Бақытбек Смағұл. «Қара майор»
Қазақтың «Қара майоры». Ауған соғысының әйгілі, даңқты батыры Борис Керімбаев туралы жазар ма едім, жазбас па едім, егер… Енді осы «егер» деген сөзімнің мәнісіне тоқтала кетейін.
Соңғы жылдары арагідік баспасөз беттерінде, кей-кейде интернеттегі кейбір сайттарда Ауған соғысы ардагерлерін жөнсіз кемсіту, мұқату секілді жағымсыз пікірлер жазылып жүр. «Аса қатыгездік жасағаны үшін «Қара майордың» басына миллион доллар тігілген. Бәлкім, ол қара істері үшін «Қара майор» атанған да болар…» – дейді сырттан тон пішкен әлдебіреу.
Осындай да салыстыру бола ма?
Қазақтың «Қара майоры». Ауған соғысының әйгілі, даңқты батыры Борис Керімбаев туралы жазар ма едім, жазбас па едім, егер… Енді осы «егер» деген сөзімнің мәнісіне тоқтала кетейін.
Соңғы жылдары арагідік баспасөз беттерінде, кей-кейде интернеттегі кейбір сайттарда Ауған соғысы ардагерлерін жөнсіз кемсіту, мұқату секілді жағымсыз пікірлер жазылып жүр. «Аса қатыгездік жасағаны үшін «Қара майордың» басына миллион доллар тігілген. Бәлкім, ол қара істері үшін «Қара майор» атанған да болар…» – дейді сырттан тон пішкен әлдебіреу.
Осындай да салыстыру бола ма?
Өз басым Борис Керімбаевты жақсы танимын. Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерінің қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов және Штаб бастығының орынбасары, генерал М.Дүйсекеев сынды шәкірттеріне ұстаздық етіп, соғыста да, бейбіт өмірде де әлі күнге дейін сарбаздарын тастамаған Борис Төкенұлын мен де қатты құрметтеймін. Баз біреулер пендешілікпен төмендетуге қаншама тырысқанымен, Керімбаевты өзінің ерлігімен, өрлігімен, еңбегімен жеңіп алған тарихи орнынан ешкім де қозғай алмайды! Өйткені, ол – халықтың «Қара майоры». Ал халықтың адамына ешуақытта қара күйе жұқпайды.
Осы ретте біздер, Ауған соғысының ардагерлері бір-бірімізді сыйлау мен қадірлей білуді Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерден үйренуіміз керек. Мысалы, Қасым Қайсеновтің Бауыржан Момышұлына, Рахымжан Қошқарбаевқа деген махаббатын, құрметін өз көзіммен көрдім. Ең әуелі солардың ісін өнеге ететін. Әзілхан Нұршайықов та солай жасайтын. Жалпы, өз басым Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің біразымен араласып-құраластым да. Сондағы көзім жеткен бір нәрсе, олар, ең алдымен, өзін емес, майдандас серіктері туралы айтатын. Мәселен, Әзілхан Нұршайықов Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер. Талай ерлігі үшін қаншама орден-медальдар алған. Әңгімелесе қалсаң ең әуелі Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Нұркен Әбдіров, Төлеген Тоқтаров туралы айтатын. Ал енді осы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Қасым Қайсенов, Сәуірбек Бақбергенов, Әбу Сәрсенбаев сынды Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің шығармаларын оқыңызшы, олардың бір-біріне деген құрметіне, ықыласына еріксіз сүйсініп, қайран қаласыз. Бәлкім мәдениет дегеніміз де осы шығар.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері қазір арамызда бірен-саран ғана. Қиян-кескі қан майданға қатысқан осылардан кейін нағыз соғысты көргендер кімдер? Әрине, Ауған соғысының ардагерлері. Тәрбиенің ішіндегі ең оттысы, өтімдісі – патриоттық тәрбие. Міне, жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беруде Ауған соғысының ардагерлері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің орнын баса білуі керек. Ол үшін біздер әрбір сөзімізге абай болып, өзгелерге өнегелі өмірді көрсеткеніміз абзал еді.
