Делягин не дейді, Ресей не істейді? (жалғасы)
Суретте: ресейлік экономист Михаил Делягин
Суретте: ресейлік экономист Михаил Делягин
Жақында ғана Екатеринбург қаласында өткен Қазақстиан-Ресесй шекара маңы ынтамақтастығын дамыту саммитінде ондаған іскерлік шарттар жасалды. Осыған байланысты қазақстандық «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасы жасалды. Бұл құжат 2014 жылдан бастап отандық кәсіпкерлерге берілетін жеңілдікті алып тастап, есесіне ресейлік және белорустық мемлекеттік сатып алуларға есік ашпақшы. Ең қорқыныштысы сол, заң жобасына қандай да бір өзгеріс енгізуге кеш екен. «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов: «Қазақстан Кедендік одақ аясындағы ұлттық режимді алып тастау жөніндегі халықаралық келісімді ратификациялау кезінде ойсырай жеңілді. Егер мемлекеттік сатып алуға орыстар мен белорустарды жіберсе, онда жергілікті өнім өндірушілер опық жейді. Демпинг болуы да мүмкін... Мәселен, тендерлік тапсырыс бойынша кәсіпкер төмендетілген бағамен сатылатын өнімді алуы тиіс екен. Нәтижесінде арзан бағаға – сапасыз өнім алынады. Ал, шын мәнінде, екеуін біріктіруге мүлдем болмайды. Оның үстіне ұйымдастырушылар тендерге түсетін өнімнің бағасын соңғы сәтте ғана жариялайтын көрінеді. Бұл, әрине мемлекеттік сатып алу жүйесін сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналдыратыны сөзсіз.Мұндай бәсекелестіктен еліміз ұтылмаса, ұтпайды. Меніңше, бұл мәселені 2018 жылға дейін тоқтата тұру керек еді. Себебі, бұл уақытқа дейін өндірушілер тәжірибе жинақтап, өнімге деген сұранысты қанағаттандыра алады. Ал қазір өнім аз жерде, біз Ресей мен Белоруссияны қалай қуып жетеміз? Бірақ, қанша шырылдасақ та, заң жобасын өзгерте алмаймыз. Бұл 2011 жылы аталған келісімді жүргізіп, мақұлдаған азаматтардың қателігі», – деді ашынып. Түркістан газеті бұл мәселені егжей-тегжейлі талдап жазды: http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/38510#comments.
Кеден одағындағы Ресейдің жасап отырған озбырлығына Белоруссия да наразылық білдіріп отыр. Бұл туралы 2013 жылғы қарашаның соңында Белорусь Республикасының Бірінші вице-премьері Владимир Семашко мәлімдеді. Оның айтуынша, Кеден Одағының заңнамасындағы шикіліктерден белорустық өнеркәсіп зиян шегуде. Әсіресе, белорустардың ауыл шаруашылық техникаларының Ресей нарығына енуіне тосқауылдар қойылуда. Оған қоса, Ресейдің ойлап тапқан импортталатын автотехникаларға салынатын «утилизациялық салығы» Белорустың МАЗ авто техникасының құнына 18% пайыздық үстеме қосуына алып келіп, бәсекелестікке төтеп беруін төмендетуде. В. Семашконың айтуынша, мұның барлығы Белорустардың шаш етектен шығынға батуына ықпал етіп отыр. Көріп отырғанымыздай, Кеден одағының ішінде Ресей Федерациясының үлес салмағы анағұрлым көп болып тұр, жоғарыда айтылғандай, М. Делягиннің ұсынған экономикалық экспансиясы ақырындап жүзеге асып жатқан сыңайлы. Атам қазақ «Орыстан досың болса, айбалтаң қасында болсын» деп бекер айтпаған.
Минск саммитінде «Кеден Одағына Армения кіреді, одан кейін Қырғызстан, сосын Украина кіруге ынталы», тіптен, «Үндістан мен Түркия да кірмекші-мыс» деген әңгімелер айтылғаны есімізде. Бірақ, іс жүзінде бұл аталған мемлекеттердің халқы Кеден Одағына кіруге қарсы екенін әлемдік қауымдастық кейінірек біле бастады. Қазір Украинада «Евромайдан» деген атпен белгілі халық толқуы басылмай тұр, украиндықтардың талабы – Украина Евро Одаққа кіруі тиіс, ал, Кеден Одағына кіруіне ол елдің халқы үзілді-кесілді қарсы. Ресейдің экономикалық шоқпарынан зәрезап болған Украина билігі әскер мен полицияны барынша пайдаланып, қарсылық акциясын басуға ниеттенгенімен, қарулы қақтығыста жүздеген адам жарақаттанса да, түрлі-түсті «майданға» үйренген украиндықтарды алған бетінен қайтару қиын болып тұр. Тіптен, күні кеше ереуілшілер Киев қаласының әкімшілігін, түрлі мемлекеттік ғимараттарды басып алып, президент әкімшілігіне шабуыл жасады. Евроинтеграцияны қолдаушылар Украинаның Кеден одағына қосылуына қарсылық ретінде мезгілі шектелмеген қарсылық көрсететінін жариялады. Олар Кеден Одағына кіруді – Ресейдің боданына айналумен тең деп түсінеді. Армения билігінің Кеден Одағына қосыламыз деген мәлімдемесі де ол елдің ішінде қатты наразылық туындатып отыр. Бұл шешімге қарсылық ретінде азаматтық ұстанымдарын білдіру мақсатында Армения астанасы Ереванда мыңдаған адам қатысқан үлкен митинг өтті. Митнингті ұйымдастырушы – Армения президенттігіне үміткер кандидат болған Паруйр Айрикян армяндар евроинтеграцияны қолдайтынын айтты. Оның бастамасы қоғамдық қолдауға ие болып, «Абыройлы отан» азаматтық бастама ұйымы, «Мұра» оппозициялық партиясы, Армен Мартиросян және Давид Санасарян сияқты қоғам қайраткерлері бастаған мыңдаған еревандықтардың қарсылық шеруіне ұласты. В.Путиннің Ереванға ресми сапарына да армяндар ашық қарсылық танытты.
Кеден Одағына кірмекші болып отырған Қырғызстан 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастағанда оның толық мүшесіне айналады екен. Бұлай деп сәуегейлікпен айтқан – Ресей президентінің кеңесшісі - Сергей Глазьев. Дегенмен, мұндай маңызды саяси шешімді қабылдау Қырғызстанға оңай болып отырған жоқ. Бір жағынан қырғыздар 1998 жылғы 20 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіріп алған. Яғни, қырғыз ағайындар 15 жыл бойы ДСҰ қызығын көріп, нанын жеді, артықшылығы мен пайдасын көрді. Осы жерде: «Олай болса, Қырғызстан Кеден Одағына несіне кірмек?» деген сұрақ туындары сөзсіз. Оның сыры мынада болса керек. Қырғыз экономикасы негізінен Қытайдың тауарларын рээкспорттаумен (импортты үшінші елдерге қайта экспорттау, қазақша айтсақ, алып-сату) пайда табатыны баршамызға мәлім (Қазақстанға – «Дордой» көтерме базары, Өзбекстан мен Тәжікстанға – «Қарасу» көтерме базары арқылы). Кеден Одағы құрылғалы қырғыз шекарасына «құлып» салынды. Оштағы қырғыз-өзбек арасындағы қантөгіспен аяқталған жанжалдан соң Өзбекстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы да нашар. Осындай қиын жағдайдан рээкспорттық сауда дағдарысқа ұшырып, Қырғыз экономикасы абдырап қалды. Енді олар орын алған қиындықтан шығудың жолдарын қарастыруда. Сондай жолдың бірі – Кеден Одағына кіріп, «үлкен ағалардың» қамқорлығын көру. 2013 жылғы 19 қарашада Мәскеу қаласында өткен Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесінде Қырқызстанның Кеден Одағына кіруінің «жол картасы» мақұлданды. Қырғызстанның экономика министрі Темір Сариевтің айтуынша, «жол картасы» бұл ел үшін маңызды бес мәселені қамтиды: республика кәсіпкерлерін қолдайтын арнайы қор құру, еңбекті көп қажет ететін өндірістерді дамытуға тәжірибелік көмек беру, «Дордой» және «Қарасу» көтерме базарларына қолдау көрсету, еңбек мигранттарын қорғау туралы жеке келісім жасау, Қырғызстанның сыртқы шекараларын жарақтандыруға көмек көрсетілуі. Ең бастысы – Қырғыздар Кеден Одағына кіргені үшін оның мүшелерінен $1,2-1,6 млрд. қайтарымсыз көмек алады екен. Алайда, билік қолдағанымен, Қырғызстанның ішіндегі бірқатар саяси күштер Кеден Одағына кіруге қарсылықтарын білдіріп, саяси шерулер өткізіп те үлгерді.
