Мырзан Кенжебай. Сауытбек Асан Қайғының жырын кімге телімек?
Атам қазақ «Атың шықпаса жер өрте» демеп пе еді? Бұл атын шығарып, білгір атанып, беделді, белгілі болуды алдына арман етіп қоятын атаққұмарлық дертке айтылған келеке сөз. Күні кеше дерлік яғни, 20 ғасырдың екінші жартысынан – дәлірек айтсақ 1965-67 жылдардан бастап етек жайған атаққұмарлық деп аталатын жеке бастың бұл дерті бара-бара кейбіреулердің рушылдық, тайпалық, жүзшілдік дертіне айналды. Ол республика басшылығының облыс, аудан және ірі мекемелер басшыларын тағайындаудағы жүзшілдік, рушылдығынан, әртүрлі жоғары лауазымдық қызметтерге талас-тартыстан бастап, әдебиет, өнер саласындағы зиялы қауымды да өрттей қаулады. Әр жүз, әр тайпа өз «данышпандарын» шығаруға шұғыл кірісті. Соның кесірінен ең аяғы бұрын халықтікі, ауыз әдебиетінің жәдігері атанған ән-күйлер, өлең-жырларға шейін бұрын-соңды аты-жөні беймәлім біреулерге теліне бастады. Бұрынғы от ауызды, орақ тілді билер мен шешендерден қалған даналық асыл сөздерді әркім өз ауылының дүниеден өткен ақсақалдары айтқан қып шығарды. Ал кейінірек Алашорда қайраткерлерінің аты-жөні айтыла бастасымен бірсыпыра халық әндері мен өлең-жырлары соларға «үлестіріле» бастады.
Атам қазақ «Атың шықпаса жер өрте» демеп пе еді? Бұл атын шығарып, білгір атанып, беделді, белгілі болуды алдына арман етіп қоятын атаққұмарлық дертке айтылған келеке сөз. Күні кеше дерлік яғни, 20 ғасырдың екінші жартысынан – дәлірек айтсақ 1965-67 жылдардан бастап етек жайған атаққұмарлық деп аталатын жеке бастың бұл дерті бара-бара кейбіреулердің рушылдық, тайпалық, жүзшілдік дертіне айналды. Ол республика басшылығының облыс, аудан және ірі мекемелер басшыларын тағайындаудағы жүзшілдік, рушылдығынан, әртүрлі жоғары лауазымдық қызметтерге талас-тартыстан бастап, әдебиет, өнер саласындағы зиялы қауымды да өрттей қаулады. Әр жүз, әр тайпа өз «данышпандарын» шығаруға шұғыл кірісті. Соның кесірінен ең аяғы бұрын халықтікі, ауыз әдебиетінің жәдігері атанған ән-күйлер, өлең-жырларға шейін бұрын-соңды аты-жөні беймәлім біреулерге теліне бастады. Бұрынғы от ауызды, орақ тілді билер мен шешендерден қалған даналық асыл сөздерді әркім өз ауылының дүниеден өткен ақсақалдары айтқан қып шығарды. Ал кейінірек Алашорда қайраткерлерінің аты-жөні айтыла бастасымен бірсыпыра халық әндері мен өлең-жырлары соларға «үлестіріле» бастады. Мысалы «Аққұм» әнінің авторы Ахмет Байтұрсынов, «Аңшының әнінің авторы Ыбырай, ал «Гауһартас» бүкіл тарихымыздың бір бетінде аты-жөні аталмаған, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды сол кездегі көзі тірі шежірелердің не аузына не қаламына ілікпеген Сегіз Сері дегендікі болып шыға келді. Әсіресе, өзі айтып отырған дүниенің формалық, стильдік, тілдік, жанрлық сияқты ғылыми өзгешеліктерін ескермейтін, иманды болғыр Қаратай Бижанов дегеннің асығы алшысынан түсіп, дүйімді дүрілдеткені