыға ала ма? Бұл ел басшылығына байланысты.

Жүйе әрдайым біреудің оны қиратуынан құламайды. Кейде ол өзгеруді тоқтатқандықтан күйрейді.

Тарих таңғаларлық заңдылықты көрсетеді. Ең тұрақты мемлекеттер — ең бай мемлекеттер емес. Ең қарулы мемлекеттер емес. Ең технологиялық мемлекеттер де емес. Ең тұрақтылары — өз халқын тыңдай алатын және қателіктерін дер кезінде түзете алатын мемлекеттер.

Өйткені мемлекеттің күші азаматтардың биліктен қорқуымен өлшенбейді. Мемлекеттің күші азаматтардың билікке деген сенімімен өлшенеді.

Қорқыныш тәртіпті белгілі бір уақытқа дейін ұстап тұра алады. Ал сенім оны ұрпақтар бойы сақтайды.

Сондықтан бүгінгі күннің басты сұрағы — ескі тәртіп құлай ма, жоқ па деген мәселе емес. Ерте ме, кеш пе, кез келген тәртіп өзгереді.

Негізгі сұрақ басқа:

Оның орнына не келеді?

Еркін әрі жауапты азаматтар қоғамы ма?

Әлде бақылаудың жаңа технологияларымен жабдықталған ескі жүйенің цифрлық нұсқасы ма?

Жауап элиталарға да, корпорацияларға да байланысты емес. Алгоритмдер мен жасанды интеллектке де байланысты емес.

Жауап адамдардың өздеріне және олардың азаматтық ұстанымына байланысты.

Өйткені болашақ адам басқару нысаны болудан қалып, Азаматқа айналған сәттен басталады.

Асхат Асылбеков

Аударған: Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір