Мемлекеттік органдардың босаңсымауын сұраймыз!
Біз портал оқырмандарының талқысына «Ақ жол» фракциясының Үкіметтің депутаттық сауалдар бойынша жұмысы туралы Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзін ұынамыз...
Құрметті әріптестер.
«Ақ жол» фракциясы сайлаушылармен кездесулер қорытындысы бойынша көтерген мәселелердің біразын, ұзаққа созылған даулардан кейін болса да, Үкімет шешіп берді.
Мәселен:
● былтыр жазда жаңа Салық кодексінің тұжырымдамасы талқыланғалы бері кәсіпкерлер Ұлттық экономика министрлігі жариялаған қосымша құн салығының өсімін болдырмау туралы ұсыныспен «Ақ жол» демпартиясына бірнеше рет жүгінген. «Ақ жол» фракциясы 2023 жылдың тамыз бен қараша айларында Үкіметке тиісті талаптарды жария түрде жолдады. Шенеуніктер бизнесті тыңдаудан бас тартты.
Кәсіпкерлерді Президент естіп, 2024 жылдың 7 ақпанындағы Үкімет отырысындағы оның тікелей тапсырмасынан кейін ғана мәселе оң шешімін тапты.
● Біздің үш сауалымыздан кейін Алматы облысындағы «Маревен Фуд» зауытына өткен жылдары әділетсіз ұсталған қосымша құн салық сомасы (7 млрд-тың 3,5 млрд-қа жуығы) ішінара қайтарылды, бірақ тым кеш: инвесторлар экспорттық өндірісін Өзбекстанға көшіру туралы шешім қабылдап, бұл жерде тек ішкі нарыққа арналған қуаттылықты қалдырды.
● "Ақ жол" фракциясының бірқатар талаптарынан соң, әкімдіктердің тұрғын үй құрылысына рұқсат беру кезінде санитарлық аймақтардың бұзылуына байланысты «Кублей» (Орал), «Нұртау Темір» (Алматы), «Kz Recicling» (Алматы облысы) зауыттары мен басқа да бірқатар кәсіпорынның жабылу қаупі сейілді (Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізілді). Біз Денсаулық сақтау министрлігіне бек ризамыз, алайда, кәсіпорындардың өндірістік аймақтарында тұрғын үй құрылысына рұқсат берген әкімдердің неге жауапкершілікке тартылмағаны түсініксіз.
● "Ақ жол" фракциясының ұсынысы мен ұзақ даудан кейін үкімет БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары мен олар бойынша инвестициялық кірісті салықтан босатуға келісті. Біз мұндай талапты 2023 жылдың 18 қазанында қойдық, яғни шешімнің шығуына 7 ай уақыт кетті.
● Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы мен жергілікті маслихаттардағы депутаттардың он шақты сауалынан кейін, Алматы мен Рудныйдан басқа барлық дерлік өңірлерде шағын және орта бизнеске салынатын бөлшек сауда салығын 4-тен 2-3%-ға дейін төмендету туралы шешімдер қабылданды (2023 жылдың мамыр айынан бергі бірқатар депутаттық сауалдар мен бірқатар теріс жауаптар).
● Фракцияның сауалы бойынша 2024 жылдың 15 наурызында «Қазтеміртранс» қызметкерлеріне пара беруге мәжбүр болған 15 кәсіпкерді түрмеден құтқара алдық (тура мағынасында) – біздің сауалымыздан бір аптадан кейін олар сот залында босатылды.
Басқа да сәтті мысалдар бар. Дегенмен, «Ақ жол» депутаттарының сайлаушылардың өтініші негізінде көтерген бірқатар жүйелі мәселелері өз шешімін таппады. Сондықтан, сайлаушылардың міндеттемелер тізімін жолдаумен қатар, кейіннен қосымша 70-тен астам депутаттық сауалдар жариялауға мәжбүр болдық. Ал мемлекеттік органдардың жауаптары кейде одан да көп сұрақ туғызды. Жауаптарды мән-жайды білмейтін немесе депутаттарға тікелей жалған ақпарат беріп жүрген қызметкерлер дайындаған сияқты әсер қалып отырды.
● Біздің 2023 жылғы 4 қазандағы энергетикалық машина жасауды құру қажеттігі туралы депутаттық сауалымызға үкімет Қазақстанда турбиналар, генераторлар және басқа да техникалар өндірісі бар деп жауап берді. Іс жүзінде Қазақстанда өнеркәсіптік турбиналар мен генераторлар шығарылмайды, технологиясының қарапайымдылығына байланысты тек қазандық агрегаттары құрастырылады. Яғни, Үкіметтің жауабы жағдайға бақылаудың жоқтығын көрсетеді, соның салдарынан – бүгінде көптеген жылу электр орталықтарында жылу беру маусымына дайындық мерзімдері кешіктірілуде, ол туралы кешегі үкімет отырысында да айтылды, бұған соның ішінде құрал-жабдықтың жеткізілуінің кешігуі себеп. Бизнес оған дайын екендігін айтқанымен, өндіріс жолға қойылмады.