бар. Мархұмның Сегіз Серісін былай қойғанда өзі менің бабам деп атайтын Қожаберген атты жырау жазған-мыс «Баба тіл» деген дастанын оқып отырып, Қожаберген деген кісі осы күнгі мемлекеттік тіл мәселесіне сол кезде-ақ Шахановша шырылдап, жыр жазып, сол кезде-ақ Қазақстан Республикасындағы көптілділікке қарсы күрескен екен деп қаласыз. Және Қожаберген деген жырау өзінің сөз саптауын, стилін, жырын сол XVIII ғасырда жүріп-ақ осы күнгі «Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы», «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыздар отбасы» журналының тіліне ыңғайлап жазған-ау дерсің. Сенбесеңіз, «дастаннан» үзінді қараңыз: «Шағатай тілі – топтық тіл, Сөз қоры аз басқадан», «Шағатай тілі таза емес, Арап, парсы сөзі аралас», «Түрік тілі – көне тіл, Бірнешеу боп түрленген, «Шағатай сөзі біразы, Татар тілінде сақталған», «Қазақ тілі де ескі тіл, Хорезм ханы қолданған» - дей келіп,
«Қалың Түрік қауымы,
Бірнеше ел боп бөлінген,
Соған сәйкес тіл-дағы
Жұрт бойынша өзгерген» -деп әрі қарай кете береді. Сол кезде яғни, XVII-XVIII ғ.ғ. Қазақстан Республикасы деген Республика болып, оның оқу бағдарламасына әлдебіреулер үш тілділікті енгізе бастады ма қайдам, Қожаберген жырау кенет қазақтарға «Туған тілді құрметте, Кір жұқтырмай салтыңа» деп ұран тастайды. Осыны оқып отырып, Қожаберген бабамыз сонау ХVІІІ ғасырда өзінің Қадыр Мырзалиев деген замандасының «Өз тіліңді құрметте» дегенін «Туған тілді құрметте» деп өзгерткен екен деп қалуға да болады.
Кешіріңіз, құрметті оқырман. Сонау бір жылдары басталған көзжұмбайлық дегеннің әлі де жалғасып келе жатқаны туралы әңгімеміз құр сөз болмауы үшін осылайша ұзын-сонар мысал келтіруге мәжбүр болдық. Шындығында не ғылыми, не тарихи, не көркем дүние деуге келмейтін мұндай көзжұмбайлық пен дүмбілездіктерге мысал бола алатын талай-талай «Түп-тұқияндар» мен «Ілебай ақындарды», «ошақты Ақтамберділерді» тілге тиек етуге болар еді.
Енді осындай дүмбілездеу дүниенің ең «свежилеу» біреуіне кеңірек тоқталайық. Осыдан біраз бұрын «Егемен Қазақстан» атты аға газетте осы газеттің бірінші басшысы Сауытбек Әбдірахмановтың «Мағауин Ахмет Байтұрсыновтың өлеңін Асан Қайғыға неге теліді» атты мақаласы жарияланыпты. Арада біраз уақыт өткенде оның интернеттік нұсқасын оқыдық. Өз болжамының дұрыстығына ешкім қарсы сөз айта алмасын деді ме қайдам, С. Абдрахманов осы мақаласын жарияламай тұрып М. Мағауинмен хабарласқан сөзінен үзінді келтіріп, әуелі біраз «артподготовка» сияқты бір амалды қолданып алады. Сосын «Мақала өте өзекті болғандықтан сіздерге де ұсынып отырмыз» деген ескертпесі тағы бар екен. Мақаланың «өзектілігінен» түсінгеніміз мынау: 1989 жылы С.Әбдірахмановтың қолына Ахмет Байтұрсыновтың таяуда шыққан кітабы ілігеді. «Қарасақ – осы өлең сол кітапта жүр! Дәл сол күйінде деуге жақын» - дейді Саукең. Оның «осы өлең» деп отырғаны Асан Қайғының «Таза мінсіз асыл тас» деп басталатын атақты толғауы. Оның Асан Қайғының төл тумасы екенін қазақ әдебиетінің, оның ішінде ауыз әдебиетінің тарихын көне заманғы ұңғыл-шұңғылынан бері қарай зерттеген білікті ғалым Х.Сүйіншәлиев, Н.Төреқұловтар ел арасында ертеден келе жатқан, тіпті, Ахмет Байтұрсынов пен Ю.Жадовская ана құрсағына түспей тұрған кездегі құлаққа сіңімді дәлел-дәйектермен келтіргені белгілі. Бірақ Ахаң кітабындағы осы өлеңнің бір-екі сөзі ғана өзгерілген нұсқасының шекесіндегі «Жадовскаядан» деген сөзді көріп қалған Сауытбек «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып кеткен сияқты.Ол «тауып алған» бұл өлеңнің Асан Қайғынікінен айырмашылығы мынау ғана: егер Асан: «Таза мінсіз асыл тас, Су түбінде жатады» десе, Ахметте ол «Мінсіз таза меруерт, Су түбінде жатады» екен. Асан Қайғы одан әрі «Су түбінде жатқан тас, Жел толқытса шығады» десе, Ахмет «Су түбінде жатқан зат» деп «тасты» «зат» қып өзгертіпті. Осылай дей келіп Сауытбек Әбдірахманов біздің «Асан Қайғыға тиесілі екендігіне титтей де күмән келтірмей келген жырымыз қазақшаға аударылған орыс өлеңі болып шықты ма?.. Солай. Иә, бұл өлең Ақаңның орыс ақыны Юлия Жадовскаядан жасаған аудармасы, көнсең де сол, көнбесең де сол дегендей бір-ақ қайырады. Оның осы бір ашқан «жаңалығын» дәлелдеу үшін Жадовскаядан келтірген өлеңін сөз қадірін, өлең қадірін түсінетін адам оны өлең деуге де аузы бармайды.Бұл әшейін сөзуар біреудің Асан Қайғының осынау әйгілі өлеңіне «подстрочный переводы» деуге ғана келуі мүмкін бірнәрсе.Сенбесеңіз,қараңыз:
Лучший перл таится,
В глубине морской.
Зреет мысль святая
В глубине души.
Надо сильно буре,
Море взволновать,
Чтобы оно, в бореньи
Выбросило перл!
Надо сильно чувству,
Душу потрясти
Чтобы оно в восторге,
Выразила мысль.
Не ұйқас жоқ, не бірін бірі іліп әкетіп тасып-төгіліп жатқан дыбыс үндестігі жоқ, не ақ өлең деуге келмейтін осы сөз тізбекті өлең дей аласыз ба? Бұл тіпті Асан Қайғының атышулы толғауының қасында қатар атауға да тұрмайтын бірнәрсе ғой.Ия бұл, Асан Қайғының жырына жасалған осы күнгі тілмен айтқанда «жолма-жол аударма» деуге ғана келеді. Бұл өлең «жыр дегендерден хабары бар адамға ап-анық көрініп тұрған жолма-жол аударма ғана. Оны Асан Қайғыдан Ю.Жадовская аударды ма,басқа біреу аударды ма бұ жағы бізге беймәлім. Әйтеуір, бұл бүкіл орыс, бүкіл Еуропа поэзиясында жоқ өлең үлгісі екені ап-анық көрініп тұр.Өлең,жыр дегендерден аз да болса хабары бар кім-кімге де көрініп тұрған осыны әжептәуір атағы бар Сауытбек шынымен байқамағаны ма,әлде ... .Тіпті, Асан Қайғы әр шумақты «Жел толқытса шығады», «Шер толқытса шығады» деп екі-ақ жолдық сөзбен төпеп тұжырымдаған жолдар Жадовскаяда,
«Надо сильно буре море взволновать,
Чтобы оно в бореньи выбросило перл!
Немесе «Надо сильно чувству
Душу потрясти.
Чтобы она в восторге
Выразила мысль» деген ұзыннан-шұбақ түсініктеме қара сөзге айналып кеткен емес пе?!
Ұтыры келгенде айта кетейік, бір жағынан мүгедектіктен, бір жағынан әке қатігездігінен сүйгеніне қосыла алмағаннан құсалы Ю. Жадовскаяның арғы тегінде Алтын Орда ноғайларының, қыпшақтарының яғни, түркінің қаны бар. Айтпақшы, Сауытбек мырза мақаласында оны орыстардың татар деген атауымен со күйінде «Ахмет деген татар мырзасы» деп жазыпты. Орыстар Шыңғыс тұқымын да, одан кейінгі ноғай, қыпшақты да татарлар деп атағанын Сауытбек мырза шынымен білмей ме екен?Жастайынан кітаптан кітап қоймай оқыған Юлия XV-XVIII ғасырдағы Шығыс әдебиетінен,әсіресе өз ата-тегіне жақын ақын-жыраулар шығармаларынан мол хабардар болмауы мүмкін емес. Ендеше, мына өлеңі Асан Қайғының біз айтып отырған толғауының сөзбе-сөз аудармасы ғой? Бұл бір.
Екіншіден, өзін әдебиеттен, оның ішінде поэзиядан хабарым бар деп есептейтін адам әр ұлттың өлең-жырларында өзіне тән пішімі, өзіне тән стилі, өз сөз саптауы, өз үлгісі болатынын білуі керек. Ал біз манадан бергі әңгімелеп отырған өлең үлгісі Ю.Жадовская түгіл сол замандағы орыс поэзиясында атымен жоқ үлгі.Бұл тап-таза Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Асан Қайғы сынды ақпа-төкпе ақын-жыраулар дәстүрінің үлгісі. Тыңдаңызшы:
Арғымақтың аяғы
Айдай таға қағылса
Кілегей мұзда таяр ма?
Немесе, Бағаналы терек жығылса,
Бақыраш жамап болар ма:
Терек түбіне тұлпар жығылса,
Шаппаған нәмарт оңар ма?
Асан-Қайғының мына өлеңінің өзі-ақ осы біз айтып отырған өлеңінің заңды жалғасы, бір адамның, бір жүректің сөзі демеске амалыңды қалдырмайды ғой:
Бұл заманда не ғаріп-
Ақ қалада боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз ғаріп.
Көлде жүзген қоңыр қаз
Қыр қадірін білсін бе?
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін білсін бе?
Асан-бабамыздың бұл қос шумағында да С. Абдрахманов Жадовскаяға телімек болған өлеңдегідей «сөз» бен «су» обьект ретінде алынады. Бұл да тек Асан Қайғы емес, бүкіл ноғайлы дәуіріндегі ақын-жыраулардың даналық ойға, өмірден көрген-түйгендеріне тұжырым сипаттас жыр үлгісі. Тағы да айтамыз, бұл үлгі, бұл дәстүр ешбір орыс, ешбір батыс поэзиясында жоқ.
Мұндай сарын, мұндай тұңғиық философиялық тереңдік А.Пушкин мен Лермонтовта да жоқ. Өйткені, олардың жолы, олардың сөз кестелеуі мүлде басқаша! Аллатағала әр халықтың тілін қандай алуан түрлі қып жаратса, олардың мәдениетін де, өнерін де, назымсөзін де (поэзиясын) алуан түрлі етіп жаратқан. Орыстың Жадовская түгіл небір мүйізі шаңырақтай ақындарында кездеспейтін бұл өлең үлгісі, тек шығыстық өлең үлгісі. Шыңғыс хан заманынан бермен қарай Алтын Орда заманында одан әрі дамып, тереңдікке, ойлылыққа толы, әрі буырқанып-бұрқанған бұл өлең-жыр, толғау үлгісі ноғайлы шайырларында екінің бірінде кездеседі. Сауытбек мырза сол замандағы орыстардың моңғолды да, қыпшақты да, ноғайды да, татар дейтінін қайталап, татар деп отырғаны да сол ноғайлар. Бойында түркінің, ноғайлының қаны бар Жадовская дүнияның кітабын оқығаны рас болса, оны оқымауы мүмкін емес. Демек, жаны мұң мен шерге толы қыз осынау тұңғиық терең ойлы өлеңді орысшаға қал-қадарынша аударған деуге толық негіз бар. Ал Ахмет Жадовская орысшаға аударған бұл өлеңді, қайтадан қазақшаға тәржімалап, шекесіне «Жадовскаядан» деп жазып қоюы әбден мүмкін.Шыңғысхан заманы демекші, Кетбұға Жошының ажалын Шыңғыс ханға есіттірген мына өлең жолдарын ауыз әдебиетінен азды-көпті хабары бар көзі қарақты әр қазақ жақсы біледі:
Теңіз бастан былғанды
Кім тұндырар, а, ханым?
Терек түбінен жығылды
Кім тұрғызар, а, ханым?, - дегенде хан:
Теңіз бастан былғанса,
Тұндырар ұлым Жошы-дүр.
Терек түбінен жығылса,
Тұрғызар ұлым Жошы-дүр.
Көзің жасын жүгіртеді,
Көңілің тұлды болмай ма?
Жырың көңіл үркітеді,
Жошы өлді болмай ма?, - дейді.
Сонда Кетбұға: Сөйлемекке еркім жоқ,
Сен сөйледің, ей, ханым!
Өз жарлығың өзіңе,
Не ойладың, ей, ханым?,-дейді.
Осы өлең үлгісін поэзиядан,жалпы әдебиеттен хабары бар адам Ю.Жадовскаянікі дер ме еді,ақын-жыраулар дәстүрінікі дер ме еді?Ия,19-ғасыр орыс әдебиетінің ең бір кемелденген кезеңі болды. әсіресе аударма жанры бұл шақта әдебиет алқабының балғын балаусасындай өркен жая бастады. Тек Жадовская емес небір ғажайып таланттар дүниеге келді. Солардың ішінде әйел жыныстылардың Елизавета Кульман деген қыршын жас ерекше көзге түскен еді. Жеті жасынан өлең жаза бастаған,14 тіл білген Елизавета қыз Анакреонттан бастап талай-талай шығармаларды әлемнің бірнеше тіліне аударған. Ендеше түркілермен қаны аралас, әртүрлі халықтар әдебиетінен мол хабардар Жадовская сонау Алтын Орда, Қазақ, Ноғай, Қырым хандығы дәуірлеріндегі ақын-жыраулардан немесе жалпы Шығыс әдебиетінен аударма жасамады, соларға еліктемеді деудің өзі жөн білетін адамға өте ұят.Қайталап айтар болсақ,Асан Қайғының бұл толғау үлгісі Жадовская түгіл бүкіл арғы-бергі орыс поэзиясына тән нәрсе емес. С.Абдрахманов мырза Асанқайғының бұл атақты толғауын не мақсатпен біресе Жадовскаяға, біресе Байтұрсыновқа теліп,өзі «өзекті» деп атаған мақала жазғанын өзі білсін. Бірақ Ю.Жадовскаяны атақты сыншы Писарев жәй ғана «Чуткий и задушевный лирик» немесе «у нее мягкая, нежная душа» деген де қойған. Ендеше, өзіміздің ақын-жыраулар дәстүрімен жазылған «ой түбінде жатқан асыл сөзді» Сауытбек мырза Ю.Жадовскаяға телуден не таппақ?
Ю.Жадовскаяның жанына, арманына, ақындығына ол жазған мына өлең жолдары тән: «Ты скоро меня позабудешь, Я все еще его, безумная люблю». Сыншылар оны «махаббат лирикасының» ақыны деген. Добролюбов мақтаса оның романын мақтаған.
Енді мынаған қараңыз:
Арқаның қызыл изені,
Басы күрдек, түбі арал,
Қыдырып шалар аруана.
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана!
Бір сынаған жаманды
Екіншілей сынама.
Немесе: Желден де жебір ақбөкен,
Озса да орғып көлденең,
Құралайына қарайлап,
Оққа ұшпай ма сол үшін?
Асыл туған арулар
Жанын пида етпей ме
Шын сүйіскен теңі үшін?
