Мемлекеттік тілімізге тәуелсіздік керек!
Әңгімені айналасын араб мемлекеттері қоршаған Израиль мемлекетінен бастайық.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 1947 жылы 29 қарашадағы Палестина елін бөлу жөніндегі шешімі бойынша, аумағы 14 мың шаршы шақырым жер бөлініп, еврейлер Израиль мемлекеті болып құрылды..Елдің басты экономикалық және мәдени орталығы - Тель – Авив болғанымен, астанасы Иерусалим қаласы. Міне, осы еврей жұрты талай ғасыр бұрын жоғалтқан иврит тілін (ежелгі ғасырлардағы еврей тілі) қалай қалпына келтірді?
Алғаш осы мемлекет құрылғанда дүниежүзіне шашылып кеткен, сондай-ақ, әр тілде қарым-қатынас жасайтын, еврей халқы жиналып, өздерінің көне заманда жоғалып кеткен ұлттық тілін қалай тірілтті, сонымен қатар, мемлекеттік іс жүргізу тіліне қалай айналдыра білді?! Мысалы, Ресейден барғандар – орысша, Еуропадан барғандардың негізгі бөлігі - ағылшын, француз, испан тілдерінде сөйлеген екен. Араб елдеріндегі, әсіресе Йемен елінен барған қалың еврейлер араб тілінде ғана іс жүргізуге шамасы келген көрінеді. Дегенмен, әр тараптан келген еврей ұлты, қысқа уақыттың ішінде ғана өзінің ежелгі ана тілі ивритті оқып, жаңғыртып, қайта қалпына келтірді. Өздері де бір тілді халыққа айнала білді. Табандылық және отаншылдық деп осыны айт!
Кейінгі кезде оқып та, естіп те жүрмін, біздің кейбір ақымақ зиялы қауым өкілдері (қара құлдар) егер елімізде орысша жұмыс жүрмейтін болса, мемлекеттік экономиканы құлатамыз деп айтқандарын естідім. Сонда, кезіндегі Кеңес Одағының құрамындағы он бес республика, яғни айтқанда, қазіргі дербес Тәуелсіз мемлекеттердің қайсысы анау қылмыстық бағыт ұстаған, қазіргі күндері әлемге жексұрын болған, кезіндегі крепостной құлдардың (тарихта солай), Ресейдің тілімен іс жүргізуде? Біз оған, қазақ халқы қатты намыстанамыз! Қане, қайсысы айтыңдаршы?! Мысалы: Грузин де, Әзербайжан да, Латыш пен Эстон да, Тәжік пен Түркмен, Өзбек те, сенің орысшана түкіргені бар. Они давным-давно отреклись от этого языка. Ал, біздің жоғарғы билік өкілдері, әлі күнге дейін, құлдық санадан арыла алмай жүр. Айтатындары, экономика құлап қалады. Ал, жоғарыда айтылған, біздің елмен құрдас, қазіргі Тәуелсіз мемлекеттердің экономикасы құлап жатыр ма? Көп жағдайда, қайсыбірі елімізден алда тұр. Біздің мемлекет билігі, халқымыздың рухани жағын құлатты деуге болады. Қазіргі күндері, солтүстік пен шығыс облыстарға, кейінгі бір-екі жылда Ресейден ағылып келген қалың орыс қауымы қоныстанып (Ресейден келіп жатқан фирмалар мен кәсіпкерлік ұйымдардың артуына байланысты, сонымен қатар, былай да келіп жатқандары жетерлік), елдегі орыс қоғамын күшейтіп жіберді. Әрине, бұл жоғарыда жүрген биліктің әлсіздігі және жалтақ-қорқақтығы. Қытаймен, Арабпен, Құрама Штаттармен және Еуропамен қарым-қатынасын түзетіп, олардан инвестиция тартып жатырмын деп алдаусыратса да, биліктің қорқақтығы анық байқалып тұрады. Ресей баяғыда-ақ, құлап қалған. Одан қорқып керегі жоқ.
Тағы бір айтарымыз кейінгі уақыттарда Ресейдің әнші-биші, тағы басқа өнер қайраткерлері бізге жиі келіп, табыс тауып, сондай-ақ, жұртымызды бодандық санадан арылтпай-ақ, қойды. Осының өзі, үлкен қателік. Тәуелсіз ел болған соң, көрші елдің, яғни орыстың мәдениетін, өнерін, елімізде әспеттеуге, көтеруге тыйым салу керек!
Өткен жылдары өзбек президенті Шавкат Мирзиеев ел алдында жасаған баяндамасында: - Өзбекстан елі, отыз алты миллионға толды (қазір, отыз жеті миллион), енді, үш жылдан кейін қырық миллионға жетеміз, - деді. Шынында да, бізбен ағайын ел, кейінгі жылдары дүркіреп өсіп келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын, осы елдің интернет - сайтын қарап отырып, өзбектің бір ғалым - демографының, - алдағы он бес - жиырма жылдан кейін, біздің өзбектер жетпіс миллионнан асуы мүмкін, - деген сөзін оқыдым. Әрі қарай, тағыда былай дейді; - өзбек мемлекетінің қазіргі аумағы кішіректеу болғандықтан, келешекте өзбек ұлты қасымыздағы Қазақстанға ауа бастайды. Келе-келе, осы елде біздің тұрғындар көбейіп, өзбек тілі ресми тілге айналуы мүмкін және қазақтардың өсім деңгейі бізге қарағанда мүлде төмен, - депті. Осыған қарап, айналадағы көрші елдер, біздің еліміздің демографиялық өсу жағынан мүшкіл хал – жағдайын зерттеп – зерделеп қарап отырады – ау, деген ой келеді. Солтүстіктегі орыстар да, біздің әрбір басқан қадамымызды аңдып, сүзгіден өткізіп, отыратындығы анық.
Осыған орай, еліміздің оңтүстігі мен батысындағы облыстардың тұрғындарына арнап, (бұл жақтың тұрғындары негізінен қазақтар болып келетіндіктен) туу деңгейін әліде көтере түсетін, арнайы, заң қабылдау керек пе дейсің. Өзге өңірлер ештеңе демеу үшін, (солтүстік пен шығыс облыстардың тұрғындары, тіпті қазағы да, қанша көмек жасасаңда, олар бәрібір екі – үш баладан артық өсірмейді) бұған түрлі себептер ойлап табуға болады. Шындығын айтқанда, Қазақстанды Қазақ мемлекеті етіп тұрған осы Оңтүстік пен Батыстың және Абай, Қарағанды, Ұлытау облыстарының қазақтары десек, артық айтпағандық.
Сонымен қатар, біздің қазіргі билік, өзге елдерде шашылып жүрген қандастарымызды жинауды, жеделдетіп қолға алуы керек-ақ. Олар, анау қытайға, өзбекке, түркменге, неболмаса түрікке сіңіп кетуі мүмкін, тіпті, біразы сіңіп кетті де. Бұл жұмысты тек қана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеу көңіл көншітпейді.
Елімізге инвестиция тартып, реформа жасаумен іс бітпейді. Егер, мынау ұланғайыр мемлекетті алдағы уақытта қорғап, өзгелерге есесін жібермей, ұстап тұратын жергілікті ұлттың саны өспесе, экономиканы көтергенің кімге керек! Әлде, мигранттармен күн көреміз деп жүрміз бе?! Біздің елдің айналасы, яғни айтқанда, Қытай немесе Ресей болсын, саны жағынан қазақты әлде неше рет орап алатын алып елдер. Тіпті, қасымыздағы ағайын өзбек елінің өзі жыл сайын қатары қалыңдап, дүркіреп өсіп келе жатқан мемлекет. Жоғарыда келтіргендей, өзбек демографы шындықты айтып отыр. Бізге үшінші ресми тіл керек емес! Сондықтан, көрші мемлекеттердегі қазақтарды уақыт созбай елге қайтарып алуды, қазақтардың саның көбейтуді ойластыру керек. Бұл, уақыт күттірмейтін, ең өзекті іс!
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz