Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Ақмылтық 1530 2 пікір 24 Қазан, 2024 сағат 16:49

БРИКС саммиті һәм Путиннің «қарсы соққысы»

Сурет business-gazeta.ru сайтынан алынды.

Путин өзінің «қарсы соққысына» қалқан ретінде БРИКС-ті Батыспен күресте пайдалануға бел шеше кіріскенін әлемдік сарапшылар жазып жатыр. Анығы БРИКС саяси-экономикалық шоқпар ретінде Ресей мен Иранға қазір ауадай керек болып тұр. Кешелі-бүгін Татарстанның Қазанында өтіп жатқан БРИКС жиыны туралы сараптамызды Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынамыз...

БРИКС БАСҚОСУЫНА КІМДЕР ҚАТЫСУДА?

Кремльдің мәліметінше, шақырылған 38 елдің тек 22-сі ғана Қазанға өз көшбасшыларын жіберген. Ал 6 мемлекет аталған саммитке қатысудан мүлдем бас тартқан.

Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги Берлин орталығының директоры Александр Габуев: «Аталған саммит Путиннің «қарсы соққы» жасау әрекеті. Путин Украинадағы соғысын «ескі әлемдік тәртіпті бұзып, жаңасын құруға көмектесетін алдыңғы қатарлы жасақ» және «БРИКС - осы жаңа әлемдік тәртіптің ең қуатты және өкілетті құрылымы» деп көрсетуге тырысуда», - дейді («The New York Times» гәзеті).

ПУТИННІҢ «ҚАРА СОҚҚЫСЫ»

Александр Габуев: «Владимир Путин Қазандағы БРИКС саммитінің көмегімен Батыстың Ресейді оқшаулай алмағанын және оның жаңа серіктестерін тарта отырып, оған белсенді түрде қарсы тұруға дайын екенін көрсетуге тырысуда. Бірақ БРИКС-тегі көпшілікті Ресей емес, оның әлемдегі екінші ірі экономика ретінде Қытайға жақындығы қызықтырады. Ал АҚШ-қа қарсы күресті бірлестіктің ескі мүшелері де, оған қосылуға қызығушылық танытқандар да қаламайды», - дейді.

Ресей құрамындағы Татарстан астанасында өтіп жатқан БРИКС құрамына тек Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай мен ОАР ғана емес, сондай-ақ, Иран, Мысыр, Эфиопия және БАӘ кіреді.

Путин үшін БРИКС АҚШ-тың әлемдегі үстем орны мен халықаралық қаржы жүйесіндегі долларға нұқсан келтіретін құралдардың біріне айналды. Былтырғы саммитте БРИКС валютасын құру туралы (нәтижесіз) сөз болды, ал биылғы саммитте долларсыз есеп айырысуға мүмкіндік беретін төлем жүйесі талқыланды.

БРИКС РЕСЕЙ, ИРАН МЕН ҚЫТАЙҒА ТИІМДІ

Мұндай жүйе батыс санкцияларымен халықаралық есеп айырысудан үзілген Ресей мен Иран және әлемдік қаржы операцияларындағы юань үлесін ұлғайту тәсілі ретінде долларсыздандыруды қарастыратын Қытай үшін өте тиімді. Бірақ аймақтағы Қытайға қарсы шығып, Батыс елдерімен жақсы қарым-қатынас орнатқан Үндістанға тиімсіз.

ҮНДІСТАН БАТЫСПЕН ҚАҚТЫҒЫСТЫ ҚАЛАМАЙДЫ!

Үндістан Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы хатшысы және Ресейдегі елші Канвал Сибал: «Дели үшін БРИКС-тің құндылығы халықаралық жүйені Батысқа қарама-қарсы күшке айналдыру емес, оған тең құқықты қарым-қатынас орнату болып табылады. Біз үшін Құрама Штаттар болашақ өсуіміз, технологияларымыз және оларға қол жетімділігіміз тұрғысынан ең маңызды серіктес болып табылады.

Сондықтан БРИКС-тің экономикалық-саяси майдандарда Батыспен қақтығыстың орталығы болуын қаламаймыз. Біз БРИКС аясында белсенді ынтымақтастықты және конфронтация емес, кооперация режимінде халықаралық жүйені қалыптастыру үшін оңтайлы күн тәртібімен жұмыс істеуді қалаймыз», - деп мәлімдеді («Washington Post» газеті).

ОАР-ҒА РЕСЕЙМЕН ӘСКЕРИ ОДАҚТАСТЫҚ ҰНАМАЙДЫ!

Оңтүстік Африка Республикасының БРИКС-қа қатысты позициясы да осыған ұқсас.

«ОАР-ды ең алдымен НАТО-мен немесе Еуроодақпен қарсы тұру емес, экономикалық мүмкіндіктер қызықтырады.

Бұл жерде саясаткерлерге Ресеймен әскери одақ идеясы ұнамайды - бұл олар қалаған нәрсе емес. Оңтүстік Африка Мәскеумен, Вашингтонмен және Брюссельмен жақсы қарым-қатынас орнатуды ғана қалайды», - дейді Кейптаун университетінің саяси зерттеулер факультетінің деканы, профессор Звелету Жолобе.

БЕЙТАРАП ПОЗИЦИЯ КІМДЕРГЕ ТИІМДІ?

Сарапшылардың пікірінше, бейтараптықты АҚШ-пен жақсы қарым-қатынас орнатқан Бразилия да сақтап қалуға тырысады.

Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мохаммед ибн Салман сыртқы істер министрін ғана жіберіп, саммитке шақыруды қабылдамады.

Ал Қазақстан ұйымға кіруге шақырудан бас тартты (осы қадамы үшін Ресейге көкөніс пен бидайды экспорттаудан қағылды).

Армения Қазақстаннан кейін БРИКС-ке қосылу жоспарының жоқтығын мәлімдеді.

«Армения БРИКС мүшесі болуды жоспарлап отырған жоқ», - деп мәлімдеді Арменияның вице-премьері Мгер Григорян.

Бiрлестiктiң басқа елдер үшiн тартымдылығы оның кейбiр мүшелерiнiң саяси бейiмделуiнде және Мәскеумен ынтымақтасу ниетiнде емес, Қытайдың экономикалық қуатында жатыр. Елдер бұл бірлестікке қатысудан экономикалық пайда іздеуде. Шындығында, Қытай ақшасын өз экономикасына тартқысы келетіндердің санасы мыңға, ойы онға бөлінуде.

Abai.kz

2 пікір