Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 5313 2 пікір 9 Қыркүйек, 2024 сағат 10:57

Жиырманшы ғасыр: Шыңжаңдағы қазақ баспасөзі (Басы)

Сурет e-history.kz сайтынан алынды.

Бүгін Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының талқысына Шыңжаң қазақтарының жиырманшы ғасырдың басындағы баспа, баспасөз құралдарының жағдайы туралы материал ұсынбақпыз. Жиырманшы ғасырдың бас кезінде шекарамыздың іргесіндегі Шыңжаңда қандай баспасөздер болды? Ондағы қазақ жұрты қандай ақпараттарды оқыды? Қараңыз:


1. Іле уалияты гәзеті

«Іле уалияты» гәзеті  1910 жылы наурыз айының 25 күні Құлжа қаласында май баспамен аралас тілде (қазақ, үйғыр, татар), шағатай емлесімен жарық көрген. Сол кездегі саяси, қоғамдық,  экономикалық өмірге қатысты мақала, шолулар мен ішкі-сыртқы жағдайлар тұралы ақпараттық хабарлар таратып отырған. Гәзет бір жыл сегіз ай шығып барып тоқтаған.

2. Шыңжаң гәзеті

«Шыңжаң» гәзеті – Шыңжаң қазақ, қырғыз мәдени-ағарту ұйымы жағынан Үрімжіде шыққан. Ең алғаш 1935 жылы «Шыңжаң гәзетінің қазақша беті» деген атпен, бір бет болып басылған. 1936 жылы тамыз айынан бастап жарты баспа табақтық, яғни, төрт беттік апталық гәзетке айналды. Гәзеттің жауаптысы Шәмси Мәми болып,  редакциялық қызмет алқасында Нәзір Омарұлы, Зият Шәкерімұлы, Ғазез Қалбанұлы қатарлы кісілер істеген. Гәзет алғаш шыққанда Шың Шысайдың «алты саясатын» насихаттап, халықты өнер-білім үйренуге жебеп, едәуір алғабасарлық рөл атқарған.  Бұл газет 1949 жылға дейін үздіксіз шығып тұрды.

3. Іле-Шыңжаң гәзеті

«Іле-Шыңжаң» гәзеті 1936 жылы шілде айында Құлжа қаласында қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының орган гәзеті ретінде жарты баспа табақ болып, апта сайын шыға бастады. Жауапты редакторы әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы болған гәзет 1942 жылы жабылды. Гәзет Іле өңіріндегі қазақтар арасында жаңа мәдениеттің тарап, оқу-ағартудың жалпыласып, ұлттық ой-сананың оянуына едәуір белсенді рөл көрсетті.

4. Бизнің тауич (Біздің үн)

«Біздің үн» гәзеті 30 жылдардың басында Шәуешекте аралас тілде шыққан. Гәзеттің басы-қасында Ниаз Ысқаки қатарлы ашық ойлы зиялылар болған. Гәзет шыққан күннен бастап ағартушылық бағытты ұстанып, әлеуметтік мәселелер жөнінде пікір қозғап, халықтың сүйікті гәзетіне айналған. Сол себепті де 1932 жылы билік жағынан тоқтатылған. 1944 жылдан бастап қайтадан ашық таратылып, көлемі 4 беттен жұма сайын шығып, тиражы 400 данаға жеткен. Нұртаза Шалғынбайұлы қатарлы қазақ зиялыларының мақалалары үзбей жәрияланған. 1935 жылы қытай билігі жағынан қайтадан жабылды.

5. Жаңа Шыңжаң журналы

«Жаңа Шыңжаң» маусымдық журнал.  «Біздің үн» газеті тоқтатылғаннан кейін, 1935 жылы маусымнан бастап Шәуешекте шыға бастады. Журнал оқыту әдісін және қоғамды салыстырып зерттеу арқылы көптеген өткір мақалалар жариялап, Шың Шысай кертартпа үкіметінің алдамшы саясатын әшкерелеп, халықты күрес жасауға, нағыз еркіндікке қол жеткізуге үгіттеді. Бас редакторы Нияз Ысқаки болды.

6. Халық ауазы гәзеті

«Халық ауазы» гәзеті – Үш Аймақ үкіметі Тарбағатай аймағы уәли мекемесінің орган гәзеті болды. 1945 жылы тамыз айының 4 күнінен бастап аралас тілде шықты. Қадыр Зуни газеттің жауапты редакторы болды. Гәзетте халықтың ағартуын, мәдениетін, әлеуметтік құқын насихаттау мақсатында «оқу-ағарту», «мәдениет таңы», «Тарбағатай әйелдері» қатарлы айдарлар ашылды. Тиражы 1947 жылы 1890 данаға дейін жетті. 1945 жылы қазанның 29-ынан бастап Дубек Шалғынбаев гәзеттің жауапты редакторы болды. Газет 1949 жылдың соңына дейін шығып тұрды.

7. Дөрбілжін хабарлары гәзеті

«Дөрбілжін хабарлары» 1947 жылы Тарбағатайда «Халық ауазы» гәзеті жанынан дербес қазақ тілінде апталық гәзет болып шықты. Гәзет форматы 4 бет болып, тиражы 995 данаға дейін жеткен. Гәзеттің жауапты редакторы Жүнісқали Сүлейменов. Бұл газет кейін «Табыс» гәзеті болып өзгеріп, қазіргі «Тарбағатай гәзеті» шыққанға дейін оқырманмен қауышып тұрды.

8. Халықшы гәзеті

«Халқшы» гәзеті Шыңжаңдағы бейбітшілікті және демократияны қорғау одағы Тарбағатай атқару комитетінің органы болып 1948 жылы қыркүйектің 9-ы күні дүниеге келді. Жауапты редакторы Әбдіқадыр Зуни. Гәзет басында күн аралатып шықты да, кейін күнделікті шығатын болды. Гәзеттің тиражы 1949 жылға келгенде 4200 данаға жетті.

9. Төңкерістік жастар гәзеті

«Төңкерістік жастар» гәзеті Үш Аймақ үкіметі Төңкерістік жастар ұйымының Тарбағатай комитетінің орғаны болды. 1946 жылы қыркүйектің 21-інен бастап апталық гәзет болып шықты. Жауапты редакторы Әбілімит Ажиев болды. Гәзет 4 бет болып, қорғасын баспада басылды. Төртінші беті орыс тілінде шықты. Гәзет 1948 жылы 6 маусымнан бастап осы атпен айлық журналға өзгерді. Бұл журнал 1949 жылы 14 наурызда «Демократ» гәзетіне өзгерді.

10. Бірлік журналы

«Бірлік» маусымдық журнал. 1949 жылы ақпанның 17 күнінен бастап Шәуешекте шықты. Бұл журнал саяси,  экономикалық, қоғамдық, әдеби жақтарды қамтыған әмбебап журнал болғандықтан халықтың рухани өміріне орасан зор ықпал жасады.

Жалғасы бар...

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255