Қош делік. Жоғарыдағы келтірілген дерек «Қара майордың» еңбегі мен ерлігін өзгелер тұрмақ, кейбір Ауған соғысына қатысқандардың өздерінің де әлі толық парқына барып, бағалай алмай отырғанын аңғартады. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, «Қара майор» туралы аз жазылған жоқ. Өзгелерді есептемей-ақ қойғанның өзінде, кәсіби, кәнігі жазушылар да қалам тартты. Бірақ жарық көрген дүниелердің басым көпшілігі Борис Керімбаевтың Ауған соғысындағы еткен еңбегі мен ерлігін байыптаудан гөрі «Қара майордың басы үшін 1 миллион доллар тігіліпті» деген дақпыртты қаузап кететіні де рас. «Қара майор» туралы әскери мамандар да жазды. Алайда, бұлардың кітаптары тым аз таралыммен шыққандықтан (бар-жоғы 500 дана) көпшілікке жете қоймады. Солардың бірі соңғы оқыған кітабым полковник Амангелді Жантасовтың «Мұсылман батальоны».
Осының бәрін ескере келіп, «Қара майор» туралы өз білгенімді қағазға түсіруге бел байладым. Борис Керімбаевтың кім екенін білу үшін «Ауған соғысында «Қара майор» қандай ерлік жасады және бұл ерліктің мәні мен маңызы неде?» деген нақты сауалға нақты жауап беру керек қой деп ойлаймын.
«Қара майордың» ең басты ерлігі
Бұл оқиғаны айтпас бұрын ең әуелі «Ахмед шах Масуд кім?» деген сауалға жауап беруіміз керек.
Ауғанстанда шамамен 18 миллионнан астам халық тұрады. Олардың 9 миллионы – пуштундар, 3,5 миллионы – тәжіктер, 2 миллионы – хазарейліктер, 1,5 миллионы – өзбектер, 0,5 миллионы – түрікмендер. Қалғандары – белуджилер, шараймақтар, муритандықтар, қырғыздар, арабтар, пуритандықтар, қазақтар, пашаилар, памирліктер, үнділіктер. Тәжіктер – Ауғанстанда пуштундардан кейінгі ең үлкен халық. Ахмед шах Масудтың ұлты – тәжік. Діні – мұсылман-сүннит. Көзі тірі кезінде күллі ауғандықтардың көсемі болған Б.Раббанидың да ұлты тәжік болатын. Ахмед шах Масуд Б.Раббанидың шәкірті.
1953 жылы дүниеге келген Ахмед шах Масуд әуелі «Әбу-Ханафия» діни лицейін бітіреді. Содан кейін Кабул университетінің инженерлік факультетін тәмамдап шығады. Бұдан кейін саясатпен шындап айналыса бастаған Ахмед шах Кабулдағы «Мұсылман жастары» қозғалысын басқарды. Сол тұста Ауғанстанды билеп тұрған Дәуіт (М.Дауд) «Мынау мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысып жүр…» деп, Ахмед шахты қуғындауға кіріседі. Содан Ахмед шах шетелге кетіп, Египетте, Ливанда, Палестинада, Латын Америкасында жүрді. Палестинадағы партизандар соғысына да қатысады. 1978 жылы әйгілі Сәуір революциясынан кейін Ахмед шах елге, Ауғанстанға оралған. Білімді, білікті, жан-жақты, шешен сөйлейтін жас саясаткер аз ғана уақыттың ішінде ауғандықтардың шын мәніндегі көсеміне айналды.
1980 жылдың қаңтарында КСРО арнайы әскер жіберіп, Ауғанстанның билеушісі Х.Аминді құлатып, оның орнына Бабрак Кармалды отырғызды. Міне, осы кезде Ахмед шах Масуд Кабулды тастап, өзінің туған өлкесі Паншерге келеді. Паншер – ұзыннан ұзақ созылып жатқан, бір шеті Пәкістанмен шектесетін, таулы, қыратты, ойлы-қырлы үлкен аймақ. Кішігірім мемлекет сыйып кететін өңірді «Паншер аймағы», «Паншер өлкесі», «Паншер аңғары» деп те атайды. Көбінесе қысқа ғана бір сөзбен «Паншер» дейді. Паншерге қалалар да, кенттер де, қышлақтар да, өндіріс орындары да, халық та молынан шоғырланған.
Паншерде сонымен бірге Паншер өзені, Паншер шатқалы бар. Оқырмандарымыз шатастырып алмас үшін біз төменде сөз ететін қиян-кескі шайқастар негізінен осы Паншер шатқалы үшін болғанын айта кеткенді орынды көрдік. Паншер шатқалы – үлкен стратегиялық маңызы бар нүкте.
Ауған соғысының тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың пікіріне сенсек, 1981 жылы Ахмед шах Масудтың моджахедтерінің, яғни жауынгерлерінің жалпы саны 100 мыңға жуықтаған. Б.Кармалдың қуыршақ өкіметінен гөрі Ауған халқының басым көпшілігі Ахмед шах Масудты қолдаған. Ахмед шахтың күшейгені соншалық, 1981 жылдың аяғында ол бүкіл Ауғанстан территориясының үштен бір бөлігіне бақылау жасады. Үштен біріне! КСРО еріксіз енді Ахмед шахпен санасуға мәжбүр болды. Кабул мен Паншердің арасы – 80 километр. Шахтың моджахедтері Кабулға бара жатқан совет әскерлері мен автоколонналарды атқылап маза бермейтін. Олар Совет армиясымен де, Бабрак Кармал басқарған Ауған өкіметінің әскерімен де қатар соғысады. Азық-түлік тиелген көліктерді Кабулға жеткізу Совет Одағы тарапына үлкен күшке айналады. Содан…
Содан КСРО Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы С.Соколов бастаған әскери қолбасшылар Паншерге шұғыл шабуыл жасау керек деп шешеді. Олардың мұндағы мақсаты – Ахмед шах Масудтың өзі мен әскерлерін түгел жойып жіберу емес, әрине. Бүкіл Ауған халқы қолдайтын тұлғаны түп-тамырымен жойып жібере алмайтынын бас қолбасшылық та біліп отыр ғой. Бұлардың мақсаты – Ахмед шахты әлсірету арқылы оны келіссөз жасауға мәжбүрлеу.
Сонымен Совет әскерлері 1981 жылдың мамыр айында Паншерге шабуыл бастады. Операцияға 36 батальон жұмылдырылады. Бұл батальондардың 20-сы – советтікі болса, 16-сы – Б.Кармал билейтін Ауған өкіметінікі еді. Бұдан басқа шабуылға тек Совет тарапынан 104 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, 165 миномет, 250 БТР және өзге де қару-жарақ түрлері мен қосымша күштер қатысады. Бір аптаға созылған қиян-кескі шайқаста екі жақ та үлкен шығынға ұшырады. Ал өз шебін жеті күн ұстаған Ахмед шах ақырында Паншерді тастап шықты.
Енді Совет әскеріне қайткен күнде де Паншерді ұстап тұру керек еді. Ахмед шах сонда ғана келіссөзге келуі мүмкін. Ең әуелі Бабрак Кармалдың жоғарыда айтылған 16 батальонына Паншерде қалып, шатқалды қорғап тұру тапсырылады. Алайда, Бабрак Кармал КСРО-ның қолбасшыларына «Бізге әзірге Паншер керек емес, біздің алдымызда Паншерден де маңызды міндеттер тұр…» деп, Ауған әскерін түгел Кабулға алып кетеді. Не істеу керек?
Сол тұста Совет барлаушылары мынадай мәлімет алып келеді: Ахмед шах Масуд өзінің әскерлерін шоғырландырып, топтастырып, қайта жасақтап, Паншерді қайтарып алуға қызу кірісіп жатыр екен. Өзінің жасырын штабына далалық командирлерін түгел жинап: «1 айдың ішінде Паншерді қайтарып аламын!» деп, құран ұстап ант беріпті. Ахмед шах – уәденің адамы. Айтты ма бітті, оны орындайды! Енді не істеу керек?
«Тым болмағанда Паншерді 1 ай ұстап тұру керек!» деп шешкен КСРО-ның әскери қолбасшылары шатқалға ең таңдаулы, ең ірікті, ең ержүрек батальондарды қалдыру қажет деп шешеді. Сол батальонның бірі – «Қара майордың» батальоны болатын.
***
Ауған соғысы туралы шығармалардың ішіндегі ең бір тәуірі – генерал Александр Ляховскийдің «Трагедия и доблесть Афгана» атты кітабы (Мәскеу, 1995 жыл). Мұның оқылымды болатын себебі, кітапта Ауған соғысының шындығы жеріне жеткізе айтылған. Қан майданның ауыртпалығын өз көзімен көрген А.Ляховский былай деп жазады: «Паншерде не көп, тау көп. Тауда не көп, үңгір мен қуыстар көп. Ахмед шахтың жауынгерлері таудағы үңгірлерді бекініске айналдырып, ыңғайлы қуыстарды оқ ататын орынға лайықтап алған. Маңдайы ашық, екі бүйірі мен арқасын таудың меңіреу тастары қоршаған мұндай қуыстар – атуға да, қорғануға да өте ыңғайлы. 3-4 мың метр биіктікте, тіпті бұдан да жоғарыдағы қия мен беткейлерге орналасқан жаудың осындай оқ ататын ошақтарын талқандамайынша, өзге тірліктің бәрі – бос тірлік, бос әрекет, босқа уақыт өткізу. Өйткені, өте ыңғайлы орынға орналасып алған моджахедтер Совет әскерлерін қия бастырмайды. Қылт еткенін қағып түседі. Сондықтан да жауынгерлерінің алдына ең алдымен осындай биіктерге орналасқан бекіністерді талқандау міндеті қойылды. Әсіресе, белгіленген нүктені алуда Совет әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында айрықша тапсырмалар үшін жасақталған 177-ші отряд ерекше көзге түсті. Бұл жанкешті отрядтың жауынгерлері жаудың аса күрделі, кіруі қиын, шығуы одан да шым-шытырық бекіністері мен оқ ататын қуыстарын бірінен кейін бірін алып жатты…».
Генерал А.Ляховскийдің «Совет әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында айрықша тапсырмалар үшін жасақталған 177-ші отряды» дегені қай отряд? Кімнің отряды? Бұл – «Қара майордың» батальоны болатын.
Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын басып алудың қиындығы жөнінде «Қара майордың» өзі де «Капчагайский батальон» атты кітабында жазады. Енді осы кітаптан бір үзінді келтіре кетелік:
«Паншер үшін болған кескілескен шайқаста бізге жаудың 4500 метр биіктікте орналасқан атыс ұясын алу тапсырылды. Ұры тіс сияқты сойдиып шығып тұрған жақпар тастың арасындағы атыс ұясын «Зуб» деп атадық. «Ұрыста тұрыс жоқ», капитан Бекбоевтың 3-ші ротасы, Х.Оразалиев басқаратын АГС-17, старшина Александр Бубенцовтың инженерлік-саперлық ротасы менің бұйрығыммен «Зубқа» тіке шабуылды бастап та кетті. Бәрін айтып не қылайын, таңғы сағат 4-те басталған шабуылымыз келесі күні кешкі 9-ға дейін ұласты. Сағат 9-да атыс ұясы толық біздің қолымызға көшті. Мұндайда қайдан шығын болмасын?! Аға лейтенант Р.Мередурдыев жараланды, онымен бірге екі барлаушымыз да жарақат алып қалды. Х.Оразалиевке де оқ тиді, ертеңіне Ташкентте арнаулы госпитальға жеткізілген кезде қайтыс болды…».
«Қара майор» келесі бір биіктегі қиын бекіністі алған кезде «7 бірдей жауынгерінің оққа ұшқанын» жазады. Қалай оққа ұшпайды, Ахмед шахтың моджахедтері жер жағдайын бес саусағындай біледі. Және олар биіктен бұларды жақсы әрі жан-жақты бақылап отырады…
Айрықша ерлік көрсеткен «Қара майордың» батальонын Паншерді ұстап тұруға (тым құрығанда 1 ай ұстап тұруға!) қалдырады. Мұндағы ұрыс қимылын басқарған 40-шы армияның штаб бастығы, генерал Н.Г.Тер-Григорьянцтың өзі «Қара майорға» телефонмен хабарлайды. «Ең әуелі құттықтап қояйын, сізге подполковник шені берілді» дейді ол.
