Сәрсенбі, 1 Шілде 2026
Тарих 129 0 пікір 1 Шілде, 2026 сағат 13:47

Алтайдан басталған көтеріліс

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

Осы тұста әр аймақта-ақ ұлт-азаттық көтерілісі құлашын кең жая бастаған-ды. 1944 жылдың күзінде Іленің Нылқы ауданында Ақпар, Сейіт, Ғани бастаған көтеріліс болып, ілезде бүкіл аймақтың барлық аудандарын қамтиды. Әлихан, Еркімбек, Жәйірбек қатарлы адамдар көтеріліс басшыларымен тізе қосып белсенділік көрсетеді. Ақыры Іле ойпатында көтерілісшілер бас қосып, Іле халқын азат етеді. 1944 жылы қарашаның жетісі күні "Шығыс Түркістан мемлекеті" деген атпен дербес өкімет жариялайды.

Туларында ай-жұлдыз белгісі болады.

1940 жылдан бері қарулы көтеріліске басшылық етіп келе жатқан Оспан, Шығыс Түркістан өкіметін қолдап, Алтай аймағын азат етуді мақсат етеді.

1945 жылы наурыз айында Тарбағатай аймақтарының қазақтары көтеріліске шығады. Осы жылдың мамыр айында Манас ауданында Қалибек Райымбекұлы мен Хамза Шөмісбайұлы халықты ұйымдастырып, Қытай өкіметіне қарсы көтеріліс жасайды. Манас ауданы - Үрімжі, Тарбағатай, Іле аймақтарын жалғастыратын стратегиялық мәні бар жер-ді. Қалибек пен Хамза бастаған көтеріліс осы үш аймақтың жолын кескендіктен Қытай әскері Манас өзенінен өту еркіндігінен айрылады. Тарбағатай аймағындағы қытай әскерлерінің байланысы үзіледі. Хамза Шөмісбайұлы дереу Іледегі Шығыс Түркістан халық өкіметінен әскери көмек әкеледі. 1945 жылы Тарбағатай азат болып, аймақ уәлилігіне Башбай тағайындалады.

Алтай аймағындағы Оспан батыр бастаған көтеріліс те күн сайын жеңіске жетіп отырады. Өйткені Үрімжіден келетін әскери көмек еріксіз айналма жолмен жүруге межбүр болады. Манас көтерілісшілердің қолында қалады. Екінші жағынан, Оспан Шығыс Түркістан Халық Өкіметімен қарым-қатынаста болады. Сөйтіп, екі жақтан жүргізілген күрес нәтижесінде 1945 жылдың 15 қыркүйегінде Алтай аймағының орталығы Сарсүмбе азат болады. Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтары қытайлардан азат етіледі. Бұл үш аймақты ішіне алған Шығыс Түркістан Халық Өкіметінің орталығы Іле боп белгіленеді. Алтай, Тарбағатай оның бөлінбейтін аймақтары болады. Өкімет бастығы Әлихан, әскер бастығы Сқақбек, Алтай аймағы әскер басшысы болып Оспан батыр тағайындалады. Алтайдың екінші әскер басшысына Дәлелхан Сүгірбайұлы, Іле аймағының уәлилігіне Қасымбек бекітіледі.

Шығыс Түркістан өкіметі Шыңжан өлкесінің жеті уәлаятын (облысын) қытайлардың отарынан, қол астынан құтқарғанға дейін ұлттық күресті жүргізе беретінін жариялайды. Тағы шабуыл басталады. Көтерілісшілердің шабуылына төтеп бере алмаған қытай әскерлерінің қашудан басқа амалы қалмайды. Сөйтіп Шығыс Түркістанның әскери күші бір тараптан Манас, екінші тараптан Ақсу өзені секілді стратегиялық мәні бар жерлерге жақындайды.

Халифа Алтай

"Алтайдан ауған ел" кітабынан

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір