«Бұлтты бухгалтереядан» қашан құтыламыз?!
Сіз дұрыс түсініп тұрсыз. Иә “бұлтты бухгалтерея” дегенді бірден нашар мағынада, яғни “көлеңкелі экономика” деген сөздің сыңары ретінде қабылдадыңыз. Өте дұрыс! Өйткені, сіз күнделікті қазақша сөйлейсіз, қазақша ойлайсыз! Себебі қазақ мектебін бітіргенсіз!
Бірақ Үкіметтің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және тб іс қағаздарында бұл “бұлтты бухгалтереяңыз” біз ойлағандай “бұлтты”, яғни “көлеңкелі экономика” секілді ұғымды білдірмейді екен?!. Қызық болғанда, бәлкім қызық емес, шыжық болғанда Үкімет бұлай “бұлтты бухгалтерея” деп, керісінше бәріне көрініп тұратын ортақ, қолжетімді, “ашық” бухгалтереяны” айтады екен?!.
“Ойбай-ау, ол неге олай?!”-дейсіз ғой шырылдап?!. Иә, солай! Өздерінің күнделікті кеңсе тілі орысшадан оңдырмай аударған ғой қазақшаға сабаздар?!.
Сенбесеңіздер, бірге оқып көрейік.
Кеше Парламент Мәжілісіндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде “Әлеуметтік сала қызметкерлеріне (кітапханашыларға, әлеуметтік қызметкерлерге және тб) еңбекақы төлеу және әлеуметтік кепілдіктер беру жүйесі” атты тақырыптық отырыс өтті. Сонда баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова кезінде шу болған Талдықорған қалалық білім басқармасы бухгалтерінің миллиардтармен ұсталуынан кейін еліміз бойынша еңбекақы төлеу жүйесіне тексерулер болғанын баяндады. Көптеген бұрмалаушылықтар анықталған. Астана қаласының мектеп мұғалімдеріне ауыл мұғалімдеріне төленетін қосымша ақы және табиғаты жайлы өңірлердегі мұғалімдерге Арал, Семей аймағындағыларға төленетін экологиялық қосымша ақы төленіп келіпті... Осыған байланысты министрліктің жаңа еңбекақы төлеу жүйесі туралы жасаған “Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу туралы” көрнекі слайдында “Біріңғай бұлтты бухгалтереялық есеп” деген адам шошытатын тақырып бар екен. Сонда: “2024 жылдың 3-тоқсанында Алматы облысында Біріңғай бұлтты бухгалтереяны енгізу бойынша пилоттық жоба жоспарлануда” деген сөзді оқыған кезде-ақ, бірден шошисыз...
Содан соң негізгі қорытындыға көшеді:
“Біріңғай бұлтты бухгалтереяны енгізу мемлекеттік бюджеттің азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу бөлігіндегі шығыстарын тиімді бақылауға және сыбайлас жемқорлық пен бюджет қаражатын ұрлаудың жолын кесуге мүмкіндік береді”- деген қорытуды, дұрысы қорқытуды оқығанда, үкіметтің іс қағаздарын оқығанда қалтаңыздан тастамай жүретін қан қысымыңызды қалыпқа түсіретін дәріңізді іше беріңіз…
Бұл қорқынышты “қазақшаны” түк түсінбегендіктен Еңбек министрі Светлана Жақыповаға сұрақты төтесінен қойдық.
- Сіздердің көрнекі құралдағы “Бұлтты бухгалтерея” деген сөз “көлеңкелі экономика” секілді нашар мағынадағы сөз. Сондықтан да, біз, депутаттар “Бұлтты бухгалтереядан құтылайық” деп орынды айтып отырмыз. Ал сіздер “Барлық жерге бұлтты бухгалтереяны енгіземіз” деп, басымызға бұлт төндіріп, шошытып есеп беріп отырсыздар? Бұл қалай? Демек аудармаларыңыздың есі дұрыс емес, жарымжан болып тұр ғой бұл жерде?”-деп көкейдегі күмәнді сұрақты жайып салдық.
- Солай ма? “Бұлтты бухгалтерея” деп, “облачная бухгалтерея” дегенді қазақша аударған ғой бұл жерде.-деп, езу тарта отырып, емін-еркін жауап берді министр ханым.
- Бәсе, өзім де солай ойлап едім, бұл қорқынышты сөз бұлардың “Облачная бухгалтерея” дегенді қазақшаға аударған түрі шығар деп… Тура солай боп шықты. Онда бұл жерде қазақшасындағы “бұлтты” деген сөз дұрыс емес, “ортақ”, бәлкім “ашық” бухгалтерея” болуы керек шығар!? Сіздер интернеттің, Гуглдың калькалық аудармасын ала салғасын логикалық қарсы мағынадағы қауіпті сөз болып шыққан!?.
Біздің білуімізше, бұл “бұлтты бухгалтерея” деген сөз тіркесінің үкімет аспанын қара бұлттай тұмшалап жүргеніне 4-5 жыл болыпты. Сонда осы уақытқа дейін қаншама министрліктің министрлерінен бастап, қаптаған қызметкерлеріне дейін бір де біреуі қазақша керісінше қауіпті мағына беретін қарапайым сөзді түсініп, “Бұл неғылған “бұлтты бухгалтерея”? Құртыңдар оны, бухгалтереямыздың аспаны ашық болсын!” - деп айтуға жарамаған ба?!.
Иә, бұл дүкендердегі “Мужские трусы” дегенді қазақшаға “Еркек қорқақтар” деп аударғанындай масқара болып тұр ғой…
Сөзіміздің басында бұл “Бұлтты бухгалтерея” деген сөз тіркесінің мағынасын түсінетіндерді неге “қазақ мектебін бітіргендер” деп атап көрсеттік. Себебі, қазақшаны бізден кем сөйлемейтін талай министрлердің, әкімдердің, әріптестеріміздің де бұл сөздің төркінін түсіне бермейтінін түсіндік. Өйткені, олар қазақша мектеп бітірмегендер болып шықты… Яғни, “Әрқашан күн сөнбесін! Аспаннан бұлт төнбесін!”-деген қазақша тақпақты жаттамаған… Бұл өлеңнің орысшасында “бұлт” туралы сөз жоқ… Қазақша аудармасының қайырмасы орысшасынан мықты шыққан…
Міне, қазақ тілінің және қазақ мектебінің артықшылығы!
Міне, ағайындар!
“Алдымен түпнұсқа құжаттар мемлекеттік тілде болуы керек” дегенді не үшін күнде зарлап келеміз?
Мемлекеттік тіл туралы заңның жоқтығы мемлекеттік органның әр қағазында осылай ойбайлап жүр… отыз жылдан бері…
Бір мақаламызға жүк болған бұл сөздің жағымсыз сөз екенін білдіру үшін әдейі тақырыбымызды
“БҰЛТТЫ БУХГАЛТЕРЕЯДАН” ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?!.”-деп айқайлатып қойдық!
Бірақ, оны есітетін үкімет болса деңіз?!.
Мемлекеттік тіл туралы заң керек!
Ол ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер үшін керек!
Әйтпесе, төбемізден төніп тұрған “бұлттан” құтылмайтынымызға өкінішпен өткен отыз жылымыз айқын дәлел!
Тілің төрлемесе, тірлігің өрлемейді! Бұл әлемдік тәжірибе дәлелдеген ақиқат!
Қазыбек Иса,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
Abai.kz