Кейбір деректерде Паншерді ұстап тұруға 8 батальон, ал енді кейбір деректе 9 батальон қалдырылды дейді. Осы батальондардың ішінен тағы да «Қара майордың» батальоны өзге батальондарға қарағанда айрықша көзге түседі. Жанкештілігімен, ептілігімен, ержүректігімен, әскери шеберлігімен, тапқырлығымен, ұтқырлығымен, маневр жасай алғыштығымен! Сонымен не керек, әйгілі шатқалды ұстап тұруға қалдырылған батольондар Паншерді 1 ай емес, 2 айға жуық бермей тұрады ғой. Ал осы екі айға жуық уақытта «Қара майор» да, оның батальоны да қылыштың жүзінде жүрді. Ауғанстандағы соғыс жылдары «Қара майор» өзінің 40-тан астам сарбазы мен 4 офицерінен айырылса, солардың басым көпшілігі Паншерде көз жұмған еді.
Ахмед шах Масудтың «Қара майордың» басына 1 миллион афганиды тігіп жүргені де – осы кез. 1 миллион доллар емес, 1 миллион афгани тігілгенін біз кейінірек анықтадық. 1 миллион афгани да аз ақша емес, әрине.
Ахмед шах Масуд 1 миллион афганиды қалай тікпейді?! «Қара майордың» батальоны бұлардың алдын орап, тұтқиылдан шығынға ұшыратып, сонан кейін орнын сипатып кетіп отырса?! Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын иемденіп, өліспей беріспей тістесіп, Ахмед шахтың әскери жоспарын быт-шыт қылып бұзып, моджахедтерді бас көтертпей атқылап, оларды ұдайы шегінуге мәжбүр етіп отырса?!
Ахмед шах Масуд – Ауған халқының көсемі ғана емес, сонымен бірге әскери істі, әскери тактика мен стратегияны өте жетік білетін тәжірибелі әрі ірі қолбасшы. Оның аса дарынды қолбасшы екенін шетелдік мамандар да бір ауыздан мойындайды. Ахмед шахтың Паншерді ұстап тұруға тырысқан өзге батальондардың командирлеріне емес, дәл «Қара майордың» басы үшін ақша тігуінде үлкен мән жатыр. Паншердегі ұрыс қимылын бастан-аяқ өзі бақылап отырған Шах ең мықты қарсылас, ең мықты жау, ең айлалы да зиянды дұшпан «Қара майор» екенін білгеннен кейін «Мына қара пәленің, «Қара майордың» қайткен күнде де көзін жою керек!» деп үлкен ақша тіккен.
Шатқалдағы аңдысқан, арбасқан, кескілескен ұрыс 2 айға жуық уақытқа созылды. Егер текетірес онан әрі созыла берсе өзінің жағдайы нашарлайтынын сезінген Ахмед шах Масуд келісімге жүгінуге мәжбүр болады. Ол 1982 жылдың шілде айында Совет әскерінің басшылығымен келіссөз жүргізеді. Екі тарапты келіссөзді әзірлеу процесіне «Қара майор» да қатысады. Біраз ырғасқаннан кейін екі жақ та бәтуаға келеді. Бұл келісім бойынша Ахмед шах Масуд 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі Совет әскері мен Ауған әскері (Б.Кармал өкіметінің әскері) гарнизондарына қарсы соғыс қимылдарын жүргізбеуге, өзі бақылайтын территорияда оқ атпауға уәде етеді. Әрине, Шах та біздің советтік генералдарға ауыр-ауыр шарттар қойды. Мәселен, соның бірі мынадай: совет өкіметінің өкілдері Ахмед шах бақылайтын территорияда жергілікті биліктің ісіне қол сұқпауға тиіс. Совет жағы шарттарды қабылдауға көнді.
