Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3051 0 пікір 11 Ақпан, 2014 сағат 11:08

Интернет-конференция: Берік Әбдіғали (басы)

Конференция қонағы – Берік Әбдіғали оқырмандар тарапынан қойылған сауалдардың ішіндегі маңызды деген сұрақтарды жинақтай келіп, жалпы жауап бере кетуді жөн санапты. Мәселен, Берік мырза қазақ қоғамы туралы айта келіп: «Дегенмен тегеурінді саяси ұлттық фактор қалыптасқан жоқ. Ұлтшылдар жиналуда, құрылтай өтуде, бірақ олардың үндеуіне, уәжіне, әрекетіне әзір жаппай қолдау жоқ. Ол үшін бұл үдеріс саяси ұйымдастырушы факторға айналуы керек. Сол жолда ізденіс бар, түрлі қимыл сезіледі, қоғамдық ашытқы бар...» дейді.

Конференцияның кезекті бөлігі әдеттегідей сұрақ-жауап үлгісінде берілетін болады.

Abai.kz

   



Құрметті ағайын! 

Ниет-пікірлеріңізге, пайымды сауалдарыңызға алдын ала алғысымды білдіремін. Және де мәслихатымыздың бірінші бөлігі ретінде басты әрі маңызды сұрақтардың кейбіріне жалпылай жауап бере кеткенді жөн көрдім.

 

Қазақ қоғамы

Конференция қонағы – Берік Әбдіғали оқырмандар тарапынан қойылған сауалдардың ішіндегі маңызды деген сұрақтарды жинақтай келіп, жалпы жауап бере кетуді жөн санапты. Мәселен, Берік мырза қазақ қоғамы туралы айта келіп: «Дегенмен тегеурінді саяси ұлттық фактор қалыптасқан жоқ. Ұлтшылдар жиналуда, құрылтай өтуде, бірақ олардың үндеуіне, уәжіне, әрекетіне әзір жаппай қолдау жоқ. Ол үшін бұл үдеріс саяси ұйымдастырушы факторға айналуы керек. Сол жолда ізденіс бар, түрлі қимыл сезіледі, қоғамдық ашытқы бар...» дейді.

Конференцияның кезекті бөлігі әдеттегідей сұрақ-жауап үлгісінде берілетін болады.

Abai.kz

   



Құрметті ағайын! 

Ниет-пікірлеріңізге, пайымды сауалдарыңызға алдын ала алғысымды білдіремін. Және де мәслихатымыздың бірінші бөлігі ретінде басты әрі маңызды сұрақтардың кейбіріне жалпылай жауап бере кеткенді жөн көрдім.

 

Қазақ қоғамы

«Қазақ қоғамының бүгінгі халы ауыр. Қазақтар – дәрменсіз. Қазақтар өз тілін неге қажетсінбейді?...» деген тұрғыдағы күйрек сауалдарға қатысты. «Халық құлдырап барады, қауқарсыздық билеп барады. Қазақ тілінің ортасы тарылып барады» деген сыңайдағы пайымдар бұрынғы «Зар-заманды» еске түсіргендей екен. Шын мәнінде халықтығымыз құлдырап бара жатқан жоқ. Керісінше, ұлтшылдығымыз, қазақы патриоттығымыз қоғам дамуынан алға озып кетті. Бар мәселе - қоғам мен мемлекет дамуы сол талапқа жете алмай отырғанында, сай болмауында. Қоғам талабы біздің шынайы даму қарқынымыздан шапшаңырақ болып кетті.

         Бұрынғымен салыстырғанда тілдік орта анағұрлым алға басты. Телеарналарды алайықшы, қаншама қазақтілді жаңа форматтар, өнімдер, телеарналар дүниеге келуде! Жастар әлеуметтік желіні жаулауда, жаңа әдеби толқын бой көрсете бастады. Қазақы шоулар жол бермейтін күйде. Әншілер қаншама молайды... Осының бәрі қазақтығымыздың кері кеткендігі емес қой, алға басу бар. Бірақ бәрібір талап пен нәтиженің арасалмағы алшақ, заман талабына жетуге әлі де мемлекет пен қоғам тарапынан көп еңбектену керек. Уақытқа біраз есе жіберіп алдық, аталмыш жайт - соны еңсеру қажеттігін көрсететін күйректік дер едім.

         Жалпы мен бұл жайға шүкіршілікпен қараймын. Себебі бұл талап, күйректену – біздің ұлтшылдығымыздың өсу деңгейін көрсететін индикатор. Қазақ қоғамы алға басып, ұлттық патриотизм өзектеніп, қоғамдық саяси, мәдени-рухани талап өсіп келе жатқандығының айғағы осы.

         Тілдік талап бұрынғыдай жай ғана жылап-сықтау емес, кәзір бұл құқықтық-саяси талапқа ұласып келеді, заманға сай әрекетке кірісу алға шығуда. Ықпал ету үрдісі бой көрсете бастады. Бұл жағдай болашақта үлкен саяси факторға айналуы сөзсіз және соған алғышарт жасалуда.

         Дегенмен тегеурінді саяси ұлттық фактор қалыптасқан жоқ. Ұлтшылдар жиналуда, құрылтай өтуде, бірақ олардың үндеуіне, уәжіне, әрекетіне әзір жаппай қолдау жоқ. Ол үшін бұл үдеріс саяси ұйымдастырушы факторға айналуы керек. Сол жолда ізденіс бар, түрлі қимыл сезіледі, қоғамдық ашытқы бар...

         Ұлттың мінезін көрсететін ұлттық майдан жалаң бастамалар мен идеяларға емес, маңызды нәрселерге сүйеніп құрылуы керек. Ол майдан біздің сыртқы ортамен бәсекелестікке сай екеніміздің көрінісіндей әсер етуі керек. Талпынып жүрген жігіттердің бетін бір бағытқа үйлестіріп, сапалық мінез көрсетерлік әрекетке көшкен жақсы. Бұрын жазған «Қазақ миссиясы» пайымым да осыған сайатын. Толыққанды ұлт болып қалыптасу үшін не істеу керек деген мәселеге бас қатыру маңызды. Бірінші кезектегі мәселе – тек тіл мәселесі емес, ұлттық мінез бен намыс. Тілмен бірге жігер, мінез, намыс маңызды, сонда тіл мен дін өзінен өзі қалпына келеді.

 

 Ұлттық әлжуаздық туралы

         Ал, әлеуметтік әлжуаздықты мемлекеттің не биліктің қасақана саясатына қатысты қарастыруға болмайды. Елде «болмасын» деген саясат бар деу – үстірт, қате пайым. Қазақтың экономикалық-әлеуметтік әлсіздігі, шарықтап дами алмауы ішкі даму үрдісіне қатысты нәрсе. Осындай тарихи ахуалдың сірескен тоңы бірден жіби алмауынан.

         Сайып келгенде, қазақы ортаның әлеуметтік-қоғамдық белсенділігі оның даму қарқыны мен деңгейіне қатысты жайт. Белгілі бір уақыттан соң біз бұл әлжуаздықты еңсеретінімізге күмәніміз болмасын. Бірақ соған талпыну, еңсеруге кірісу барынша енжар қарқында болып отыр. Берместі тартып алатындай арын керек. Жұмыс істеймін деген қазаққа ауылда да, қалада да мүмкіндік бар.Үкімет, мемелкет тарапынан қолдаулардың түр-түрі бар, соны игере алмай отырмыз. Біз сол күрделі үдерістен қашқақтап жеңіл жолына көбірек алаңдайтын сықылдымыз.

         Қазақтың тойларына қарап, оларды елдегі басқа жұрттан бейшара, артта қалғандай сезіну – меніңше дүдамал нәрсе. Бұл да біздің кешегі кемтарлығымыздан қалмай келе жатқан стереотип сезім деп ойлаймын. Қазақтың бүгінгі кәсіпкерлігі, ыждағаттығы басқалардан кем емес.

         Әрине, тарихи жағынан алғанда біздің халық отырықшы өмірдегі бәсекеге әзір болмауы белгілі, соған қарамастан соны игерген халықтардан қалмауы, жылдам үйренуі әлгіндей күйрек сезімге бой алдыруға тұратындай емес, қанағаттануға сай келетін ақуал.

         Ұлтты қайрауға әлгіндей қытыққа тию болмаса жыламсақтанудың қаншалықты қажет екендігін ойлану керек. Бәлкім, басқаша биязы да тиімді әдістер қажет болар...

 

Әсіреұлтшылдық

         Елдегі ресурстарды ең әуелі қазақ халқына берейік деген талап та халқымыз үшін әділетті деуге болмайды. Біздің халық елдегі материалдық игіліктерге мемлекет құраушы ретінде ие болуға тиісті болғанымен, басқасынан артық жағдайға ие болуға құқылы деуге болмайды. Қазақ халқы ондай басым жағдайға ие болатындай шарасыз емес. Мысалы, мұнайдан түскен қаржыны қазақтар арасында бөлісіп, сорып жата берсек, нағыз енжар да кемтар, бәсекеге қабылетсіз халыққа айналып шыға келеміз. Арабтар секілді шариат жолында емеспіз.

         Әрине, түрлі аумақтық, экологиялық басқа да сәйкес жағдай жасалуын, әлеуметтік әділет орнауын көтерген дұрыс. Бірақ ұлт деңгейінде мұндай саясатты қолға алсақ, елдегі экономикалық-әлеуметтік ақуалды шиеленістерміз, халқымызға кері әсеріміз тиеді.

         Жас буынның, ұрпақтың кәзіргі талпынысы мен алынып жатқан асулар біздің ұлттың бәсекеге барынша қабылеттігін паш етуде. Бірақ осыны жүйеге, мәдениетке, тәрбиеге айналдыруымыз керек. Сонда біз басқалар қызығы да, қызғана да, сыйлай да қарайтын ұлтқа айналамыз.

 

Ұлтқа тән мінез мәселесі

         Елдегі қазіргі жағдай қазақ тілінің еркін айналысқа түсуіне жол ашып отырмағаны мәлім. Бірақ біздің тараптан соны еңсеретіндей қоғамдық құрылымдар жасақтап, жүйелі кірісу жағы осал. Зиялы қауымның тегеурінді ықпалы сөзбен ғана шектелуде. Ұлтқа тән мәселелерді жеріне жеткізіп ашып, оны саясатқа айналдыра білу, қоғамға мойындату, шешім қабылдауға мәжбүр ету секілді нәтижелер мейлінше аз болып отыр.

         Осыдан бірнеше жыл бұрын ашаршылыққа қатысты біршама әрекет еткенбіз, қазір сол аздап алға басты, астанамызда оған арналған ескерткіш қойылды, мемлекеттік саясаттың мойны бұрылды. Әрине бұл басы ғана. Осындай деңгейдегі Алаш тақырыбы да сол жолда. Бірақ әлі мойындалған жоқ. Тарихымыз да елдегі өзекті мәселе ретінде енді ғана қойылып отыр. Ол да қоғамдық тараптың, БАҚтың, зиялы қауымның, ғалымдардың әсерінен болып отырған жайт.

         Осыдан бірнеше жыл бұрын Кенесары тақырыбын қозғағанымызда, бір саяси популизмді бетке алғанымыз жоқ, болмаса Ресейге қыр көрсету емес, қазақтың болашағына керекті мінез қалыптастыру еді; ата-бабаларымыз мынадай болып еді дегендей ұлтты ойландыру, жас ұрпақтың тәрбиесін сондай айбындылыққа бұру болатын. Қазіргі әлеуметтік желілердегі, БАҚтардағы қозғалып жатқан тақырыптар мен деңгелерге қарағанда ұлтымыздың бойына егемен елге тән мінез қалыптасу үстінде екеніне көзім жетіп отыр.

 

Тіл төңірегінде

         Елдегі орыс тілінің басымдығы билікке немесе жекелеген лауазымды адамдарға қатысты алсақ, менше қатты қателесеміз.  Жарайды, үкімет қазақша сөйлей алмай жатыр дейік. Ал, өңкей қазақ балалары жиналған балабаққа не көрінді? Қалалардағы қазақ мектебіндегі тіл ақуалы да белгілі: сабақтан басқа кезде өзара орысша тіл қатысады. Оларды зорлап қазақша сөйлете аламыз ба? Оларға заңмен, ережемен орыс тілінде сөйлеуді тыя аламыз ба? Ата-аналардың өздері дәрменсіз.

         Өз байқауымша орысша сөйлесуге құмар болатын балалар үшін ол тілдің не құдыреті бар? Неге олай? Бұны жай ғана  пікірталас тақырыбы ету жеткіліксіз, арнайы зерттеу керек, ғылыми осындай әрекет қана бізге нақты не істеу керектігін алдымызға жайып салар еді. Мұны социолингвистика мықтап мұқият зерттеуі керек.

         Елдегі барлық телеарналар мен радиоларды қазақшаға көшіруге болады, бірақ бізге ол қадам нәтиже бере ме, көзді жұмып мұндай шешімдер еш елде қолға алынбайды, ең әуелі алда ғылым жүруі керек, солардың алдына мәселе қойып, шешім шығаруға қажетті ұсынысты күткен абзал. Тілге деген құлшыныстың, мотивацияның ересектерден бастап, бала буынға дейінгі аралықта неге қалыптаспай отырғанына ғылыми түрде жауап алып, сосын нақты кірісу керек. Тіл – салдар, мәселенің себебі – өзімізде.

         Шындығына келсем, мен ешбір тілдің, соның ішінде орыс тілінің жауы емеспін. Тілге жауығып нем бар? Керісінше дамыған тілдерді құрметтеймін. Меніңше, біз орыс тілінің өзін қазақ тілінің дамуына пайдалана алмай отырмыз. Біз оның қызметін қазақ тіліне, елдің дамуына, мемлекеттің дамуына жеге алмай отырмыз. Өйткені, орыс тілі тек қана орыстар мен орыс тілділердің сөйлейтін тілі емес, ол қаншама ғылыми-әдеби ресурстың тілі деп қарасақ, біздің тілге одан келетін пайданы байқаған болар едік. Орыстілді әдебиеттерді, еңбектерді сол тілден неге қазақ тіліне қотармасқа? Соған әліміз жетеді ғой, ағылшын тілінен аударғаннан гөрі. Одан аудару тіпті қымбатырақ екені белгілі.

         Президенттік қорда жүргенімізде біраз нәрсені бастап едік, өкінішке орай оны жалғастырып, соңына жету мүмкін болмады.

 

Еуразиялық одақ турасында

         Бұл одақты қазақты қайта бодан ету тетігі ретінде қарайтындармен толық келісе алмаймын. Біздің ондай кері кетуіміз мүмкін болса, ол тек қана өзіміздің кемшілігімізден. Егер біздің ішкі қуатымыз бен рухымыз нығайса, қандай одақ та қорқынышты емес. Біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін Ресейден гөрі мен өзіміздің егемендікке сәйкестігімізден, тәуелсіздікті тәу етерлік құндылыққа айналдыру жағдайымыздың осалдығынан көремін.

         Бізді сырттан сақтап тұтастандыратын факторлар: тіл, руханият, дін. Әлгінде тілге қатысты айтқан жағдай осы мәселеге де қатысты: тіл мәселесінің шешілуі ауыса беретін билікте емес өзімізде болса, қайтадан бодан болмауымыз да өзімізге ғана байланысты жайт.

         Мынадай бір белгілі әңгіме бар: алып жыланға қоян жұтылғанда қашудың орнына шырылдап келіп ауызына сңгіп кетеді екен. Сол секілді бізде де Ресейдің жоқ агрессиясын сөзге айналдыру көп те, оған қарсы әрекет, жоба, іс байқалмайды. Тек ойбайлау басым.

         Орыстардың бізді қайта тәуелдендіру әрекеті айқын дей алмаймын. Иә ондай пиғылдары бар, бірақ соған бас алып кірісіп жатқан әрекетті мен сезінбеймін. Біздің тарапымыздан егемен елге тән әрекет болмағасын, әрине ол сондай сипат алатыны сөзсіз. Ондай әрекет билікке ғана емес, ұлтқа тән болуы керек. Ұлт ондай бодандыққа дайын еместігін ылғи да байқатып отыруы мақұл.

