Cамат Нұртаза: Әкімдер тапсырма орындамаса, су тасқынын сылтау етеді
«AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Дамуында ауытқулары және оның туындау қаупі бар сәби жастағы балалар үшін ерте араласу орталықтарын құру және «Қамқорлық» бастамасы аясында аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашуды орындау мерзімін бұзуға жол берген адамдарды жеке жауапқа тартуды сұрады.
Депутат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында осылай мәлім етті.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында президент «Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады» деп атап өткенін депутат еске салды.
«Әкімдіктер тапсырманың орындалмағанына ақталып, елімізде болған су тасқынын сылтау етеді. Алайда су тасқыны биыл болды, ал тапсырманың орындалу мерзімі, тағы да қайталап айтамын, былтыр аяқталуға тиіс еді. «Қамқорлық» бастамасы аясында аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашу бойынша да жағдай осындай – 17 өңірлік жобаның ішінде қазіргі уақытта тек 5 облыста жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шамамен ашылуы биылғы жылдың 4-тоқсанына жоспарланған, ал қалған 12 облыста ашылу келесі жылға жоспарланып отыр. Орындалмауының себебі ретінде елдегі су тасқыны жағдайы айтылады», - деді Самат Нұртаза.
Abai.kz