«Обалы не керек, кейбір кездейсоқ бірді-екілі түсініспеушіліктерді есепке алмағанда, тұтастай алғанда Ахмед шах Масуд уәдесінде тұрды. Ол келіссөзде көрсетілген 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі совет әскері мен Ауған әскерлерінің гарнизондарын атқылаған жоқ, оларға қарсы ұрыс қимылдарын жүргізген жоқ» – дейді генерал А.Ляховскийдің «Трагедия и доблесть Афгана» кітабында.
Менің өз өлшемім бойынша, «Қара майордың» Ауған соғысындағы ең басты ерлігі де – осы! Ахмед шах Масудты келіссөзге жүгіндіру, жүгінуге мәжбүр ету. Егер «Қара майор» мен осы «Қара майор» секілді жанкештілер болмаса, Ахмед шах Масуд келіссөзге келер ме еді? Әрине, жоламас та еді. Келіссөздің арқасында Ахмед шах Масудтың моджахедтері 1982 жылдың шілдесінен бастап 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі совет әскерін атқылаған жоқ. Оларға қарсы ұрыс қимылдарын жүргізген жоқ. Демек, қаншама адамның өмірі сақталып қалды десеңізші!
1982 жылдың шілдесінен бастап 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін КСРО-ға (оның ішінде, әрине, Қазақстанға да!) аман-есен оралған әрбір жауынгер «Қара майорға» қарыздар секілденіп көрінеді де тұрады, маған.
Енді дерекке жүгінелікші. Ауған соғысында құрбан болған қазақстандықтардың әр жылға шаққандағы адам шығыны шамамен мынадай екен:
1982 жылы – 172 адам.
1983 – 74 адам.
1984 жылы – 108 адам…
Көрдіңіз бе, Ахмед шах Масудпен келіссөз жасалғаннан кейін адам шығыны да бәсеңдеген. 1982 жылы Ауғанстанда 172 қазақстандық қаза болса, 1983 жылы бұл азалы көрсеткіш 2,3 есеге кеміген.
1984 жылдың 21 сәуірінен кейін және одан кейінгі жылдарда Ахмед шах Масуд пен Совет әскері басшылығының арасы қайта ушықты. Ашуға мінген Шах не істеді? Совет солдаттарын қынадай қырды…
Біз жоғарыда «Ахмед шах Масуд «Қара майордың» басына 1 миллион доллар емес, 1 миллион афгани тігіпті» деген едік. Енді осы жөнінде айта кетелік.
***
32 жылдан кейін, 2011 жылы Ауғанстанға қайта жолым түсті. Менің Ауғанстандағы азапты жылдарым туралы деректі фильм түсіріліп жатыр еді. Бұл фильмді, әрине, Өзбекстанда, не болмаса Түркіменстанда да түсіру қиын емес. Бірақ, дерек көзінсіз деректі фильмді қалай шығарасың?! Содан фильмнің режиссері Тілеген Ахметов, операторы Нұрлан Баянов және мен, үшеу болып Ауғанстанға барып қайтуға бел будық.
Кабул әуежайына қонғаннан кейін тіке елшілікке тарттық. Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі, генерал-майор Өміртай Бітімов ағамыз, сондай-ақ, елшіліктегі Сенбі Сатымов, Байжан Хамзин, Рүстем Тұманов секілді бауырларымыз жақсы қарсы алды. Елшілік қызметкерлерінің тікелей нұсқауымен, солардың жол көрсетуімен Ауғанстанды аралауға кірістік. Біраз жерді шарладық. Соның ішінде Паншерге де жолымыз түсті.
Жолбасшымыз – полковник Уахиддин Паншеридiң өзi. Неге мен бұл жерде «Паншеридiң өзi» деп отырмын? Ендi соның сырын айтайын.