         Шын мәнінде мен Ресей саясатын бақылап отырам, оларды Қазақстан мен Орта Азия соншалықты қызықтырмайды. Тәжікстанда әскері тұрғасын ғана көбірек солай алаңдайтыны рас, ал негізінен орыстарды қызықтыратыны - Украина, Беларус, Кавказ, Балтық елдері. Өйткені, олар Еуропаға жақын, ықпалы күшейіп кете ме деп жасқанады. Біз - Ресей үшін соншалықты өзекті тақырып емеспіз. Оны жаңалықтарынан да байқауға болады, бізге ондай ақпараттық жерде соншалықты терең  де кеңінен уақыт бөлмейді. Мұны мен жалаң айтып отырғаным жоқ, Ресейдің біздегі этникалық сала бойынша ықпалын арнайы зерттеп диссертация қорғадым. Иә, геосаяси тұрғыда бізді бақылауға алу пиғылы жоқ емес. Ал бізді қосуға, жымқыруға, қымқыруға соншалық құлықты деуге болмайды.

         Егер біз басқаны беттетпейтіндей руханиятымызды бекітіп алсақ, бұл жағынан алаңдауға орын қалмайды. Ал, өз жөніне жорғалап бара жатқан жыланды көрген сайын дірілдесек, бәлкім соның тәбетін ашатын иіс шығарып, шақырып алармыз...

         Ал әлем бүгінде экономикалық одақсыз, байланыссыз бола алмайды, мәселе соны өз пайдамызға жарата алуымызда. Әрине Ресеймен арадағы теңсіздік жойылған жоқ, ол алпауыт мемлекет. Десек те, біздің өз кемшілігімізден сол одақтан бізге қауіп көбірек төнеді, Ресейдің шынайы қаупінен гөрі. Мәселен, біздегі түрлі деңгейдегі биліктің бар іс пен қарым қатынасты орыс тілінде жүргізуі де біздің Ресейге икемімізді бәлкім әйгілеп тұрған болар, егер сол жағына жөндесек, солтүстіктегі көршінің бізге деген тәбеті бола қойуы неғайбыл.

         Өздеріңізге мәлім, біз Желтоқсан, Кенесары, Алаш тақырыптарын қозғағанда біз алдымен Ресейге қарсы ұлттық иммунитет түзгіміз келді. 2006-2008 жылдары әдейі қолға алғанда Желтоқсанды, ашаршылықта миллиондаған халқымыздың қырылғанын бетіне басып, онымен тең сөйлесуге саяси ақуал әзірлеуге бет бұрған едік. Ол мемлекеттік деңгейде болса құба құп, бірақ қоғамдық деңгейде жүріп жатыр. Кәзір сол бастаманың нәтижесі байқалады. Сол рухта тәрбиенің шетін көрген жаңа буын сондай кесапаттың қайталануынан қорқады және Ресейге оңай берілетін ұрпақтың азайғанын білдіруде. Бұл ұлттық мінездің қалыптасуына маңызды рефлекс деп ойлаймын.

         Ендігі сатыда халықтың Ресейге дұшпанкөздігін арттыруға емес, өзіміздің сондай қауіпке қарсылығымызды, иммунитетімізді әрекет жүзінде қалыптастыру керек. Кезінде 90-жылдары антиотарлық «Азат», «Невада-Семей» қозғалыстары секілді енді «Антигептил» секілді қозғалыстардың болуы заңды, ол тарихи спиральдың көрінісі. Бұл енді Ресейге есе жіберуге қарсылық. Бірақ бізге сапалық мінез керек.

         Әлемдік үдерісте саяси-экономикалық одақтардан қорықпайтын, сондай ортақ кеңістікте балықша сезінетін ұлт қана енді аман  қалатын болады. Сондықтан одақтан қорқумен өмір сүрмей, қандай одақ болса да ұлтты дайындаумен шұғылданған жөн. Өз басым, болашақта Қазақстан Евроодақ мүшесі болуын қалаймын.

         Құрметті достар! Бұл ой-пайымды жалпылама жауап деп қабылдай тұрыңыздар. Сұрақ-жауапты келесі бөлімге қалдырдым.

Берік Әбдіғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371