Айдос САРЫМ: «ТЕЛЕАРНАЛАРДА ШЫНАЙЫ ЕШТЕҢЕ ҚАЛМАДЫ...»
– Жуырда ғана Қырғыз-Қытай шекарасында тосын оқиға орын алып, қырғыз шекарашылары 11 лаңкесті атып өлтірді. Осы оқиға мен «Арқанкерген» оқиғасының арасынан ұқсастықтар көрмейсіз бе?
– Екі оқиға да шекарада орын алды дегені болмаса, басқа ешқандай ұқсастық көріп отырған жоқпын. Қырғызстанда қарулы топ Қытайдан бері қарай өткісі келген жерде құрықталып, жойылды. Арқанкергенде кіл қазақтың арасында қорлық пен көтензорлықты көрген Челах жынданып, заставаны қырып тастады.
– Қырғыздар шекарада болған оқиғаны отандастарынан жасырған жоқ. Шекарашылардың «беріл» деген бұйрығына лаңкестердің «Аллаһу әкбар» деп оқ боратқанын ресми түрде мәлімдеді. Ал, бізде Қазақстанда бәрі керісінше. Біздің билік орын алған оқиғаларды мүмкіндігінше халықтан жасыруға тырысады. Мәселен, 2009 жылы Ақтау түрмесінде жатқан 21 тұтқын қашып шығып, қолға түсетін болған соң, ақырында өз-өздерін жарып жіберді. Және олар да жарылар алдында «Аллаһу әкбар» деп айғай салған. Осыны мәлімдеген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің сол кездегі баспасөз хатшысы қызметінен босатылды. Мұндай фактілер жетіп-артылады. Биліктің бұл қадамы қоғамды тұрақсыздандырады деп ойламайсыз ба?
– Жуырда ғана Қырғыз-Қытай шекарасында тосын оқиға орын алып, қырғыз шекарашылары 11 лаңкесті атып өлтірді. Осы оқиға мен «Арқанкерген» оқиғасының арасынан ұқсастықтар көрмейсіз бе?
– Екі оқиға да шекарада орын алды дегені болмаса, басқа ешқандай ұқсастық көріп отырған жоқпын. Қырғызстанда қарулы топ Қытайдан бері қарай өткісі келген жерде құрықталып, жойылды. Арқанкергенде кіл қазақтың арасында қорлық пен көтензорлықты көрген Челах жынданып, заставаны қырып тастады.
– Қырғыздар шекарада болған оқиғаны отандастарынан жасырған жоқ. Шекарашылардың «беріл» деген бұйрығына лаңкестердің «Аллаһу әкбар» деп оқ боратқанын ресми түрде мәлімдеді. Ал, бізде Қазақстанда бәрі керісінше. Біздің билік орын алған оқиғаларды мүмкіндігінше халықтан жасыруға тырысады. Мәселен, 2009 жылы Ақтау түрмесінде жатқан 21 тұтқын қашып шығып, қолға түсетін болған соң, ақырында өз-өздерін жарып жіберді. Және олар да жарылар алдында «Аллаһу әкбар» деп айғай салған. Осыны мәлімдеген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің сол кездегі баспасөз хатшысы қызметінен босатылды. Мұндай фактілер жетіп-артылады. Биліктің бұл қадамы қоғамды тұрақсыздандырады деп ойламайсыз ба?
– Бұл айтып отырғандарыңыз бізге жеткен ақпарат қана. Осының сыртында бұдан да зор шындықтар жасырылып жатқаны белгілі. Мысалы, Сирияға кеткен жүздеген қазақ азаматтары туралы ақпарат осыдан бір жарым жыл бұрын белгілі болған. Жақында ғана Ақмола облысында бүтін бір ауылды жайлаған ұйқы-ауру туралы ақпарат кем дегенде үш ай бұрын белгілі болды. Бұндай саясаттың себебі бір: еліміздегі биліктің авторитарлы болуында, кеңестік қалыптан шыға алмауында. Авторитарлы билік қоғамды ғана қамап тастамайды, өзі де қамалады. Баяғыда Салтыков-Щедрин осыған ұқсас Ресей билігі туралы «бұл билік өз халқын үнемі таң қалдырып отыруы керек, әйтпесе билігінен айрылады» деген екен. Біздікі де сол. Барлығынан асып түстік, қырдық-жойдық, оздық-астық, ғажап-керемет, тамаша-тамаша дегенге халықты әбден үйретіп алған соң, өз өтірігіне өзі сеніп қалғандықтан, кез-келген тосын оқиғаны билік өзіне қауіп ретінде қарастырады. Көптеген жағдайда осындай «үндемес» саясаты биліктің желкесінен шығып жатады. Жаңағы Челахтың ісін көпшіліктің әлі де сан-саққа жүгіртіп жатқаны да сондықтан. Шынайы ақпарат айтқан күннің өзінде де оған халық сенбейтін жағдайға жеттік.
– Бүгінде «Катев» қоры жетекшілік ететін түрік лицейлері көптеген мемлекеттерде жұмыс істеп тұр. Және түрік лицейлерінің артында «нұршылдық», «сүлейменшілдік», «гүленшілдік» тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал, мұндай лицейлер Қазақстанда жетеді. Оны бітіргендер қатары Қазақстан билігіне араласа бастады. Сіз осылардан қауіп көрмейсіз бе?
– Менің ойымша, қазақ-түрік лицейлері мен жоғары оқу орындары Қазақстандағы ең сапалы білім ошақтары. Ал, осының сыртындағы теріс үрдістерді қоғам, баспасөз, арнайы органдар зерттеп, олардың кең өріс алмауына жол бермегені дұрыс.Исламдық бағыттағы ағымдарға келсек, бүгінгі күні Қазақ ұлтына, мемлекетіне ең үлкен қауіп төндіріп отырғандары – уахабилер мен салафшылар. Олардың да өкілдері билікке араласып жатыр. Телеарналар мен баспасөз құралдарындағы журналистерді көптеп өз жағына тартып, қоғамдық пікірге әсер етіп жатыр. Дәл бүгін айтатын болсақ, осыны айту керек. Жалпы алғанда, Қазақстандағы барлық шетелдік, мәдениетіміз бен егемендігімізге жау, жат жамағаттардың барлығына «сау бол» деп елден ысырып тастайтын уақыт келді. Қазақстанда алдағы уақытта бір ғана баршаға ортақ, ҚМДБ-ға қарайтын белсенді жамағат қалыптастыру тұрғысында қыруар еңбектену қажет. Менің түсінігімде, бұл жамағатты барша ел ішіндегі түркі-мұсылмандарды біріктіре алатын «Алашия жамағаты» деп атап, оның рухани, теологиялық, философиялық, құқықтық негіздерін жасақтап шығу керек. Біздің билік, Дін істері агенттігі, ҚМДБ бастарын бүгін осыған ауыртуы керек. Екінші бір мәселе, ҚМДБ Қазақ жері мен қазақ диаспорасын өзінің «канондық жауапкершілігінің аймағы, аясы» деп танып, барша қазақ пен барша Қазақстан мұсылмандарына қатысты рухани-теологиялық жауапкершілікті өз мойнына алғаны дұрыс. Тіпті қажет болса қазақтар қалың отырған шет мемлекеттегі молдаларды елге шақыртып, оқытып, оларды ел, ұлт мүддесіне жұмыс істеткізу керек. Бұл, айналып келгенде, қазақ көшін қайта жандандырудың көптеген кезек күттірмес мәселелерінің бірі.
– Қазақстандағы идеологияның тізгінін бүгінде әншілер мен дикторлар ұстап отыр. Осының зардабы қалай болмақ?
– Дикторлар да, әншілер де көбінесе басқалар жазып бергенді оқитын немесе айтатын адамдар. Ал, қоғамның астарында аса үлкен құндылығы, маңызы жоқ, теледидардағы тәрбие-тәлімі жоқ хихи-қақаға телміріп отырғаны баршаға аян. Бұны үлкен проблема деп айтар едім. Телеарналарда шыншыл, шынайы талқыланар мүлдем ештеңе қалмады. Бұған кінәлі билік. Себебі бүгінгі билікке ел болашағы туралы терең ойланатын, билікке ұнамайтын сұрақтарды қоя білетін ұрпақ пен қоғамның қажеті жоқ. Ал, жегеніне, оттағанына мәз болып, ішкеніне масайрап, екінің біріне қарқылдап күліп отырған қоғамды басқару оңай.
– Украинадағы дүрбелеңге қатысты... Ондағы көтерілген халық Еуроодаққа өту талабымен бірге елде демократиялық қағидалардың сақталуын талап етуге көшті. Бұл халықтың демократия жолына ұмтылуы ма, әлде сыртқы күштердің әсері ме? Демократиялық принциптер жолында халық тыныштығынан айрылып, берекесін қашырып алған жоқ па? Біздің еліміз үшін бұдан қандай сабақтар алуға болады?
– Ешбір сыртқы күш бір миллионнан астам адамды көшеге шығара алмайды. Бұл украин халқының өз еліне, ұлтына деген жауапкершілікті өз мойнына алып, ел ісіне араласа бастағанын көрсетеді. Украинадан біздің үйренеріміз мол. Егер тарата берсе, бұл аса ұзақ әңгімеге айналады. Негізгі сабақтары мынау: Украина кеңестік қалыптан шығып, отарсыздануды белсенді жүргізіп жатыр. Осы елдегі әрбір адамның құны артып, оның саясаттағы рөлі артып келеді. Украинада саяси монополия жойылды. Саяси монополияның жойылуы болашақта елдегі барлық күштерді мәмілеге келтіріп, барлығын халықпен бірігіп шешуге мәжбүрлейді. Миллиондаған адам өзін елдің қожайыны сезініп, өз елінің болашағына деген жауапкершілігін түсіне бастады. Бұның барлығы айналып келгенде елдің шынайы демократияға қол жеткізуіне жетелейді.
– Біздегі жастардың саяси белсенділігін қалай бағалайсыз? Көбіне ЖОО-да пікірсайыс орталықтарын құрып, сол жерде ғана сөз бәсекесін қыздырумен шектеліп жатқан жоқ па? Партиялардың жастар қанаты қаншалық белсенді жұмыс жүргізіп жатыр деп ойлайсыз? Тіпті, жастардың басым көпшілігі елдің саяси-экономикалық жағдайына араласудан гөрі, көп жағдайда ойын-сауық пен тележобаларға әуестеніп кеткен жоқ па?
– Жақсы болсын, жаман болсын, бүгін керемет буын өсіп келеді. Бұлар- Тәуелсіздік ұрпағы. Өзін қазақпын деп есептейтін, қазақ ұлтының болашағын ойлаған әрбір азамат осы буынның жолын ашу, осыларға дұрыс білім беру, санасын улатқызбау, көзіне шел бастырмау тұрғысында еңбектенуі тиіс. Қажет болса осы буынның жолына топырақ боп төселуіміз керек. Ең бастысы, бүгінгі қазақ жастарының бойында кеңестік-имперлік үрейлер мен комплекстер аз. Өкініштісі мынау: бүгінгі білім беру жүйесі азаматтарды емес, ләббайшыл қызметкерлерді, құлтемірлерді әзірлеп жатыр. Университет студенттерді «президентшіл», «нұротаншыл» ету тұрғысында емес, елдің ойлы-арлы патриоты, болашақтағы ел өмірі мен жеке өміріндегі проблемаларды ашық айта алатын, көре алатын, соларды шеше алатын азамат қылып тәрбиелеп шығаруы тиіс. Қазақ студенттері сапалы білім алудан бұрын, дайын жауаптар алудан бұрын ыңғайсыз, қиын сұрақтар қоюды үйренуі тиіс. Профессорлар, ректорлар олар үшін «құдай» болмауы керек. Педагог деген о баста «балаға ілесіп жүруші» дегенді білдіретін. Ежелгі гректерде педагог дегеніңіз бай-шонжарлар жалдап алатын «құлдар» болатын. Ата-ананың «құлы» емес, баланың «құлы».Олар балаға не керек, баланың көңілін қалай табу керек, оқытылып жатқан білімді қалай түсінікті етемін деп жұмыс істейтін адамдар. Ал, бүгінгінің мұғалімдері баланың да, ата-ананың да «құлы» емес, мемлекеттің де құлы емес, ағымдағы билік пен билеуші партияның «құлдары», қағаз бен есептің «құлдары», сайлау мен науқанның «құлдары». Осындай «нагрузкаға» шыдап, балаларды да оқытуға күш пен жігерді тауып жүрген мұғалімдерге қайран қалам! Шын айтам!
– Еліміздегі азаматтық қоғам белсенділігі тек Алматы қаласында ерекше байқалады. Өзге өңірлердегі азаматтардың саяси белсенділігінің төмендігін немен байланыстырасыз?
– Бұл пікіріңізбен келісу қиын... Бүгін тек Алматы мен Астана ғана емес, басқа да өңірлердегі қазақ жастары ояна бастады. Жер-жерде ұлтшыл, мемлекетшіл жастар бірігіп келеді. Бұл шынайы азаматтық қоғамның пайда болып келе жатқанының нышаны.
– Жалпы, сіздің пікіріңізше саяси тақырыптарды қамтуда қазақтілді журналистердің қарымы қандай? Қандай кемшіліктер мен ерекшеліктер байқайсыз?
– Бізде шынайы саяси журналистка әлі де жетілген жоқ. Себебі билік тұрғысынан бұған сұраныс жоқ. Сұраныс тек билікті өлгенше мақтауға, сапасыз үгіт-насихатқа негізделген. Егер тың өзгерістер болса, олар қоғамды бірте-бірте жаулап келе жатқан интернет саласынан шығып, дәстүрлі баспасөзге де енуі ықтимал деп ойлаймын. Бұл қазақтілді не орыстілді деп бөлетін мәселе емес. Барша журналистикаға қатысты дүние.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ербол ТҰРЫМБЕТ,
SKIFNEWS.KZ.