Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
868 0 пікір 29 Маусым, 2024 сағат 20:08

Референдумда бір сұрақ: «Демократиямен бетпе‑бет»...

Сурет: ulysmedia.kz

Референдум – латын тілінен мағынасымен аудағанда «мәлімдеме» деген сөзге жақын келеді. Алайда, референдум азаматтардың бірігіп жария еткен  мәлімдемесі болатындықтан, қазіргі қазақ тілінде оны «мәміле» деп те атауға болады. Әрине, кез келген референдум мемлекет пен қоғам арасындағы күрделі де түйінді мәселені шешу қатынасын білдіретін іс‑шара болып табылады. Себебі, әрбір демократиялық мемлекет болашақ үшін маңызды шешім қабылдар алдында, алдымен өз азаматтарының пікірімен санасады. Сондықтан, жалпы мағынасында «референдум» ‑ демократиялық, республикалық мемлекеттік басқару формасындағы қоғамдарға тән құбылыс екені осыдан байқалады.

Референдумды «бетпе‑бет демократия» не болмаса, «демократиямен бетпе‑бет» түрі деуге болады. Өйткені, халық тек қана референдум арқылы өз мемлекетінде «заң шығару қызметіне», не болмаса, бейбітшілік не соғыс мәселесіне, не экологиялық апаттың алдын алуға және т.б. өзге де бірқатар өмірмәндік мәні бар мемлекеттік және қоғамдық маңызды сұрақтарды төтесінен, тікелей, өзімен‑өзі бетпе‑бет шешуге мүмкіндік алады. Сол себепті, референдум нәтижесінде қабылданған шешімді оған қатысқан (дауыс берген) әрбір азамат «ортақ шешімі» деп қабылдап, өзінің «мемлекеттік субъект» екенін  толық сезінеді. Тіптен, референдумда қарсы дауыс берген адамдардың өздері де референдум  қорытындысын «халық шешімі» деп қабылдап, оған толық мойынсынады.

Референдум ондағы қойылатын сұрақтарға байланысты бірнеше түрге бөлінеді:

1. Конституциялық референдум.

Бұл референдумда елдің конституциясының жобасы не конституциялық жеке түзетулер туралы сұрақтары дауыс беруге қойылады.

2. Заңға байланысты референдум.

Бұған мемлекеттің қабылдаған белгілі бір заң жобаларының сұрақтары қойылады.

3. Міндетті не кеңесу референдумы.

Мұнда белгілі бір шешімді не мемлекеттік жобаны халықтың қолдауы не қолдамауы мәселесі шешіледі. Бұл жағдайда талқыға салған жобаны халықтың көпшілігі қолдап шығуы міндетті.  Халықтан қолдау таппаса, ол ол жоба тоқтатылуы тиіс. Мұндай референдумдар жоғары биліктің, не жергілікті биліктің ұсыныстарымен өткізіледі.

4. Референдумдар саяси партиялар мен қоғам тарапынан, басқа мемлекеттер тарапынан «мойындалған», «мойындалмаған», «жартылай мойындалған» деп бөлінеді.

Референдумды «халықтың пікірін білу» мақсатында жасалатын пікіртеріммен (пікірлерді жинау, талдау, қорытындылау) шатастырмау керек. Себебі, «кеңесу референдумдарының» заңдық күші болмайды. Ал, «міндетті референдум» Конституциялық Ел басшының не Парламенттің заңдық күші бар арнайы шешімімен өткізіледі. Ол шешім мемлекеттің Заңдары мен Конституциясына қайшы болмауы керек. Қайшылық болған жағдайда, референдумды заң тұрғысынан есепке алмай тастауға болады.

Қазақстанда Референдум туралы Конституциялық Заң  1995 жылы 2 қараша айында қабылданған  (№2592). Содан бергі уақытта оған бірқатар түзетулер енгізілгенімен, қазіргі уақытта референдумдарды өткізу  осы заңмен реттеледі.

Бұл заң қабылданғанға дейін‑ақ Қазақстан алғашқы референдумдарын оның алдында, яғни,  1995 ж. 29 сәуірінде және 30 тамызында өткізді. Одан кейін Референдум тек 2022 жылғы конституциялық өзгерістерге байланысты өткізілді. Бұл референдумда халық Жаңа Қазақстан‑2 мемлекеттікформасына көшуге дауыс берді. Келесі референдум АЭС салуға байланысты осы күзде өтетін болады деп күтілуде.

Мұндағы айта кетерлік сұрақ мынадай: алғашқы ‑ «Тұңғыш президенттің өкілеттілігін 2000 жалға дейін созу туралы» референдум өткізу туралы Жарлыққа президент Н.Назарбаев 1995 ж. 25 наурызында қол қойды. 29 сәуірде референдум өтті.  Нәтижесінде Н.Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін 2000 жылға дейін созып алды. Іле шала Жаңа Конституцияны қабылдау туралы 1995 ж. 5 маусымда  келесі референдумды өткізу үшін президент Назарбаев 1995 ж. 5 мамырда жаңа Жарлық шығарды.  Алайда,  ол Жарлықтар шыққан кезде елімізде «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң әлі жоқ болатын. Ол тек қана сол жылдың қараша айында ғана қабылданды. Сондықтан, «Қазақстандағы референдумдар тарихы» туралы айтқанда, конституциялық заң шыққанға дейінгі өткізілген екі референдумның заңдық күші қандай еді деген сұрақтың туатыны заңды. Бірақ, бұл сұраққа әлі жауап берілмеген. Ендеше, «Референдум өткізу туралы» конституциялық заңның қабылдануына дейінгі өткен рефрендумдарды толық мағынасында «референдум» деп айтуға болар‑болмасы – білікті құқықтанушылардың еншісінде дер едік. Егер олар оны «заңсыз» деп таныса, ар жағында «билікті басып алу» деген заңнамалық мәселе пайда болатыны түсінікті...

Ендеше, әзірге елімізде Конституциялық заңдарға сүйене отырып өткізілген референдум деп президент Қ.Тоқаевтың 5 мамыр 2022 ж. Жарлығына сай өткізілген 2022 жылғы 5 маусымда өткен референдумды айтар едік.  Қазақстандағы бұл республикалық референдум мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өтті. Референдумда қазақстандықтар Конституциядағы түзетулердің болу не болмауына дауыс берді.

№888 Жарлық:

2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы

2022 жылғы 05 мамыр

Қазақстан Республикасы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзiлсiн.

2. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылсын.

3. Осы Жарлық және «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жариялансын.

4. Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелсiн.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

6. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президент  Қ.Тоқаев, Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 5 мамыр

Қоғам – үнемі қозғалыстағы жанды организм. Қоғамның динамикалық дамуы «мемлекеттік даму бағытымен» бірлікте және теңдікте болуы шарт. Қандай мемлекет болмасын, өзінің даму старегиясын осы заңдылықтарға бағындырады. Бірақ, қазіргі заман практикасында санаулы авторитарлық‑диктаторлық мемлекеттер бұған қарсы антидемократиялық бағыттарды ұстануда. Ол жерде бағзы Людовик XIV корольдің заманындағы «Мемлекет деген мен» деген принципке тап боламыз. Әрине, кей жағдайда корольдіктер, әмірліктер, патшалықтар, хандықтар, сұлтанаттар мемлекет дамуын қамтамасыз етуі мүмкін. Алайда, ол жағдайда халықтың тұрмыс жағдайы, экономика, әлеуметтік жағдай мемлекеттің объективті даму заңдарынан туындамайды. Көбіне ол волюнтаристік шешімнің нәтижесі болып шығады.  Ол елдердегі референдумдар сол себепті демократиялық негізінен ажырап,  декорациялық сипатта қалады. Ондай референдум халыққа емес, авторитарлы билікке ғана қызмет етеді. Дауыс беруде бұрмалаушылықтар орын алады.

