Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2352 4 пікір 4 Мамыр, 2024 сағат 18:48

Қазақ әдебиетіндегі гипперреализм бағыты...

Сурет: martebe.kz

Бір ақиқат дүние – ұлт әдебиеті үнемі жаңару, жаңғыру үстіндегі мәңгілік процесс. Онда белгілі бір тақырыптар, белгілі бір мотивтер егер сөз зергері шығармашылық акті үстінде мәтін кеңістігін жаңаша авторлық көзқараспен игере алса, өзінің бұрын беймәлім де тылсымды тұсын айқара аша алады. Біз, яғни, салыстырмалы назариятшылар «Шерлі де, үрейлі күлкінің, тылсымдылық пен құпиялықтың құдаяттығы, философиялық концептуалды ой толғамдардың артына жасырынған авторлық маскаға» құрылған қазақ гипперреалистерінің шығармашылығы турасында осыны айтар едік.

Кешегі кеңестік дәуірде рулықты ұжымдықпен ұластырған қазақ қоғамы «енді англо-сакс үстемдігі таңған жекешілдік-дербестік бағыттағы жаһандасу кер балығының жұтқыншағына жұтылып кете ме?» деген мәселе қазақ әдебиетінде ең басты тақырыпқа айналды. Оны басты тақырыпқа айналдырған бұрынғыдай ақындар емес, көркем сөздің ділмәрі прозашылар болып отыр.

Кеңестік дәуір қалыптастырған қазақ қоғамындағы бұрынғы құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, діл, дін және тіл жағынан қазақты қаққа айырған жаһандасудың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі тарих сахнасына жаңаша тұрпатта шығармашылық туындыларын өмірге әкелетін гипперреалист прозашылар легін шығарды. Бұл топтағы қаламгерлер өз халқының жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды. Олардың қаламынан шыққан туындылары халықтық салт-дәстүрлерді қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық болмыс-бітімнен ажырамауға үндейді.

Міне, бұрынғы зар заман дәстүрі қазіргі қазақ әдебиетінде трансформацияға ұшырап отыр. Бұрынғы ел сөзін айтудағы әлімсақтан келе жатқан поэзиялық басымдықтың орнын ендігі жерде прозалық үстемдіктің 2000 жылдан бастап белең алған әдеби экспанциясы басты. Бұл әдеби экспанцияны біз қазақ прозасындағы түркілік құдаяттанған мистика, қазақи күлкі мен алаштық философиядан беймарал аңғарамыз.

Кеңестік дәуір келмеске кеткен соң, өмірге постсоцреализм әдеби бағыты еніп, ол үш: Милети реализм, Қазақи модерн, Алаши постмодернизм әдеби ағымдарында дамыды. Осы үш әдеби ағым 2010 жылдарға дейін үстемдік етті. Енді осы үшеуін өз бойына түрлі деңгейде сан алуандата сіңірген алаш гипперреализмі өзін таныта бастады. Бұл постсоцреализм әдеби бағыты енгізген жоғарыдағы үш әдеби ағым әдеби процестен мүлдем өшті дегенді білдірмейді. Оған мысал Дидар Амантайдың таразы басын тең ұстаған «Тұнық сәуле» туындысы. Осы қазақ прозасындағы зор рухани-шығармашылық дүмпулі сілкініс бабаларымыздың әлемдік мұрасы Құдаяттықпен мәңгіге табысудың теңдессіз мәдени-әдеби құбылысы болып табылады. Әдеби бағыт шығармашылдық мәдени уақыт пен кеңістікте – 100 жыл жасаса, әдеби ағымның ғұмыры бар болғаны – 10-15 жыл ғана. Ал, әдеби әдіс (бұл орайда: готизм//құдаяттық көркемдік әдісі – Ә.Ә.Ә.) қана – мың жылдық. Біз осы бабаларымыз жазып, сызып беріп кеткен күлкілік, құдаяттық ақиқат және шерлі үрейлік пафостарына толы «концептуалдық синтезге» құрылған «әдеби әдіспен» (готизммен гипперреализм арқылы) қайыра табыстық. Бұл әдістің желкесін католиктік цензура үзіп, барша прозалық түркі мұрасы «жоғалған мәтінге» айналып, латынданғаннан (мысалға Н.Буалоның «...Поэтикасынан...»– Ә.Ә.Ә.) кейін, бізге «христиандық сүзгіден» құдай сақтап аман қалған, тек «түркі өркениеті» әлемге нұрын шашқан дәуірдің жалғыз жарым жұқанасы Жүсіп Баласұғынның «Құтты білігі» ғана жеткен болатын. Түркі мұрасын зәлімдікпен өзіне иеленген Еуропа әдебиеті мен әдебиеттануы ғылми-шағырмашылық жақтан ұзақ адасты. Тек ХХ-ХХІ ғасырда ғана «көркемдік синтез» бен «концептуалдық синтезді» христиандық діл тұрғысынан игеріп, әлем мәдениетіне еуроөркөкіректікпен зорлап таңа бастады. Осындай ғылыми-мәдени ардан безген католиктік жымысқы зымиян әрекеттің нәтижесінде Борхес пен Маркес т.б. «ғаламдық кумирға» айналды. Бұған ендігі жерде ғылыми-назарияттық тұрғыдан көз жұма қарауға болмайды.

XX ғасыр әдебиетіне тән қас сипат «көркемдік синтез» әдеби құбылысы болып табылады. Ол әсіресе роман формасында өзін тамаша танытты, әрі бұл құбылысты Т. Манн «интеллектуалды роман» деп атады. Бұл өзге жанр да емес, жаңа стилистикалық түзілім де емес: «...уақыт, дәуір ырқы, тарихи сілкініс кезеңіндегі жеке адамның алдына адамзаттың әрқайысына ортақ мәселесінің тұтастандырыла қойылуына» (Манн Т. Собр. соч.: В 10 т. М., 1960. Т. 9. С. 176.) сай келетін өзгеше дүниеұғыным (миропонимание) мен өңге әдіс.

Осындай интеллектуалдық романдарға қазақ әдебиетінде Рамазан Тоқтаровтың «Көне жарғақтың құпиясы», «Абайдың жұмбағын» және Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» романдарын, ал, әлем әдебиетінде В. Набоковтың «Лужиннің қорғанысы» романы, Т. Манның «Жүсіп және оның ағалары» және «Доктор Фаустус» романдары, Г. Гессенің «Дала көкжалы» мен «Бисер ойыны», X. Кортасардың «Классикамен ойнауын» т.б. жатқызамыз.

Қазіргі қазақ романдарында бұрынғы соцреализм бағытындағы, постсоцреализмдік ағымдардағы «көркемдік синтезді», енді әдеби өмірге енген гипперреализмдегі «концептуалдық синтездің» алмастырғанын Асқар Алтайдың «Алтайдың алқызыл модағайы» және «Сират» романдарынан аңғарамыз.

Осы гипперреализмдегі «концептуалдық синтезді» Л.Г. Андреев Г. Брохтың «Вергилийдің өлімі» романына байланысты «өмір мен өлімге, өнер мен өмірге, жеке бастық күйкілік пен пендауи тірліктегі ортақтастыққа балама болып келіп, Адамзат пен Құдайзатты ортақтастырып, біте қайнастырып жіберетін: Заманымыздың шынайы жауһары»,-деп, постмодерн мен модернді өз бойына сыйғызып отырған христиандық, бұддалық және мұсылмандық гипперреализм әдеби бағытын ескермей, тек постмодернге қатысты  сөз етеді (Андреев Л.Г. Художественный синтез и потмодернизм // Вопросы литературы. 2001. №1. С, 7.).

Синтетикалық романдық форма қазіргі қазақ әдеби процесіндегі кең тараған құбылысқа айналды. Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Қас Сақ Аңқымасы» диалогиясының (әзірше) жанры бұрынғы қазақ романдарынан мүлдем бөлектеніп, формасы мен стилі одағайланып, кейіпкерсіз автор образына құрылған философиялық роман-комментарий ретінде Батыстық қаламгер серб жазушысы Павичтің «Хазар сөздігі» романына және Борхестің христиандық бүлдіргі туындыларына қатысты протестенген алаштық үн қосу болып табылады.

Оны бізге әдеби процесте өзін танытып жүрген қазақ прозашылары шығармашылық мехнат шеге отырып, сыйға тартты. Гипперреализм – жаһандасудың төл перезенті, оны түркілер «алты алаш» мәңгілік идеясы арқылы тілді, ділді, дінді бала-матамдап баяғыда бастан кешіп кеткен болатын. Енді сол жоғалған әдеби-мәдени жауһарды прозашыларымыз ғылыми-философиялық, құдаяттық-мистикалық және әзіли-шайқылық (карнавалдық) аңыста алаштың рухани мойына әдеби алқа қылып қайыра тағып отыр.

Әр елдің ауызша және жазбаша дәстүріне ой жүгіртетін болсақ, бір-біріне қарама-қарсы ағым мен бағыт өкілдерінің рухани бәсекесіне куәсі боламыз. Осындай шығармашылық бәсеке біз гипперреализм деп таныған әдеби бағыттың құдаяттық магиялық, ғылыми-философиялық, әзіли-шайқылық стильдік ағымдары және қазіргі әдеби процестегі күні өтіп бара жатқан постмодерн мен модерн әдеби бағыттары арасында жүріп жатыр.

Біз гипперреализм бағытына өздік таңдау жасаған заманалық жазушылардың әдеби шығармаларының қайсысында магиялық басым, қайсысында ғылымилық, қайсысында карнавалдық нышан басым, соның негізінде   қаламгердің үш жанрда да қалам тартқандығын дәлелдей білуіміз керек. Бұл арада біз осының алғашқы қадамын ғана жасап отырмыз.

Әдебиеттану тарихында реалистік прозаға қатысты көптеген әдебиет теоретиктері оның жанрлық нышан-белгілерін толық қамтитын әмбебап классификация жасауға тырысты. Күні бүгінге дейін олардың да, әлем әдебиеті мен әртүрлі әдеби бағыттардың да ұсынған түрлі жанрлық қағидаттары бірауыздылыққа бастап әкелмей отыр.

Өз бастауын ежелгі дәуірден алған реалистік прозалық шығарма барша ұлттық әдебиеттің әлемдік деңгейде қандай биікке көтерілгенін танытады. Біз өз зерттеу мақаламызға бір ғана әдеби бағыттың, яғни, гипперреализмнің ағымдарын өзек етіп алып отырмыз.

Әлем әдебиеттері бастан кешкен әдеби процестегідей қазақ әдебиеті де ағартушылық реализм, сыншыл реализм, соцреализ және постсоцреализм дәуірлерін бастан кешіп, енді гиперреализм кезеңіне аяқ басқанына 15 жылдың бедері болды.

«Гиперреализм» терминін «фотореализм» сөзінің синонимі ретінде ең алғаш 1973 жылы Isy Brachot өнер саласына енгізіп, араға 30 жылы салып 2000 жылдан бастап, суретшілердің жаңа толқыны өздерін «гиперреалистер» атай бастады. Олардың ізін ала әлем әдебиетінде саналы түрде модернизм мен постмодернизм ағымдарынан бас тарушылар өздерін "гипперреалистер" атап, қаламгерлерді жаңарған реализмге қайтып оралуға үндей бастады.   Соцреализм бағытынан қол үзуде бірі – модернизмді, енді бірі – постмодернді таңдаған ұлт қаламгерлерінің кейбірі – гиперреализм арқылы реализмге қайтып оралды. Осы бағытта тамаша туындылар жазды, әрі жазу үстінде. Сол себепті, қазақ әдебиетіндегі кейбір туындыларды ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында   фотография мен сурет өнерінен әдебиетке келген гиперреализм бағытына жатқызуға болады. Батыс зерттеушілері оның түп тамыры Жан Бодрийяр философиясынан бастау алады деген ой айтады. Гиперреалистер жалған реалдылықты өмірге әкеліп, көз бояушылық жасайды. Бұл шығармашылық стратегия ұлттық әдебиетімізде кең қолдау таба бастады. Оған 2000-2016 жылдар аралығында жазылған көптеген туындылар куә.

Сонымен гиперреализм үшін ең бастысы өмірде еш болмайтынды болдырып, оны қиялмен көзге елестеудің дәлдігін құжаттылықпен құныттап өз оқырманына таныта білу.  Бұл әдеби бағытты ұстанған қаламгер күнделікті көзге ұратын шындықтан әрмен реалдылыққа өзгенің көзін жеткізуге салқын қандылықпен талпыныс жасайды.

Қазақ гипперреалистік туындыларының өзіне тән нышан белгілері оғаштық, дискреттілік (үзіктілік), құрылымдық үзілім; байланыс – даму – шарықтау шек сынды дәстүрлі композициялық жүйеден бас тару; қазақ қоғамдық өмірінің күңгірт тұсын танытатын ауызекі қазақ тілі мен варваризмді, түрме жаргонын қолдануға ден қоюшылық, персонаж санының аздығы. Белгілі бір детальдың төңірегіне ерек тоқталып, өзінің авторлық концепциясын ұсыну.

Бұған Асқар Алтайдың сауысқанмен аң аулауы және Дәурен Қуаттың қарға бағу сияқты ерек оқиғалар арқылы қазақтың рухани мәңгүрттенуін авторлық концепцияларымен таныта білуі жатады.

Ең алғаш осы мәселені   француз әдебиетіндегі гиперреализмді зерттеген Э.  Тонне-Лакруа  өзінің «La littйrature franзaise et francophone de 1945 а l'an 2000» («1945–2000 жылдардағы француз және франк тілді әдебиет») кітабында қарастырып, тұтас бір тарауды «Un hуреrrеаlismе froid. Le cas Houellebecq» («Салықын гиперреализм. Уэльбек жағдаятын») арнады. Зерттеуші алты франк тілді жазушыны осы реалистік бағытқа жатқызып, гиперреализмнің басты  эстетикалық принциптерін түйіндейді [Tonnet-Lacroix  Е.  La littérature française  et  francophone de 1945 à l'an 2000. Paris, 2003].

Бірақ Э.  Тонне-Лакруа гиперреализмді не әдіске, не стильге жатқызбай тек «nouvelle tendance  en  littérature»  («жаңа әдеби тенденция»)  (Tonnet-Lacroix  2003,  313) деп орынды атап кетеді. ТМД әдебиеттануында оған дейін белорус ғалымы Нефагина мәселенің басқа жағынан келіп, гиперреализмге қатысы: «ортақ дәстүр, авторлық позициялар мен қаһарман типтерін ортақтастыратын  жалпылық негізіндегі индивидуальных  стильдердің тізбегі арқылы белгілі бір уақыт аясында өмірге келген туындылардың бойында  дәл сол мезгілдің тыныс-тіршілігін таынтатын қоғамдық және эстетикалық тенденциялар тоғысады» деген ойға қонымды пікір айтты [Нефагина  Г. Л. Динамика стилевых течений в русской прозе 1980–90-х годов. Мн., 1998. С. 35].

Ғылыми ортада көбіне модернизм мен постмодернге іш тартып, реализмге ден қоймаушылық орын алғаны өтірік емес.

Жан Бодрийярдың философиясындағы: «шындық өмірде болмаған әлдененің көлгірсітілуі» («the simulation of something which never really existed») дегеннен гиперреализмнің түп тамырын таба аламыз. Гиперреалистер жалған реалдылықты өмірге әкеліп, адам кәміл сенетін иллюзиялықты өмірге әкеледі.

Бір кездері ТМД ғылыми әлемі соцреализммен бірге реализм өлді деген пікірлерді де айтты, бірақ ол қазақ әдебиетінде әуелі постсоцреализм түрінде, енді міне гиперреализм түрінде түр өзгерісіне ұшырап отыр.

Қазақ жазушыларының әдеби шығармашылығында төмендегідей гиперреализм амал-тәсілдері қолданылады:

1. Автордың мәтіннен шеттетілуі.

Қаламгер болып өткен оқиғаға баға беруді оқырманның еншісінде қалдырады. Оқырман өз кезегінде өзіннің адамгершілік әм имандылық императивіне сай мәтінде орына лған дүниелерге өз бағалауын жасайды.

2. Детальдандыру.

Ақ пен қараның жігін детальдандыра ажыратып жазу арқылы оқиғалардың эмоциональдық фоны туындайды.

3. Қабылдаудың ақпараттық типтерінің үйлесімі.

Визуалды, аудиалды және кинестетикалық сезім мүшелеріне күш қаламгер тарапынан интеллектуалдықпен түсіріледі.

Сонымен қазақ гиперреализмі дегеніміз үш бұтақтан тұрады: әлеуметтену, құжаттану және пародиялана мистикалану. Міне, осы хас сипатына орай ғылыми-философиялық реализм ағымы, мистикалық реализм ағымы, әзіли-шайқылық ағымдарға бөлшектеніп кетіп, қазақ қаламгерлері өздерінің стильдік ерекшеліктерін тауып, бағытын өмірге әкеле білді.

Ал, гипперреализм  бағытындағы түрлі әдеби ағыммен жазылған туындылар қазақ филологиясында қалай қабылданып жүр?  Сондай туындыладың қатарына Тыныштықбек Әбдікәкімұлының ғылыми философиялық «Қаз Сақ Аңқымасы» трактаттық романдары.  Біз ақын деп танитын қаламгер сөзімді ұлтым тыңдар деп өз жан сөзін проза тілімен оқырманға былайша ұсынады «Ескендір шаштаразы»  болашақтың құдығына айқай салуда: «… «Балакөз» сайтының құлпын қалай ашуға болады?!..»[II том  35б.].

Бұл шығарманың әр жолы дидактизмдік сөз кестелуіне толы: «…Құдай жолымен жүруші пенде – пайғамбардан да мәртебелі» [II,36б.].

Автордың қаламгерлік ұстанымы ешбір Батыссыз, ешбір Шығыссыз таза түркілік рухта қазіргі қазақ қоғамын тарих таразысының безбеніне салып, кеңістік пен уақыттың тұтастықта алып, түрлі символдық, сөздік форумалық тұжырымдамаларын проза мен поэзия тілімен түйіндеп отырады.

Туындының проза мен поэзия араласқан жазу стилі «Тәнің сасыса да, жаның сасымасын» - деген афоризмдік соны түйіндеулер жасап отырады.

Қаламгер көне ұғымдар мен алаштық түсініктерді, ұлттық символдарды, қазақи сөздік аталымдарды әлемдік, түркілік, исламдық дүниетаным аясында өзінше ұғындырып, өзінше интерпретациялайды. Осы орайда өз пікірін бірде прозалық сөз саптаумен, кейде поэзиялық түркі дидактизмімен өрілтеді. Мысалға: «Дулыға»

Жарықтық Ер Дулыға Көкке сіңіп,

Жапан-Түз бірте-бірте сөне берді…[II,38б.].

Түркі дүниесіндегі Мақтымқұлы, Молланепес, Абай туындыларында бой көрсететін архетиптік сан магиясы «бестік ұғымды» қаламгер осы туындысында поэзия тілімен Бес Ене (күн, жарық, жел, су, жер енелер, яғни философиялық бес элементтің түркілік тегі) деп төгілтсе, проза тілімен 99999-ғалымдар; 88888-кәсіпқой жұлдызнамашылар; 77777-бақсы-балгерлер; 66666-көрегендер; 55555-мыстан кемпірлер (мыс фетиш); 44444-жезтырнақтар (жез тотем) деп ғылыми реализм ағымы аясында одан ары дамыта түседі.

Сөз ойнату, ұғым ойнату – қазақ ғылыми реалистік туындыларының өзіндік стильдік ерекшелігі.  «Қаз Сақ Аңқымасы» трактаттық романдары осы ерекшелікті өз бойына сіңірген.

Абай – имперализм дәуіріндегі бодан қазақты өз қара сөзінде ғылыми реализм аясында жан-жақты бере білсе, «Қаз Сақ Аңқымасы» сияқты бітімі бөлек ғылыми реалистік туындылар – жаһандану дәуіріндегі бостан қазақты психологиялық жақтан тәпсірлеп, этностың дүниетанымдық келбетін сомдайды.

Осылайша, ғылыми реализм аясында жазылған философиялық романдар мен хикаяттары арқылы қаламгерлеріміз   қазақ философиясын бодандық бұғауынан босатып, азат ойдың айдынына шығаруға талпыныстар жасап жатыр.

Аталған гиперреалистік проза жанрларында ұшырасатын мифологиялық, ертегілік, комедиялық т.б. элементтер өткен күндер турасындағы тарихи әпсаналармен араласып, бүгінгі шындық өмір қиялмен кіндіктеседі. Реалистік туындының бойында белгілі бір ұлттың психологиясы мен тыныс-тіршілігін заманалық авторларымыздың түрлі қырынан шығармашылықпен зерттеудің бай материалы жатыр.

Қазақ әдебиетінде арқалы ақын танылған Әмірхан Балқыбек аргентиналық Борхестiң «Иуда опасыздығы жайлы үш жорамал» атты шағын әңгімесі түрткі болып, «Қасқыр құдай болған кез» атты ғылыми-философиялық реализм ағымындағы прозалық хикаяттық үзікті жазбаларын өмірге әкелді.

Автор осы әдеби ағымға тән ұлтымыз үшін қастерлі ата-немере ұғымын қасиетсіз сөз «итаяқ» арқылы бағзы түркі дәуіріндегі «Қасқыр» тотемімен байланыстырып, автобилиографиялық сөз жауһарын өмірге әкеле білді.  Қаламгердің 5 жасқа дейін тілі шықпағандығы туралы ғұмырнамалық оқиға былайша өріледі: «Тiлiм бертiнге дейiн, жасым төрт-беске келгенше шықпай жүрiптi. Секпiл бет немересiне пейiлi ынты-шынтысымен құлаған қасиетiңнен айналайын сары атам сонда ырымдап итаяқтан су iшкiзген көрiнедi. Балалық шақтың осы бiр әсерлi сәтi кейiн өлеңге айналған:

Жұтаңдаумын, демен бiрақ жарлымын,

Баба ырымы, әлегi емес жарғының.

Қызыл тiлдi сөзге иiлту үшiн де,

Итаяқтан суды да iшкен бар күнiм...

Бiрақ шал әрекетiнiң астарында кiм-көрiнгенге сырын алдыра бермейтiн құпия далалық даналықтың ұшқыны жатқандығына ешкiм де күмәндана алмайды. Бiздiң мiндет, мiне, осы, ұрпақтар санасында сәулесiнiң өзi емес, көлеңкесi ғана анда-санда елес берiп өтетiндей дәрежеге дейiн құлдыраған сол бағзы да жаңа тектi далалық даналықтың қайсыбiр тұстарын қайта қалпына келтiруге әрекет жасауға талпынып көру болмақ» жатыр деп қазақ әдебиетіндегі құдаяттық магиялық реализмнің ұштығын қылтитады.

Осы орайда өз ойын ғылымилықпен: «Иә, мұндай жаңалығыңа сарабдал, салиқалы пiкiрлер естiмек түгiлi, өз жеке басың мен есiңнiң дұрыс-бұрыстығы нәгүман болары анық. Жұрт сенi бiр ауыз сөзбен «ауыш» деп атайтын болады. Бәлкiм, күлетiн де болар. Мейлi, күле берсiн. Ал сен өз жаңалығыңның ақиқат екендiгiне кәмiл сенесiң. Сенбегенде!..

Түркi халқы өзiн Қасқыр-анадан таратады. Бiрақ ол оны ешқашан, Құдай яки, Тәңiрi дәрежесiне көтермеген-дi. Түркiлер өзiнiң қаншық қасқыр мен шалажансар баланың некесiнен тарағандығын, бар болғандығы, құдiретi шексiз Жаратқанның бiр кереметi деп қана түсiнетiн.

Көне Мысыр сенiмдерi мен кейiнгi үндi-иран және семит дiндерiнiң бастауында тұрған әрi жер бетiндегi ең алғашқы монотеистiк дiн саналуға тиiс тәңiршiлдiк неге қасқыр тотемiнiң тасасында қалып қоймады? Түркiде неге алдымен Тәңiрi, содан кейiн ғана барып қасқыр ауызға алынып келдi?» - деген риторикалық сауал қойып, оған өз пікірін қосатын ғылыми ойын ережесін алға тартады.

