Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ. САЯҚ
«Кез келген әйел «КГБ»-да жұмыс істеуге лайықты! Бұлардың білмейтіні болсайшы, сірә. Тек құзырлы органга алмайтын себебі: олар... айтып қояды ғой». Бұл — көрші жоғары оқу орнына жасаған кезекті «жорығы» кезінде кезекті рет филфактың «кэгэбесі» тарапынан «әшкереленіп» отырған курстасым Ербол Бекболатовтың күйіп отырып айтқан әңгімесі.
«...Айтып қоятыны» рас екен. Қай жылы екені дәл есімде жоқ, біздің курстың «чекистері» шұғыл хабар таратты: «3-топтағы Нұргүл Нөкенованың Түркияда оқитын жігіті бар екен». 3-топ — мен оқитын топ. Жігіттер маған қарады. Мен иығымды көтердім. «Бәсе, ешкімге қарамай кердеңдеп жүруі жаман еді...» — деді біреу. «Шетелде оқитынына қарағанда, шіріген байдың баласы шығар...» — деді екіншісі. «Жатақханаға келіп кетіп жүргенін біз қалай байқамағанбыз, кім болса да «налогын» төлеу керек еді ғой...» — деді үшіншісі. Біздің қыздарға келіп тұратын жігіттер бөлмеге соғып, «отметка» жасайтын, соны меңзегендегісі. «Ай, сен де қызықсың, байдың баласы жатақханаға соғып неғылсын, мейрамханаларда қыдырады да...» — деді тағы біреу. Ақыры: «Кім болса да, түбі бір күні қолға түсер!..» — деген тоқтамға келдік.
«Кез келген әйел «КГБ»-да жұмыс істеуге лайықты! Бұлардың білмейтіні болсайшы, сірә. Тек құзырлы органга алмайтын себебі: олар... айтып қояды ғой». Бұл — көрші жоғары оқу орнына жасаған кезекті «жорығы» кезінде кезекті рет филфактың «кэгэбесі» тарапынан «әшкереленіп» отырған курстасым Ербол Бекболатовтың күйіп отырып айтқан әңгімесі.
«...Айтып қоятыны» рас екен. Қай жылы екені дәл есімде жоқ, біздің курстың «чекистері» шұғыл хабар таратты: «3-топтағы Нұргүл Нөкенованың Түркияда оқитын жігіті бар екен». 3-топ — мен оқитын топ. Жігіттер маған қарады. Мен иығымды көтердім. «Бәсе, ешкімге қарамай кердеңдеп жүруі жаман еді...» — деді біреу. «Шетелде оқитынына қарағанда, шіріген байдың баласы шығар...» — деді екіншісі. «Жатақханаға келіп кетіп жүргенін біз қалай байқамағанбыз, кім болса да «налогын» төлеу керек еді ғой...» — деді үшіншісі. Біздің қыздарға келіп тұратын жігіттер бөлмеге соғып, «отметка» жасайтын, соны меңзегендегісі. «Ай, сен де қызықсың, байдың баласы жатақханаға соғып неғылсын, мейрамханаларда қыдырады да...» — деді тағы біреу. Ақыры: «Кім болса да, түбі бір күні қолға түсер!..» — деген тоқтамға келдік.
...Түскен жоқ. Есесіне Нұргүлдің «қолына түсіпті». Университет бітіргенімізге бір жыл толған кезде: «Нұргүл Ақтөбеге ұзатылыпты», — деп естідік. «Маңғыстауда ұлан-асыр той болыпты. Күйеу баланы көрген адайдың тентек кемпірлерінің бірі: «Ай, мұндай сары бала ауылда да бар еді ғой...» — депті. Біздің «КГБ» таратқан дерек — осындай. «Бағы ашылсын!» — дестік. Бір күні жас жұбайлардың Алматыда тұрып жатқанын естідік. «Күйеу бала» түріктер құрылтайшылық ететін «Заман-Қазақстан» газетінде екен.
...«Жалын» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезім. Бір топ жас ақынның өлеңдерін қарап отырмын. Бір топтаманың шекесіне «Сәтжан Дәрібай» деп жазылыпты. Бір түрлі таныс есім сияқты. «Е, әлгі «күйеу бала» екен ғой...». Өлеңдері тәп-тәуір екен. Бірден әзірленіп жатқан нөмірге салып жібердім. «Жалын» журналы мен «Ана тілі» газеті енді қосылып жатқан кез. Бас редакторымыз — Мереке Құлкенов. Келесі аптада «Ана тілі» газетіне «Жалынның» кезекті номері шыққандығы туралы шағын ақпарат әзірлеп бердім. Бізден бір курс бұрын оқыған бір жігіттің аты есімде қалып кеткен ғой, «Сәтжан Дәрібай» деудің орнына «Самал Дәрібай» деп жазып жіберіппін. Өлеңі шыққан сәтте хабарласа қоймаған Сәтжан дереу қоңырау шалды: «Бауке, бұл — Сәтжан деген бауырыңыз ғой...». Мен мән-жайды айттым. «Өзім де солай ойлап едім...» — деді күліп.
Бір күні бас редактордың қабылдау бөлмесінде кездестік. Мереке ағадан сұхбат алуға келіпті. Аз-кем әңгімелесіп қалдық. Жүзі жылы екен.
Бірнеше рет аялдамада кездесіп қалдық. Асығыста не айтып үлгересің, амандық-саулық сұрасудан аспайтынбыз.
Бірде газет бетінен Сәтжанның аты-жөні көрінбей кетті. Сөйтсек, «Жас Алаштың» меншікті тілшісі болып, ауылына — Ақтөбеге кетіпті...
Көп ұзамай маған да Ақтөбеге жол түсті. Мейірхан Ақдәулетұлы ағам елден республикалық газет ашатын болып, қолқа салды: «Жас Алаштағы» Дәурен Қуат та келісіп отыр. Ақтөбеде Баян, Сәтжан, Индиралар бар, Құдай қаласа, жаман газет болмайды.
...Дәурен жұмыстан шығып болмады да, мен билет алып, тартып кеттім. Жүйкесі мықты, денсаулығы зор жас жігіттің ұйқыға өкпесі болушы ма еді, Ақтөбеден әрі қарай асып кете жаздаған екем, жолсерік жұлқылап оятты. Күтіп алуға шыққан Мейірхан ағаның жүргізушісі вагоннан ешкім түсе қоймағасын, анықтама бюросының жанында алақ-жұлақ етіп тұр екен, мен жетіп келгенде, әкесін көргендей қуанды. Болашақта Дәурен екеуміз тұратын пәтерге жеткізіп тастады. Түске дейін Мейірхан ағамен, басқа да жігіттермен кездесіп, тағы да ұйқыға бас қойдым. Тұрсам, қарным шұрылдап барады. Жан-жақтан асхана іздеп көріп ем, көзге түсе қоймады. Кенет Мәкеңнің жігіттердің телефонын жазып бергені есіме түсіп, қойын кітапшамды қарап ем, Сәтжанның номері бар екен. Теріп: «Алло», — дей беріп ем, ар жағынан: «Бауке, ассалаумағалейкум, хош келдің! Қайдасың?» — деген көңілді дауыс естілді. Менің келгенімді естіп, телефонның түбінде отырғанға ұқсайды. Келіп, алып кетті. Достарын шақырып қойыпты. Нұргүл мол ет асыпты, төркіні келгендей мәз болып, жүгіріп жүр. Түннің бір уағына дейін отырып, әңгіме айттық. «Күйеу бала» деп жүргенім өзімнің бауырым болып шықты...
Көп ұзамай ««Алтын Орданың» даңқты «жорығы» басталды. Айтпақшы, газеттің алғашқы номерінің шығуы Сәтжанның ұлы Нұртастың 1 жасқа толуымен тұспа-тұс келді. Дүрілдете тойладық.
Мен, Дәурен, Сәтжан — үшеуміз жасымыз қатар болғасын жұмыста да, былайғы уақытта да бірге жүреміз. Кейде беттеуші Қайрат Сарқұловты ертіп аламыз. Сәтжанның үйі жұмысқа жақын. Әрі онда әкесі соғымға беріп жіберген бір жабағының еті бар. Сондықтан Дәурен екеуміз сол үйге жиі құлаймыз. Әрі телевизордан жаңалық тыңдаймыз. Анда-санда ол да біздің еркек қосымызға бас сұғады.
Сәтжанның кластастарымен де тез тіл табысып кеттік. Ғани, Әзілхандар бізді үйлеріне қонақ етіп шақырып, думандатып жүреміз.
Сәтжанның журналистикаға келу тарихы да қызық. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылтыр кеңшарында дүниеге келген ол сондағы мектепті бітіргесін, бірден Алматыға тартады. ҚазМУ-дың филология факультетіне құжат тапсырып, емтиханнан сүрінгесін, ауылға келіп қой бағады. Келесі жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына қабылданған ол дәл сол жылы Түркия асып кетем деп тіпті де ойламаған-ды. Бәрі де аяқ астынан болды. Сол кезде бір қоғамдық қор Білім министрлігімен келісімшарт жасасып, Түркияда оқыту үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен студенттер жинайды. Әрине, ол тұста шетелге оқуға аттанатындарға қойылатын талап мықты, сабақ үлгерімі жақсы, тәртібі дұрыс болуы керек. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының таңдауы Сәтжанға түсіпті. Осылайша ол Түркияға аттанады. Ауылда — гу-гу әңгіме. «Ойпырмай, Құлшардың баласы шетелге оқуға кетіпті...», «Сонша студенттің ішінен біздің баланы таңдап алыпты...», «Ай, сол бала түбі бір жерді жарып шығады...».
Әлқисса, ауыл гулей берсін, енді Сәтжанға келейік. Біздің жігіттің жағдайы аса мәз емес еді. Олай болатын жөні де бар. Бұлар Кеңес өкіметінің демі үзілуге бірнеше ай қалғанда кетті ғой. Сол кездегі аласапыранның кесірі болар, әйтпесе есі дұрыс мемлекет елуден аса баланы «қайдағы бір» қоғамдық қордың «қолына ұстатып» жібере ме?
...Алматыдан Батумиге ұшқан ұшақтан түскен талапкерлер Түркия шекарасынан өткесін, Трабзон қаласына аялдайды. Осы жерде ұлдар мен қыздарды бөлек алып кетеді. Кайсери қаласына келген Сәтжандар жатақханада тұрып, тіл үйренеді. Айтпақшы, бұлардың барып, оқуымызды жалғастырамыз дегені бекершілік екен, бәрін басынан бастауға тиіс болып шықты. Яғни әуелі тіл үйренесің, сосын барып, оқуға тапсырасың. Бағың жанса — түскенің, әйтпесе... Осы күні біздің балалардың «бас ауруына» айналған ҰБТ ол жақта сол кезде бар, Сәтжандар енді соған дайындыққа кіріседі. Біраздан соң бұлардың ҰБТ емес, «Шетелдік талапкерлерді қабылдау сынағынан» өтетіні белгілі болады. Обалы не керек, түрік бауырлар Қазақстаннан келген студенттерге ерекше қамқорлық жасапты. Жандарына бір-бір тіл үйрететін адам қосып береді. Өздері оны «бауыр» деп атайды екен. Сәтжанға бауыр болған Әли — елгезек, мейлінше адал жігіт боп шығады. Соның арқасында біздің кейіпкеріміз түрікше тіл сындырып, төрт сабақтан сынақты сәтті тапсырады. Бұл — басы ғана еді. Енді оқуға түсу үшін емтихан тапсыру керек. Талапкердің төрт мамандықты таңдауға құқы бар екен. Әуелден жазу-сызуға құштар Сәтжанның көзі Стамбулдағы Мармара университетінің журналистика факультеті деген тұсқа кідіре беріпті. Сонымен Анкараға барып, 4 сабақтан емтихан тапсырған бұлар елге қайтады. Тек екі айдан соң ғана Жылтырда, әке-шешесінің, бауырларының қасында демалып жатқан Сәтжанға: «Оқуға қабылдандыңыз!» — деген хабар келіпті.
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда, түрік бауырлар бірінші болып құшақ жайды ғой, келесі жылы екі ел арасындағы келісім бойынша бірден екі мыңға жуық талапкер Түркияға оқуға аттанады. Сол кезде Білім министрлігіндегілердің есіне былтыр әлдебір қоғамдық қор «жетектеп» кеткен 50 бала түседі. Алты айдан соң бұлар да «үкіметтік» тізімге еніпті. Адалын айту керек, әлгі қоғамдық қор да осы екі арада міндеттерін адал атқарыпты. Әйтпесе, әлдебір алаяқтың қолына түссе, кім біледі...
Түркиядағы оқу жүйесі мүлде бөлек екен. Сабақта бар-жоғыңды түгендеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті бір курста тапсыра алмай қалған сынағыңды келесі курста оқып жүріп те, тапсыра беруіңе болады. Басында Қазақстан үкіметі де біздің студенттерге дұрыс қарап, бару-қайту шығындарын өз мойнына алған. 50 доллар стипендия ас-суға да жететін...
Бақытты сәттердің ұзаққа созылмайтын «әдеті» ғой, көп ұзамай қиындықтардың да шеті көріне бастады. Әуелі біздің үкімет студенттердің жол шығынын көтеруден бас тартты. Сосын ақша құнсызданып, стипендиясы құрғыр да жұмырға жұқ болмай қалды. Тоқсаныншы жылдардағы Қазақстанның жағдайы белгілі, елден бірдеңе дәметудің өзі күпірлік еді. Елге барып-қайтудың өзі мұң болды. Енді не істеу керек? Пысықтау жігіттер аудармашы боп, нәпақа таба бастады. Сауданы дөңгелентіп бірді екі қылып жүргендер де бар. Әуелден ондай ылдым-жылдымы жоқ, ауылдың ұяң баласы енді шын састы. Бірақ тырбынбаса, далада қалатын түрі бар. Ақыры бір ательеге үтікші боп орналасты. Ып-ыстық ательенің ішінде жуылған төсек жаймалары мен киім үтіктеу деген айтуға ғана оңай жұмыс. Бірақ Сәтжан шыдады. Соның арқасында елге барып келетін қаржы тапты. Әке-шешесіне, бауырларына сыйлық алуды да ұмытқан жоқ.
Университет бітіргесін, бірден елге оралды. Энес Жансебердің арқасында «Заман-Қазақстанға» орналасты. Жұмабай Шаштайұлы басқарған сол тұстағы «Заман-Қазақстанда» Дидар Амантай, Талғат Ешенұлы, Күлпара Жұмағали секілді кіл мықтылар жұмыс істеді. Тұрсынжан Шапай мен Таласбек Әсемқұловтардың мақалалары жиі жарық көретін. Міне, осындай «дәулердің» қасында әуелде сәл кібіртіктеген Сәтжан көп ұзамай, өз бағытын тауып алды. Оның, әсіресе, ақын-жазушылармен жасаған сұхбаттарын жұрт асыға күтіп отыратын. Сұхбаттың сәтті шығуы көбіне журналиске байланысты ғой. Әңгімелесушісін «аша білетін» Сәтжан оқылымды дүние жасайтын.
...Сонымен «Алтын Ордада» жүрміз. Сәтжан мен Дәурен — құрдас. Бірін-бірі аямайды. Әсіресе, Дәурен құрдасы туралы неше түрлі әңгіме таратады. Сәтжан күледі де қояды. Бірақ оның да тілі удай.
Адамдармен жұмыс істей білетінін байқаған Мәкең оны жауапты хатшы етіп бекітті. Материалдардың уақытында түсіп, беттелуі бір ретке келіп қалды. «Не сиқыры бар екенін білмеймін, журналистер менен емес, Сәтжаннан қатты қорқады...» — дейді бас редакторымыз қалжыңдап.
Көп ұзамай біз Дәурен екеуміз «Ақтөбе» газетіне ауыстық. «Ақтөбе» бірінші, «Алтын Орда» екінші қабатта болғандықтан, ылғи бірге жүреміз. Дәурен Алматыға қайтқанда, Сәтжан екеуміз қимай шығарып салдық.
«Алтын Орда» Атырауға қоныс аударғанда, Сәтжан да бірге кетті. Орынбасар ретінде Мейірхан ағаға мықты демеу болды. Бірақ отбасы Ақтөбеде қалғандықтан, бұзауына қайырылған сиырдай біраз «мөңіреп» жүрді де, ақыры келіп тынды. Біздің газетке орналасты. Тек көп уақыт істеген жоқ...
2002 жылы Жеңістің 55 жылдығына орай, Ақтөбеде ардагерлерге 80 пәтерлік үй берілді. Күллі БАҚ бұл жақсы жаңалықты жарыса жариялады. Бірақ алғашқы жауған жаңбыр бірінші қабатқа бір-ақ жетіпті. Осы туралы хабарды теледидардан көрген мен дереу Сәтжанға материал әзірлеу жөнінде тапсырма бердім. Ол тұрғындармен, құрылыс мекемесінің өкілдерімен әңгімелесе келе, әдемі мақала жазды. Бұл жерде кінә — облыстық әкімдікте емес, тапсырыс орындаған мердігер компанияда екеніне баса назар аудардық. Шынында да, алғашқы жаңбырда-ақ сыр берген үйдің сапасының қандай екені белгілі ғой...
Ертеңіне үлкен айқай басталды. Біреулер: «Бұлар — бұрынғы әкімнің «жансыздары», әдейі жасап отыр» — деп жеткізіп барыпты. Ертеңіне облыс әкімі Ермек Имантаев біздің ЖШС-ның директорын шақырып алып, бұрын «Алтын Ордада» жұмыс істегендерді жұмыстан шығару туралы тапсырма берген. «Әкімнің ашуы басылар... Жігіттерді әзірге жібере тұрайық, кейін қайтып қабылдаймыз» — деді директорымыз. Сөйтіп үшеудің бірі боп Сәтжан да жұмыссыз қалды. Бірнеше айдан кейін мені де қызметімнен босатты. Екі-үш ай бос жүргесін, жаңадан құрылып жатқан «Мемлекеттік тілді дамыту» басқармасына жұмысқа тұрдық. Екеуміз бір бөлімдеміз. Бірақ толық «бақылауда» едік. Бір жаққа кетіп қалуға жекешеленбеген пәтеріміз бар, шиеттей бала-шаға аузын ашып отыр. «Ауыздығымызды тістеп алып», үнсіз жұмысқа кірістік. Басқарма бастығы — Роза Сәрсенқызы, әйтеуір, «қуғында» жүрген бізге оң қабақпен қарады. Біз де ол кісіге сөз келтірген жоқпыз.
Жыл ортасында облыс басшысы ауысты. Бұрын Ақтөбе қаласының әкімі болып істеген, облыстың ұңғыл-шұңғылына дейін білетін, алды кең Елеусін Сағындықов әуелі өршіп кеткен айқай-шуды басты. Күзде жыл басында екіге бөлініп кеткен облыстық газеттер қайта қосылып, «Шамшырақ-Ақтөбе» деп аталатын ЖШС-ның тізгінін Атыраудан оралған Мейірхан Ақдәулетұлы ұстады. Ол кісі дереу «айдауда жүрген» бізді шақырып алды да, қайтадан газеттің қайнап жатқан жұмысына кірістік. Содан бері бірге жұмыс істеп келеміз.
Сәтжан — жақсы журналист қана емес, мықты дизайнер де. Бүгінде қос газеттің құрылтайшысы ғана емес, ірі мәдени орталық болып отырған «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС шығарған барлық кітаптарда оның дизайнер ретіндегі қолтаңбасы бар.
