Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4481 0 пікір 4 Желтоқсан, 2013 сағат 09:31

София МОЛДАҒАЛИЕВА: ЖҰБАННЫҢ ҰРПАҒЫН ОРЫСТІЛДІ ДЕП КІНӘЛАМАҢДАР...

Жуырда Жұбан Молдағалиевтің үйіндегі жеңгеміз София Мәлікқызы Молдағалиевамен кездесіп, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Жақсының жары еді деп іздеп барғанымызға София апамыз дән риза боп қалды. Сұрақтарымыздың біреуін де сырт қалдырмай, ақтарыла жауап берді. Сөйлеген сайын әжімді жүзінде арай ойнап, ойлы көздерінде өткен күнге деген сағыныш сәулесі жылт еткендей. Сексеннің сеңгіріне шықса да, шырайын бермеген. «Осы журналистер бар сөзімізді бұрмалап, өзгертіп жазады» деген әріптестерімізге реніші бар екен апамыздың. Сондықтан әңгімемізді еш өзгертпестен сол күйінде беруді жөн көрдік.
– Алты алаштың атынан сөйлер ақынның тұрмыс-тіршілігінің, үй-іші берекесінің бұзылмауы – алған жарына сын. Ақын ағамыздың отбасының тірлігінен гөрі өлеңнің жайын көп ойлап кетер сәттері болған шығар. Осындай кезде сіз қалай қарадыңыз? Қаламгерге жар болудың қиындығы қандай?

Жуырда Жұбан Молдағалиевтің үйіндегі жеңгеміз София Мәлікқызы Молдағалиевамен кездесіп, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Жақсының жары еді деп іздеп барғанымызға София апамыз дән риза боп қалды. Сұрақтарымыздың біреуін де сырт қалдырмай, ақтарыла жауап берді. Сөйлеген сайын әжімді жүзінде арай ойнап, ойлы көздерінде өткен күнге деген сағыныш сәулесі жылт еткендей. Сексеннің сеңгіріне шықса да, шырайын бермеген. «Осы журналистер бар сөзімізді бұрмалап, өзгертіп жазады» деген әріптестерімізге реніші бар екен апамыздың. Сондықтан әңгімемізді еш өзгертпестен сол күйінде беруді жөн көрдік.
– Алты алаштың атынан сөйлер ақынның тұрмыс-тіршілігінің, үй-іші берекесінің бұзылмауы – алған жарына сын. Ақын ағамыздың отбасының тірлігінен гөрі өлеңнің жайын көп ойлап кетер сәттері болған шығар. Осындай кезде сіз қалай қарадыңыз? Қаламгерге жар болудың қиындығы қандай?
– Жұбан әкеден алты айлығында қалған екен. Өздері төрт бала болған. Отызыншы жылдары ашаршылықтан халық Ресейге қарай көшті ғой. Әкесі сол кезде тырысқақ ауруынан қайтыс болыпты. Үлкен ағасы да осы аурудан бақилық болған. Мамам айтады мұны. Олар сол жақтан қайта елге келеді. Сонда бір қызы киіз үйдің ішінде етегіне от тиіп өртеніп, далаға қашқан. Тұла бойы бәрі күйіп қайтыс болыпты. Жұбан сол кезде алты айлық екен. Мамам ылғи маған: “алты айлығында қалған баланы бағып-қағып өзім өсірдім” деп айтып отыратын. Туған баламның бәрі сол кісінікі. “Үйден туып әкелген балаң жоқ, менікі” деп бауырына басып алады. Оны “немерем” деп айтпайды, “балам” дейді. Балалар менің атымды атайтын. Сонда мен “мама” демегеніне онша ренжи қоймаймын. Бір үйде екі мама болмайды ғой енді. Мамам қайтқасын барып балаларым мені “апака” дейтін болды. Сол “апакамен” әлі күнге келе жатырмын. Жұбан да, өз мамам да солай атайтын. Құдаларыма дейін қазір солай атап кетті. Жұбан мамасын құрметтеді. Мен де барымша дегенінің бәрін істедім. Балаларын өте қатты жақсы көрді. Құшақтайды, сүйеді. Ал маған рұқсат жоқ. Сөйтіп, балалар өсті... Ол заманда балаларды орысша мектепке бермесең, институтқа түсе алмайды. Одан комсомолға, партияға өте алмай қалады.
– Жұбан Молдағалиевтің ұрпағы орысша тәрбиеленген, көбіне орысша сөйлейді деген сыңайдағы әңгіме рас екен ғой сонда...
– Мамам барда балалар қазақша сөйлейтін еді ғой. Мамам қайтыс болғанда олар орыс мектебінде оқып жатты. Сабағына орысша көмектесу керек. Саясаттың қыспағы. Заман сондай болды ғой. Амал жоқ...
– Дегенмен ұл-қыздарыңыз әкелерінің шығармашылығымен таныс па?
– Әрине, жақсы біледі бәрі. Неге білмесін?! Бірақ қазақша кітаптарын оқымайды, орысша аударылғандарын оқиды. Әкелерін өте жақсы қадірлейді. Бірақ олар ешуақытта “біз осындай кісінің баласымыз” деп кеуде керген емес. Жұбанның өзі де: “Міне, оқисың ба, өз күшіңмен, өз біліміңмен түс!” деп айтатын. “Мен ешқашан біреудің алдына барып, баламды оқуға түсір деп айтпаймын” дейтін. Сол сөзінде тұрды да. Балалар да ұятқа қалдырмай, жақсы оқыды. Екі бала архитектура, қызым Гүлмира ағылшын тілі, төртінші баламыз энергетика саласының маманы болды. Жұбан бірақ елден келген балаларға көп көмектесті. Өз балаларына істемеген жақсылықты істеді.
– Кімдерге?
– Тайпақтық Уәли Қуатов, інісі Сағидолла біздің үйге келіп тұратын. Бақтығұл Ойшыбаев, Базарғали Қуатов та үйде жүретін. Бақтығұл жиі келеді, ол біздің қызымыз Гүлмираға көз салады екен. Оны біз сезбейміз, кейін Гүлмира айтады. Қазір аттары есіме түспей тұр, тағы да біраз қыз-жігіт келіп тұратын. Студенттер ашқұрсақ жүреді ғой. Кірін жуып, суға түсіп, тамақ ішіп кетеді. Мен өзім елден келген адамдардың біреуіне де қабақ шытқаным жоқ. Бәріне қолымнан келгенше қызмет қылдым. Бүгінге дейін аман-есен отырғаным солардың алғысы шығар.
– Ұл-қыздарыңыздың, немерелеріңіздің ата жолын қуғаны, шығармашылыққа жақыны бар ма?
– Ондай ешкім жоқ. Архитектура да өнер ғой. Ал шығармашылыққа жақыны жоқ. Гүлмира қызым бірдеңе жазған екен, сонда Жұбан айтты: “Өлең жазу деген оңай емес. Өте қиын. Қазір онымен айналыспа. Кейін өзі келсе, көрерсің” деді.
– Әуелгі әңгімеміз үзіліп қалмасын. Бір сұхбатыңызда бір топ ақын-жазушылардың жарын “Біз Мәриям апайдың гвардиясы едік” депсіз. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.
– Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апайдың жөні бөлек қой. Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Жұбақаң бәрі дүниеден озды. Сағи Жиенбаевтың, Қабдыкәрім Ыдырысовтың, Ғафу Қайырбековтің, Қалижан Бекқожиннің, бәрінің әйелдері, Тәкен Әлімқұловтың қарындасы – алты-жеті әйел Мәриям апайдың қасында жүретінбіз. Қонақтықтарда Мәриям апай әңгіме айтып, ортасында жақсы отыратын. Соңғы үш жылда Сырбайдың, Қабдыкәрімнің әйелдері қайтыс болды. Қазір солардан қалғаны – мен, Зайда, Қалижан мен Сағидың, сосын Жұмекеннің зайыбы – Нәсіп. Сырласып, мұңдаспасақ та, сәлеміміз түзу, көңіліміз жақын. Қонақтықта, ас пен тойда қатар отырамыз.
– Желтоқсан оқиғасы кезінде ағамыздың Колбиннің алдында сөз сөйлеп, “Мен – қазақпын!” деп қасқая қарсы тұрғанын білеміз. Бар халықтың ар-намысын арқалар сол кездерді бір еске түсіріп өтіңізші...