Бұған не айтасыз? Тұңғиық су түбінде жатқан асыл тас, ой түбінде жатқан асыл сөз туралы шер төкпек түгіл сүйгеніне қосыла алмай, жар қызығын көрмей « Я все еще его, безумная, люблю» деп еңіреген Жадовскаяға осы бір «Асыл туған арулар» туралы өлеңді де қанша күштесеңіз де тели алмайсыз ғой. Өйткені, бұндай өлең жанры, бұндай өлең үлгісі, сөз саптау тәсілі Жадовскаяның жаратылысына жат дүние екенін аудармашы Сауытбек түсінсе түсінер, түсінбесе түсінбес, бірақ өлең түсінер, өлең туралы түсінік, түйсігі бар кім-кім де аңғарады ғой! Осы екі өлең жолдары да, оның алдында келтірілген
«Арғымақтың аяғы,
Айдай таға қағылса» да,
«Бағаналы терек жығылса,
Бақыраш жамап болар ма» да бүгінде не пиғылмен екенін кім білген, әйтеуір С.Әбдірахманов біресе Жадовскаянікі, біресе Ахмет Байтұрсыновтікі деп отырған өлең-толғаумен емес,Асанқайғымен ғана әрі үндес, әрі үлгілес екені жүйелі сөзді жөн көрер азамат адамға ап-анық көрініп тұрған жоқ па?! Сол дәстүрдің жалғасы, сабақтасы сипатты, олардан кейін ХІХ-ХХғғ. аралығында дүниеге келген тағы бір өлеңге назар салыңызшы:
Кеткен бір дәулет келмейді,
Жер таянтып емінтпей.
Бұты-қолың ұзаймас,
Ұлы-қызың ержетпей.
Шөлдеп ішкен қара су
Пейіштен татқан шербеттей,
Шаршап мінген арық ат
Зарығып көрген перзенттей.
Жаман болса алғаның,
Өлсең көрде жатқызбас,
Сүйегіңді тебірентпей!
Немесе: 25-те жігіттің
Ақылы кәміл, толғаны-ай,
18-ге қыз келіп,
Піскен бір миуа болғаны-ай.
* * *
Ер бала – үйдің таяуы,
Қыз бала – үйдің бояуы.
Бұл Әбубәкір Кердері! Оның ұстаздары Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Сыпыра, олардан кейінгі Махамбет пен Мұрат жырау! Осы өлеңді Жадовская түгіл, орыстың кез-келген ең ұлы, ең ірі, ең ойшыл ақынының біріне теліп көрейікші. Нағыз надан ретінде ел-жұртқа күлкі болмаймыз ба? Өйткені, бұл – тек шығыс поэзиясына, оның ішінде ең бергісі Алтын Орда, Ноғай, Қазақ хандықтары заманындағы ақпа-төкпе ақын-жыраулар стилі екенін бәрі біледі ғой. Бұны Саукең Асан Қайғыға қимаса, ол тіпті қазақтың ауыз әдебиеті деуге де әбден дәл келіп тұр ғой. Бұл өлең үлгісі Ю.Жадовскаяның ұлтына жат екені дау тауғызбайды ғой. Ендеше, өз пікірін басқаларға да сіңірмек болып, айтылып отырған өлеңге түк қатысы жоқ болса да С.Қирабаевтан, орысша әдеби талдаулар жасайтын Н.Байғанинадан мысалдар келтіріп, өзін де, өзгені де әуре-сарсаңға салудағы мақсат-пиғыл не, ол жағы бізге түсініксіз...
Иә, Сауытбек мырзаның мақаласының «Мағауин Байтұрсыновтың жырын Асан Қайғыға неге телиді?» деп атаған тақырыбына қарап әуелі Саукең бұл жырды А.Байтұрсыновтікі дегісі келіп отыр екен деп қаласыз. Бірақ оны одан әрі оқыған адам автордың не айтпақ болып, бұл жыр кімдікі екенін дәлелдемек болып отырғанын түсіне алмай сарсаңға түседі. Құдай кешірсін, бұл мақаладан біздің ұққанымыз С.