Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3682 0 пікір 29 Қаңтар, 2014 сағат 06:10

Қанат Бозымбаев, «Т-34» танкі және Аймауытов ескерткіші

Соңғы кездері Павлодарда Жүсіпбек Аймауытовқа байланысты біраз дау көтерілді. Кейбір ақпарат құралдары «Облысқа жаңадан келген әкім Қанат Бозымбаев Аймауытовқа ескерткіш қоймайтын болды, ақшасын қысқартып тастапты» деп бір жазса, артынша «Бәрекелді, Алаш азаматына ескерткіш қойылатын болды» деп, қайтадан сүйінші сұрап жатты. Меніңше, облыстың жаңа басшысының Жүсіпбек Аймауытовқа ескерткіш қоюға қарсы тұруға шамасы да келмес еді. Сонда бұлай істеген жағдайда Қанат Алдабергенұлы қазақ ұлтын, қазақтың зиялы қауымын өзіне қарсы қойып алатынын мүлдем түсінбейді дейсіз бе?!. «Үш жыл қой баққаннан ақыл сұрама» деген, жыр алыбы – Жамбыл жерінде төрт жыл бойы қой емес, ой баққан Қанат Бозымбаев басқа-басқа мұны өте жақсы түсінеді. Алаш азаматына ескерткіш қою, мерейтойын өткізу мәселесіне енді ешқандай қағаз да, протокол да қарсы тұра алмайды. Меніңше Бозымбаевтың бойында да, ойында да осындай сенім тұр. Облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы ақпарат құралдары арқылы «Ескерткіш орнатылады» деп айтып, уәде берді ме, Алла деп сөйлейік, ол орындалады.

Соңғы кездері Павлодарда Жүсіпбек Аймауытовқа байланысты біраз дау көтерілді. Кейбір ақпарат құралдары «Облысқа жаңадан келген әкім Қанат Бозымбаев Аймауытовқа ескерткіш қоймайтын болды, ақшасын қысқартып тастапты» деп бір жазса, артынша «Бәрекелді, Алаш азаматына ескерткіш қойылатын болды» деп, қайтадан сүйінші сұрап жатты. Меніңше, облыстың жаңа басшысының Жүсіпбек Аймауытовқа ескерткіш қоюға қарсы тұруға шамасы да келмес еді. Сонда бұлай істеген жағдайда Қанат Алдабергенұлы қазақ ұлтын, қазақтың зиялы қауымын өзіне қарсы қойып алатынын мүлдем түсінбейді дейсіз бе?!. «Үш жыл қой баққаннан ақыл сұрама» деген, жыр алыбы – Жамбыл жерінде төрт жыл бойы қой емес, ой баққан Қанат Бозымбаев басқа-басқа мұны өте жақсы түсінеді. Алаш азаматына ескерткіш қою, мерейтойын өткізу мәселесіне енді ешқандай қағаз да, протокол да қарсы тұра алмайды. Меніңше Бозымбаевтың бойында да, ойында да осындай сенім тұр. Облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы ақпарат құралдары арқылы «Ескерткіш орнатылады» деп айтып, уәде берді ме, Алла деп сөйлейік, ол орындалады.