Жоғарыда Сәтжанның «Жалын» журналына шыққан өлеңдері туралы сөз еттік. Әдетте өлең жазатын адам онысын көрсеткісі кеп тұрады ғой. Ал бұны бір көрген адам тіпті өлең жазады деп ойламайды да. Әлеуметтік желілерді былай қойғанда, газет-журналдарға жолдамақ түгілі, жиын-тойларда жұрт қолқалағанда да, өлең оқымайтын осыны көрдім. Әдебиет туралы өзгелер өңеш жыртысып жатқанда да, бұл жымиып қойып отыра береді. Мен алғаш «Ақтөбе» газетіне редактор болып келгенде, сұрап алып, топтамасын жариялағаным бар. Былтыр 40-қа толғанында мен еңбек демалысында едім. Ертай ағам әдемі алғысөз жазып, топтамасын беріпті. Одан басқа ешқандай газет-журналға шықпады-ау деймін. Шығу үшін жіберу керек қой...
Есесіне екі кітабы бар. Өле-өлгенше «ақтөбеліктердің қамқоршысы» болған Есенбай Дүйсенбайұлы ағам Сәтжанның соңынан «қуып жүріп», қолжазбасын алып, «Жазушы» баспасынан «Фәни мен бақи» атты кітабын шығарып берді. Мейірхан ағамның идеясымен «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС жанынан шыққан ақтөбелік ақындардың шағын кітапшаларының арасында Сәтжанның да «Маңдайы» жарқырады. Кітаптың атын иеленген «Маңдай» дейтін өлеңі — мынау:
Маңдай
Қамшы сабы — өміріңнің өлшемі,
Қандай қысқа, қойған екен жарытпай...
Қуанар сәт — ғұмырдың бір бөлшегі,
Арқалар мұң табыттай.
Ертең — жұмбақ,
Оралмайды кешегі,
Жүрер жолын пенде өзі таңдай ма?!
Барлық тағдыр жазылыпты деседі
Жарты қарыс маңдайға.
Қайдан келдім?
Барар жерім: ол — анық,
Жауап таппай сенделеді санам аш.
Екі құлаш шүберекке оранып,
Аттанармын қара жерге жалаңаш.
Бары — осы,
Бұл — өмірдің шындығы,
Ұзақтығы — қас пен көздің арасы.
Қараңғы көр ашылмайтын түндігі
Қуып келе жатыр бізді, қарашы.
Атақ, даңқ — аз қызыққа алданып,
Болып жүрміз күнде қызыл кеңірдек.
Билік құрған дүниеге малданып,
Хан-патша да хақ өлімнен жеңілмек.
Қамшы сабы — бір ғұмырды құрайды,
Жаратқанның жазған жасын аз деме.
Ібіліске сатылған жан жылайды,
Шаттанады тиген маңдай сәждеге.
Фәни бітер,
Бақи болар — тұрағым,
Келген жерге қайта барар шыбын жан.
Кешірімді, Аллам, сенен сұрадым,
Мейірімді аямашы құлыңнан!
Өкінгеннен еш пайда жоқ өткесін,
Сендім анық: тек Алланың құлымын.
Ібілістің жетегінде кетпесін
Жарты қарыс жерге сыйған ғұмырым.
Мықты өлең емес пе?! Өмірі мен өлеңі бір-біріне ұқсамайтын жандар да бар ғой. Ал Сәтжанның өлеңдері өзінен айнымайды, арзан жылтырағы жоқ. Басына жастанып кітап оқитыны болмаса немесе жұмыс бабы болмаса әдеби ортадан да алыс жүреді. Саяқ.
Жұмыс бабы демекші, ана бір жылы Ақтөбеге келген Өтежан Нұрғалиевтен сұхбат алғаны бар. «Жазушылар одағында 700 ақын-жазушы бар. Оның менен басқа 699-ы халтурщик...» — деп еркін көсілген ағамыз сұхбат шыққасын Сәтжанға қатты риза болды. Ал оқырмандардан жауған хат пен соғылған телефонда есеп жоқ.
Көп сөзге жоқ, тек анда-санда «шағып» алатын ол — шаруаға тастай. Жұрттың бейсуат сөзін құлаққа ілмейтін жақсы мінезі бар. Содан ба екен, көпшілік әбден талқылап тастаған әңгіме бұған бір ай кейін «жетеді». Өзіне керек емес сөзді тіпті тыңдамайды да. Біреуді жамандағысы келген адам оның не қостағаны, не қостамағаны белгісіз түрін көріп, екінші рет жоламайды. Ал өзіне тиіскен адамды уытты әзілмен бет қаратпайды. Тұңғыштарын әке-шешесіне апарып тастап, оны сағынғанын қайта-қайта айта берген келіншегіне: «Ай, біреудің баласын біреу қарайды дейсің бе? Бет-аузы сапалақ-сапалақ болып жүрген шығар. Итке молырақ тамақ құйса болды да, сонымен таласып бірдеңе ішер, әйтеуір...» — деген сөзі қазір құрдастардың арасында жаппай «қолданысқа» еніп кетті. «Бір кластасымызды Құдайға, бір кластасымызды әйеліне беріп, Ғани екеуміз жүрміз...» — депті қаладағы достарының жайын сұраған ауылдағы кластасына бірде...
