Қазақстан терроризммен күреске өз үлесін қосуға дайын!
Мемлекет басшысы АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сенатының мүшесі Стив Дэйнске ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтты.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Қазақстан Президенті елімізде инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-американ қарым-қатынастарының негізгі бағыттары саналады.
Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді.
Бұл ретте Президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын.
Жақсыбек Жиеналиев, саясаткер:
- Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, АҚШ сенаторы Стив Дэйнстпен кездесті. Стив Дэйнс саясат пен бизнесті керемет үйлестіре білген тұлға. Саяси қызметке келмей тұрып, бизнес саласында 27 жыл жұмыс жасаған. Сауда-саттық, экономика тілін жақсы біледі.
Бұл кездесу Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық пен серіктестікке жол ашатын кездесу десе де болады. Қазақстан үшін АҚШ сияқты беделі жоғары елмен жақсы қарым-қатынаста болу өте маңызды. Биыл екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынастың жалғасқанына 33 жыл толады. Осы 33 жыл ішінде, АҚШ инвесторлары Қазақстанда ірі жобалардың жүзеге асуына ат салысты. Қазір энергетика, пайдалы қазбаларды өңдеу, инфрақұрылымды жаңарту сияқты жобаларға АҚШ инвесторларынан қолдау ауадай қажет. Осындай экономикалық бағыттағы жобаларда қазақ-американ қарым-қатынастарын күшейтсе игі болар еді. Шетелдік инвесторларға қолайлы инвестициялық климат жасасақ, бірігіп жұмыс жасау барысында ұтылмайтынымыз анық.
Бүгінгі кіннің басты тақырыбы терроризм екені белгілі. Президент Мәскеуде болған лаңкестік әрекетке қатысты өз ойын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Барлық елге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс», - деді.
Дұрыс. Терроризм індетімен күресудің тиімді амалы осы. Жаһандық қауіп-қатреге ешқандай ел жалғыз тұра алмайды, тек күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болады.
Abai.kz