Мемлекет әр референдум алдында мәселені дұрыс көтеруі тиіс және көтерілетін сұрақтың мәні мен мағынасын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонда ғана референдум ел азаматтарының «саналы және ерікті  таңдау жасай алуына» қол жеткізеді. Ал, мәселенің түп төркінін білмей берілген дауыс – бұқаралық  сана деңгейінде орын алатын «көп айтты, мен көндім» деген психологиялық ге ұқсас болып шығады.  Оны білу үшін ғалымдардың бұқаралық сана туралы біліміне назар салу керек:

Бұқаралық сана — қоғамда кең тараған идеяларды, көзқарастарды, ұғымдарды, әлеуметтік сезімдерді қамтиды. Онда қоғамдық сананың күнделікті психологиялық, теориялық-идеологиялық дәрежелері ұштасып келеді. Бұқаралық санада теориялық-идеологиялық элементтерінің болуы мен олардың үлес салмағы Бұқараның әлеуметтік субъект ретінде даму деңгейі, тарихи жағдайлармен байланысты. Сонымен бірге ол бұқараның тұрмыс жағдайларының әсерімен стихиялы түрде қалыптасады.

Дамыған Бұқаралық сана қоғамдық және мемлекеттік істерді реттеуге, демократияны жетілдіруге, елдің алдында тұрған жаңа міндеттерді талқылауға және шешуге көмектеседі. Бұқаралық сананың көріну сипаты, қоғамда атқарар қызметі түрліше.

Бұқаралық сана субъектісі — әлеуметтік топтардың қоғамдағы орнына, көздеген мұрат-мақсаттарына қарай белсенді, прогресшіл немесе бейтарап, бейжай сипатта өріс алады. Топтық мінез-құлық арқылы адамдардың бірлестігін жетілдіру барысында Бұқаралық сана қоғамдық келісімді күнделікті тәртіпке, өмірлік салтқа айналдырады.

Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3

Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7

Сонымен, Референдум негізінен демократиялық қоғамның жемісі екені анық. Ал, демократия теңдік болған жерде ғана бар. Мұнда барлық салада: заң шығаруда, оны орындауда және т.б. теңдік болуы тиіс. Демократияда әділет болуы керек. Ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Демократияда сонымен қатар бостандық, еркіндік болады. Сондықтан, биылғы жылы Қазақстан халқы демократияның тағы бір сынына түсуге дайындалуда.  Ол туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев.мәлімдеді: «Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды». Ендеше, қазақстандықтарды күзде өте маңызды мемлекеттік шешім қабылдау референдумы күтіп тұр дей аламыз.

Соған сай қойылатын сұрақтар мынау:

1. Қазақстан халқы «АЭС салу‑салмау» сияқты өте күрделі технологиялық және нженерлік салмақты сұраққа жауап беруге дайын ба?

Біздің ойымызша, қоғам оған дайын емес. Өйткені, біріншіден, КСРО кезінде де, қазір де ядролық зерттеулер «мемлекеттік құпия» санатына жататын ғылым саласы болып табылады. Арнайы мамандар болмаса, бұл салада халықтың білімі «мектеп бағдарламасы» деңгейінде ғана. Ендеше, халық өз тарапынан АЭС‑тің қаншалықты қауіпті‑қауіпсіз екенін ғылыми тұжырымдай алмайды. Оған қоса, екіншіден, қазір АЭС салатын бірнеше әлемдік елдер мен компаниялар бар. Олардың қайсысының технологиясы ең қауіпсіз екенін халық тағы да біле бермейді. Үшіншіден, Үкімет әлі де болашақтағы «энергетикалық тапшылықтың» нақты жобасымен халықты таныстырған жоқ. Мәселен, ол жақын және алыс болашақтағы ашылатын ірі өндіріс ошақтары қандай, оған қажет энергия қуаты қанша, одан өзге, қандай қалалар мен ірі елді мекендер және қанша мектептер мен аруханалар салынады, мегаполистердің электр қуатын тұтынысы қаншалықты артады және т.т. сұрақтар осы АЭС құрылысымен байланыста қаралмай отыр.

2. Қазақстан өзінің энергия өндіруші табиғи ресурстарын тауысты ма?

