Депутат: TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз
Парламент Сенатының депутаты Геннадий Шиповских балаларды қауіпті контенттен қорғау үшін TikTok желісіне бақылауды күшейтуді, платформада балаларға арналған арнайы желі ашылмаса, оны елімізде мүлдем бұғаттап тастауды ұсынды, деп хабарлайды Abai.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Сенатор депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.«TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін мен айтпасам да өздеріңіз байқап жүрсіздер. Әлемдегі практикаға назар салсақ, көптеген мемлекет әртүрлі себепке байланысты аталған платформаға ішінара тыйым салып отыр. Оларды жинақтай келе, мынадай себептерді айтуға болады. Біріншіден, балалардың психикалық денсаулығы алаңдаушылық туғызады. TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеяларға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін. Қырғызстан осы мақсатта платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғауға бағытталған қадам жасады», - деп бастады сауалын Шиповских.
Екіншіден, оның айтуынша, киберқауіпсіздік – қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәселелерінің бірі. Франция мен басқа елдер TikTok пайдаланушыларының дерегін жинау әдісіне күмәнданып, желіге шектеулер енгізді. Қазақстанда да кибер қауіпсіздікке назар аудару өте маңызды. Өйткені, жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты.
«Үшіншіден, мәліметтердің құпиялылығы да үлкен алаңдатушылық туғызады. Канада TikTok-тағы деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген. Бұл платформа пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін. Сондықтан бұл Қазақстан үшін өзекті мәселе. Төртіншіден, қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында да шектеулер қажет. TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндағы ақпараттың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал. Жалған ақпараттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалауы мүмкін», - деп санайды халық қалаулысы.
Бесіншіден, Шиповскихтің пікірінше, әлеуметтік желі адамның денсаулығына физикалық-моральдық тұрғыда қауіп төндіреді. Себебі TikTok-та соңғы уақытта стрим форматында өткізілетін жарыстар кеңінен таралып, олардың аясында жеңілген адамға жеңімпаз тарапынан әртүрлі тапсырмалар беріледі.
«Аталған тапсырмалар алғаш қарағанда қызық әрі көңіл-көтеруге бағытталған секілді көрінгенмен, олардың кейбіреуі адамның денсаулығына физикалық және моральдық тұрғыда елеулі зиян келтіретінін байқаймыз. Мысалы, зеленка іш, аузыңа шамды сал, іш киіміңді көрсет және осы секілді бұйрықтар адамның өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ қоғам алдында адамның абыройын түсіріп, моральдық тұрғыда зорлық көрсетіп, заңнамада қарастырылған азаматтық құқықты бұзады», - деп мәлімдеді ол.
Осыған байланысты сенат депутаты бірнеше ұсыныс тастады. Оның ішінде әлеуметтік желіні бұғаттау туралы ұсыныс та бар.
«TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді баламалы, балаларға арналған арнайы желі ұсынуы қажет. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз», - деді Шиповских.
Депутаттың айтуынша, осы мәселелердің шешімі халықтың денсаулығын және моральдық құндылықтарын сақтап қалуға, сондай-ақ жастар арасында таралып жатқан қауіпті әдеттерді азайтуға бағытталған қадам болмақ.
Abai.kz