● Олигополияға қарсы күресті желеу етіп, адал кәсіпкерлердің мүлкін заңсыз басып алу туралы 2023 жылдың 15 желтоқсанындағы депутаттық сауалға (Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы шипажай мысалында) айқын фактілер еленбейтін жауап алынды. Президенттің экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығынан кейін ғана, оның бірінші тармағында жеке меншікке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету көрсетілген, бұл мәселе Бас прокуратураның қарауына қайта қабылданды.
● 2024 жылдың 14 наурызындағы сауалымызға Денсаулық сақтау министрлігі Президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы тікелей тапсырмасына қарамастан, міндетті медициналық сақтандыруға нарықтық медициналық сақтандыру элементтерін енгізуден бас тартты. Әңгіме азаматтардың өз денсаулығы үшін жеке шоттары мен жеке жауапкершілігін енгізу туралы болып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі төлейтіндерден төлем жиналып, Қор шенеуніктерінің қалауы бойынша жұмсалатын бұрынғы схеманы сақтау қажет деп жауап берді. Бұл жүйе өзінің тиімсіздігін көрсетті деп есептейміз.
● «Ақ жол» фракциясының сауалына қарамастан, Үкімет Алаш Республикасының жетекшісі, Ұлт көсемі Әліхан Бөкейханның 160 жылдығын ресми деңгейде атап өтуден бас тартты. Біздің пікірімізше, бұл үлкен қате.
● Үкімет 2024 жылдың 23 ақпанындағы сауалда көтерілген Өнеркәсіптік құрастыру келісімдерінің тәжірибесін автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыруға ғана емес, сонымен қатар тау-кен, мұнай, энергетика, электр және т.б. жабдықтарға қолдану туралы ұсынысымызға жауап бермеді. Өз жауаптарында шенеуніктер тек қолданыстағы тәжірибені ғана атап, «Ақ жол» фракциясы ұсынған өзгерістер туралы жұмған ауыздарын ашпады.
● Мәмілелерді жарамсыз деп тану секілді бизнес үшін өте ауыр мәселе көтерілген 2023 жылғы 29 қыркүйектегі және 2024 жылғы 15 ақпандағы депутаттық сауал бойынша Қаржы министрлігі салық органдарын мұндай диктаторлық өкілеттіктерден айырудан бас тартты.
● 2023 жылдың 29 желтоқсанындағы депутаттық сауалға Қаржы министрлігі салық тәуекелдерін басқару жүйесінің құпия критерийлерін алып тастаудан бас тартты. Нәтижесінде, кәсіпкерлер өздерінің тәуекелдерді басқару жүйесі деңгейінің неліктен жоғарылағанын білмей, мемлекеттік сатып алу немесе несие алу мүмкіндігінен айырылуда.
● «Ақ жол» фракциясы Құрылыс кодексінің жобасын сала алдында тұрған міндеттерге сәйкес келмейді деп санайды. Біз басқа фракциялардағы әріптестермен бірге үкіметке бұл заң жобасын кері қайтарып алуды ұсындық. Алайда құжат кері қайтарылмады. Өз ұстанымыздан бас тартпаймыз.
● Біз банктердің кепілдік саясатының тонаушылық сипаты туралы мәселені көтеріп, бұл тәсілдерді кепілзат несие сомасына сәйкес келетіндей етіп қайта қарауды ұсындық. Мемлекеттік органдар бұл мәселеге жауап бермеді.
● 2024 жылғы 5 сәуірдегі «Ақ жол» фракциясының Президент Қ.Тоқаевтың конституциялық реформасына сәйкес мәслихаттардың функцияларын күшейту туралы сауалына Үкімет біздің ұсыныстарымызға мүлдем қатысы жоқ, біз көтерген тақырыпты еш қамтымайтын жауап жолдады.
Және т.с.с.
Осындай жауаптарға қарамастан мемлекеттік органдардың босаңсымауын сұраймын. Біз бұл пікірталастарды келесі сессияда жалғастырамыз.
Парламентке теріс ақпарат бергені үшін шенеуніктерді жауапкершілікке тарту тәжірибесін енгізу қажет. Мәселен, «Ақ жол» фракциясының талабы бойынша 14 наурызда сауалымызға күмәнді ақпарат берген денсаулық сақтау вице-министрі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұндай жауапкершілік парламент пен үкімет арасындағы қарым-қатынаста ережеге айналуы керек деп санаймыз.
Депутаттық сауалдарға берілген жауаптардың 70% формалды әрі іске қатысы жоқ болғасын, Үкіметтің «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалдары бойынша жұмысын қанағаттанарлықсыз деп санаймыз және Қ. Тоқаевтың ықпалды парламент пен есеп беретін үкімет тұжырымдамасына сай билік тармақтары арасындағы теңгерімді әрі кәсіби қарым-қатынастарды талап етеміз.
Назарларыңызға рахмет!
Азат Перуашев,
«Ақ жол» фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты
Abai.kz