Бұл сұраққа да Үкімет өзінің зерттеу институттары арқылы терең талдау жасап, оны халыққа таныстыруы керек.  Мысалы, халық күн сайын автотранспортпен Өзбекстанға қарай кетіп бара жатқан, ұзындығы 40‑50 метрлік Жел электр станцияларының жел қалақтарын көріп отыр. Ондай транспорттың біздің территориядан өтіп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Жұрттың айтуынша, Өзбекстан өзінің Жел қуатымен істейтін энергетика саласын үздіксіз дамыту үстінде екен. Сол сияқты, биыл Германия да табиғи түрдегі жасыл энергетикада барлық қуаттың 52%-өндіруге қол жеткізіпті. Оның көп бөлігі Жел энергетикасы, одан кейін Күн энергетикасы, Теңіз энергетикасы, алты пайыз ‑  Биогаз энергетикасы. Ендеше, біздің Үкімет Қазақстанның табиғи қалпына келетін ресурстардан (жел, су, күн, биогаз, қоқыс қалдықтары) алынатын энергетика қуатын толық сараптап, оның потенциалды мүмкін боларлық қуатын анықтап, осымен халықты таныстыруы керек. Олай етпесе, осыны біле алмаған халықтың АЭС салу туралы «оң шешімін» соған дауыс берген халықтың өзі біржақты «дұрыс шешім» деп қабылдай алмайтыны анық.

3. Қазақстанға АЭС салуға қандай елдер бәсекелес болып отыр?

Әрине, қазір бізге белгілісі – Ресей ғана. Алайда, геосаяси жағдайларға байланысты Ресей әлемнің жүзден аса елдері тарапынан экономикалық санкцияларға ұшырап жатыр. Осы жағдайда, Қазақстан Ресеймен бірге тәуекелге бара ала ма? Халықты осы сұрақ та ойландыратыны анық. Ал, Қытай жағы бұл салада белсенділік танытып отырмағаны белгілі. Сол себептен, осы сияқты мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін Үкімет халыққа жете түсіндіріп, шындықты айтуы керек. Себебі, Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы «шабуылды» Ресей Думасының депутаттары үдетіп жібергені өтірік емес. Бұл ‑ қазақ халқын елеңдетіп отырған сұрақтың бірі...

4. АЭС құрылысына қажет жабдықтар мен құралдар Қазақстанда өндіріле ме?

Бізде әлі күнге дейін өндіріс дамымай келеді. Шағын өндірістер ғана бар, шағын жеке агрошаруашылықтар бар, ұсақ шеберлер бар, шағын тігін цехтары бар... Алайда, мамандандырылған ірі өндірушілер, заводтар мен фабрикалар жоқ. Тек солар ғана елімізге жоғарғы технологияны алып келе алады. Ол жоқ. Ендеше, АЭС қажетін өтейтін жабдықтарды өзіміз шығара аламыз деу де шындыққа сәйкес келмейді... Бұл – елдің экономикалық қауіпсіздігіне төнетін потенциялды қатер...   Осы сұрақты да халық білуі керек сияқты...

5. Қазақстанда АЭС жұмысын қамтамасыз ететін кадрлар дайын ба?

Қазір мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы өзгеру үстінде. Ол жақсы, әрине. Алайда, ғылым дамуы серпінді қарқын ала алмай жатыр. Кейде ол бұрынғы  «ескі Қазақстан» базасында жасалып жатқанға ұқсайды. Яғни, ғылымға бөлініп жатқан қаржы нәтижеге емес, «есепке құрылған» сыңай байқалуда. Сондықтан болар, оның ішінде біз АЭС мамандарын даярлау туралы кешенді бағдарламаларды байқай алмадық. Ол «Арнайы жоба» ретінді жасалып жатқан болса, халық оны білер еді...

Міне, әзірге Халық күзгі референдумға осындай «дайындықпен», нақтырақ айтсақ – «еш дайындықсыз» бара жатыр... Олай болса, әлі де кеш болмай тұрғанда, халықты референдумға дайындау керек. Ол үшін жоғарыдағы біз қойған сұраққа жауап беріп өтсеңіз – талай мәселенің басы ашылып қалар еді... Қалған сұрақтарын халық өзі қоя жатар...

Соз соңы:

Мемлекеттің демократиялық түрі: тендік, сайлау, көпшілік дауыспен шешім шығару принциптеріне негізделген ұйым түрі.

Қоғамдық құрылымның мұраты: Әр жерде демократия әртүрлі рең алған. Бірақ, ол халықтың заң жүзінде мемлекеттік билікті басқаруы. Мұнда конституция «билік халықтың қолында» екендігіне кепіл болады.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1966