Абдірахмановтың негізгі мақсаты осынау тұңғиық терең ойға толы толғауды қайткенде де Асан Қайғыдан Ахметке әперу. Оның бұл мақсатының ар жағында қандай қатпарлы сыр жатқанын өзі білсін, бірақ ол осы жолда оқырманды небір соқтықпалы соқпаққа жетелеп, әбден сілесін қатырады. Әуелі, ол: «Әйтсе де біз бұл мақалада Асан Қайғы жайында ештеңе айтпақ емеспіз» деп бір «қорғаныс шебін» құрып алады. Содан көп ұзамай Ахаң өлеңінің басында «Ю.Жадовскаядан» деген жазу тұр екен дей келіп: Солай. Иә, бұл өлең Ақаңның орыс ақыны Юлия Жадовскаядан жасаған аудармасы. Күмәнініңіз болмауы үшін түпнұсқаны да келтірейік» - деп оның орысша жолдарын келтіреді. Одан кейін Н.Добролюбовтың Жадовскаяның өлеңдері туралы мақаласынан үзінді келтіріп: «Біздіңше, А.Байтұрсынов Жадовская жырына осы мақала арқылы назар салған. Тіпті, өлеңді үш шумақ жыр толық келтірілген сол мақаладан алып аударуы да мүмкін» - дейді. Жалпы не бір жүйелі желі жоқ, не нақты дәйегі жоқ бұл мақала аударманың сапасы туралы ма, әлде әдебиет тарихына қатысты ма, әлде ықылым заманнан М.Мағауинге дейін де халық аузында келе жатқан осынау терең философиялық ойлы жырды қайткенде Асан Қайғыдан алып, Жадовская мен Байтұрсыновқа «соавторлық» әперуге арналған ба, ол жағын түсіну оңай шаруа емес. Бар білгеніміз, автор осы өлеңді әйтеуір Асан Қайғыға жуытпау үшін Н.Байғанина, С.Қирабаев атты әдебиетшілердің бұл өлең кімдікі деген сұраққа түк қатысы жоқ, әйтеуір аударма туралы айтқандарынан үзінділер келтіре береді екен. Сөйтеді де, арасында «Әйтсе де, біз бұл мақалада Асан Қайғы жайында ештеңе айтпақ емеспіз» деп қояды. Бұл не бұлталақ, бұл не бұлаңдату? Ау, оның бұл мақаласының өзі «Мағауин Байтұрсыновтың жырын Асан Қайғыға неге теліді?» деп Асан Қайғыдан басталып тұрған жоқ па?
Ендеше, турасын айтсақ, осынау ұзын-сонар мақалада Сауытбек мырза бұл өлеңді біресе ананікі, біресе мынанікі, деп қанша жерден қырық құбылтқандағы мақсаты өз сөзімен айтқанда мынау екен: «Сөз түйініне келейік. Мұнан былай «Таза мінсіз асыл тас» деп басталатын жауһар жырдың иесі Ахмет Байтұрсынов деп түпкілікті тануымыз мақұл дер едік. Әрине, осындай бір мақала жазылды екен деп қазақтың санасына Асан Қайғы сөзі болып, халықтың сөзі болып сіңіп кеткен өлеңді қайтадан алып беру оңай емес екенін білеміз. Әйтсе де, әділеттілік осыны талап етеді деп аяқтайды ол, манадан бергі бүкіл бұлталақты. Сондай қалай? Егер бұл өлеңді орыс ақыны жазған болса, оны Ахмет қазақшалаған болса, оған Ахметті автор қып шығарсақ, әйтеуір өлеңді Асан Қайғынікі емес екен десек, яғни, С.Абдрахмановтың бұлталақтануын дұрыс десек қана әділеттілік орнай ма? Яғни ең басты мақсат – бұл өлеңнің авторлығын А.Байтұрсыновқа әперу, өлеңді бұратола соған телу. Мұның аржағында не пиғылдар жатқанын әркім өзінше тұспалдай берер. Бірақ жүзмыңдаған тиражы бар газетті басқарып отырмын, бұған дейін де Коммунистік партияның беделді қызметін атқарғанмын, анау-мынау адам бетіме келіп, қарсы пікір айтуы, оны баспасөзге бастыруы оңай емес-ау деп енді ақын-жырауларымызға, ауыз әдебиетіне ауыз салып, осынша бұлдыр да бұлталаққа толы мақала жазып, қалың оқырманның санасын сарсаңға салуға бола ма? Болмайды ғой!
