Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2126 0 пікір 5 Қыркүйек, 2024 сағат 12:38

Жел айдаған құмның да тағдыры бар

Сурет timolod.ru сайтынан алынды

Абзал Жақсылықұлы 1976 жылы наурыздың 19-күні Қытайдың өр Алтайының Шіңгіл ауданы, Ыластай қыстағында малшы отбасында дүниеге келген. Ол мектеп бітіргеннен кейін отбасы жағдайын ойлап, әке жолын қуып шопан болады.

Шынжаңда шығатын әдеби басылымдар – «Шұғыла», «Іле айдыны», «Алтай аясы», «Тарбағатай» журналдарының тұрақты оқырманы болумен бірге, шынжаңдық ақын-жазушылардың кітаптарын сатып алып, қой соңында жүріп оқиды. Әсіресе, А.Құнанбаев, М.Өтемісұлы, М.Жұмабаев, Қ.Амалжолов, М.Мақтаев, Ж.Молдағалиев, Қ.Мырзәлі, Т.Молдағалиев секілді қазақтың классик ақындарының Шынжаңда жарық жыр жинақтары Абзал ақынның жата-жастана оқитын рухани азығына айналады. Ол жылт еткен ақындық өнерін осылай шыңдап, Алтайдың жон тауынан, көркем табиғатытан шабыт алып өзі де өлең жаза бастайды. Он шақты жылдың алдында А.Жақсылықұлы тарихи отаны Қазақстанға көшіп келіп, Арқа төріне қоныс тебеді. Жазған өлеңдері «Сезім тамшылары», «Құланиек» қатарлы көп авторлық жинаққа енеді.

Күз мұңы

Қырау шалған ана тал, мына талды,
Жапырағын күзгі жел құлатады.
Сора-сора бұлақтар ағып жатыр,
Жетім көлін аққулар жылатады.

Күзгі дала, ескі жұрт ескі реңі,
Мүлгіген тау беймаза кеш кіреді.
Құлазыған даласын жұбатқанда ай,
Әлде бір үн сұңқылдап естіледі.

Уақыттың жаз кеті жетегімен,

Құлазыған бел қалды бетегемен.
Оқтым-оқтым жауады күзгі жаңбыр,
Дымқылынан боз тұман көтерлген.

Көз саламын ой кешіп өткеніме,
Қысым, жазым, күзім бар көктеміме.
Бара жатыр көрші қарт нені ойға алып,
Немересін жетелеп мектебіне.

Қабір басында
Шаңдатып қасқа жолын сары белдің,
Әкежан қабырыңа тағы келдім.
Жүрегімді емдейтін тілім-тілім,
О, менің жатырсың ба дәрігерім,
Әкежан қабіріңе тағы келдім.

Жақсы да мен бұл күнде жаман да мен,
Сіз кеткелі сырттап жүр заман менен.
Қамшы тиген беліне жыландайын,
Сүйретіліп кейде үйге әрең келем,
Бір сағыныш аңсатты саған деген.

Мына заман күн сайын құбылады,
Бір ұқпайды, ал оны бір ұғады.
Жанын жалдап тірлікте адасқан көп,
Шығыс жақтан іздеген құбыланы,
Жол табалмай күндерден шұғылалы,

Әке, сен де осындай көріп пе едің,
Ісі қылып жүрмін бе желікпенің,
Қиянкескі келемін арпалыста,
Саясаткер барлығы еріккеннің,
Әке, сенде осындай көріп пе едің?

Елің де аман, шүкірлік анам да аман,
Белгі қалмай барды замандардан.
Кей пенделер сіз жаққа кетіп жатыр,
Тірліктегі сапарын тамамдаған,
Таусылмайды қашан да адамда арман.

Кешір, әке! Келе алмай кешігемін,
Тайлақ беріп жүрдейсің көшіме кім.
Өлгендерге тұрақ боп қалабердің,
Тірінің де Қалбатау бесгі едің,
Сарқылмасын қайнары несібеңнің,

Момын өлкем

Таудан батып барады тербеліп күн,
Күні құлап тағы бір пенделіктің.
Құшағыңда құлпырған гүлдер қайда,
Айтшы кәне, қоңырбел сен нені ұқтың?!

Күндіз ғайып болады таңғы арманым,
Өлеңімді өмірге жалғар ма әнің.
Шындығындай Тәңірдің сүйем кейде,
Орнатқан бабамның балбалдарын.

Тау тұлға бар данышпан тауды ұғынар,
Зардабынан бұлақ бар тал жығылар.
Ақиқаты сен қалай түсінесің,
Жел айдаған құмның да тағдыры бар?!

Қыран туған тек қана қырандардан,
Қай жақсыңды аяды құмай жалған.
Тағдыр кейде қырсығып алады екен,
Сүмбіленің бұлтындай мұнарланған.

Етегі құт өмір-ай жоны көркем,
Тастаймыз-ау шарасыз соны да ертең.
Білетіндей жауабын жатады ылғи,
Мені туған осы бір момын өлкем.

Қос тұғырым

Егіз ұғым атайтын қатар атын,
Малшы қауым көп көрген шапағатын.
Бәйтіктің баурайында екі тау бар,
"Сарыешкі", "Балбыған" деп аталатын.

Атырып тынштықтың қаймақ таңын,
Ұлы дүние дүр сілкіп оятқан мың.
Екі тау қос тұғырым секілді еді,
Он бес қыс баурында қой баққамын...

Құм ағын, құмайт дала тораңғылы,
Бір арман тулайтұғын санамда ұлы.
Қойныңда не бар екен шерлі мекен,
Хикаясы шертіле ме сонау жылғы?!

Бір жарық мұратыңа сыйлап үміт,
Тірліктің арқауындай ширатылып.
Құмыңа талай тарих жерледің-ау,
Үкілі[1], Үштаңбалы[2], Қиғанқұдық[3].

Қазақтың кешкен күнін отқа жаққан,
Жыл дейтін із іздейімін ақ парқтан.
Сол жерде қанды-қасап соғыс болып.
Жауының қанын шашып Оспан шапқан.

Мен сені сағынамын құмды далам,
Құмыңа қан сіңірген мұңлы заман.
Бұйра таудан көремін ақ шуда бұлт,
Бәйтіктің құз жонындай бұлдыраған...

*Үкілі[1], Үштаңбалы[2], Қиғанқұлық[3] - жер аттары.

 Көшетұғын ауылым тауға қарай

Көшуші еді біздің ел тауға қарай,
Таң алдында тау іші толған арай.
Мына атқан таң Арқаның алакеуім,
Кеудемдегі бір мұңды қозғаған-ай.

Көш бастайтын әкеміз жирен мінген,
Жұпар иіс аңқитын сирен гүлден.
Ақ асымның арқауы адалдық деп,
Қажымайтын біздің ел күйбең күннен.

Қондырған соң төскейге қойлы ауылын,
Тіршілігін бастайтын жайлауының.
Бие байлап алатын қозыкүзем,
Есіңде ме солбір шақ ой бауырым?!

Кейде орайды жанымды тұманды ойлар,
Бос ұран көп бұл күнде құр айғайлар.
Қарағайдың қатырып саясына,
Ағам қайда жүр екен құнан байлар?

Еңселі тау – ершімді орда далам,
Қалай ұлың боламын толғамасам.
Ізің өшіп біртіндеп шөп басады-ау,
Соқпағыңды мен бүгін жалғамасам.

Көшетұғын ауылым тауға қарай,
Таңға қарай тау іші толған арай.
Мекеніне балбалдан белгі қойған,
Салмаса да біздің ел ханға сарай.

Қайрат бауырға

Біздің өмір дұшпанға, досқа да анық,
Кірпікті талай қалдық жасқа малып.
Өткен күнің болдырмай елесімен,
Қайреке, шай ішейік қосқа барып.

Жаздан аман келеміз, күзден аман,
Несібені теріп жеп боздаладан,
Жігіттіктің белгсі о Қайреке,
Жақсы-жаман соңынан сөз бораған.

Бұл ел-жұртқа қарайық несін бөтен,
Үміт жалғап үміті өсірсе екен.
Өкпелетсе ел бізді өкпелетсін,
Өкпелеген адамдар кешірсе екен.

Бір де тұрып келеміз, бір де құлап,
Шайырларды келеді тыңдағым-ақ,
Жақсы да өткен жалғаннан жаман да өткен,
Болар дейсің бұл дүние кімге тұрақ.

Алдық қой қайсарлықты тасқа жанып,
Қайреке, дем алайық қосқа барып,
Қара қостың көп көрдік шарапатын,
Қайтеміз дөң басында босқа налып,

Жеталмай жүрмін

Баралмай жүрім, жетелмай жүрмін мекенім,
Жайлауы қайда, қыстауы қайда көкемнің?
Өсірген мені ауасына орап қос Шіңгіл,
Сағынып жүрмін кәусарменен шекерім.

Жондарым қайда, жолдарым қайда ел көшкен,
Заузат күнім-ай басыма қайта келмеспең?!
Ақ боз үй сені түсімде жиі көремін,
Сәбиін ана шешіп-ап уатқан жөргектен.

Өзендер қайда, бұлақтар қайда тас қайнар,
Оралып жатыр қым-қуыт келіп басқа ойлар?!
Әкемнің жұртын алабота басып кетті ме,
Мамаағашы тұрса болды ғой белгі ат байлар.

Көз салып тұрып сонар да сонар сонарға,
Ойланар қарты жайлауға елі қонарда,
Атажұртты аңсап Алтайдан кеткен ел бар деп,
Көнеден көз боп айтатын біреу қалар ма?!

Бара алмай жүрмін, Алтайдың асып құз-белін,
Өлкемнен қайтқан күтемін құстар тізбегін.
Өзімнен басқа өзгеге ыстық сезілмес,
Шөп басып барып тозғындап кеткен іздерім.

Жанымды жейді жабырқап кейде бота мұң,
Рухы қайда Алтайда қалған атамның?!
Жолында кеті-ау мәңгілік деген сапардың,
Әділдік деген жетелеп-ап ақбас атанын.

Ауылсыз дала

Аулға барам, еңсесі түскен ел көрем,
Даланы көрем тандыры кеуіп шөлдеген.
Аулада отырған ата мен әже тым жүдеу,
Қалаға кеткен баласын күтіп келмеген.

Ескірген үйлер қабырғалары қақырап,
Түлеген тамдар іргесі толған топырақ,
Қоралар анау шатырларынан су кеткен,
Ғазалын айтып жатқандай мұңлы атырап.

Сағынған қарт бар ойланшы балам барамде,
Өшірмес ізін соқпағын іздеп табам  де.
Еңсесі түсіп ершімі кеткен сол үйлер,
Әр атаның шаңырағы еді-ау амал не?!

Арам шөп басып ауласы қалған бапталмай,
Не керек, тәйір санаулы қалған қарттары-ай.
Тозығы жеткен тірі де тұрған тұрағын,
Сыртынан ғана өлілер қарап жатқаны- ай,

Ұлдарым қайда, бораның туған өтінде,
Тозғы жеткен ауылдан жастар кетуде.
Қурайы сыңсып жоқтауын айтқан секілді,
Аулсыз қалған далаңда бәлкім жетім бе?!

Абзал Жақсылықұлы,

Арқа даласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5250