Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа
А Ш Ы Қ Х А Т
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Біз, республикамыздағы белгілі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, мерзімді басылым басшыларының, зиялы қауым өкілдерінің ұйымдастыруымен өткен "Мемлекеттік тілді қолдау" акциясына қатысушылар, қазақ тілінің Мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 20 жыл толса да оның бүгінгі сын көтермес жағдайына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Өзіңіз білесіз, 1989 жылы қыркүйектегі Жоғарғы Кеңестің отырысында «Тілдер туралы» заң талқыланып, орыс, қазақ тілдеріне қатар Мемлекеттік мәртебе беріліп кеткенде, тіпті бұған қуаныштылар дүркіретіп қол соғып қойғаннан кейін, бұл шешіммен келіспейтін бір депутаттың бастамасымен, Сіздің тікелей қолдауыңызбен заң қайта қаралып қазақ тілі жеке дара мемлекеттік мәртебе алғаны белгілі. Өкініштісі -өткен 20 жылда Мемлекеттік тіл өзінің заңда көрсетілгендей дара құзырын қалыптастыра алмады. Қазақстан халқын біріктіретін, олардың басын қосатын негізгі факторға айналмады. Тұңғыш «Тілдер туралы» заң Тәуелсіздіктің елең-алаңында қабылданғандықтан, ол бүгінгі Бостан Қазақстанның талаптарын өтеуден қалды. Сондықтан осы жылдар бедерінде қоғамдық ұйымдар, жеке тіл жанашырлары дүркін-дүркін мәселе көтерсе де әлі күнге дейін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданған жоқ. Сонымен қатар, билікке қойған өзге талап-тілектеріміз де орындалар емес.
А Ш Ы Қ Х А Т
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Біз, республикамыздағы белгілі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, мерзімді басылым басшыларының, зиялы қауым өкілдерінің ұйымдастыруымен өткен "Мемлекеттік тілді қолдау" акциясына қатысушылар, қазақ тілінің Мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 20 жыл толса да оның бүгінгі сын көтермес жағдайына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Өзіңіз білесіз, 1989 жылы қыркүйектегі Жоғарғы Кеңестің отырысында «Тілдер туралы» заң талқыланып, орыс, қазақ тілдеріне қатар Мемлекеттік мәртебе беріліп кеткенде, тіпті бұған қуаныштылар дүркіретіп қол соғып қойғаннан кейін, бұл шешіммен келіспейтін бір депутаттың бастамасымен, Сіздің тікелей қолдауыңызбен заң қайта қаралып қазақ тілі жеке дара мемлекеттік мәртебе алғаны белгілі. Өкініштісі -өткен 20 жылда Мемлекеттік тіл өзінің заңда көрсетілгендей дара құзырын қалыптастыра алмады. Қазақстан халқын біріктіретін, олардың басын қосатын негізгі факторға айналмады. Тұңғыш «Тілдер туралы» заң Тәуелсіздіктің елең-алаңында қабылданғандықтан, ол бүгінгі Бостан Қазақстанның талаптарын өтеуден қалды. Сондықтан осы жылдар бедерінде қоғамдық ұйымдар, жеке тіл жанашырлары дүркін-дүркін мәселе көтерсе де әлі күнге дейін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданған жоқ. Сонымен қатар, билікке қойған өзге талап-тілектеріміз де орындалар емес.
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХІІ сьезінен кейін Үкіметтің және «Нұр Отан» партиясының басшылығымен, облыстар мен аудандардың, Алматы және Астана қалаларының әкімдерімен өткізген кеңейтілген мәжілісте «қазақ ұлтының проблемасын бірден шешуге болмайды, біздің елде басқа да ұлттар бар емес пе» деген ескертуіңіз мемлекеттік тілге деген көзқарас салқындығын қайтадан қалыптастырды. Тілді дамытуға онсыз да құлықсыз, сол жиынға қатысқан кейбір басшылар өз облыстары мен аудандарына қайтқанда, арнайы жиналыс өткізіп, қазақ тіліне назар аудара бермеуге шақырған. Бұл әрине, асыра сілтеушілік, бұрмалаушылық. Тым «қазақыланып» кеткендіктері үшін сынға ұшыраған әкім-қаралар содан кейін-ақ алдымен Қазақстанда тұратын өзге этностық топтардың көңілін табуды жазылмаған заңға айналдырды. Соның салдарынан біраз уақыт саябырсып қалған, негізгі бастауын американдық ұлттан алатын Қазақстандағы қазақ ұлты мен этникалық топтарды тікелей жоюға алып баратын «қазақстандық ұлт», мемлекеттік тілді үштің бірі етіп әлсіретуге, орыс тілін де мемлекеттік тіл ретінде заңдастыруға бағытталған, қитұрқы саясат негізінде өмірге келген «үштұғырлы тіл» идеялары тағы да алға шықты. Біз республикамызды мекен ететін барлық ұлт өкілдері тілдерінің, салт-санасының өркендеуін қолдаймыз. Ол байламымыз ешқашан өзгермейді. Біз бүгін қазақ халқымен бірге, сол ұлт өкілдерінің бәріне бірдей ортақ Мемлекеттік тіл мүддесі төңірегіндегі проблемаларға ғана тоқталып отырмыз.
Жуырда Үкімет іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруді 10 пайызға азайтты. Бұл тұрғыдағы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қаулысында «мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі іс-қағаздарының жалпы құжат айналымындағы үлес салмағы «70» емес, «60» болып өзгертілсін» делінген. Бұл қазақ тілінің қолданылу аясы 70 пайыздан 60 пайызға дейін тарылып отыр деген сөз. Мұның бәрі Сіздің «қазақ тілін дамытамын дегендер жеке қаражатын жұмсауды қолға алсын» деген ойыңыздан бастау алып жатқандығы күмәнсіз. Егер мемлекеттік тіл мәселесі, Сіз айтқандай, жеке адамдар қаражаты арқылы шешілетін болса, оның мемлекеттік мәртебесі қайда қалады? Онда билік кімнің мұңын мұңдап, кімнің жоғын жоқтамақ.
"Мемлекеттік тілді қолдау" акциясына қатысушылар осыған дейін сан мәрте көтерілген, бірақ еш шешімін таппаған төмендегідей ұсыныстар мен талаптарды алдыңызға қайта қояды:
1. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 20 жыл толса да, әлі күнге дейін мемлекеттік тіл туралы арнайы заң жоқ. Мемлекеттік тілге деген мұндай немқұрайдылықты бізден өзге бірде-бір өркениетті елден кездестіре алмайсыз. Сондықтан Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» заңды тез арада қабылдауы тиіс;
2. Негізгі бастауын «американдық ұлттан алатын Қазақстандағы қазақ ұлты мен басқа да ұлт өкілдерін тікелей жоюға алып баратын "Қазақстандық ұлт" идеясына тосқауыл қойылсын;
3. Мемлекеттік тілді үштің бірі етіп әлсіретуге, орыс тілін де мемлекеттік тіл ретінде заңдастыруға бағытталған, қитұрқы саясат негізінде өмірге келген "Үш тұғырлы тіл" ұранының орнына "Мемлекеттік тілді білу - қазақстандық әрбір азаматтың міндеті. Ал басқа тілдерді меңгеруге шек қойылмайды" деген тұжырым ұсынамыз;
4. Мәдениет және ақпарат министірлігінің құрамында Тіл комитеті қызмет етіп келеді. Турасын айтсақ, министрлік құрамындағы комитеттің құзыры қордаланып қалған Мемлекеттік тіл проблемаларын шешуге дәрменсіз. Сондықтан Мемлекеттік тіл агенттігін құруды ұсынамыз;
