Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5097 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 09:48

Таулы Қарабақ - Кавказдағы үшінші бомба

Кавказда үш «бомба» бар, соның бірі биыл тамызда «жарылып», дүниеде қалыптасқан біраз ережені өзгертіп жіберген. Бар-жоғы 5 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан Таулы Қарабақ сол үш бомбаның бірі әрі ең қауіптісі. Ол да өзін өзі тәуелсіз ел деп жариялаған, бірақ ешкім мойындамаған санатта жоқ ергежейлі «мемлекеттердің» қатарында. Ресей Грузияны тәрк еткен екі аймақты тәуелсіз ел ретінде мойындағалы бері қарабақтықтар қомпаңдап қалды. Ресми деректер бойынша 130 мыңның үстінде халық тұратын бұл аймақта зеңбіректің үні өшкеніне бар-жоғы 14 жыл болыпты.

 

Кавказда үш «бомба» бар, соның бірі биыл тамызда «жарылып», дүниеде қалыптасқан біраз ережені өзгертіп жіберген. Бар-жоғы 5 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан Таулы Қарабақ сол үш бомбаның бірі әрі ең қауіптісі. Ол да өзін өзі тәуелсіз ел деп жариялаған, бірақ ешкім мойындамаған санатта жоқ ергежейлі «мемлекеттердің» қатарында. Ресей Грузияны тәрк еткен екі аймақты тәуелсіз ел ретінде мойындағалы бері қарабақтықтар қомпаңдап қалды. Ресми деректер бойынша 130 мыңның үстінде халық тұратын бұл аймақта зеңбіректің үні өшкеніне бар-жоғы 14 жыл болыпты.

 

Ереваннан жеңіл көлікпен таң азанда шықсаң, Таулы Қарабақтың бас қаласы – Степанакертке (Әзірбайжандар оны Ханкенді деп атайды)  кештетіп жетесің. Екі арадағы жол биік таулы аудан арқылы өтетіндіктен тым бұралаң және тар. Қыстыңгүні тіпті қауіпті. Таулы Қарабақты басқа әлеммен жалғап жатқан да жалғыз осы жол. Себебі, Әзірбайжанға шығатын темір жол мен тас жол жабылған. Қақтығыс аймағына тым жақын орналасқандықтан, әуежайға ұшақ қонбайды. Тауды қапталдай ирелеңдеген Ереван – Степанакерт тас жолымен біз де жүріп өттік, 17 жылдан бері тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп жатқан аймақпен танысып қайттық.

 

Жеті бала туғанға – 100 мың доллар

Степанакерт қаласы шұңғыл кесенің түбінде тұрған сияқты. Әуеде айналсоқтап жүріп кеп қонған ұшақ іспетті жол да қаланы бірнеше рет айналып өтіп барып көшеге кіреді. Бір қарағанда соғыстың кесірінен аты шыққан, 50 мыңдай ғана тұрғыны бар Степанакерт біздегі аудан орталықтарының бірі сияқты әсер қалдырады. Біз тоқтаған «Наири» қонақүйінің кіреберісінде Лос-Анджелес, Сидней, Лондон, Париж және... Степанакерт қалаларындағы уақытты көрсететін бес бірдей сағат ілініп тұр. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген, өздерін қалай жоғары қояды, ә?» деп ойлағанбыз. Бақсақ, мұндағы қызмет көрсету деңгейі, безендірілуі «жұлдызды» қонақүйлерден бір кем емес екен. Мынадай түкпірде, соғыс өртінен көз ашпаған аймақта мұндай өркениетті көреміз деп күтпеген едік. Қабылдаушы қыз бұл қонақүйдің қожайыны ұлты армян австралиялық кәсіпкер екенін айтқанда барып өркениеттің мәнісі белгілі болды.

Армяндар Таулы Қарабақты ата-бабасынан келе жатқан қасиетті мекен – Арцах деп атайды. Негізінен армяндар тұратын Таулы Қарабақ автономиялық округі КСРО кезінде Әзірбайжанның қарамағында болып келген. Кеңес одағының іргесі сөгілер қарсаңда, 1988 жылы басталып, 1994 жылы уақытша бітім шартына қол қоюмен тыншыған соғыстан соң бұл өңірде тек армяндар ғана қоныстанып қалды, 40 мыңға жуық әзірбайжан ішкеріге көшіп кетті. Автономиялы округтің жерімен қоса, Әзірбайжанның өзіне тиесілі тағы 7 ауданның жерін толықтай не жартылай бақылауға алған Таулы Қарабақ содан бері ешкім мойындамаған тәуелсіз ел ретінде не әрі, не бері емес болып өмір сүріп келеді.

