Қазақстанда оқығысы келетін қандастарға бірқатар жеңілдік жасалмақ
"Отандастар" қорының баспасөз қызметі Қазақстан Республикасының азаматы емес, бірақ ұлты қазақ адамдар үшін жоғарғы оқу орындарына оқуға түсуге осы жылдан бастап жаңа жеңілдетілген талаптар енгізілгенін хабарлады.
Қандастар үшін келесі жеңілдіктер қарастырылған:
- Біріншіден, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін ҰБТ тапсырған кезде шектік балл болмайды.
- Екіншіден, бес емтиханның орынына үш емтихан тапсырады (оқу сауаттылығы және таңдаған бағыт бойынша екі бейіндік пәннен)
- Үшіншіден, төрт жоғарғы оқу орнын және білім беру бағдарламасын таңдауға мүмкіндік сақталып қалды.
- Төртіншіден, қазақ тілін толық меңгермеген азаматтарға орыс тілінде тапсыруға мүмкіндік сақталды.
"Құрметті қандас талапкерлер! 13 шілдеден бастап, мемлекеттік білім грантын алуға құжаттар қабылдау басталды. Оған талапкерлерден 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылданып жатыр. Су тасқыны болған аймақтың (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, СҚО) талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында қабылданады. Кез келген талапкер Қазақстанның барлық жоғары оқу орнына құжаттарын тапсыра алады және ол онлайн түрінде де жүзеге асырылуда. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрған комиссиясының шешімімен белгілі болады. Осы ретте, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ үміткерлер құжаттарыңызды грант иегері болуға тапсыруға асығыңыздар", – делінген хабарламада.
Abai.kz