Сабыр Сәйхалидің өлеңдер жинағының бір нұсқасы табылды
Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде шығыс ақыны Сабыр Сәйхалидің 1905 жылы Қазан қаласында араб графикасында жарық көрген көне кітабының таныстырылымы өтті.
Кітапты құрастырған - Исмаил Шамсудинов. Кітаптың атауы – «Диуани Сәйхали». Туынды 296 беттен тұрады. Бұл кітапта діни-тарихи ұзақ жыр жазылған. Дүниенің жаралуынан бастап, 680 жылғы Хұсайынның Кербала шөлінде соғысып өлгеніне дейнгі тарих қамтылды. Тарихи жырдың авторы - шығыс ақыны Сабыр Сәйхали.
Сабыр Сәйхалидың есімі Абай өлеңінде аталады.
«Фзули, Шамси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Қожа Хафиз бу хаммаси,
Мәдет бер, иә, шағири[1] фарияд[2]».
[1] - Шағири (арабша) – ақын.
[2] - Фәрияд (парсыша) – теңдесі жоқ, асыл.
Демек, Абай Құнанбайұлы шығыстың теңдесі жоқ ақындарынан медет сұраған болса, сол медет (бата) сұраған шығыс ақындарының бірі - Сәйхали ақын.
Өлеңдер жинағының бір нұсқасы Павлодар облысында табылып отыр. Бұл кітаптың бірнеше нұсқасы Алматы облысындағы Ұлттық кітапханада сақталса, тағы бір нұсқасы Абай облысындағы Абай музейінде тұр. Абай музейіне Қайым Мұхамедханов тапсырған. Сирек кітап Абайдың туған күніне орай, Павлодар қаласының тұрғындарына таныстырылды.
Жәдігерді Павлодар қаласының тұрғыны Қалипа Үкенқызы табыстайды.
Абзал Оралұлы Рымбек, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері:
– Жалпы, біздің музей әдебиет және өнер музейі болғандықтан сирек кітаптар мен жәдігерлерді ел ішінен жинастыру біздің бір міндетіміз. Өз басым жүрген жерімде жасы келген қарт қарияның аузынан келелі әңгіме мен есті естеліктер жазып алуды әдетке айналдырдым. Және де көне кітаптар жайлы сұрастыра жүремін.
Сондай бір кездесуде Қалипа апамыз ертеректе атасының меккеге жаяу барып, өзімен бірге құран кітап әкелгенін сөз еткен еді. Сол кітаптың нақты құран ба, немесе оқулық па екенін анықтау үшін арнайы барып едім. Қарағаным нақ құран болып шықты. Сосын артынан тағы да бірнеше кітап көрсетті.
Соның бірі осы «Диуани Сәйхали» кітабы екен. Кітаптың атауын оқыған сәтте ойыма Абайдың «Фзули, Шәмси, Сәйхали» деген өлеңі орала кетті. Кейін кітапты арнайы зерттеп, Абай өлеңіндегі Сәйхалимен байланысын анықтап, музей басшылығымен арнайы Абай күніне орай таныстырылымын өткізуді шештік.
Abai.kz