– Ол бір қиын кездер еді ғой. Қызымыз сол алаң жақта тұратын. Жастар қақтығыс кезінде сол үйлерге қашып тығылыпты. Жұбан өзі ол жаққа барған жоқ. Біздің екі бала сол алаңда кезекшілікте жүрді. Оларды жұмыстарынан ұжым мүшелерімен бірге кезекшілікке жіберіпті. Бiрi түнгi 12-ден таңғы 6-ға дейiн, бiрi таңғы 6-дан түнгi 12-ге дейiн жүрді. Сонда Жұбан қатты уайымдады. Балаларына: “қолдарыңдағы дубинканы ешуақытта қолданушы болмаңдар” деп қатаң ескертті. Ол кез – көтеріліс басылған кез. Қайтадан бір жағдай болып қалмасын деп сақтықты күшейткен шаралары ғой. Жұбан өзі барып көрмесе де, барлық жағдайдан хабардар болды. Қадағалап, естіп-біліп отырды. Сөз сөйлерінен бір күн бұрын, кешке таман Одақтың сол кездегі басшысы Олжас Сүлейменов қоңырау шалды. “Жазушылар Одағына Колбин келеді, соған сіз сөз сөйлеңіз” депті. Жұбақаң: “Өздерің неге сөйлемейсіңдер?” – деді. Олжас: “Жоқ, сіз сөйлесеңізші” депті. Білмеймін, тағы не айтқанын. Содан кешкі астан кейін Жұбақаң бөлмесіне кіріп алып жаза бастады. Балалар ұйқыға жатты, мен шайын, суын беріп, жанында жүрмін. Жазып болғасын қағаздарын жинады да, маған оқып берді. Мен: “қаттырақ кеткен сияқтысың, ертең бір бәле болып жүрмесін” дедім. “Маған не болар дейсің” деді. Сөйтіп, сөйлеп шығыпты ғой. Ол туралы кейін бәрі айтты, жазды. Тіпті, қол да соға алмадық дейді.
– Осы оқиғадан кейін Жұбан ағамыздың жағдайы нашарлап кетіпті деген әңгімелерді естиміз.
– Одан бұрын да ауырып жүрді. Желтоқсан оқиғасынан кейін күрт нашарлап кетті деуге де болмайды. Бірақ оның да кесірі тиген шығар деп ойлаймын. Жүрекке салмақ түседі ғой. Өзі қылтың-сылтыңды білмейтін, тік мінез адам. Анау мынадай деді, бүйтті-сөйтті деген өсек-аяңды жек көретін. Ондайда Жұбақаң: “Дәлелің бар ма? Дәлел болса, сөзім жоқ. Егер жоқ болса, маған түк те қажеті жоқ” дейтін. Бетің бар, жүзің бар демей тіке айта салады. Біреу: “Жұбан Молдағалиев барлық пәтерді тек оралдықтарға берді” депті. Тексеріп қараса, олай емес. Сыртынан тас ататындар көп қой. Жұбақаң өзі айтпайды, маған Сейітжан Омаров деген кісі айтады. Бір жиналыста айтыпты: “Аспаннан Құдай түсіп, Жазушылар Одағына секретарь болса, ол да сендерге жақпас. Мен өзім барымша жұмыс жасап жатырмын. Риза болмасаңдар, өз шаруаларың” депті.
– Қадыр Мырза Әлі ақын “Иірім” атты естеліктер кітабында: “Өлгеніне емес, өліміне сенбеймін. Оның ауруы аяқ асты өле салатын ауру болмайтын...” деп жазды. Бұл сөздер қаншалықты рас?
– Оған да нақты дәлел керек. Жұбан ауырды. Бауырынан артық ет тауыпты. Жұбақаңды академик Мұхтар Әлиев қарап жүрді. Сол кісі «анализ алайық» деп шақырған. Анализ алған кезде әлдебір қате болып, іштен қан кеткен дейді. Қайдан білейін енді? Ешкімге жала жаба алмайсың ғой. Жұбағаң сол іштен қан кетуден көз жұмды. Қан тоқтамаған. Ауруханаға өз аяғымен барды, сүйегі шықты...
– Ағаның рухани тұрғыда қандай да бір соққы алып, қатты қиналған кездері болып па еді?
