Қыпшақтар мен хорезм-түркімендерінің қайшылығы...
Оныншы ғасырда Батыс Моңғолия мен Саян-Алтайдан келген қумон-қыпшақтар нағыз көктүрік дәстүрін ұстанған ел еді. Олардан жеңілген оғыздар Түркіменстан, Сыр бойы, Хорасанға ығысты да, 11-ші ғасырда исламды қабылдады.
Олардың бір тобы селжүктер империясын құрса, енді бір тобы Хорезмге келіп, Хорезм мемлекетін құрды. Сыр мен Маңғыстауда Қожа Ахмет Яссауи жолын ұстанды. Осыдан тартып қыпшақ түркілері мен оғыз түркілерінде ара қайшылық ушықты.
Түркілердің үш үлкен тобы да 10-шы ғасырға дейін көшпенді әрі Сырдан ары кетіп, отырықшы болмаған еді! Қарлық түркілері қыпшақ тілдестерден жеңіліп, Мәуераннахрға, Қашқарияға орнығып, исламға кірді. Олар Қарахандар мемлекетін құрушылар! Орта Азияда алғаш мұсылман осы қарлық түркілері! Ұйғыр атанған түркілер буддаға кірді, хазар атанған түркілер юдайизмді таңдады.
Оғыздардың қыпшақтардан жеңіліп, құмға, отырықшы жерлерге қуылуы - олардың сол жердегі үкіметтердің әскери күшіне айналуына байланысты исламға кіруін тездетті!
Хорезм мемлекетін осы исламға бет бұрған оғыз түркілері құрды.
Түркімендер:
«Түркімендерді үш түрге бөліп қарастыруға болады. Олар Мұхаммед дінін ұстанып, оның заңдарын атқарады. Білімдері таяз, жабайы халық». Марко Поло. 18-бет.
1150-жылдардан бастап хорезм-қыпшақ соғысы ушықты. Хорезм әскері Жент түбінде қыпшақ әскерін жеңді. Бұны: «Дінсіздердің ішінде ең беделді қыпшақ ханы жеңілді», - деп атайды. Келесі бір жорықта Жентті алған Атсыз: «Жент мұсылман әлемінің шеті», - депті. Демек 1200-ге дейін тіпті, 1313-ке дейін Сыр бойыннан шығысқа не солтүстікке қарай ислам жетпеген.
1196-да дінсіз қыпшақтарға қарсы ғазауатқа шыққан Хорезм әскері жеңілді, себебі олардағы жалдамалы әскер - қаңлылар өз туыстары жағына шығып кетті. Осыдан кейін Хорезм билеушілері көшпенділердің ішкі қайшылығынан пайдаланды. Қаңлының Алып қара, Алып дерек деген хандарын бір-біріне айдап салып, Алып деректі қолдап, соның көмегімен Сығанақты басып алды. Алып дерек исламға кіріп, Қайыр хан атанды. Қыпшақтармен ара соғыс 1218-де соңғы рет болып, Ырғыз бойында моңғол әскеріне жолықты.
Шыңғыс ханның әскері керей, найман, қоңырат, жалайыр, меркіт, татар(кіші жүз), үйсін, дулатттардан кейін қосылған қарлық, ұйғыр, қаңлылардан құралса, Хорезм әскері түркімен оғыздар, қарлық түрік, мұсылман болған қаңлылар, тәжік, соғдылардан құралды.
Хорезм мен қыпшақ қайшылығы Алтын орда мен Әмір темірдің қайшылығымен ұқсас, екеуі де көшпенділерді дінсіздер деп, оларға қарата соғыс ашады, кейінгі Шәйбани мен қазақ арасындағы соғыс та осыған ұқсайды.
Біздегі өтірік тарих жазушылар шатасып жүр! Қарахандар мемлекетінде қазақ рулары жоқ, олар қарлық тілдес ұйғыр, өзбектерді негіз еткен мемлекет. Селжүктер мен Хорезм - олар мұсылман болған оғыздар, түрік, түркімен, әзербайжандар. Ал қазақ, ноғай, қарақалпақ қыпшақ түркілері Алтын орда кезінде барып исламға кіре бастады. 1200-ге дейін даламызда оғыздар, қарлықтар болды, олар бізден ығысып, алды Анадолыға дейін кетті! Сондықтан оғыздар мемлекетінің тарихы ол біздікі емес, қарахандар тарихы да солай! Ал қыпшақ, керей, найман, моңғол-татар тарихы ол біздікі!
Ерзат Кәрібай
Abai.kz