Иә, Саукеңнің бұл мақаласының аржағында нендей пиғылдар жатқанын жұртшылық та әртүрлі тұспалдар, бірақ біздің айтпағымыз мынау: Соңғы жылдары қазақ арасында, әсіресе, өнер мен әдебиет саласындағы халықтікі деп аталып жүрген небір ғажайып туындыларды әркім өз тайпаласына, өз жүздесіне телуді шығарды. Яғни, күнделікті қу тіршіліктегі жүзшілдік енді өнердегі, әдебиеттегі жүзшілдікке айналды. Халықтық рухани қазынаны әркім өзінің жақын жуықтарынікі қып шығару үшін жанталасатын болды. Кейбіреулер сол тұлғаларымызды күрестен Олимпиада чеспионы, шебер боксшы, биіктікке секіруші болған деудің орайын келтіре алмай жүрме деп те күлетін болдық. Абай мен Жамбылды күй орындаушы, күй шығарушы болған деген болжамдар да айтылып қалып жүр. Осы күнгі тіл мәселесін сонау ХҮІІІ ғасырда-ақ қозғап, осы күнгі газет тілімен, осы күнгі өлең стилімен «Баба тілі» деген дастан жазған Қожабергеніңіз анау. Бұларға осы күнгі шетелдік жазушылардың бірнеше кітабын оқып алып, аузын ашса соларды алға тарта сөйлеп, білімді болып көрінгісі келетіндерді қосыңыз. Біле білген адамға оқу бір бөлек те, оны көңілге тоқу, содан ой түю бір бөлек нәрсе. Бірнәрсені интернеттен немесе жаңа бір басылымнан көре сала жерден жеті қоян тапқандай жар салу білімділік емес. Бұл кәдімгі «Бай болып көрмеген байыса, жайламаған сай қалдырмайдының» кері. Әйтпесе, Ахаңның өлеңінің басында «Жадовскаядан» деген жазуды көріп қалды деп, ғұлама ғалымдар Ә.Марғұлан, М.Әуезов, олардан бұрын Ш,Уәлиханов XV-XVI ғасырлардағы ноғайлы жырының ойшылы, халқына жайлы қоныс, бақытты өмір іздеген утопиялық ойдың жыршысы, ақыны деп бағалаған Асан Қайғының халық қазынасына айналған осы жыр шумағын біресе Жадовскаяның төлтумасына, біресе Ахметтің аудармасына теліп, тоқетеріне келгенде «бұны ендігі жерде А.Байтұрсыновтың өлеңі дейік, әділеті сол» деу не ғалымдыққа, не аудармашылыққа, не басқасына жатпайды. Мысалы, текстолог ғалымдар әр заманның, әр қоғамның өкілдерінің сөйлеу стилін, жазу ерекшелігін, сөз саптауын, сөз қолданып отырған әр сәттегі мінезін де дәл анықтап береді. Сол сияқты, орыстың пушкинтанушы, лермонтовтанушы, бунинтанушылары мына жер мынанікі, мынау ананікі деп тайға таңба басқандай танытады. Соны білмей, көзжұмбайлыққа салынып, бір өлеңді екінші біреуге телуге тырысып, не ғылыми,не формалық, не стильдік – үлгілік дәлелі, табан тірер нақты тиянағы жоқ ұзыннан шұбақ мақала жазып, осыны бұдан былай «пәленшекендікі» десек әділдік болады деудің өзі дөрекілік. Ең болмаса не Жадовскаядан, не А.Байтұрсыновтан сөз саптауы, стилі, характері, сарыны, ой толғауы, үлгісі осыған ұқсас бір-екі өлеңді мысалға келтірсе, «апыр-ай, ә!» деп ойланып қалар едік қой. Әттең, «өте өзекті» деп қосымша ат берілген бұл мақалада бұның бірі де жоқ ешқандай «өзек» те жоқ. Бұл мақала жорамал ма, тұжырым ба, әлде ұсыныс па? Оны да біле алмадық. Қадірменді оқырман кешірсін, құрметті Сауытбек мырза қапа болмасын, бірақ мақаланың «ендігі жерде бұл өлеңді Ахмет Байтұрсыновтікі» дейік деген шешімін оқығанда ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің:
«Білімсіз бидің ақылы
Тұзсыз тағам секілді,
Фәтуа жоқ сөзінде,
Құнсыз надан секілді,
Судыраған сабағы,
Дәнсіз сабан секілді» дегені еске түссе, біз кінәлі емес шығармыз.
Abai.kz