Жұма, 22 Қараша 2024
Деп жатыр 1666 2 пікір 6 Қыркүйек, 2024 сағат 14:27

Ақаевтың өтініші дауға айналды: Қырғыздар не дейді?

Фото: AP / IVAN SEKRETAREV

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев Жоғорғы Кенешке хат жазып, экс-президент статусын қалпына келтіруді өтінді. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.

Бұл хатқа қатысты Қырғызстанның депутаттары не дейді?

Жоғорғы Кенештің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент комитетінің төрағасы, «Ишенім» фракциясының мүшесі Чолпон Сұлтанбекова: «Мен хатты бүгін алдым. Әзірге өзімнің бұған қатысты нақты ойым жоқ. Жоғорғы Кенештің ұжымдық орган екенін білесіздер, яғни депутаттармен бірлесе отырып шешетін боламыз. Енді барлық фракциялармен кеңесіп, мәселені күн тәртібіне шығарамыз ба, жоқ па, депутаттық комиссия құрамыз ба, жоқ па, соны шешеміз. Келіссөздер мен консультациялардың нәтижесінде не істейтініміз белгілі болады», - дейді.

«Ата Жұрт» фракциясының мүшесі Медербек Саққараев бұл мәселені ел басшысы шешетінін айтты. Ол былай дейді: «Бұл сұрақты еліміздің басшысы қарастыратын болады. Халықтың бұл мәселеге қатысты не ойлайтынын білмеймін. Алайда оның еліміздің дамуына қандай да бір үлес қосқанын да ескеруіміз керек. Асқар Ақаевтың көп дүние жасағанын сіз білесіз ғой. Бұл мәселеде «иа» немесе «жоқ» деп жауап беруге қатысты әлі ойланбадым, өйткені аталмыш хат жайлы енді біліп тұрмын», - дейді.

«Бүтін, Қырғызстан» фракциясының лидері Исхак Масалиев болса экс-президент статусын анықтауға қатысты нақты заң жоқ дейді. Өз пікірін былай жеткізді: «Жалпы бізде экс-президент статусын реттеуге қатысты нақты заң жоқ. Президент өзінің алдындағы президентке статусты беріп жатады. Алмазбек Атамбаев Роза Отынбаеваға экс-президент статусын берді. Жээнбеков — Атамбаевқа, Жапаров — Жээнбековке дегендей. Асқар Ақаевтың 2005 жылы елден қашып кетуі оның экс-президент статусына күмән туғызары анық. Бұл статусқа қатысты барлық өзгерістер 2023 жылы қабылданды, ал оған дейінгі мерзімге бұл өзгерістер жүрмейді.

Егер Садыр Нұрқожаұлы қаласа арнайы бұйрықпен статусты бере алады. Әңгіме статус беру және сол арқылы медициналық, транспортта жүру сияқты жеңілдіктерді иемденіп, мемлекеттік резиденцияда тұру туралы ғой. Бірақ мен түбегейлі қарсымын. Мен оның Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасын құлатуына жол беріп, экономиканың толық күйреуіне жол ашып, дәл осы саясатының кесірінен миллионнан астам адамның шетелге кеткенін кешіре алмаймын. Ал қаза болған адамдардың қаны оның ар-ұжданында деп білем», - дейді.

«Альянс» фракциясының мүшесі, депутат Нилуфар Алимжанова былай деп пікірін айтты: «Мен оған экс-президент статусын берудің қажеті жоқ деп ойлаймын, өйткені бұл бюджеттен қосымша қаржы мен шығынды талап етеді. Ал оның барлығы халықтың ақшасы», - депті.

«Элдик» депутаттар тобының мүшесі Кубаныбек Самаков: «Бұл өтініш туралы мен бүгін біліп тұрмын. Егер құқықтық тұрғыдан қарайтын болсақ, Асқар Ақаевтың экс-президент статусын алуға толық құқығы бар. Қателеспесем, оған ашылған қылмыстық істер жабылды. Сол себепті де бұл мәселені құқықтық сипатта қарастыру қажет. Яғни заңдық тұрғыдан қандай да бір кедергіні көріп тұрғаным жоқ. Ал ар-ұждан тұрғысынан қарастырсақ, онда мен білмедім. Халықтың алдында жауапкершілік болу керек. Бірақ заң бойынша кедергі жоқ», - дейді.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300