Ауған халқы Ахмед шах Масудты өздерiнiң көсемi деп таниды. Тiрiсiнде де көсем деп таныды, өлгеннен кейiн де Ахмед шах Масудты көсем деп қадiрлеп, оның есiмiн ерекше құрметтейдi. Масуд – Ахмед шахқа халықтың берген аты. Бұл – «бақытты» деген сөз. Кеңiрек айтсақ, «өзi де бақытқа жетедi, бiздi де бақытқа жеткiзедi» деген сөз. Ауған халқының тәуелсiздiгi, еркiндiгi үшiн күрескен және осы жолда өмiрiн қиған Ахмед шах Масуд көзiнiң тiрiсiнде Паншер өлкесiне ешкiмдi кiргiзбедi: совет әскерiн де, НАТО-ның әскерiн де, АҚШ-тың әскерiн де, тәлiптердi де. Әлi де солай екен. Ахмед шах Масудтың саяси iзбасарлары, шәкiрттерi, халқы қазiр де Паншерге ешкiмдi кiргiзбейдi екен. Тек қана шартпен, келісім бойынша кіреді. Өйткенi, сенбейдi.
Уахиддин Паншери – Ахмед шах Масудтың ең сенiмдi адамының бiрi, яғни оның шаруашылық жөнiндегi орынбасары болған. Жауынгерлердi азық-түлiкпен, қару-жарақпен, киiм-кешекпен қамтамасыз ету Уахиддин Паншериге жүктелген. Кезiнде Уахиддин тұтқынға түскен кезде Ахмед шах Масуд мұны тәлiптердiң 6 бiрдей командирiне айырбастап алған. Командир болғанда да, жай командир емес, iрi-iрi командирлер. Уахиддин Паншеридiң кiм болғанын, Ахмед шах Масудқа қадiрi қалай жүргенiн осы бiр деректiң өзiнен де байқауға болатын секiлдi.
Паншерді біраз аралап, тиісті жерлерде болғаннан кейін, қайтар кезде Уахиддин Паншери Руха өзенiнiң жағасындағы шайханаға шағын дастарқан ұйымдастырды. Руха өзенi патша-балыққа (форель) бай.Форель қуыртып, шай бердi.
– Кезiнде бiр-бiрiмiзге қару кезенiп, бiрiмiздi-бiрiмiз автоматтың қарауылында ұстаған сенiмен бүгiн дәмдес боламыз деп кiм ойлаған?! – дедi У.Паншери маған қарап, – Алланың құдiретiнде шек жоқ екен… Қазiр КСРО келмеске кеттi. Қазақстан – өз ұстанымы, өз мақсат-мүддесi бар тәуелсiз ел. Дiнiмiз бiр. Демек, бiр-бiрiмiзге бөтен емеспiз. Мен сенi дос есебiнде қабылдап отырмын, – деді. Ауғанстанға сапар алдында Борис Төкенұлы маған: – «Баха, запомни мои слова, если хочешь остаться в живых, не вздумай говорить, что ты был в Афгане», – деп ескерткен болатын. Уахиддиннің маған деген тазалығын таразылағанда мені Ауғанстанда болғанымды білдіртпеуге жаннан гөрі, ар тазалығы жібермеді. Болмаса құжат бойынша мен «Қазақфильмнің» актері ретінде барғанмын.
У.Паншери бақуат тұрады екен. «Жеке қаржыма паншерлiктерге электростанция салып бердiм» дедi. Осы кезде қалжыңдап:
– Баяғы «Қара майордың» басы үшiн тiгiлген 1 миллион долларды қайда жұмсадыңыздар? – дедiм.
Уахиддин Паншери ақырын жымиып күлдi. Күле отырып:
– Шын мәнiнде, «Қара майордың» басы үшiн 1 миллион доллар емес, 1 миллион афгани тiгiлген болатын, – дедi.
Афгани – ауған ақшасы. Әрине, құны доллардан арзандау. Бірақ, жаңа айтқанымыздай бұл да аз ақша емес.
У.Паншери «Қара майордың» атын да, затын да жақсы бiледi. У.Паншери тұрмақ, Ахмед шах Масудтың өзi кезiнде «Мына қара пәледен, «Қара майордан» қалай құтыламыз?» деген ғой. Аузы дуалы Ахмед шах Масудтың сөзінен кейін майдандас ағамыз Борис Керiмбаев күллi Ауғанстанға, қала бердi бүкiл Совет Одағына «Қара майор» атанып кеткен еді.
