Кремльдің Қазақстандағы «вербовкісі» жалғасуда...
Кремль Қазақстандағы орыстілді журналистерді вербовкі жасауда...
Fragment-ке жеткен мәлімет бойынша Россотрудничество қазақстандық журналистерді өз ықпалына көндіруге мүдделі.
Бұл, әсіресе, Ресеймен шекаралас, біршама орыс ұлты өкілдері тұратын, орыс тілді орта қалыптасқан еліміздің солтүстік, батыс, шығыс облыстарында айрықша байқалып отыр.
Оларға РФ Сыртқы істер министрлігіне қарасты Қазақстандағы бас консулдықтар ерекше қолдау көрсетуде. Соңғы бірер жылда орыс тілін, мәдениеті мен әдебиетін кеңінен насихаттаймыз деген желеумен орыстілді журналистер Мәскеу, Санкт-Петербор және т.б. қалаларда өткен семинар, тренинг, конференцияларға шақырту алып, қатысудан қолы босамай жүр.
Баса назар аударатын жағдай – осындай шараларға шақырту алғандардың жасы 35-тен аспауы керек деген жазылмаған талап бар. Яғни, Кремльге жазарын жазып болған қарт тілшілер емес, белсенді, санасы сергек, айдауға оңай еріп, илеуге тез көнетін жас журналистер керек болып тұр.
Қатысушылардың айтуынша, бұл басқосуларда «орыс әлемінің» өзгелерден артықшылығы, ресейлік білім жүйесінің озықтығы, «арнайы операцияның» тиімділігі, еуропалық құндылықтарды жоққа шығару және басқа да көптеген Ресей билігіне ыңғайлы тақырыптар қамтылатын көрінеді. Сонымен қатар, жақсы жалақы төлеу арқылы қазақстандық журналистерді «орыс әлемінің» орбитасына тарту фактілері кездесуде. «Жұмсақ күш» саясатының көздегені Ресей билігінің мүддесін жүзеге асыратын ықпал ету агенттерін әзірлеп, еліміздің ішіне іріткі салу, халық арасында сепаратизм ұрығын себу екені айдан анық. Екінші жағынан, кімнен ақша алсаң, соның сөзін сөйлейтін заманда әлеуметтік жағынан қорғалмаған, әлі күнге мәртебесі айқындалмаған қазақстандық қалам ұстаған қауымға да ренжу қиын.
Қысқасы, бейбіт күніміз басымыздан бұлбүл ұшпасы десе, бұл Қазақстан билігі мықтап бас қатыруы тиіс. Fragment-ке жеткен тағы бір инсайд бойынша Россотрудничество Ресейді қарсы жұмыс істейтін қазақстандық медиа мен бірқатар журналистерді "иноагент" тізіміне кіргізіп, оларды қаралау науқанын жүзеге асырмақ.
Abai.kz