Ақтөбеде білім-ғылымның, өнердің отын жағып жүрген әдемі орта бар. Өтеген Жақып, Айшуақ Бақыт, Қанат Айтбаев, Орал Байсеңгір, Талғат Тілеулесов, Бақытбек Зейнелов, Нұрталап Жүсіпов, Аймұрат Мәжікбев секілді азаматтармен әзіліміз жарасып жүреді. Әсіресе, қолының мырзалығы бар Айшуақ өмір сүруге аса икемі жоқ Сәтжан екеумізді «өркениетпен» таныстыруға құмар-ақ.
Бірде Сәтжан, Орал — үшеуміз Өтегеннің үйіне бардық. Төрде бір жігіт отыр екен. «Мына жігітті танымадық қой...» — деді Орал. «Алманың курстасы ғой, осында бір шаруалармен келген екен, бітпей, екі-үш күннен бері үйде...» — деді Өтеген. Алма — келіншегі ғой. Сөйтсе, ол жігіт — Өтегеннің Оралдағы пединститутқа оқуға түспестен бұрын танысқан досы, Алмамен бірге оқып қана қоймай, Өтеген екеуін қосуға дәнекер болған азамат екен. Онысын айтпай, бізді сөйлетпек болған үй иесінің қулығына түстік те қалдық. Орал шырт етті: «Қатынның курстасы да үйге келе ме екен?» Ду күлдік. Әлгі жігіт қызарып кетті. «Бірінші рет көріп тұрмын. Қызық екен...» — деді сәлден соң тағы да Орал. «Сонда қалай...» — деді біраздан соң тағы...
Осы оқиғаны Сәтжан, үйге келгесін, келіншегіне айтпай ма? «Онда тұрған не бар, менің де курстасым келіп жүр ғой...» — депті Нұргүл. Ішіндегі «жынды судың» әсері ме, Сәтжанның көзі ақиып шыға келеді: «Кім ол, қашан келіп жүр?» «Мынаны жын соққан шығар, Баукең үйге күнде келіп жүрген жоқ па?». Менің Нұргүлмен курстас екенімді ұмытып кеткен Сәтжан күліп жіберіпті. Өзіңнің әпенделігіңе күле білген де жақсы-ау...
...Былтыр Алматыдан Дәурен телефондады: «Ана «князь» түк көрінбей қалды, ә? Өлеңдерін неге ұсынбайды газеттерге? Сен айтпайсың ба?» Менің есіме Шерағаң айтты деген әңгіме түсті. «Егемен Қазақстанға» шығып бара жатқан мақаласына Аян Нысаналин «Аян» деп қана қол қойыпты дейді. Бас редактор ақырады: «Ай, мынаның фамилиясы қайда?» «Өзі солай жазып еді...» — дейді кезекші күмілжіп. Шерағаң сәл ойланып: «А, жарайды, әкесі өзіне керек болмаса, қайтеміз...» — деген екен. Сол айтпақшы, өлеңдерінің баспасөз бетіне шыққаны Сәтжанның өзіне керек болмаса, менің не шаруам бар, а? Қызық-ей, осы — Дәурен.
Әлде Сәтжан да Абай атам құсап «өлеңінің Көкшенің бойынан асқанын» күтіп жүр ме екен, а?
Ақтөбе қаласы.
Abai.kz
Сәтжан ДӘРІБАЙ
ҚЫРЫҚ ЖАС
(Ертай Ашықбаевтың «Елу жас» өлеңінің ізімен)
Қырық деген… Елуге дес бермейтін сияқты,
Мынау дүние әлі де ескермейтін сияқты.
Қырма сақал жүзіңе әр беретін сияқты,
Ішкенің мен жегенің нәр беретін сияқты.
Кеше киген костюмің тар болатын сияқты,
Кісі жары кісіге «жар» болатын сияқты.
Атағың мен мансабың аспандайтын сияқты,
Кеше жуас әйелің қақшаңдайтын сияқты.
Бүгін, ертең басыңа бақ қонатын сияқты,
Ұлдарыңа киімің шақ болатын сияқты.
Бедел, байлық жаныңа жиналатын сияқты,
Ақ шашыңа тек әйел қиналатын сияқты.
Әзіл айтсаң он сегіз түсінбейтін сияқты,
Беделіңді бұл бірақ түсірмейтін сияқты.
Думан-қызық, дос-жаран көбеймейтін сияқты,
Жиырма беске қу көңіл елеңдейтін сияқты.
Есігіңді бозбала торып жүрген сияқты,
Өзің түзді, үйді әйел қорып жүрген сияқты.
Елу алда қас қақпай бағып тұрған сияқты,
Отыз әлі ұмытпай танып тұрған сяқты.
Жас жігіттер қызыға қарасатын сияқты,
Бұл қырық тек біздерге жарасатын сияқты.
05.03.2013 жыл.
БОРСЫҚТЫҢ ҚҰМЫ
Стамбұл көрдім, Бакуде болдым, Алматы
тұрағым болды біраз күз.