5. Еліміздегі үлкен қалалар мен елді мекендерде түгелдей дерлік алабажақ жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олар орысша, ағылшынша, тіпті басқа тілдерде көрініс табады. Қазақшасы сауатсыз, сақау жарнамалардан көз сүрінеді. Мұндай мәнсіздікті және басқа да проблемаларды реттеу үшін Тіл инспекциясын құру қажет деп білеміз;
6. Мемлекет басшылары мен лауазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кездесулерде мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеліп, республика көлеміндегі мемлекеттік іс-шаралар мемлекеттік тілде жүргізілсін. Мемлекеттік тілді білмейтіндер ілеспе аударма қызметін пайдаланатын болсын. Мемлекеттік тілді мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар мемлекеттік қызметке алынбасын;
7. Мемлекеттік тілді дамытудың инновациялық-технологиялық орталығын құру және қолданбалы тілмен айналысатын арнайы институт ашу да аса қажетті іс. Себебі, ХХІ ғасырда қазақ тілін ғылым-білімнің, экономиканың, банк жүйесінің, салық саласының (т.б.) төл тіліне айналдыру кезек күттірмейтін мәселе. А.Байтұрсынұлы атындағы институт теориялық іргелі ғылыммен айналысудан аса алмай отыр. Мемлекеттік тілді барлық салаға бір жүйемен ендіру үшін онымен арнайы институт айналыспай болмайды;
8. Тәуелсіз ел атанғанымызға 18 жыл толса да, мемлекеттік тілде 24 сағат хабар тарататын бір телеарнаның болмауы елдігімізге сын. Тіпті кейбір телеарналардағы қазақ тіліндегі хабарлардың көбі түн жарымына қарай ысырылған, немесе аударма ұзын-сонар кинофильмдер арқылы қазақ тіліне бөлінген уақыт есебінен толықтырылған. Бұл салада да егеменді мемлекеттің рухына сай жаңа көзқарас, жаңа өзгеріс қажет;
9. Қазақстанның ақпарат кеңістігін Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары он-он бес есе басымдықпен жаулап алған. «Осы біз Қазақстанда тұрамыз ба, немесе Ресей Федерациясының қарамағына еніп кеттік пе?» деген сұрақ туады. Халыққа анда-санда елдегі шындықты айтып тұратын «31 - телеарна» да Ресей алпауытына сатылып, егеменді ақпараттық тәуелсіздігімізге елеулі деңгейде көлеңке түсірді. Енді Қазақстанға келіп тарайтын мыңдаған Ресей басылымдарына қосылып, бұл арна да Ресей идеологиясын алға тарта бастады. Ақпараттық экспансияның салдарынан мемлекеттік тіл өрісі күрт құлдырады. Сондықтан Қазақстанның ақпарат кеңістігін басқа елдердің идеологиясын насихаттау мақсатында пайдалануға жол берілмесін;
10. Президент мырза, тіл саласындағы тартыс тым ұзаққа созылды. Қазір Мемлекеттік тілді дамыту, дамытпау, қазақ ұлтын сақтап қалуға тырысу не тырыспау бір-ақ адамның, негізінен өзіңіздің ғана қолыңызда тұр. Егер Сіз таңертең тапсырма берсеңіз, түс қайта барлық облыстың әкімдері, барлық министрлер, аудан, мекеме басшылары іске кіріседі. Елдің бұған көзі анық жетті. Сондықтан да біз көтеріп отырған мәселенің дұрыс шешім табуы тікелей өзіңізге ғана байланысты.
«Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатысушы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар елдегі тілдік ахуалды үнемі назарда ұстайтындығын, егер жоғарыдағы талаптар орындалмаған жағдайда бүкіл республика көлемінде басқа да саяси мәселелермен ұштасқан бірлескен іс-шаралар өткізетінін, қашан әділетті шешімге қол жеткізбейінше бұл рухани күресті тоқтатпайтынын мәлімдейді.
(Ашық хат еліміздің белгілі қоғамдық ұйымдары мен саяси партияларының, мерзімді басылым басшылары мен зиялы қауым өкілдерінің және студент-жастарымыздың қатысуымен Республика сарайында «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясында бірауыздан қабылданды).
Алматы қаласы,
20 қыркүйек, 2009 жыл
«Абай-ақпарат».