Өткенде ғана Қырғызстан Президенті А. Атамбаев Кедендік одаққа Кремл ұсынған жағдаймен кіруден бас тартты. «Біз Қырғызстан азаматтарының мүддесіне жауапты жолмен барамыз» депті. Ол Қырғызстанның ұсынылған ынтымақтасу нұсқасына баламаның аздығы бола тұра, Ресей, Беларусь және Қазақстан одағына тек қана «Бішкек талабы орындалған жағдайда ғана» қосылатындығын атап өтіпті. Аbai kz сайтында жазылғандай, Қырғызстан президентінің сөзі Кремлдің бұрынғы КСРО елдерін Кедендік Одаққа кіруге мәжбүрлейтін бопсаға жүгінбейтінім жөніндегі алғашқы ашық мәлімдеме болды. Бұған дейін Украина мен Армения президенттері Мәскеу тарапынан қысымның барлығы турасында әдеппен ғана жоққа шығарып келген. «Сіздер мені әлі күнге дейін неғып білмейсіздер? Елге зиянды не нәрсеге де мені «жаншу» - мүмкін емес. Біз Кедендік Одаққа егер біздің талап ескерілгенде ғана енетін боламыз. Ал Атамбаевты бопсалау мүмкін емес, мен шынығып болған адаммын. Біздің таңдауымыз аздау, бірақ тек қана қырғызстандықтарды қанағаттандыратын әрі біздің мүддемізді қорғайтын жолмен ғана жүреміз», - деп мәлімдепті А. Атамбаев баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасының (ҚХР) төрағасы Си Цзиньпин Бішкекке жасаған ресми сапарында «Ұлы Жібек жолын» жаңғыртатынын айтып, бұл жобадан Қырғызстанның құр алақан қалмайтынын аңғартты. Кеден Одағына кірсе, Қытаймен қарым-қатынастары қалай болары беймәлім. Кірмеске амалы тағы жоқ. Осылайша, Қырғызстанның не істерін білмей дал болып отырғаны, ал, Кеден одағы болса, «экономикалық маска» киген Ресейдің саяси ойыншығына айналып бара жатқаны байқалады.
Ресейдің сыртқы саясатын жүзеге асыруы барысында ескеруі тиіс деп Делягиннің тұжырымдаған принциптерінің ішінде ерекше орын алатын разумный эгоизм және конструктивный реваншизм деген ұстанымдар да қазақстандық мүдде үшін аса қауіпті. Ғаламдану жағдайында әлемдік экономика өзарабайланыс пен өзаратәуелділік принциптеріне негізделіп дамуда. Мұндай жағдайда өзара тиімді серіктестік алдыға шығады, саналы немесе санасыз эгоизмге орын жоқ. Бір елдің эгоист болуы басқа елдердің ұлттық мүдделеріне үлкен нұқсан келтірері сөзсіз. Ал, конструктивті реваншизм дегенді қалай түсінуге болады? Реванш – қарымта қайтару деген ұғым. Қолдан шығарып, жоғалтып, айрылып қалған қандай да бір мүлікті, меншікті, есені қайыру. Барымтаға қарымта деген сияқты. Сонда Ресейдің қайтара алмай жүрген қарымтасы не? Айтпаса де түсінікті, ол реванш - Ресейдің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған, арғы тарихындағы империалистік самодержавие, бергісі кеңестік өткен дәуірді аңсаушылық. Бұған қоса, ұлы орыс шовинизміне негізделген, әлі күнге дейін күшін жоймай келе жатқан жаңа ресейлік империялық амбиция тағы бар... Осыдан келіп, Делягиннің «Стратегической целью является воссоединение в рамках единого государства России, Белоруссии и Казахстана» деген тұжырымының астарында не жатқанын