Сәрсенбі, 15 Қаңтар 2025
Әдебиет 831 0 пікір 13 Қаңтар, 2025 сағат 13:09

Хан Гаңнан үш қысқа әңгіме

Сурет: Librebook

АЙ НҰРЫ

Әлде бір мұздай суық алақан оның маңдайын сипағандай болып, түс құшағынан селт етіп оянды. Ай нұры терезенің сыртындағы тоғайға төгіліп, ағаш арасынан сығалаған алакеуім ақ сәуле екеуінің жастығын көгілдір түске бояпты. Шырт ұйқы құшағында жатқан жігіт бері қарай аунап түсіп, оған құшағын жазды, бірақ ол басын көтеріп, тіктеліп отырды, жігіттің қолы бос ауаны қармап барып, көрпеге сылқ ете түсті. Сүттей жарық ай нұры оның жүзін аймалап, кірпігі мен баладай балғын ернінің нобайын анық көрсетті. Ол ұйқы құшағында жатқан жігіттің жалғызсырап қалуынан алаңдап, төсегіне қисайып, бетін ақырын ғана жігіттің білегіне басты.

ИЫҚ

Ертеде біреу менен: «адамның рухани күйін дәп басып аңғартып тұратын мүшесі қайсы?» деп сұрағанда, мен оған «иық» деп жауап бергемін. Кісінің иығына қарап-ақ оның жан әлемінің құлазулы күй кешкен-кешпегенін байқауға болады. Адамның иығы қысылғанда сіресіп, қорыққанында қушиып, арындағанда керіле қалады. Сенімен танысудан ілгері жауырыным сырқырап ауырған шақтары алақаныммен мытып, ауырған жерімді уқалайтын едім. Сонда мен «шіркін, менің мына алақаным күн нұры болса, немесе мамыр айының майда қоңыр самалы болса, қандай тамаша еді» деп ойлайтынмын. Тұңғыш рет сенімен қатарласып, асфальт жолда кетіп бара жатқанымда, жол ойда жоқта тарыла қалып, біз бір-бірімізге жабыса қалғандай болдық. Сол сәт есіңде бар ма? Сенің қалақтай иығың мен менің қушиған иығым соқтығысып қалған сол мезетте жұқалтаң иін сүйегімізден сыңғырлаған қоңырау үні шыққандай болған-ды.

ҮН

Ол «адам жан үзер сәтте есту түйсігінен басқа түйсіктері түгел жойылады, көре алмайтын, иіскей алмайтын, сондай-ақ, ауырғанды да білмейтін сәтінде мына дүниенің әуені құдды ештеңені көре алмайтын іштегі нәрестенің ең алғаш естіген үні сынды құлағында тұрады» дегенді естіген. Ол келбеті келісті емес, бірақ үні әдемі әйел затымен бірге өмір сүрді. Ол қараңғылық құшағында сол әйелдің күбірін тыңдап жатып, ұйқыға бататын. Ал әйелі қоңырлата ән салғанда, қолындағы жұмысын кідірте тұрып, көзін жұмып, сол әуенге елтетін. Ол келіншегіне «сенің үнің қарындашқа ұқсайтындықтан өзіңді ұнатқамын» дегенде, келіншегі сыңғырлай күлген – «Бұл не дегенің?». Ол оның үнінің жым-жырт түнде қағазға жазу жазғанда қарындаштан шығатын сырылдаған үнге ұқсайтынын оған айта қойған жоқ. Оның бұл жалғандағы жалғыз уайымы – жарының сол үнінің өзінен бұрын үзіліп кетпеуі еді.

Қытай тілінен аударған Түселхан Болбан

Abai.kz

0 пікір