Есте қалыпты Көктөбе, Медеу, Арбаты…
Ұмытылыпты құмар қыз.
Бішкекке түстім, Ашхабат соқтым, Көкшетау
демалдым сенде көктемде.
Есіме алдым дос пейіл ойдан кетпес-ау,
Сурет қарап өткенде.
Жетісу бойы, оңтүстік ойы, арқаны
армансыз талай шарладым.
Әдемі еді-ау ерке Жайықтың әр таңы,
Каспийден еді алғаным.
Қызылорданың балшығын бастым, Атырау
қонағы болдым біраз ай.
Сонда да осы шәрлі жер маған, япыр-ау,
ұнамай қойды, ұнамай.
Әдемі, әсем қазақтың барлық қаласын,
Маңдайға біткен бақ көрем.
Сағына берем сонда да Шалқар даласын,
Кешірші мені, Ақтөбем.
Ауылдың көбі көшсе де елден «қалалап»
Ұнамай қойды бар шыным.
Кеткім келеді Борсықтың құмын жағалап
Тақымға қысып қамшыны.
1.08.2013 жыл
БОЗЖУСАН АҒА
Есенбай Дүйсенбайұлына
Бозала таңды қарсы алған,
Бозбала жастың бірі мен.
Бейкүнә өлең іздедім,
Бозторғайдың үнінен.
Бозжусан шыққа шомылып,
Бусанып тұрар боз далам.
Алдыңызда тұр бозжігіт,
Бойжеткен сырын қозғаған.
Боздала қарсы алғанда,
Бозқырау шалған ақынды.
Бозторғай үні — арманға,
бозбала күнге шақырды.
Оралған шақта және бір,
Мерейлі тойдың үстінде.
Бойжеткенді көріп әне бір,
Бозжігіт күйге түстің бе?!
Бозбауыр бұлтпен ұшырдың,
Пейліңді,
қарсы ал, ел енді.
Гүл емес, сыйға ұсындым,
Бозжусан түсті өлеңді.
11.07.2000 жыл.
ҚЫРЫҚ
Қырық шаршы метр және төрт бала,
Ұйықтайды олар тойып алып ботқаға.
«Пәтер тар», — деп күңкілдейді келіншек,
Айтатыным: «Оттама!»
Келер күннен ешбір күдер үзбеген,
Алты жанбыз үйден табар іздеген.
Жиһаз, ыдыс, теледидар… т.б. –лар,
Тату-тәтті тұрып жатыр бізбенен.
Сенем анық: Бұл Алланың бұйрығы,
Қатар сынар сыйсыз бенен сыйлыны.
Бала-шағам құшақтасып жатқан соң,
Сырттағы ызғар білінбейді — үй жылы.
Бәрі жақсы, қайғымыз жоқ мұғайым,
Кейбіреудей неменеге жылайын.
Бар байлығым — балаларым, жан жарым,
Тек соларға денсаулық бер, Құдайым.
Сәл батады қамалғаным қалаға,
Еркін ойнар даласы жоқ балаға.
Күпір ойлап кейде кеткім келеді…
Кешіре гөр мені, Алла тағала.
Қырық шаршы метр пәтер — құт, бақыт,
Қызықпаймын коттедж салған жұртқа түк.
Түн ішінде аяқ жаққа отырып,
Өлең жазам балаларды ұйықтатып.
Өлең жазам… пыш-пыш ұйқы төңірек,
Мұң шақпаймын ешкімге де еңіреп.
Әйелімнің сөзі «былшыл», өйткені:
Екі құлаш қара жерден кеңірек…
13.11.2009 жыл
* * *
Жердегі бақты көктен іздедім,
Аязда жүріп көктем іздедім,
табылар ма екен?…
Ауыр ой сыйлар достасқан дәйім,
Қайғыға шомдым қоштасқан сайын,
арылар ма екем?
Күн келер ме екен айығар хәлім,
Қайдасың, қайда, жаным арманым,
«табындырдың» ғой
Қалыпты ойда пәктігің ғана,
Қашан келесің шаттығымды ала,
сағындырдың ғой.
Мөлдіреп аққан бұлағымдайсың,
Қапаста жанған шырағымдайсың,
қараңғыдамын
Жарай ма, жаным, ерегескенің,
Аймалап жазар мен емес пе едім
жараңды, жаным.
Қарамай баққа табанымдағы,
Ұмтылдым нұрға жамалыңдағы,
жетер ме көңіл?
Көз жазып қалдым қараңнан, жаным
Іздеумен сені ғаламнан, жаным,
өтер ме өмір?!…
Шуағы күннің батқан кездерде,
Аспаннан жұлдыз аққан кездерде
іздедім, жаным.
Сағынып нұрды көзіңде күлер,
Ойлаумен сені өзіңнен күдер
үзбедім, жаным.
Өткен күндердің белгісін, барын
Сағынып келген сенбісің, жаным,
көңілде қайғы.
Елжірей ойлап күнімді аңсаған,
Бейнеңе, қалқам, мұңымды шағам
сезімім жайлы.