түсінуге болады. Жаман айтпай жақсы жоқ, Ресейдің Кеден одағын осылайша бұра тартып, өзінің эгоизмі мен реваншизмін жүзеге асыруынан, Белоруссия мен Қазақстанның ресейлік мүдде жетегінде кетуінен, экономикалық одақтың Ресей ықпалындағы біртұтас мемлекет сияқты саяси сипат алуынан қатты сақтануымыз керек. Кедендік одақтың Біртұтас экономикалық кеңістікке ұласуы, одан Еуразиялық одаққа айналуы бірте-бірте ортақ парламент құру, ортақ валюта ендіру, ортақ шекара т.б. «ортақ белгілерді» туындатып, саяси одақ болып шыға келгенін байқамай қалмайық. Мұндай «саяси одақ» тәуелсіздігімізді жалмап жеп, түбіне жетуі мүмкін. Олай болса, Савицкий, Трубецкой, Гумилев, Дугин, Делягин, Нарышкин сияқты т.б. орыс ойшылдарының «еуразияшыл арманы» орындалды дей беріңіз. Олардан бөлек орыс шовинистері де аянып қалған жоқ. А.Солженицынның «Литературная газета» мен «Комсомольская правда» газеттерінде 1990 жылғы 18 қыркүйекте қатар жарияланған «Как нам обустроить Россию» атты атышулы мақаласын қалай ұмытамыз... Қазақстанның территориялық тұтастығына қол сұғу арқылы Ресейдің көсегесін көгертуді ұсынған солженициндік идея қоғамдық пікірдің қатты қарсылығына ұшыраған еді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегеннің керін келтіріп, Қазақстанның ішіндегі кейбір орекеңдер де қазақтың елдігіне қатысты тосын пиғыл танытқаны жасырын емес...
2012 жылы, тәуелсіздік күні қарсаңында өткен бір кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 12-ші шақырылымдағы Қазақстанның (ҚазССР) Жоғарғы кеңесінің экс-депутаты, соңғы шақырылымдағы КСРО Жоғарғы кеңесі экс-депутаты Нығмет Жотабаев ағамыз 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі туралы заңның қалай талқыланып, қайтіп қабылданғанының куәгері ретінде жан-жақты әңгімелеп берген еді. Сонда, Жоғарғы кеңеске Талғар қаласынан сайланған депутат Т.Жаворонкова: «Қазақстанға егемендік деген не керек, бұрынғы Ресей империясы сияқты Қазақ империясын құрмақпыз ба?» - деп қарсы шықса, Көкшедегі Макинскіден сайланған Ю.Сухов деген депутат: «Вопрос о независимости Казахстана следует внести на общенародный референдум!» және «Если будет принять этот закон, то русскоязычное население может оказаться в чужом государстве» - деп бүйректен сирақ шығарыпты. Жоғарғы кеңесте орын алған келеңсіз пікірсайысқа куәгер болған ағамыздың айтуынша, тәуелсіздік туралы заңымыз осындай ұзаққа созылған түрлі дау-дамай мен идеялық теке-тірестің арқасында қабылданыпты... Өкініштісі сол, Солженицын да, Жоғары кеңесте тәуелсіздігімізге қарсылық білдірген депутаттар да кезінде Қазақстанды паналап, қазақтың дәм-тұзын татқандар. Яғни, «Су ішкен құдығыңа түкірме» дегенді тәрк еткендер. Ал, қауіптісі, идеялық тұрғыдан елімізді іштен ірітуге тырысып жүргендер әлі де баршылық. Ондайларға заң жүзінде қатаң тиым салуды дұрыс жолға қойып, ұлттық мүддеміз бен қауіпсіздігімізді тайсалмай қорғауға тиіспіз.
