Алматыда жаңа 6 мектеп салынып жатыр
Қалалық білім басқармасы Алматы қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша жаңа білім беру нысандары мен жұмыс істеп тұрған мектептерге қосымша құрылыстар салынып, жеке инвестициялар есебінен мектептер ашу жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Abai.kz хабарлайды.
Орын тапшылығын төмендету үшін жергілікті бюджет есебінен Саялы және Зерделі шағын аудандарында 1100 орындық екі мемлекеттік мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2 585 орындық 6 қосымша құрылыс бойынша жүргізілуде (аяқталу мерзімі 2024-2025 жылдар). Ағымдағы жылы 1675 орындық тағы 4 қосымша құрылыстың құрылысын бастау жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында Алматы әкімдігінің жобалық офисінің қолдауымен 36,8 мың оқушы орнына (бір ауысымда) 22 мектеп салу жоспарланған.
2024 жылдың соңына дейін 32,8 мың орындық 20 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде оқу жылы басталғанға дейін бекітілген кестеге сәйкес 7 100 орындық 5 мектеп (№97, Розыбакиев-Левитан көшесіндегі мектеп, Ақбұлақ ш/а №154 мектеп, «Нұрлы Дала» ТК ауданында, Теректі ш/а) іске қосылады.
2025 жылы тағы 4 мың орындық екі мектеп ашылады деп күтілуде. Осылайша, келесі жылдың 1 қыркүйегіне қарай оқушы орындарының тапшылығы басқарылатын деңгейге дейін 3-4 мыңға төмендейді.
Сурет: gov.kz
Abai.kz