Қайғыдан үнсіз тынды қаламым,
Айтсаңшы, жаным, кімді қаладың,
табылар ма екен?
Кешіріп ойды байлығымды алған,
Серпіліп көңіл қайғы-мұңдардан
арылар ма екен?
1995 жыл
* * *
ШЫРАҚ ЖАҚТЫМ
Шырақ жақтым азайсын деп надандық,
Әрине, ол Ильичтің шамы емес.
Бала кезден аңсағаным — адамдық,
Көргенімнің бәрі — елес…
Аспан емес, жер болған соң тұрағым,
Тірлігіммен үйлеспейді ой, білемін.
Ағарта алмас жалғыз жаққан шырағым
Надандықтың түнегін.
Күн болуға ұмтылмадым,
Махмұт
шыққан биік аласарып қалмасын.
Әрбір таңда оянатын ақ үміт
Жағаладым жар басын.
Осы шығар дүниенің тозағы,
Сыртқа шықпай ішімде өлді қанша мұң.
Тілі ұзын, білімдері жоғары
Надандардан шаршадым.
Махмұттың арманы жоқ:
Сауатсыз
бұқараға күн болуды қалады.
Тыңдамайды, жан айқайым жауапсыз,
Ақырзаман адамы.
Жұман қырттан айнымайды «данамыз»,
Қолпаштайды көтермелеп ермесі.
… Шырақ жақтым — жарық болсын арамыз,
Сен өшіре көрмеші.
2003 жыл
ӨЗІҢДІ КӨРЕМ
Сағындым, апа, жүзіңді жарқын сағындым,
Өзіңді көрем ішінен мың сан сағымның.
Өзіңді көрем көзінен асыл жарымның,
Махаббатысың ақ сүтіңді емген бар ұлдың.
Сағындым, апа, алақаныңды,
Басымнан
сипашы келіп көрейін сені қасымнан.
Тағдырым үшін көңілі алаң асыл жан,
Ұлылығыңа адам баласы бас ұрған.
Өмірде мынау ішіне бүккен сан сырды,
Уақытымды бітпейтін жұмыс қаусырды.
Құрсыншы бәрі, төзімім бүгін таусылды,
Естіп қайтпасам құлыным деген даусыңды.
2009 жыл
* * *
«Ол тумады да туылмады.
Әрі оған ешкім тең емес»
Ыхлас сүресі, 3-4 аяттар.
Айналаның бәрі де жаратылыс,
Бір-бірінен алмайды дара тыныс.
Ұйықтап жатыр алаңсыз дала тыныш,
Жаратылыс, ол дағы жаратылыс.
Жаратылыс… Көк пен жер жаратылған,
Еш нәрсе жоқ өмірде дара туған.
Адамдардың бәрін да ана туған,
Жаратылыс, бәрі де жаратылған.
Орман-тоғай, өзен-көл жаратылған,
Әсемдігін өзімен ала туған.
Жаратылған тау-дағы ана тұрған,
Жаратылыс, бәрі де жаратылған.
Жаратқан кім? Бәрі де жаратылған,
Ол — құдірет бәрінен дара тұрған!
Сен, Аллаһым, биіксің бар ақылдан!
Туылмаған, тумаған дара тұлғаң,
Жаратқан Сен, қалғаны жаратылған.
1996 жыл.
МАҢДАЙ
Қамшы сабы — өміріңнің өлшемі,
Қандай қысқа, қойған екен жарытпай...
Қуанар сәт — ғұмырдың бір бөлшегі,
Арқалар мұң табыттай.
Ертең — жұмбақ,
Оралмайды кешегі,
Жүрер жолын пенде өзі таңдай ма?!
Барлық тағдыр жазылыпты деседі,
Жарты қарыс маңдайға.
Қайдан келдім?
Барар жерім: ол анық,
Жауап таппай сенделеді санам аш.
Екі құлаш шүберекке оранып,
Аттанармын қара жерге жалаңаш.
Бары — осы,
Бұл — өмірдің шындығы,
Ұзақтығы — қас пен көздің арасы.
Қараңғы көр ашылмайтын түндігі
Қуып келе жатыр бізді, қарашы.
Атақ, даңқ — аз қызыққа алданып,
Болып жүрміз күнде қызыл кеңірдек.
Билік құрған дүниеге малданып,
Хан-патша да хақ өлімнен жеңілмек.
Қамшы сабы — бір ғұмырды құрайды,
Жаратқанның жазған жасын аз деме.
Ібіліске сатылған жан жылайды,
Шаттанады тиген маңдай сәждеге.
Фәни бітер,
Бақи болар — тұрағым,
Келген жерге қайта барар шыбын жан.
Кешірімді, Аллам, сенен сұрадым,
Мейірімді аямашы құлыңнан!
Өкінгеннен еш пайда жоқ өткесін,
Сендім анық: тек Алланың құлымын.
Ібілістің жетегінде кетпесін
Жарты қарыс жерге сыйған ғұмырым.
2003 жыл.
Abai.kz