Халықтық штаб мүшелері Маңғыстау өңірінің жұртшылығымен кездесті
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Маңғыстау облысында болды. Мұнда олар мұнайшылармен, өңір жұртшылығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, Сенек ауылының тұрғындарымен аймақты дамыту перспективаларын талқылады.
Ақтауда Халықтық штаб мүшелері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерімен жүздесті. Іс-шараға 150-ден астам адам қатысты. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы еңбек адамына айрықша басымдық беретіні, олардың арасында ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мұнай-газ саласының қызметкерлері ойып тұрып орын алатыны ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, Штаб мүшелері Президент бастамасымен Конституцияға түзетулер енгізілгенін, соған сәйкес жер мен оның қойнауындағы қазба байлық халыққа тиесілі екенін еске салды. Парламент депутаттары жер қойнауын пайдалану туралы жаңа заң қабылдады. Енді елімізде жаңадан ашылған барлық ірі кен орындары ұлттық компаниялардың 50% және одан жоғары үлесімен игерілуге тиіс. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушы барлық компания енді қазба байлығы азайып бара жатқан кен орындарында жұмыс жүргізуді жалғастыруға немесе орналасқан аймақты дамытуға қаражат құюға міндетті. Соның нәтижесінде, «ӨзенМұнайГаз» және «Маңғыстаумұнайгаз» компанияларында мыңдаған жұмыс орны сақталады.
«6 қазанда референдум өтетінін білесіздер. Президент биылғы Жолдауында АЭС салу бойынша таңдауды халықтың өзі жасауға тиіс екенін баса айтты. Бұл – Мемлекет басшысының бұлжымас ұстанымы. Қазір елдегі ең маңызды шешімдердің барлығы да халықтың талқысына салынады. Бұл қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді. Қазақстанның әр азаматы ел тағдыры алдындағы жауапкершілікті сезінуі қажет», – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен қатар, АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері аймақтағы ең өзекті мәселенің біріне – ауыз су тапшылығына тоқталды. Мәселен, биыл Форт-Шевченкодағы су тазарту құбыры станциясының құрылысын аяқтауға 2,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай «Кендірлі» курорттық аймағында жаңа су тұщыту зауыты салынады. «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту жұмысы жалғасуда. Бұл маңызды жобалар тұрақты қуат көзін қажет етеді.
Сенек ауылында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері жергілікті тұрғындармен өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады. Яғни, ауылда жаңа жұмыс орындарын құру, несие алу, жаңа өндіріс орындарын ашу және тағы басқа. Мемлекет «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеке кәсіп ашу үшін 2,5%-дық қомақты қаражат бөледі.
Осы күні АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Маңғыстау облысы жұртшылығының өкілдерімен және өңірдегі белсенді азаматтармен кездесті. Бүгінде аталған өңір ең жоғары жүктеме кезінде шетелден электр энергия сатып алады. Энергия тапшылығы жаңа өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмысын тежейді. Осы тапшылыққа байланысты көптеген перспективалы өндірістер тек қағаз жүзінде қалуда. Штаб мүшелері атап өткендей, бүгінде Маңғыстауды еліміздің бірыңғай энергия жүйесіне қосу жұмысы жүргізілуде.
Жалпы маңғыстаулықтар алдағы референдумға белсенді қатысуға ниет білдірді.
Халықтық штабтың баспасөз қызметі
Abai.kz