Еліміздегі тағы бір компания АҚШ санкциясына ілікті
АҚШ қаржы министрлігі Астанада тіркелген CATU TECH компаниясын Мәскеуге Ресейдің Украинаға қарсы соғысы үшін салынған санкцияны айналып өтуге көмектесті деп санкция тізіміне қосты, деп жазды Abai.kz azattyq.org cайтына сілтеме жасап.
Ашық деректерге сәйкес, CATU TECH компаниясы 2022 жылы наурызда, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше апта өткен соң Астана қаласында тіркелген.
Компания сайтында оның негізгі қызметі – электроника шығару және оны жеткізу деп көрсетілген.
"Власть" сайтының жазуынша, АҚШ санкциясына Ресейдегі, Түркиядағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және Қытайдағы бірнеше компания іліккен.
АҚШ сауда министрлігі тағы жүзден аса компанияны санкция тізіміне қосқан. Онда Қазақстан мен Қырғызстанда тіркелген All Global Trading Elektronik Dis Ticaret Ltd Sti атты түрік компаниясының филиалдары бар. Бұл туралы ресми мәлімдеме 27 тамызда жарияланбақ.
Abai.kz