Менің бұлай деуіме, Бозымбаевтың Жамбыл жеріндегі тірліктері түрткі болып отыр. Тараз қаласында бір кездері осы облысты басқарған сонау Амалбек Тшанның билігі тұсында қазығы қағылып, одан кейінгі қаншама әкімге «мұра» болып қалып, бертінге дейін созылған Орталық мешіттің құрылысын әулиеаталықтар жақсы біледі. Сағыздай созылып, «сақалды» құрылысқа айналған осынау Алла үйінің құрылысын аяқтаймын деп Қанат Алдабергенұлы көпшіліктің алдында уәде бергенде ел сенбеген де болатын. Бірақ, облыс басшысы уәдесінде тұрды. Он бес жылдай уақыттан бері бітпей жатқан мешіт ғимаратын бір жазда пайдалануға берді. Қазір Таразға барсаңыз, төрінде аппақ жұмыртқадай болып көздің жауын алып тұрған осынау орталық мешіт бірден көзіңізге түсер еді. Қасында медресесі тағы бар. Тарихшылардың зерттеуіне қарағанда Тараздың орталық базары көне қаланың үстінен салынып кеткен. Осы сауда орындарының астында қаншама тарих, қаншама құпия, сол замандардан мол мағлұмат беретін қаншама жәдігер дүниелердің жатқаны туралы тарихшылардың зар қақсап жүргеніне қаншама жыл болды десеңізші. Енді міне, базардың бәрі көшіріліп, оның орнында арнайы экспедицияның жұмыс істеп жатқанына да екі-үш жылдың жүзі болды. Археологтар небәрі бір метрдей тереңдіктің өзіннен көптеген көне заттар тапты. «Елдің бәрін дүрліктіріп, базарды көшіргенде не тапты?» деп өзеурегендердің бүгінде даусы жарқын шықпай қалды. Болашақта бұл жер ашық аспан асты музейі болып, Тараз туризмін табысқа жетелейтіні анық. Көне Тараз тарихын, Тараз емес-ау, қазақ тарихын аршып, жарыққа шығуына жағдай жасаған Қанат Бозымбаевтың бұл еңбегі ұлтқа жаныашымастық деп кім айтар еді?!

Былтыр ғана 350 жылдығы кең көлемде аталып өткен Төле би бабамыздың еңселі ескерткіші тағы да Тараздың төрінен орын тепті. Той демекші, қазақтың батыр ұлы Баукеңнің 100 жылдығы, қаламгерлер Шерхан Мұртаза мен Әкім Таразидің 80 жылдық мерейтойлары осы Әулие ата жерінде дүрілдеп өткеніне де көп уақыт бола қойған жоқ қой. Халық жазушысы Шер-ағаңа Алатаудың төрінен үй алып беріп, Әкім ағаға «Джип» темір тұлпарын мінгізгенін де халық ұмыта қойған жоқ. Сондықтан меніңше ұлт зиялыларына ескерткіш қою мен мерейтойын атап өту Бозымбаев үшін таңсық дүние емес.

Бірқатар сайттардан павлодарлық зиялы қауым өкілдерінің ашық хатын оқып, үлкен ойға қалдым. Ашық хат жазғандар халық жауы емес. Адам ашынғаннан жазады. «Адамның басшысы - ақыл, шолушысы - ой, жетекшісі - талап, қорғаушысы - сабыр, сынаушысы - халық, таусылмайтыны - арман, ең қымбаттысы - ар сақтау, бәрінен ардақтысы - өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген екен Төле би дана. Сол айтпақшы, әкімнің жұмысын халық сынамай, кім сынайды? Павлодарлық зиялы қауым өкілдерінің қойып отырған мәселесі дұрыс. Ұлттың мәселесі келгенде кез-келген басшы қамшы салдырмауы керек. «Павлодарда Тәуелсіздік монументі жоқ, 18-ғасырдағы ұлт азаттық соғысы кезеңінде Ертістің Кереку-Баянауыл өңірін басқыншылардан қорғаған Олжабай, Жасыбай, Малайсары, т.б. батырларға ескерткіш орнатылмаған» деген ойлары өте құптарлық.

