Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2024
Жаһан жаңғырығы 961 11 пікір 27 Тамыз, 2024 сағат 14:06

Дуровтың дилеммасы: деспотизм бе, демократия ма?

Коллаж hromadske.ua сайтынан алынды.

Сонымен, аты да, заты да дүр Дуров төрткүл дүниені бір сілкіндіріп тастады: Францияда қамауға алынған ресейлік миллиардерге (бұл сөзі мен оның қаржысына ғана емес, өзі негізін қалаған Telegram жүйесінің жазылушыларының санына қарай айтып отырмын) өте ауыр айыптар тағылып жатыр. Әзірше, қылмыстық кінәлар саны 12.

Өз басым әзірше бұл эксцеске баға беруден аулақпын. Алдымен екі жақтың уәждернің тыңдап алу керек сияқты. Оның үстіне конспирологиялық болжамдарды да мүлдем жоққа шығара алмаймыз. Дуров – Ресейден шыққан бизнесмен. Ұжымдық Батыс аластатып, бұрқыратып санкция жариялаған Ресейдің факторы әрдайым менмұндалап тұратыны анық. Францияда да өткен парламент сайлауынан кейін саяси күрес ушығып барады, ол жағын да ескерейік. Оның Telegram-ы әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, қанат жайған. Бұл әмбебап ақпарат құралы әр елде әртүрлі күштердің ықпалды қаруына айналды. Сол себепті бұл қамауға алудың геосаяси астары да болуы мүмкін.

Сонымен бірге, Дуровқа қатысты мәселе адамзат дамуының күн тәртібіне шығып отырған бір үлкен дилемманы, яғни бір-біріне кереғар екі таңдаудың бетін ашып берді. Қысқаша айтсақ, оның мәнісі мынада: абсолюттік, яғни ешкім де, ешнәрсе де шектемейтін сөз бостандығына даңғыл жол ашыла ма, әлде адам мен қоғамның сан қырлы өміріндегі қауіп-қатерлерді (терроризм, мемлекет пен ұлттарға қарсы әрекеттер, есірткі тарату, порнография, педофилия және тб.) аноним, яғни жасырын түрде насихаттауға тыйым салу секілді бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі түбегейлі де түпқазықты тұжырымдар арасындағы тартыс басталды!

Демократ ретінде, әрине, мен сөз бостандығы жағындамын: 70 жыл большевиктік, 30 жыл «ескіқазақстандық» цензураның қоғамның өркениетті дамуына қандай кесір келтіргенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Ол шектеулер мен тыйымдар болмағанда бүгінгі күніміз мүлдем басқаша болар еді емес пе?!

Жә, болар іс болды, бояуы баяғыда санамызға сіңіп-ақ кетті. Сол кеселден енді ғана арыла бастағандаймыз. Іс жүзінде қалай жүзеге асарын білмеймін, сөз жағынан Жаңа Қазақстан жаман емес: құлаққа жағымды, демократия дестесімен көмкерілген декларациялардан кенде емеспіз (әйтеуір, арты жақсы болсын!).

Бүгінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер сөз бостандығының қуатты, дүлей, ешкімге де дес бермес қозғаушы күшіне айналды. Кез келген адам өз ойын ашық та ешбір шектеусіз жеткізе алатын жағдайға жеттік. Ішінде «анадай да, мынадай да бар». Жұрттың аңқаулығын, ақпаратқа сенгіштігін, сауатсыздығын пайдаланып жүргендер де баршылық. Кейде ол саяси күрес құралына да айналып кетіп жатыр. Оны да сөз бостандығының қалыптасуының алғашқы «солшыл ауруы» деп қабылдайық. Хайп пен фейктердің де заман өтер. Бір сенетінім сол: таяу уақытта нақты ақпараттың рас не өтірігін автоматты түрде анықтап беретін агрегаттар пайда болады. Адам, қоғам не биліктің оған құлқы болмаса, жасанды интеллекттің өзі-ақ соны жасап береді. Сол кезде су бетіндегі көбік секілді қаптап кеткен жалған ақпараттан да құтылармыз.

Бірақ та, технологиялық, коммуникациялық даму таяғының екі ұшы бар: бірі оң сипат алып, ақпараттық ағынға қосымша мүмкіншіліктер беріп, азаматтардың ақпаратты алу және тарату жөніндегі конституциялық құқын баянды етсе, екіншісінің жағымсыз сипаты бар: сөз бостандығын пайдаланып алуан-түрлі қауіптер бой көрсете бастады.

Аноним түрде нақты жазылушы өзінің адам, қоғам, мемлекетке қарсы арам ойларын жүзеге асырса ше? Ішкі не сыртқы күштер ел ішіне іріткі салса ше? Гибридтік соғыстардың мықты құралына айналды емес пе?

Басқасын айтпағанда, аты-жөні беймәлім аноним Сізге немесе Сіздің ең жанды жеріңіз - отбасыңызға күйе жағып, өсек таратса ше?

Жауапкершіліктің жоқтығы – өте-мөте қауіпті нәрсе!

Сол себепті Дуровтың жағдайына қатысты менің айтарым сол: абсолюттік сөз бостандығы да, абсолюттік цензура да бола алмайды!

Сенерім де сол: адамзат қазіргі заманғы ақпараттық мүмкіншіліктердің адам мен қоғам дамуына тигізер оң ықпалын тиімді пайдаланып, теріс әсерлерін жоққа шығара алатындай құқықтық шарттар жасай алады.

Сол кезде миллиардтаған жазылушылары бар әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің басшылары қамауға алынбай, өз қызметтерін өркениетті заңдар мен ережелерге сүйеніп, жалғастыра береді-ақ!

Және де ол процесс демократияның бастионы болған, республикалық құндылықтарды дәріптеген, жалауында «Еркіндік! Теңдік! Ынтымақ!» ұрандары жазылған, ең бастысы, екі жақтың да пікірін ашық көрсете алатын БАҚ жүйесі бар Франция секілді елде басталғаны да дұрыс болды.

Әміржан Қосан

Abai.kz

11 пікір