Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 2282 6 пікір 28 Тамыз, 2024 сағат 14:07

Юсупов һәм оның қазақ жерін бөлшектеу саясаты

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: almaty.tv, e-history.kz

Кезінде Қазақстанға өзге ұлт өкілдері де билік жүргізген. Соның бірі - өткен ғасырдың 1962-1964 жылдары Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы болған Юсупов Исмаил Абдрасұлұлы.

1914 жылы Алматы қаласының шетіндегі Сұлтан Қорған елдімекенінде туған. Осы арада ұйғыр орта мектебін бітіріп, артынан Талғар қалашығындағы  ауылшаруашылық техникумында білім алады. Кейіннен Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебіне түсіп, оны үздік аяқтап шығады. Ол жиырма жасынан бастап еңбекке араласып, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы (қазіргі Түркістан облысы) Түркістан қаласында ауыл шаруашылық техникасын жөндеу станцасында біраз жыл агроном болып жұмыс істейді. 1940 жылы Кеңестік Армия қатарына шақырылып, Отан соғысына қатысады. Бірақ, 1943 жылы майданда жүріп, аяғынан ауыр жарақат алып, елге қайтарылады. Әскери госпитальда ұзақ жатып, емделіп шыққан соң, жанұясы тұрып жатқан Шымкент қаласына келіп, Оңтүстік Қазақстан облысының Ильчев аудандық партия комитетінің хатшылығына бекітіледі. Сондай-ақ, бірнеше жыл өткен соң, сол кездегі Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтың ұйғарымымен Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің хатшысы болып тағайындалады. 1945 жылы бұл азамат республикалық су шаруашылығы министрі болып көтеріледі. Сонымен қатар, 1954 жылы Исмаил Юсупов Қостанай облысының екінші хатшысы болып тағайындалса, 1955 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитеті оны Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшысы етіп жібереді.

И.Сталиннің соңын ала Кеңес Одағының билігіне Никита Сергеевич Хрущев келген кезінен бастап, Қазақстанда партия басшылары жиі өзгере бастады. 1954 - 1959 жылдар аралығында Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшылары болып Пономаренко, Брежнев, Яковлев және Беляев тағайындалады. Сол секілді, 1957 жылдың аяғына таман Оңтүстік Қазақстан облысынан Исмаил Юсупов, Қазақстан Орталық Комитетіне хатшы болып тағайындалып, Бюро мүшесіне өтеді.

Осы арада айырықша айта кетерлік жағдай, сол кездегі Теміртаудағы оқиғаға байланысты, Н.Беляев қызметінен босатылып, оның орнына Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев бірінші хатшылыққа тағайындалады. Исмаил Юсуповтың кейіннен еске алған сөзіне қарасақ: «Дінмұхамет Ахметұлы екеуміздің балалық шағымыз бірге өтті. Екеуміз де сол кездегі Алматы іргесіндегі Суфи Зарват атындағы ұйғыр мектебінде оқыдық. Біздің ата-аналарымыз көрші тұрды және өзара жақсы араласты. Оның ата-анасы мен туған-туыстарын менен басқа ешкім жете білмейді», - деген еді.

Д.Қонаевтың билікке алғаш келген жылдарында, И.Юсупов Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің басшылығында жүрді. 1960 жылдың желтоқсан айында Н.С.Хрущевтың ұсынысымен Қазақстан аумағында республикаға бағынбайтын Тың өлкесі пайда болды (Қазақстанның солтустік облыстары). Сонымен қатар, осылардың артын ала Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан өлкелері құрылды. Алдағы кезеңде Хрущевтың тағы бір ойы, Шығыс Қазақстан өлкесін құру болды.

1962 жылдың қантар айында Қазақстан Орталық Партия Комитетінің пленумі болып, оған Мәскеуден Кеңестер Одағы Орталық Партия Комитетінің хатшысы Козлов келіп қатысып, Н.С. Хрущевтың тапсырмасы бойынша, Д.Қонаевты орнынан босатып, біріншілікке И.Юсуповты ұсынады. Сөйтіп, сол жылдың қантарының 19-ы күні Исмаил Абдрасұлұлы Юсупов Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы болып бекітіледі.

Сол уақыттағы И.Юсуповтың айтуы бойынша, Д.Қонаевты Қазақстан Ғылым Академиясының Президенті қызметіне жібермек болғанымен, артынан КСРО Орталық Партия  Комитетінің екінші хатшысы Л.Брежневтің көмегімен, Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындайды.

«Қасқыр орманға қарап ұлуын қоймайды», - дегендей, ұлты басқа Исмаил Юсупов республика билігіне келе салысымен, Қазақстанның оңтүстігіндегі мақта өсіретін өңірлерді көрші Өзбекстанға қосу туралы пікір көтереді. Оны Хрущевта қос қолдап қолдайды. Сөйтіп, 1963 жылдың 29 қаңтарында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумінің жарлығы шығады. Онда: «О передаче части территории Южно-Казахстанского края в состав Узбекской ССР». « Исходя из общегосударственных интересов, в целях ликвидации разобщенности земель « Голодной степи», их быстрейшего хозяйственного и наиболее рационального использования для увеличения производства хлопка и другой сельскохозяйственной продукции Президиум Верховного Совета КазССР постановляет: передать в состав УССР Кировский и Пахта – Аральский районы, Кзыл – Кумский и Чумкурганский сельские советы Кзылкумского района (қазіргі Отырар ауданы)  с общей земельной площадью 95,9 тыс. га., а также 1 554 000 га пастбищных земель Чимкентской области и 1 150 000 га Кзыл – Ординской области находящихся в долгосрочном пользовании Узбекской ССР… Указ вступает в силу с 1 февраля 1963 г.»

Несколько позднее в свою очередь вышел указ Верховного Совета УзССР «О включении данных территорий в состав УзССР».

Сонымен, Қазақстан 3 500 000 гектар аумақтан айырылды. Әрине, кейіннен бұл жерлер қайтарылғанымен, біразы қалып қалды.

Никита Хрущевтың солақай саясатымен, Исмаил Юсуповтың сатқындық әрекеті еді. Шындап келгенде, қазақтың нанын жеп, суын ішкен Исмаил Абдрасұлұлының тарабынан қазақ халқына жасалған оңбағандық әрекет деп түсінуге болады.

Дегенмен, 1964 жылы Пицунда курортында демалып жатқан Н.Хрущев, шұғыл түрде Мәскеуге шақырылады. Аяқастынан ұйымдастырылған Кеңестер Одағы Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің Пленумында, Сусловтың сөз сөйлеуімен басталған жиналыста Н.Хрущев тағынан тайдырылады. Екінші Хатшы болып келген Л.И. Брежнев біріншілікке шығады. Сөйтіп, досының арқасында Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың ұзақ жылдар Қазақстан басшылығында жетекшілік етуіне жол ашылды.

1964 жылы Өзбекстанның 40 жылдық мерей тойына байланысты мерекеде Л.Брежнев И.Юсуповпен кездесіп, оның өзінің қарамағындағылардың арасында ешқандай беделінің жоқ екендігін және республика аумағындағы өндіріс орындарының айтарлықтай дами алмай келе жатқандығын айтып, нақты ескерту жасайды. Осыған орай, Исмаил Абдрасұлұлының Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшылығынан кетуін талап етеді. Сөйтіп, 1964 жылы 7 желтоқсанда И.Юсупов орынын босатады. Билікте тұрғанда, барды жоққа айналдырған Исмаил Юсуповтың қазақтың атамекенін бөлшектеуге тырысқан жүгенсіздігін қазақ ешқашан ұмытпайды.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969