Мына бір үзіндіде автордың ғылыми ойы одан ары концепцияланып, тағы бір соны ойдың шетін қылтитады: «Күлкiлi болса да айтайық, таңсәрiде мұнараға шығып алып сарнайтын мұсылман азаншысының байырғы бiр кездердегi далалық прообразы да сол серттен таймас жiгiттiң бейнесiндей көкжал Қасекең едi» - деген қазіргі ұстанған дініміз исламға қарсы күпір ойлар да оқырманын тіксінтеді.

Көне тарихты алаштық дүниетанымға ғылыми-философиялық реализм арқлы бағындырған автор Құдай мен қасқырды бірілікте ала отырып: «Түйсiк алдамапты. Христиандар «Тәурат» арқылы жебiрейлерден алған иудаизм құдайының да бастапқы аты «Яу» немесе «Ау» болып шықты. Атақты «Кiтапхананың» авторы, тарихшы Диодор Мұса ғалайссаламның Синай тауында негiзгi он қағиданы Яо немесе Яу (Яхья немесе Яхве сөздерiнiң түбiрi) есiмдi құдайдан алғандығын жазады (Иммануил Великовский, «Столкновение миров», Ростов-на Дону, «Феникс» баспасы, 113-бет). Байқайсыз ба, түркiлiк қасқыр тотемi иудей бауырларда жалғыз Құдай дәрежесiне көтерiлiп кеткен.

Осы жерде Тәңiрiсiн танымай қалып, түркiлер қателестi ме, әлде қасқырды Құдай қылып жiберiп жебiрей ағайындар алжасты ма деген сауал өзiнен-өзi туындайды. Әрине, бұл, бар болғаны, ой ойыны ғана, мұндай қатерлi сұрақтың туындауы да, болуы да мүмкiн емес. Бәрiне тосқауыл бiлмес адам қиялы ғана кiнәлi едi. Түркiлер Тәңiрiсiн танымай қалған жоқ, оның мейiрiм-шапағатының көрiнiсi ретiнде небары қасқыр туралы мифтi ойлап шығарумен ғана шектелдi. Ал жебiрей халқы болса өзiнiң жалғыз Құдайға деген ынтызарлығын байқатып алған болатын. Нәтижесiнде бастапқы дыбысталуындағы Ау, кейiнгi нұсқаларындағы Яхве құдай дүниеге келдi. Ал аты он түрлi, мейлi, жүз түрлi болсын, жалғыз Құдайдың аты Ау-Яу немесе Яхведен бұрын Тәңiрi болғандығын зердемiзден шығарып алмасақ болғаны.

Ендi иудей Құдайының бастапқы есiмi нелiктен Ау болатындығына аз-маз тоқтала кетейiк. Ол үшiн жебiрей халқының Мұса ғалайссаламның басшылығымен Мысыр құлдығынан қашқан кезде жер бетiнде көрiнiс берген оқиғаларға, олардың себептерiне үңiлу керек. Бұл табиғи апаттар Жер-Ана бетiнде бiрiнен кейiн бiрi қайталанған қасiреттi уақыттар едi (Қасқыр мифiндегi қанды қырғынның «тәураттық», яки жебiрейлiк нұсқасы деп түсiнген жөн). Жерге төнiп келiп қалғандай болған аспанды әлдебiр құдiреттiң күшiмен пайда болған дыбыстың керi лақтырып жiбергенi де рас. Әлденеше тәулiк бойы қарасын көрсетпей қойғандай болған күн де содан кейiн қайта жарқырап шыға келген.

Ол кездi ескi кiтаптар «Өзендер арнасынан ауытқып, тiк көтерiлген теңiздер құрлықты шайып кете жаздаған заман едi» деп ғылыми реализм ағымы арқылы алаш жұртына өзінің инеллектуалды ойнын таңады.

Осылайша, Әмірхан Балқыбек қасқыр мифi мен тотемiнiң ең азы үш мың жылдан асатын тарихы бар екендігін ғылыми-философиялық реализм ағымы арқылы бізге дәлелдеп бере алады.

Алдар Көседен тамыр тартқан түркі шайқы-бұрқылық әдеби дәстүрі екі рет католиктік-исламдық мәдени-рухани реформаға ұшырады. Сақалсыз фольклорлық кейіпкерге (Алдар Көсеге) арналған авторлық түркі прозалық мұрасын Рабле франктық-католиктік мәнерде өз туындысына айналып жіберсе, мұсылман-жөйіттер – «Қожа Насреддин» атандыра салды. Бұл дәстүрді ХХ ғасыр басында – Бейімбет Майлин тірілтіп, 1970-1990 жылдардағы ұлттық әдеби процесте Дулат Исабеков түрлендіре жалғастырды. Қадыр Мырзаәлі «бауырым Балпаңай» поэтикалық образын, Әбдіжәміл Нұрпейісов «Судыр Ахмет» персонажын өмірге әкелді. Әлемдік әдебиеттануда М.Бахтин осы «әдеби феноменге» байланысты тек оның ғылыми көзге ұрып тұратын бетін қалқып, франктанған «ғылыми айсбергтік» түркі мұрасының көрінбес тұсына ой жүгіртпей, бар пейлі оның кей тұсын французды алға ала отырып, бірыңғай славяндарға бұрудың ғылыми әрекетін Рабле шығармашылығына қатысты жасады. Қожайнасырлық «Ақылды ақмақ» әдеби үрдісін осылайша аяр Батыс түркілерден тым алыстатып жіберді.

Пуризмге бейім қазақ неоахметшілері алдында «карнавалдықты немен (қандай төл терминмен) алмастырамыз?» деген назарияттық мәселе тұр. Бірі – шайқы-бұрқылықты, бірі – қожайнасырлықты құптар. Ол жағы – жеке мәселе. Өйткені, әзіли-шайқылық пен қожайнасырлықтың бірі (төл әдебиеттануымызда жеке термин ретінде тұрақтанып) – табиғатымызға жат христиандық «карнавалдықты» ділдік тұрғыдан алмастырып, жаңа салыстырмалы әдебиеттанушылық зерттеулерге арқау болуы керек.

Қожайнасырлық «Ақылды ақмақ» әдеби үрдісіндегі әдеби феномен Бейбіт Сарыбай – өзіне назар аударуды қажет етеді. Бұл мақала тек осы мәселеге неоахметшілердің назарын аударту үшін назарияттық жосықта жазылып отыр.

Бейбіт Сарыбай «ой қайшылығы» мен «сезілетін абсурд» стильдік айшығы арқылы бір отбасының басына түскен «ақырзаманды» сөз етіп, «бір елі ауызға екі елі қақпақ» деген авторлық масканы санаңа сақ еткізеді. Бейбіт – қытықтап күлдірмейтін, ойланта күлдіретін  гипперреалист. Ол оғаш ойдан одағай оқиға туғызып, қоғам мен оның мүшелерін «пародиялайды». Егер сатирада «ой қайшылығы» мен «сезілетін абсурд» стильдік айшығы болмаса, онда мың күндік емес, бір күндік «бұралқы күлкіге» құрылған дүние өмірге келгені деп білгеніміз жөн. Бейбіттің шығармашылығы бұндай әумесер авторлық ұстанымнан аулақ. Осылайша үнемі ізденіс үстіндегі қаламгер өзіне тән дербес фантастогармониялық әлемін өмірге әкеле алған.  Алдар Көседен тамыр тартқан Бейімбеттің шайқы-бұрқылық дәстүрін әдеби мұрагерлікпен өз мәнерінде ешкімге ұқсамай, өзгені қайталамай ұлықтауды қазіргі әдеби процесте Жүсіпбек Қорғасбек, Дәурен Қуат, Бейбіт Сарыбай сияқты қаламгерлер жалғастырып отыр.

Қазақ гипперреализмі тек түркі емес, әлем әдебиетіне шоқтықты туындылар сыйлап үлгерді. Әрі өзінің болашағы зор екенін таныта алды. Біз соның кей тұстарын ғана осы монографияға еніп отырған тараушамызда сөз еттік. Осы ұлттық әдеби процесте өзін танытқан гипперреалисті әдеби бағыт пен оның ғылыми-философиялық, құдаяттық мистикалық, әзіли-шайқылық ағымдары өзін қолға алып, жан-жақты қарастыруды қазақ әдебиеттанушыларының алдына зор ғылыми міндет етіп қойып отыр.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5362