Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ. МАНЧЕСТЕРДЕ ОҚЫП ЖҮР...
1-сурет. Президент Н.Назарбаевтың жеті жастағы Беріктің бетіне мұнай жаққан сәті. Атырау, 2000 жыл.
2-сурет. Ұлыбританиядағы Манчестер университетінің студенті Берік Уап. Атырау, 2013 жыл.
Иманғалидың идеясы
1-сурет. Президент Н.Назарбаевтың жеті жастағы Беріктің бетіне мұнай жаққан сәті. Атырау, 2000 жыл.
2-сурет. Ұлыбританиядағы Манчестер университетінің студенті Берік Уап. Атырау, 2013 жыл.
Иманғалидың идеясы
Атырау қаласындағы шетелдік мұнай компаниясының қатардағы қарапайым қызметкері Сәрсенбайды басшылық тарапынан түскен ұсыныс таңқалдырды. Бұл өз міндетін атқарып, тіршіліктің қамымен жүрген оның өміріндегі күтпеген жаңалық еді. Енді ше, жеті жасар ұлы тұрмақ қырыққа келген өзі де өмірінде Президентпен сөйлеспек түгілі қолын алып көрген емес. Оның үстіне балалығы басылмаған, оң-солын айыра алмайтын тұңғышы тапсырылған істі тап-тұйнақтай етіп атқарып шығар ма екен деп алаңдады.
Өткен ғасыр аяқталар тұста қарт Каспийдің Қазақстанға қараған тұсынан мол мұнай қоры табылды. Сол кездегі табиғи байлықты игеруге ұмтылмаған жұрт жоқ. Дүние жүзіндегі алпауыттардың мәмілесімен құрылған халықаралық консорциум бұрғылау жұмыстарына кірісіп кетті. Құрылыстың қарқынды жүргізілгені сонша, атақты Қашаған кен орнының ашылуы 2000 жылдың жаз айына жоспарланып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі оны іске қосатындығы белгілі болды. Осы сәтте Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов ешкімнің ойына келмеген идея көтерді. «Жігіттер, жерімізден табылған теңдессіз байлықты бүгін шетелдіктермен бірігіп игергенімізбен, түптің-түбінде өз иелігімізде қалады ғой. Сондықтан да «болашақтың байлығы – біздікі» деген ұғымды ұқтыру үшін мынадай шара жасайық. Жеті – қазақ үшін қасиетті сан. Сондықтан жеті жасар жеткіншекті табайық. Ал оның бетіне Елбасы өз қолымен қара алтынды жаққанын жөн көріп тұрмын» дегенде барлығы бірауыздан мақұлдап, шу ете қалды.
Бағы жанған бала
Алайда бұл бастамаға консорциумның жетекшілері бірден қарсылық танытады деп кім ойлаған?! Олардың қатаң тәртібіне сәйкес, теңізге шығатын балаға кен орнына баратын арнайы сертификат керек екен. Сақтандыру полисі, тікұшақ суға құлаған жағдайда апаттан аман қалу ережесімен танысқаны жайында куәлігі, өндірісте өрт шықса тез арада құтқару құралдарын пайдалана білуі.., қойшы, әйтеуір, бала тұрмақ ересектердің өзінде жоқ мың-сан құжатты сұратып, тыпыр еткізбей тастады. Ол ол ма, әлгі рұқсат қағаздар жеткіншек үшін жауапты адамда да болуға тиіс екен. Ұлттық ұстынды ұлықтайтын Иманғали ұсынған игілікті идеяны жүзеге асыруға шындап кіріскендер қарап қалсын ба?! Тығырықтан құтқаратын «бір қап құжаты» бар қызметкерді өздерінің компаниясынан іздеуге көшеді. Сол сәтте Қашағандағы «OKIOK» компаниясы бас директорының орынбасары Кенжебек Ибрашевтің есіне қарамағындағы қызметкері Сәрсенбай Жағыпашевтың құлдыраңдап жүретін қос құлыны түседі. Лезде кабинетке шақыртып сөйлескеннен соң, көктен іздегені жерден табылғандай қуанады. Расында да Сәрсенбайдың 1993 жылы 26 шілдеде туған үлкен ұлы Берік тұп-тура жетіде екен. Оның үстіне сыртқы түр-тұлғасы қатып тұр. Кәдімгі қазақтың қара баласы. Тасмағамбетов тапсырғандай үш тілде – қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Кенжекең көп ойланбастан әкімдікке хабар айтты да, шетелдіктерге қайта кісі салды. Өздері сұратқан қаптаған рұқсат қағаздар мен сертификаттар түгелдей Сәрсенбайдың сөмкесінен табылған соң, консорциумның басшылығы әкесінің тікелей жауапкершілігімен баланы жағалаудан 70 шақырым жердегі Қашаған кен орнына жіберуге келісім берді. Ал кездесуге бір күн қалғанда облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Қазмұнайгаздың» президенті Нұрлан Балғымбаев Берікті әкесімен бірге алдыртып, үш тілде сұрақтар қойғызып, оның сақылдаған жауаптарына тәнті болды да, ештеңеге алаңдатпай демалдыруға жіберді. Мынадай қарбаласта демалыс қайдан болсын?! Ұлдары ұйықтап жатқанда Сәрсенбай мен Нұрия жұмыстан әкелген үлкендерге арналған мұнайшылар киімін сөгіп, таң атқанға дейін балаға шап-шақ етіп қайта тігіп шықты.
