Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 2062 11 пікір 21 Наурыз, 2024 сағат 16:56

Көшпенділіктің қазақ салт-дәсүрін қалыптастыруы

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Бір Тәңірдің аясындағы көшпелі өмір қазақ халқының өзіндік салт-дәстүрін қалыптастырды. Осылай қоршаған ортамен үйлесімділік, елге сүйіспеншілік, адалдық, жәуәнмәрттік тәрізді халықтың асыл қасиеттері пайда болды.  Көшпенді өмір қалыптастырған қазақтың салт-дәстүрлері өте көп. Солардың кейбіріне қысқаша тоқталайық.

Ақ құйып шығару. Халқымызда: «Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген мәтел бар. Қазақтың ақ деп атайтыны: сүт, қымыз, шұбат, айран. Үйіне келген жауына да жамандық жасамай, қонақ ретінде қабылдау қазақтың мейірімділігін тәрбиелеген.

Ат тергеу. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын-сіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны ат тергеу деп атайды. Мұндайда қойылатын аттардың кейбірі мынандай: «Мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері қайныларына әзілдеп, бойлары тапал болса «сұңғақтым», жайбасар болса «жүйрігім» деп те ат қояды.

Сонымен қатар, «жезделер мен балдыздар», «қайнылар», «қайнағалар», «қайынбикелер», «абысындар», «енелер», «аталар» - қазақтар арасындағы ет-жақын туысқандықты анықтайтын адамдар. Олардың әрқайсысының қазақ қоғамында өзінің орны, несібесі, жол-жоралғылары болды. Әйелдер үшін күйеуінің туған-туысқандары мызғымас беделге, құрметке ие болған. Жас келіндер күйеуінің әкесін «ата», анасын «ене», ағаларын «қайнаға», олардың әйелдерін «абысын», інілерін «қайны», қарындастарын «қайынсіңлі», апаларын «қайынбике» деп атап, олардың әрқашанда бабын табуға тырысқан. Әсіресе, атасы мен қайнағаларын, қайныларын ерекше құрметпен, олардың аттарын атамай, өздері ат қайған. Әрбір қазақ азаматының үш жұрты - өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты болған. Ол үш жұртын бірдей құрметтеп қастерлеген

Ер адамдар да өзінен үлкендерді Мәке, Сәке деп құрметтейді. Туыстар арасындағы, отбасындағы өзара силасуды осылай қалыптастырған.

Анттасу. Жаудан кек қайтару үшін, адамдар бір-біріне деген адалдықтан айнымау үшін, еларалық тату келісімді сақтау үшін ант айтатын салт-дәстүр бар. Халық антын бұзған адамды «Ант атқан» деп жек көріп, «Уа, айтылған ант, серттескен уәде, алысқан қол қайда?»» – деп, кінәласады. Намыс осылай шыңдалған.

Араша түсу. Дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып, ажырату, сабасына түсіру – араша түсу деп аталады. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша!» Араша! деп айқайлап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен. Осылай қандай жанжал болса да оңай шешіліп отырған.

Арыздасу. Бұл өмірдегі тататын дәм-тұзы таусылып, өмірден өтіп бара жатқан адам отбасымен, туған-туыстарымен, көрші-көлем, дос-жарандарымен соңғы рет тілдесіп, хош айтысады. Мұны арыздасу деп атайды. Арыздасуда бақилық болғалы жатқан пенде біліп, білмей жасаған қателік, күнә, кінәлары үшін жиналғандардан, ал олар одан кешірім сұрайды. Бұл олардың көрнеу әлем мен алдағы көрінбейтін әлеммен тығыз байланысы барын жақсы білгендерін көрсетеді. Осылай бұл өмірдегі жасаған қателіктерін, қайтарылмаған қарыздарын мойындап, кешірім сұрап, өзін ренжіткендерді кешіріп, жасаған күнәләрінен арылуға ұмтылған.

Асар жасау. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын асар жасау деп атайды. Оның екінші атауы – үме, серне. Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый-құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды. Осылай өзара көмек, қамқорлық жасау адамның мейірімділігін тәрбиеледі.

Асату. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоя бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Қонақжайлықтың бір көрінісі.

Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Әрбір жан иесінің нәзік болмысы жүрген жерінде із қалдырып отырады. Аунатқан кезде сол нәзік болмыспен байланыс орнайды.

Ауыз тию. Алыс сапарға аттанарда сол адам ауылындағы немесе әулетіндегі үлкен үйге кіріп дәм татып, жолға шыққан. Сонда ол «Осы қара шаңырақтың киесі қолдайды» деп сенген. Отбасы тамақтанып отырғанда дастарқан үстіне келген адам ондағы дәмнен ауыз тиюге тиіс. Әсіресе, таңғы астан ауыз тимеуге болмайды. Астан ауыз тию – үй иелерінің қонаққа, қонақтың дастарқандағы асқа деген ыстық ықыласының бір белгісі болып саналады. Асты осылай қадірлеп, құрмет тұтқан.

Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі. Жасаған қылмыс кешіріліп, алауыздық осылай оңай шешіліп отырған.

Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

Базарлық әкелу. Алыс сапарға шыққан, қыдырып қайтқан, сауда жасап келген адамдар туған-туысқандарына, көрші-қоламдарына, дос-жарандарына ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеліп береді. Мұны базарлық деп атайды. Ол мейірімділіктің, жақсы көргеннің, сыйлағанның белгісі.

Бастаңғы жасау. Үйдегі үлкендер жолаушылап кеткенінде қалған жастар өздері бас қосып (келіндер, абысындар, күйеулер, балдыздар болып), немесе замандастарын шақырып ойын-суық өткізеді, әңгіме-дүкен құрады, әр түрлі дәмді тағамдар жасап ішеді. Бұл әдет-ғұрыпты бастаңғы жасау деп атайды. Өздерінің қалыпты тұрмысынан бір мезгіл арылып, осылай көңіл көтерген.

Ерулік беру. Ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-қоламы немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Бұл салтты ерулік деп атайды. Осылайша қазақтар жаңа қоныс жасағандарды өздеріне жақын тартып, танысып, әу бастан жақсы қарым-қатынас орната білген. Көршілерін силай білген.

Жол беру. Қазақта үлкен адам келе жатқанында алдын кесіп өтпейді, оған жол береді, үйге кіргенінде орнынан тұрып төрге отырғызады. Аң аулағанда да жасы үлкен адам бірінші болып оқ шығарады, олжаның алғашқысын иемденеді. Алыстан келген қонаққа да, қызметі мен шені үлкен адамдарға да әр істе жол береді. Мұның бәрі қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарындағы үлкенді силау жоралғысы.

Көрімдік беру. Нәрестелі болғанында, келін түсіргенінде «құтты болсын» айта келгендерден сәбиді, келінді көрсетпей тұрып «көрімдігін бермесеңдер көрсетпейміз» деп кәдесін сұрайды. Қыз ұзатыларда ұл жағынан келген құдаларға болашақ келіндерінің жасауын көрсетіп те көрімдік сұрайтын әдет-ғұрып бар. Қазір жоғары оқу орнын бітіріп диплом алған жастар да туған-туыстарынан көрімдік сұрап жатады. Қуанышты бөлісудің бұл бір түрі.

Туысқандық қатынастар. Туысқандық тығыз қатынастар қазақтар арасында берік сақталды. Күнделікті өмірде олар бір-біріне үнемі рухани және материалдық көмек көрсетіп отырды. Қыздарын тұрмысқа берерде, ұлдарын үйлендіргенде, жақын-жуықтары қайтыс болғанда немесе төтенше табиғат апаттары болғанда, қолдарынан келген көмектерін аямады. Бұндай көмектерді «жылу», «немеурін», «үме», «асар» деп атаған.

Бұлардан басқа да жылу жинау, көрісу, көгентүп беру, қайырлы болсын айту, қалау айту, салауат айту, сауын айту, сүйінші сұрау, сәлемдеме, сүйек жаңғырту, дәмету, қалың мал тәрізді көптеген салт-дәстүр түрлері бар. Бұлардың барлығы қазақ халқының ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы, мейрамдарының қандай мол және дүниетанымының өте кең болғанын көрсетеді.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338