Делягин сияқты ресейлік ғалымдар мемлекеттің ресми ұстанымына балама тұжырымдар ұсынуға шебер (оларды билік ескеріп те жатыр), ал, біздің қазақстандық экономист ғалымдар мен саясаттанушылардың көбінесе ресми ұстанымның ауқымымен шектелетініне, бір бағытта ғана ой толғайтынына қынжыласың. Бұған себеп болып отырған білімсіздік пе, әлде, жасықтық пен немқұрайлық па? Басқасы басқа, мемлекетіміз бен ұлтымыздың тағдырын шешетін өзекті мәселелерге келгенде үндемей, бұғып қалған зиялы қауым ел-жұртқа пайда әкелмесі анық. Халық жаутаңдап зиялысына қараса, ал, зиялы дегендеріміз жерге қараса... болашағымыз қандай болмақ? Ұлт зиялыларына жүктелетін міндеттің ауыр болатыны осыдан. Кезінде, Алаштың зиялы қауымы қандай еді? Елі мен жері үшін күресіп, қандықол большевиктерден тайсалмастан, дамудың балама жолдарын ұсынып, идеялық майдан ашып, ұлттық идеяның жолында құрбан болды... Қазір заман басқа, заң ауқымындағы шығармашылық, ой еркіндігі Конституциямен бекітілген, ал, Елбасы оның кепілі. Сондықтан да, алаңдамай, балама бағыттарда зерттеулер жүргізіп, түрлі саяси-экономикалық даму сценарийлерін жасап, жағымды және жағымсыз тұстарын анықтап, келешегін болжаудың маңызы зор. Бұл Кеден одағына да қатысты мәселе.
Балама бағыт-жобалардың болғаны қашанда жақсы емес пе? Түрлі жағдайлардың әсерінен бір бағыттың нәтижелігі төмен болып жатса, оған қарағанда тиімділеу екінші жол оны алмастыра қояды. Бұл тұрғыда қазақстандық оппозиция да ойлануы тиіс: бір бағытта билікті сынап-міней бергеннен пайда жоқ, одан да мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын жетілдіруге септігі тиетін балама жобаларды әзірлеп, қоғам талқысына салып, билікке ұсынып, бастамашыл болған анағұрлым ұтымды болмақ. Билік те бұған үрке қарамай, серіктесіп әрекет етуді серт етсе, нағыз жасампаздыққа негізделген қоғамдық диалог дамиды. «Халық айтса қапы айтпайды» демекші, «Келісіп пішкен тонның келте болмасы» анық. Елдің саяси-экономикалық өміріндегі барлық күштер үшін де, әрбір қазақстандық азамат үшін де ортақ әрі ең биік мақсат – тәуелсіз Қазақстанды дамыту, ұлттық мүдделерін қорғау мен қауіпсіздігін сақтау болуы тиіс. Егемен ел мен саналы азамат үшін ұлттық мүдде, тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің тағдырынан артық қандай өзекті мәселе бар?
Мақала жазу барысында, осындай, мазасыз ойға беріліп отырғанымызда, белгілі отандық саясаттанушы Ерлан Қариннің «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатын оқып (2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 219 саны, 6 бет), бұл көптің көкейінде жүргенімен, ашық айтылмай келе жатқан толғақты мәселе екеніне көзім жеткендей болды. Еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі туралы Е. Қарин бұл сұхбатта: «...Шынымды айтсам, бұрындары өзім де бір іс-шаралар өткізсем, саясаттанушылардың конгресін ұйымдастырсақ та «еуразиялық» деген ұғымды қосуды жөн көретін едім. Ондағы мақсат - Еуразия сияқты үлкен құрлықтың атауы арқылы Қазақстанды кеңінен таныту еді. Бірақ, соңғы кезде осы бір тіркесті абайлап пайдаланатын болдым. Өйткені, кейде сол «еуразиялық» ұғымының астарында ресейлік деген түсінік жатқан сияқты болып көрінеді. Әрине, жалпы «еуразиялық» доктрина дұрыс стратегиялық бастама. Бірақ, осы тұжырымдама әр елде әртүрлі түсіндіріледі, соған сәйкес осы идея арқылы әркім өз ықпалын күшейткісі келеді. Осы тұжырымдамалар арасында белгілі бір қарама-қайшылық та бар. Бәлкім, өзіміздің де кемшілігіміз шығар. Бізде көп мәселелер бойынша интеллектуалдық қолдау жоқ. Сыртта болып жатқан үлкен оқиғаларды қорытып, сараптап отыруға ұмтылысымыз аз. Зиялылар, сарапшы қауым жаңағы айтып отырған түркі бірлігі, еуразияшылдық деген сияқты идеяларды талқылап, жаңа идеялармен толықтырып, өзіміздің тұжырымдамамызды ұсынбайды. Мысалы, Ресейдің өзінде еуразияшылдық идеяның бірнеше нұсқасы бар. Әр топтың көзқарасы әртүрлі. Және олар әрқашан бас қосып талқылап, уақыт өткен сайын дамытып, жетілдіріп отырады. Сосын доктрина ретінде шығарады... Ал біздегі зерттеушілер, зиялылыар ондай масштабты тақырыптарға қызығушылық танытпай ма, әлде деңгейлері жетпей ме, әйтеуір сілкініс жоқ. Тек қана сол идеяларға пікір берумен ғана шектеліп жатырмыз» - деп ой толғайды. Мінеки, мәселе қайда жатыр...
Көріп отырғанымыздай, саяси ғылым саласында ел-жұртымыздың тағдырына қатысты өткір мәселелер жетерлік. Соның ішінде, алыс-жақын шет елдердің Қазақстанға деген, ондағы мемлекет құрушы төл ұлт – қазаққа деген ресми ұстанымдарымен қатар, Делягин сияқтылардың не дейтіндеріне де мән беруіміз қажет. Қазір ақпарат ғасыры болғандықтан, ақпараттық соғыс басты орында, бүгінгі әлемде ұлттық мүддені көксейтін идеялық теке-тірес пен идеологиялық майдан қызып тұр. Біздің одан тыс қалып, немесе, бейқам болуымыз қатерлі болмақ. Сырт елдің бізге деген ресми саяси ұстанымының астарында жатқан түрлі жымысқы пиғылдарды білуге тырысу ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің бірден-бір бағыты екені даусыз. Бұл мемлекеттің өзін-өзі сақтау инстинкті іспетті. Сол үшін, әрбір азаматтың өз қызметі арқылы ұлттық мүддені қорғауға қолынан келгенше атсалысуы парыз. Тағы бір ресейлік ғалым А. Зиновьев: «Государственность суверенна. Это значит, что она законно (формально) не признает в рамках своего подвластного общества никакой другой власти над собой и не делит власть ни с кем, кто (и что) находится вне государственности... Государство поддериживает, охраняет, организует и даже в какой-то мере создает экономику не для экономики самой по себе, а для себя, как источник своего существования и как арену своей жизнедеятельности» - деп батыл көрсетуі көп нәрсені аңғартады.
Осы жерде айта кететін тағы бір жәйт бар. Ол – «көпвекторлы сыртқы саясат» ұстанымы. Қазақстанның сыртқы саясатындағы көп векторлық ұстаным деген жақсы-ақ әрине. Бірақ, бұл әлем елдерінің басым көпшілігі үшін жалпылама ұстаным. Глобализация дәуірі көпвекторлы, көпбағытты ынтымақтастыққа негізделген. Дегенмен, дамыған шетелдер көпвекторлықты жалпы мойындағанымен, оны ресми ұстаным деп қабылдамайды. Олар үшін әлемде дос та, жау да жоқ, тек қана мәңгілік ұлттық мемлекеттік мүдделері ғана бар. Ұлттық мемлекеттік мүдделеріне сәйкес келсе дос, сай болмаса жау. Яғни, сыртқы саясаттағы жай бағыттары мен басым бағыттары анық. Қазақстан үшін де бұл қағиданы ескеретін кез келді, сол кезде сырт әлем біздің ұлттық мүдделерімізбен есептесіп, елеп-ескеретін болады. Көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып, жалпыға бірдей жалпылдап, «жалпақшешей» болғанымызбен, бәрібір бүкіл әлемге жақпасымыз анық. Түптеп келгенде, сыртқы саясат ұлттық мүддемізді қорғау мен жүзеге асыру үшін қызмет етуі тиіс. Делягиннің тұжырымы мен Ресейдің сыртқы саяси ұстанымы да осы қағидаға негізделген. Ол ел жүз жерден одақтас болса да, өзінің ұлттық мүддесі үшін ешкімді оңдырмасы белгілі. «Бақсам, бақа екен» демекші, Кеден Одағына кіру - пайдаға кенелу еместігі анық болды. Одақтың ішінде де өзара бәсекелестік пен ұлттық мүдде үшін күрес қызып тұр. Осындайда «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген аталарымыздың айтқаны тағы да ойыңа келеді. Кезінде, Бәлкім, Минскіде айтқан Елбасымыздың сынынан кейін Ресей өзінің амбициялық айылын жиып, Кеден Одағының жұмысы жақсарып кетер деген үмітіміз бар. Дегенмен, Қазақ елі Кеден одағымен шектеліп қалмай, балама бағыттар мен мүмкіндіктерді барынша қарастыра отырып дамуға күш салуы қажет. Кезінде, Қазақстан Президентінің 2008 жылғы 29 тамыздағы № 653 Жарлығымен бекітілген «2009–2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасы» болды, біздің елге сондай кешенді, кең ауқымды іс-қимыл керек. Әлде, біздің «Европаға жолымыз» Ресей мен Белоруссиядан әрі аспағаны ма? Тағы бір назар аударатын мәселе, болашақта құрылады деп отырған еуразиялық одақтың атына заты сай еместігі. Үш қана мемлекет біріккен шағын одақты «Еуразиялық» деп дабырайтып айтуға келіңкіремейді, Еуразияда қаншама мемлекеттер бар. Басқасын айтпағанда, Қытай, Үндістан, Жапония, Түркия сияқты ірі мемлекеттер сырт қалып отыр. Сондықтан, Қазақстан үшін өзінің геосаяси жағдайы мен транзиттік әлеуетін ұлттық мүддеге сай пайдалана отырып, еркін сауда мен ашық қарым-қатынасқа негізделетін жан-жақты экономикалық даму анағұрлым тиімді болар еді. Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) жөні басқа, оған толыққанды мүше болуға ұмтылуымыз керек. «Дарияның түбінен құдық қазба» деген халық даналығын ескерген жөн. Әлемдік ауқымдағы сауда-экономикалық ұйым тұрғанда, Қазақстан қандай да бір аймақтық одаққа кіріп, кіріптар болмай-ақ, тәуелсіз ел ретінде ДСҰ мүше болып, Еуразия кеңістігі мен Орталық Азиядағы экономикалық хаб пен экспорт-импорт шлюзінің рөлін атқаруға, көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыта отырып, ұтымды транзиттік дәліз бен ірі қаржылық орталыққа айналуға тырысқаны жөн. Елбасымыз да 2013 жылдың 9 қаңтарында жасаған мәлімдемесінде Қазақстан өзінің егемендігіне қауіп төндіоіп жатса, кез-келген одақтан мүшеліктен шыға алады деген еді.
Толғанысты ойдың тоқ етерін айтсақ, Делягиннің «Посткеңестік кеңістікті экономикалық экспансиялауымыз қажет!» дегенін Ресей ақырындап іске асырып жатқан сыңайлы. Экономикалық монопололияға қол жеткізген ел бірте-бірте саяси гегемон болуға дәмеленеді. Экономикалық тәуелділікке ұрынған ел болса, саяси тәуелділікке душар болады, бұл неоколониализмнің жымысқы жолы. Ресей сыртқы саясатында маңыздылықтары мен басымдықтарын нақтылап алған ел. Әлемдік аренада да өзінің ұлттық мүдделеріне сәйкес «иә» немесе «жоқ» деп ойын ашық айта алады, онысын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бірнеше рет көрсетті. Және, ойға алғанын іс жүзіне асыра алатын, әскери күші қуатты, түрлі ресурстарға бай ел. Орыс елімен қарым-қатынас жасағанда пайдамен бірге айланы да үнемі ойлауымыз керек.
Сейілбек Мұсатаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Саясаттану кафедрасының профессоры,
саяси ғылымдарының докторы
Соңы
Abai.kz