Елбасының ерекше сыйы
– 2000 жылғы 4 шілде күні таңғы сағат 6-да тұрып, әуежайға жетсек, кісілер қаптап жүр, – дейді осыдан 14 жыл бұрынғы оқиғаны көз алдынан қайта өткізген Сәрсенбай Жағыпашев. – Балам бірнеше күнгі дайындықтан соң ба, әйтеуір еркелігі басылып, ересек кісілердей жинақы қалыпта тұр. Көп ұзамай тікұшаққа отырып, Каспийдің ортасындағы Қашағанға ұштық. Түске таман Президент мінген тікұшақ дайындалған алаңға қонды. Елбасы өзін күтіп алған топпен бірге шлюздің жанында тұрған бізге жақындап келді. Берік екеуміз сәлемдестік. Нұрсұлтан Әбішұлының көңіл-күйі жақсы екендігін айналасындағыларды күлдіре әңгіме айтып жатқанынан байқадық.
Аз-кем таныстыру жұмыстарынан кейін Президент ширақ қимылымен шлюздің тетігін бұрап қалғанда, құбырдан мұнай атқылай жөнелді. Елбасы жанында тұрған Беріктің бетіне мұнай жағып, «Қазақстанның болашағы зор болсын!», – деп тілек айтты. Дәстүр бойынша, сол маңда тұрған басшылардың да бетіне жақты. Айналадағылар шаттана қол шапалақтады.
Небәрі жеті жаста болса да Беріктің зердесінде өміріндегі осы бір ерекше жүздесудің әрбір сәті сақталған.
– Нұрсұлтан ата «Қазақстанның болашағы үшін!» деп мұнайды бетке жағу рәсімін жасағанда қатты толқыдым, – дейді әкесінің әсерлі әңгімесін жалғастырған Берік Уап, – Қуаныштан ба, әлде мақтаныштан ба, білмеймін, бойым бір ысып, бір суып, әбден мазасыздандым. Жиналған ағалардың маған қарап күлгені де қызық екен. Елбасы мені еркелете басымнан сипап, жанына алып, бірнеше рет суретке түсті. Кейін есейгенде ойлап қарасам, ешкімнің пешенесіне жазыла бермейтін бақытты сәт маған бұйырыпты ғой. Оның үстіне Нұрсұлтан Әбішұлы ол жылдары екінің бірінде жоқ компьютерді сыйға тартты. Қатарластарыма қарағанда ақпараттық технологияны тезірек меңгеруге Елбасы сыйлығының ерекше көмегі тиді. Соның әсері шығар, мектеп бітірер жылы мұнай саласының білгір маманы болуға бекіндім.
Ұлыбританияға бастаған ұлы арман
Берік мектепте де басқаларға үлгі болып жүрді. Түркияда өткен, 60 мемлекеттің өкілдері қатысқан халықаралық олимпиадада физикадан 3-орынды жеңіп алды. Ал 2010 жылы Атыраудағы қазақ-түрік лицейін үздік бітірді. Төрт тілде еркін сөйлейтін жас өреннің қабілеті мен білімге деген құштарлығы ерекше болды. Ол баяғы арманын ақиқатқа айналдыру үшін Астанаға аттанды. Алғашында «Назарбаев университетіне» құжат тапсырды. Берік сынақтың барлығынан мүдірмей өтті. Алайда қиялына қанат бітіп, жалындап тұрған жас жігіт құлашын кең сілтеп, әлемдегі беделді оқу орындарының бірі – Манчестер университетіне түсуге бел байлады. Оның Ұлыбританияны таңдауына сол жылдары қызмет бабымен Голландияға көшкен әкесі Сәрсенбайдың кеңесі әсер еткені сөзсіз. «Назарбаев университетінің» басшылығына өтініш жазып, жағдайды түсіндірген әке мен бала қарт құрлыққа қарай бет түзеді.
