Украинаның «жеңіс жоспары» қандай?
Президент Зеленский Украина Радасында тұрып, Украинаның «жеңіс жоспарын» таныстырды. Сонымен, Украинаның «жеңіс жоспары» қандай? Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.
Бірінші мәселе - Украинаны НАТО-ға шақыру!
Зеленский Ресей ондаған жылдар бойы Еуропадағы геосаяси белгісіздікті, атап айтқанда Украинаның НАТО мүшесі еместігін пайдаланып келгенін атап өтті. Дәл осы нәрсе Ресейдің Украина қауіпсіздігіне қол сұғуға итермеледі. Президенттің айтуынша, Украинаны НАТО-ға шақыру арқылы Путин «өзінің геосаяси есептері жеңіліп жатқанын» түсінуі керек.
Екінші мәселе – Қорғанысты күшейту!
«Біз агрессорға қарсы күресте Украина қорғанысын нығайту туралы айтып отырмыз», - дейді Украина Президенті. Зеленский Украинаның позицияларын қорғау және «соғысты Ресей территориясына қайтару» қажет екенін айтты.
Бұл тармақ - Украинаның қорғаныс және қауіпсіздік күштерінің позицияларын нығайтуды, Ресей Федерациясы аумағындағы операцияны жалғастыруды, Ресейдің шабуылдық әлеуетін жоюды, Украина Қарулы Күштерінің резервтік бригадаларын жинақтауға серіктестерге көмек көрсетуді, әуе қорғанысын нығайтуды, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандарды пайдалану операцияларын кеңейтуді, Ресей аумақтарына соққы жасау үшін алыс қашықтықтағы қаруды қолдануға шектеулерді алып тастауды және Украинаны нақты уақыт режимінде спутниктік деректермен және басқа барлау құралдарымен алынған мәліметтермен қамтамасыз етуді қамтиды.
Үшінші мәселе – Ресейді оқшаулау!
«Ол үшін АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия және Германия басшыларына жолданған нақты ұсыныс-өтініштеріміз бар. Оны тағы бірқатар мемлекеттерге жолдайтын боламыз», - деді Зеленский.
Украина Президентінің айтуынша, Украина өз жерінде Ресей Федерациясы тарапынан болатын кез келген әскери қауіптен қорғауға жеткілікті кешенді ядролық емес стратегиялық тежеу пакетін орналастыруды ұсынып отыр.
Төртінші мәселе – стратегиялық экономикалық әлеует!
Президент Украинада табиғи ресурстар, оның ішінде құны триллиондаған АҚШ долларын құрайтын маңызды металдар шоғырланғанын айтты. Бұл – уран, титан, литий, графит және басқа да стратегиялық құнды ресурстар не Ресей мен оның одақтастарын не Украина мен демократиялық әлемді жаһандық бәсекелестікте нығайтатын ресурстар!
Украина АҚШ-қа, ЕО-ға Украинадағы маңызды ресурстарды бірлесіп қорғау, бірлескен инвестиция және тиісті экономикалық әлеуетті пайдалану туралы арнайы келісім ұсынады.
Бесінші мәселе – соғыстан кейінгі кезеңге арналған!
Зеленский соғыстан кейін Украинада ең тәжірибелі және ең ірі әскери контингенттердің бірі болатынын атап өтті. Оның айтуынша, Украинаның бұл тәжірибесін альянс қорғанысын нығайту және Еуропадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін пайдалану керек!
Украина президенті Зеленскийдің айтуынша, бұл Украинаның «жеңіс жоспарының» бір бөлігі ғана. Яғни, толық жоспар емес!
«Егер бұл жоспар қолдау тапса, соғысты келесі жылдан кешіктірмей аяқтай аламыз», - дейді Зеленский.
Президент Зеленский осыған дейін Украинаның «жеңіс жоспарын» АҚШ-қа, Еуропа мемлекеттеріне апарып таныстырған. Ал президент Зеленскийдің АҚШ президенті Байденге таныстарған «жеңіс жоспарының» төрт тармағы БАҚ-та жарияланған.
Онда:
Әуелгісі – Батыс тарапынан Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру;
Онан соң – НАТО-ға кіру кезінде өзара қорғаныс туралы пактіге балама әзірлеу;
Үшінші тармақ – Курск облысындағы Украина операциясын одан ары жалғастыру, заманауи қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселесін біржақты ету;
Және соңғысы – Украинаға халықаралық қаржылық көмек беру мәселесін шешу, - деп көрсетілген.
Назар аударарлық мәселе: Бұл жоспарда соғыс қимылдарын уақытша тоқтату немесе оқ атуды тоқтату туралы мүлде жазылмаған. Бұған дейін Зеленский: «Біз егжей-тегжейлі әзірлеген «жеңіс жоспары» бес тармақтан тұрады. Төртеуі - бізге дәп бүгін қажет, біреуі - соғыстан кейін керек. «Жеңіс жоспары» – Украинаны тез арада күшейтетін жоспар. Күшті Украина Путинді келіссөз үстеліне отыруға мәжбүрлейді!», - деп мәлімдеген.
Abai.kz