«Ауғанстанға алғаш кіргенде «Қара майор» өзінің батальонымен Маймене қаласында болды. Бұл өңірдегі дұшмандардың басшысы Маулана Қара екен. Содан солдаттар әзілдеп «Сендердің Маулана Қараларыңа енді біздің «Қара майор» қарсы тұрады» деген көрінеді. Содан Борис Керімбаев «Қара майор» атанып кетті» дейтіндер де бар. Бірақ өз басым бұған онша сеніңкіремеймін. Совет барлаушылары «Ахмед шах Масуд «Мына қара пәле, қара майор қайдан шықты? Көзін жою керек!» депті» деген мәліметті Совет әскерлерінің арасына кеңінен таратып жіберді де, «Қара майордың» лақап аты осыдан кейін ауыздан-ауызға көшіп, қалыптасып кетті.
Сөз арасында айта кеткен де жөн шығар, «Қара майордың» батальонын Ауғанстанда «Мұсылман батальон» деп атады. Бұл – сөз жоқ, шартты атау. Керімбаевтың батальонында қазақ, қырғыз, түркімен, тәжік, өзбек жігіттері көп болды. «Мұсылман батальон» да осыдан шықты.
Ауған халқы – жауынгер халық және шын жауынгер екенiңдi таныта, мойындата бiлсең, жау болсаң да сенi сыйлайды, қадiрлейдi. Жалпы, «Қара майорды» Ауғанның әскери ортасы белгiлi бiр дәрежеде биiк бағалайды. Әрине, оның себебi бiреу-ақ. Бұлар «Қара майорды» қазақ болғаны үшiн, не болмаса «мұсылман баласы ғой…» деп iш тартпайды. Олар «Қара майорды» өз iсiнiң бiлгiрi, өз iсiнiң шеберi деп таниды. Соғыс өнерiн жетiк меңгерген, әскери амал-тәсiлдердi орайымен әрi ұтымды түрде қолдана бiлетiн батальон командирiнiң, яғни «Қара майордың» атын ұмытпайтыны да содан.
– Кейде салыстыру жасаймын, – дедi У.Паншери шай үстiнде Руха өзенiне ойлана қарап отырып, – Совет әскерiнiң жауыздығы тәлiптердiң жауыздығының жанында жiп есе алмай қалды. Тәлiптер паншерлiк әйелдерге «Өзiң айт, оң көзiңдi ояйын ба, жоқ сол көзiңдi ойып алайын ба?» деген ғой. Байғұс әйелдер қарсылық бiлдiрсе, екi көзiн бiрдей ойып алған. Тәлiптердiң жауыздығын бiлетiн әйелдер олар әлгi сұрақты қойған кезде, амал жоқ, «оң көзiмдi ойып ал» не болмаса «сол көзiмдi ойып ал» деуге көшеді. Әйтпесе, екi көзден бiрдей айырылады… Қайсыбiрiн айтайын, мына Руха өзенi талай рет қан болып ақты ғой…
Кезінде майданның екі басында аңдысып, шабысқан жігіттің бүгінгі әңгімелерінен кейін халықты қайғы мен қасіретке бөктірген сұм соғыстың әлі күнге дейін тоқтамай келе жатқандығын іштей ойлап, отырып қалдым.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Ауған соғысы ардагерлері
ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері»
қауымдастығының төрағасы.
_________________________
АЙНАЛҒАН АТЫ АҢЫЗҒА
Бәрін де көрген азаптың,
Келер деп алда ғажап күн.
Айналған аты аңызға,
«Қара майоры» қазақтың.
Жасырып ішке наласын,
Үндемей кетіп барасың.
Түсіңде күнде көресің,
Ауғанның қанды даласын.
Өксік бар, мұң бар басыңда,
Ұқсайсың кейде жасынға.
Іздерің жатыр әлі күн,
Паншердің тау мен тасында.
Әскери шен мен мандаттар,
Лапылдап жанып қалды оттар…
Созады қолын қиналып,
Өле алмай жатқан солдаттар.
Өткенді ойлап қамығып,
Ойлардан бір сәт арылып.
Тұрасың атып орныңнан,
Жанартау құсап жарылып.
Келсе де елге азат күн,
Келсе де елге ғажап күн,
Отанын қорғап жүр әлі,
«Қара майоры» қазақтың.
Abai.kz