Таңдаған мамандығы – мұнай ісі. Оның ішінде жер астындағы 5 мың метр тереңдіктің теориясын, әдістемесін, сараптамасын жасап, мұнайдың ағу бағытын айқындайтын өте күрделі кәсіпті меңгеру үстінде. Дәл қазіргі кезде Қазақстанда мұндай жоғары білікті, жаңа технологияны игерген, үш тілге жетік маман тапшы. Сондықтан да өте жауапты жұмысты негізінен шетелдік қызметкерлер атқаруда. Әрине, мемлекет үшін аса маңызды жерасты байлығын зерттеу ісін түптің-түбінде отандық мамандар қолға алуы қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыстағы кен орындарында жұмысшылармен жүздесуде де, жастармен кездесуде де үнемі айтатыны осы.
Қос тұлғамен кездесу
Бастапқыда оқу ақысын төлеуге облыстық әкімдіктің «Атырау болашағы» қоры көмектескенімен, келесі курсқа көшкенде қара алтын өндіретін «HKOK» компаниясы өзінің міндетіне алыпты. Өткен жылы аталған компанияның Солтүстік Каспий жобасының мекемелеріне өндірістік тәжірибеден өтуге келгенде тағы да қызықты кездесудің кейіпкеріне айналды.
2013 жылғы 30 маусымда Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның елімізге тұңғыш сапары белгіленіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Атыраудағы өндіріс орындарын аралауы жоспарланды. Сапар аясында Қарабатандағы «Болашақ» зауыты іске қосылатын болды. Ұйымдастырушылар осыдан он үш жыл бұрынғы кездесудің куәгерін іздеп тауып, Берікті іс-шараға қатысушылардың тізіміне енгізеді. Сол күні жастар тобымен бірге Берік Уап та екі елдің басшысымен жолықты.
«Президент әлемнің әр қаласында оқып жатқан замандастарға мұнай саласын жетік меңгерген маман болу керектігін қадап айтты. «Уақыты келгенде шетелдіктер кетеді, ал қазба байлықтың барлығы өзімізге қалады. Сол кезде біз қиындыққа ұшырамай, өзгелерге алақан жайып көмек сұрамауымыз қажет», – деді Елбасы. Жастар бірауыздан: «ұятқа қалдырмаймыз, игереміз», – деп жамырай жауап қаттық. Ол менің жаныма келгенде қайда оқитынымды сұрады. Манчестер университетінде оқитынымды айтып едім, жанында біреумен сөйлесіп тұрған Кэмеронды нұсқап, «мына жақта ма?» деп жылы жымиды», –дейді Берік.
«Мені Кэмеронға тапсырды...»
«Орайлы тұсты бос жібермеуді ойлап, бала кезімдегі Қашағанда бетке мұнай жаққан сәтті еске салдым. Елбасы ешнәрсені ұмытпайтын ерекше қасиетіне сай бірден таныды да, күліп жіберді. Сөйтті де, Қазақстанның қазба байлығын заманауи технологиямен игеріп, өзге елдермен терезесі тең қатынас жасау үшін терең білімге ұмтылу керектігін тағы бір пысықтап, арқамнан қақты. Қызығы сол, жанымызға келген Кэмеронға менің Ұлыбританияда оқитынымды айтып жатты. Маған қарап, бірнеше сұрақ қойған Дэвид мырзаға ағылшын тілінде мүдірмей, қысқа да нақты жауап бердім. Бізбен қоштасып, әрі қарай жүрген Елбасыға қарап, алыстағы баласын ағайынға пысықтап тапсыратын мейірімді де жанашыр әкенің кейпі көз алдыма келді».
Бұл – Беріктің жаз айында Елбасымен екінші рет кездесуіндегі жан толқынысы.
Енді алты айдан соң біздің кейіпкеріміз Манчестер университетін үздік бітірмек. Ары қарай өз саласын толыққанды меңгеру үшін магистратураға түсу ойында бар. Ағасына еліктеп өскен інісі Аухат та қазіргі кезде Шотландияның Абердин қаласында мұнайшы мамандығы бойынша білім алуда. Екі ұлының жетістіктерін ерекше мақтанышпен әңгімелейтін әкесі Сәрсенбай Жағыпашев «HKOK» компаниясының геоматика бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Анасы Нұрия бағыт-бағдарын айқындаған балаларының әрбір қадамына қуанып, тілеуін тілеп отыр. Ал Берік күрделі саланың ұңғыл-шұңғылына терең бойлағаннан кейін елге оралып, Елбасының сеніміне сай жауапкершілік жүгін арқалауға тас-түйін дайындалып жүр.
Abai.kz