Бірақ, жаңадан барған басшыға мүмкіндік беру керек жағын ескеру керек сияқты. Осы тірліктің бәрін аз уақытта істеп, тауысып тастау мүмкін еместігі түсінікті. Сондықтан зиялы қауым мен облыс басшылығы ой-пікірін ортақ арнаға тоғыстырып, екі жақ бір-біріне  көмекші, ақылшы, бағдаршысы болса, кәнекей. Сонда ғана тірлік өнеді. Осылайша әр іске сабырмен, түбіне ой жүгіртіп, ақылмен қарау керек сияқты. Ал, «Павлодардағы Ленин көшесіндегі ардагерлер саябағында тұғырда тұрған советтік «Т-34» танкі өткен жылдың қыркүйек айында Сормов көшесінде темір жолға таяу бақта жаңадан салынып жатқан Әскери даңқ мұражайына көшірілген екен. Соғыс жылдарында әскерлер сол тұстан майданға аттаныпты. Жуырда әлгі басылымдар танкты орнына қою жөнінде байбалам салып еді, қалалық прокуратура солардың пайдасына шешім шығарды: «Т-34» танкі 30 күн ішінде бұрынғы орнына қайта апарылуы керек!..» деген ақпараттың мән-жайы да жаңа ғана кейбір сайттарда ашылып айтылды. Қалалық әкімдіктің танкті орнынан алып, саябаққа апарғаны рас. Ешқандай құжатсыз. Ол танк көшеде көлденең жатқан қара тас емес қой, ол да бір мекемеде тіркеуде, қадағалауда тұр. Оны көшірудің де өз ережесі, өз заңдылығы болуы тиіс. Сөйтіп, заңдылықты қадағалаушы прокуратура бұл істен кемшілік тауып, орнына келтіруді талап еткен. (Бірақ қайта көшіріп қою мүмкін емес, себебі ауа райы жағдайына байланысты (қыс мезгілі болғандықтан) ескерткіштің тұғырын орнату жұмыстарын жүргізуге мүмкін болмай отыр. Сонымен қатар қазір таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті құжаттама дайындалып, аталмыш ескерткіштің басқа жерге көшірілуіне байланысты Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігіне келісуге жіберілген.

Сондай-ақ, біз Ұлы Отан соғысы жылдарындағы экспонаттарды бір жерге жинаған Сормов көшесіндегі Ашық аспан астындағы мұражай саябағына қойылған Танк Т-34 ескерткіші өз орнын тапқан деп есептейміз» делініпті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Ал, танкі тұрған бұрынғы орын қазіргі заманға сай жаңадан жасанып, жайнай түспек. Бұдан Павлодардың көркі ашылып, сұлулана түсетініне ешқандай күмәнім жоқ. Сондай-ақ, қала әкімдігі жанынан «Россия» қонақ үйіне байланысты арнайы комиссия құрылып, құрамына тәуелсіз сарапшылар ретінде өлкетанушылар, тарихшылар мен сәулетшілер енбек. Сондай-ақ, осы комиссия жұмысына тұрғындар мен журналистер де қатыса алады. 

«Ана тілі - халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі - жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтын-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына» деген екен Жүсіпбек Аймауытұлы. Жақында ғана республикалық газеттер Қанат Бозымбаевтың Кереку жеріндегі жиналыстарын мейлінше қазақша жүргізіп жатқанын жарыса жазды. Әрине, қазақтың өз жерінде қазақша сөйлеп жатқанын қызық көріп, сүйінші сұрап жатқанымыз бір жағы ерсі де көрінер. Бірақ, осының өзі Бозымбаевтың ұлтқа жанашыр екенін, жаңашыл басшы екенін көрсететіні анық қой.

«Мен Жүсіпбек Аймауытовтай шебер жазушыны бұрын-соңды көргенім жоқ». Белгілі қазақ қаламгері Бейімбет Майлиннің осы бір сөзі-ақ Жүсіпбектей жүйріктің бүкіл шығармашылығының әділ бағасын беріп тұрғаны анық. Расында көркем сөздің ерен жүйрік зергері Жүсіпбек Аймауытовтың қаламынан туған шығармалар, оның айтар ойы, ішінде көтерілген дүниелері, мәселелері  қаншама жылдар өтіп, тіпті, арада бүкіл жүйе, сана өзгеріп жатса да әлі күнге өз маңызын, салмағын жойған жоқ. Сондықтан Жүсіпбек Аймауытовтың жұлдызы қазақ әдебиетінің темірқазығы сияқты кейінгі ұрпаққа жол көрсетіп, үлгі болып, күн өткен сайын жарқырай беретіні анық. Сөз жоқ, Керекуде Аймауытов ескерткішін қою ел көптен күткен мәселе. Енді игі істі жүзеге асыруды тек атқарушы билікке  артып қоя салмай зиялы қауым өкілдері де өздерінің ортақ міндетін түсініп, жұдырықша жұмыла кіріссе жұрт сүйсінетін сапалы дүние жасалары хақ.

Айдар СЕЙДӘЗІМ,

Астана қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317