– “Хатшыға хат” өлеңі шыққан кезде идеология секретарі Имашов (сөзіміз ауыр болмасын, ол кісі де қайтыс болып кетті ғой) өлеңді көбейтіп шығарып, министрлерге таратып берген көрінеді. Бұған да нақты факт жоқ. Сыртынан айтылған, естігеніміз ғой. “Социалистік Қазақстан” газетіне бір топтамасы шыққан кезде есімде, Жұбақаң анда-мында барып көп шапқылап кетті... Кітабын да шығара алмай жүрген. Содан Қонаевқа барыпты. Қонаев: “Ақын деген жаза береді. Одан ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ” деп тоқтау салыпты. Сосын бәрі тынышталды ғой.
–    Жазушылардың ішінде Жұбан ағамыздың тонның ішкі бауындай етене араласып, сырласқан адамы болды ма?
–    Бөлек, жақынырақ деген ешкім жоқ сияқты. Бәрімен бірдей араласты. Сағынғали Сейітовпен жақсы дос болды. Бірақ екеуінің мінезі үйлесе бермейтін. Ол жыбырлақ, көп сөйлейтін болса, Жұбан керісінше. Сағынғалиды жақсы сыйлайды, бірақ сырлас болды деп айта алмаймын.
–    Жұбан Молдағалиевтің архиві жайлы айтыңызшы. Бүгінге дейін еш жерде жарияланбаған дүниелері бар ма? Көзі тірісінде кітапханасына қанша кітап жиып еді?
– Жұбақаң күнделік жазбады. Нағыз партияның адамы болды ғой. Кітап қоры мол. Жазушылар бір-біріне сыйлап жатады. Кітапханасы үлкен еді. Жоқшылық кезі болса да Жұбанның 80 жылдығын өткіземіз деп, біз қазіргі тұрып жатқан үйімізді Америка елшілігіне тапсырдық. Бір жылдық ақшасына басқа жерден үш бөлмелі үй сатып алдық. 80 жылдығында Алматыда жиналысын жасауға Жазушылар Одағының қаражаты жетпеді ғой.
– Ағамыздың шығармашылығының насихатталуы жөнінде не айтасыз?
– Көңілім толыңқырамайды. Әйелдер асханада отырып алып айтамыз ғой: “Мұқағалидан басқа ақын жоқ па?” деп. Мұқағалиды жас кезінен жақсы танимыз. Бұрын біздің үйге де жиі келетін. Жұбаннан қарызға талай ақша да алған. Көбіне сілтеп жүретін. Сол ішіп жүрген кезінде көп адамға ұнамай қалып, уағында өлеңдерін бағалата алмаған ғой. Әйтпесе, керемет ақын. Қазір балалары, келіндері шығармашылығын жақсы насихаттап жүр. Оны қызғанып отырған жоқпыз. Қай ақын болса да, өлеңдері елге жетіп, ізделіп жатса, жақсы ғой.
– Насихаттау жағын өздеріңіз неге қолға алмайсыздар?
– Жұбан жалғыз өсті деп жоғарыда айттым. “Менің артымнан жүретін кісі болмайды” деп айтатын. Біз балаларды қалай тәрбиеледік? “Ойбай, ұят болады” деп көп нәрседен шектеп тастадық. Жазушылар, қонақ келгенде тамағын беріп, бір бөлмеге қамап қоятынбыз. Шығушы болмаңдар деп ұрсамыз. Соның бәрі дұрыс емес екен. Дастарқанға бірге отырғызып, айтары көп ағалардың әңгімесін тыңдату керек екен. Біздің балалар орысша сөйлейді ғой, өздері де қызықпады. Қазірдің өзінде “біз осындай кісілерді қабылдап едік, танимыз” демейді. Бәрін таниды, біледі. Бірақ бағалай алмайды. Ұлым “Мен – қазақпын!” поэмасын қазақ, орыс тілдерінде кітап етіп шығарды. Қазір кітап таралымы да аз. С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтер насихатталып жатыр ма қазір? Жоқ. Тек туған күндерінде ғана бір еске аламыз. Жұбанның да шығармашылығы кең тарайтын өз уақыты бір келер деп ойлаймын.
– Кіші ұлыңыздың қолында тұрып жатырсыз ба?
– Иә, кенже баламның қолындамын. Келінім Айгүл Мұстафаева Құрманғазы атындағы консерваторияда домбырадан, қобыздан сабақ береді. Балам энергетик болғанымен, басқа салада қызмет атқарады. Құдайға шүкір, 8 немере, 6 шөбереміз бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Шерхан ТАЛАП
"Халық сөзі" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406