«Жер шарының түкпір-түкпірінде тұрып жатқан армяндардың көпшілігі Арцахқа жыл сайын жазда келіп, топырағына аунап кетеді», -  дейді  Степанакертте тұратын журналист қыз Лусинэ Мусаэлян. Үлкендер балаларын ата-баба жеріне көз қырын салып жүруге үйретіп қана қоймай, осы өңірді көркейтіп, гүлдендіруге баулиды екен.

Қаланың орталығындағы бес қабатты президент резиденциясы мен үш қабатты шағын ғана парламент ғимараты орналасқан алаңға келдік. Бас алаңға биік жасыл шырша қойылып жатыр. Жаңажылдық мерекені өткізуге арналған сахна дайын тұр. Лусинэ төменде тұрған стадионды нұсқап, күзде сол стадионда қарабақтық 700 жұптың некесі қиылып, үлкен той болғанын айтты. Левон Айрапетян есімді ресейлік бизнесмен «Қарабақтың халқы 300 мыңнан кем болмауы керек» деп, үлкен қайырымдылық шарасын қолға алыпты. Сол бақытты 700 жұптың әрқайсысына бір сиырдан, қалада тұратындарына 2 мың доллардан ақшалай сыйлық табыс етіліпті. Әлгі бизнесмен сиырларды «жалаңаш» әкеле салмай, оларға арнап «көйлек» тіккізіп, соны кигізіп беріпті. Бұл жас отбасыларда дүниеге келетін бірінші балаға – 2 мың, екінші балаға  - 3 мың, үшінші балаға – 5 мың, төртінші балаға – 10 мың, алтыншысына – 50, жетіншісіне  – 100 мың доллар атаған да осы мәрт әрі патриот армян екен. «Жүз мың доллар деген бүкіл бір отбасының өміріне өзгеріс енгізе алатын үлкен ақша, сондықтан, жастар бала санын жетіге жеткізуді шынымен ойластырып жүр», - дейді бізбен әңгімесінде Лусинэ. 

 

Көрші отырып бірін-бірі көрмейтіндер

«1991 жылы әзірбайжандар қаланы 98 күн бойы үздіксіз атқылады. Президент әкімшілігі ғимаратының жертөлесі перзентханаға айналып, әйелдер сонда босанды», - деді Таулы Қарабақ парламентінің депутаты Ваграм Атанесян кабинетінің терезесінен көрші ғимаратты нұсқап. Ол енді соғыс болмайды деп үміттенеді. «Әсіресе, жаздағы Оңтүстік Осетия соғысынан соң Әзірбайжан мәселені күшпен шешуге болмайтынын түсінген шығар», - дейді депутат.

Халықаралық заң нормаларында Таулы Қарабақ Әзірбайжанның құрамындағы аймақ ретінде қарастырылады. Таулы Қарабақ халқы Әзірбайжанның қоластына қайта өткісі жоқ. 17 жыл бойы үздіксіз жүріп жатқан келіссөздер еш нәтиже берер емес. Әзірбайжан жағы жерінің 20 пайызы жаттың қолында қалып отыр десе, армяндар Әзірбайжан соғысқа тас-түйін дайындалып жатыр деп әлемдік қауымдастықты ескертіп қояды. Баку Ереванмен қарым-қатынасын толық үзген. Тегі «ян» деп аяқталатын адамдардың Әзірбайжан аумағына кіруге қақысы жоқ. Алда-жалда Әзірбайжанның бір азаматы Арменияға келе қалса, мұндағылар оны кеудесінен қақпайды, дегенмен өз еліне барғанда әлгі әзірбайжан құқық қорғау органдарының алдында жауап береді.

«Бүкілхалықтық референдумда қабылданған конституция бойынша Таулы Қарабақ қазір бақылап отырған жерінің бір тұтамын да ешкімге бермейді, оның үстіне Әзірбайжан бізге Шаумян ауданын қайтаруы керек», - дейді В.Атанесян.

Грузиядағы соғыстан соң Таулы Қарабақ халқы да шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуден дәмеленіп қалған. Жергілікті саясаттанушы Масис Майлиянның айтуынша, Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тәуелсіз ел деп мойындауы Таулы Қарабақтың еңсесін тіктей түсті. «Біз де солар сияқты КСРО заң нормаларына сәйкес референдум өткізу арқылы бөлініп шыққанбыз. Бізде, тіпті, мемлекеттік билік институттары Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағыдан да жақсы қалыптасқан. Біз тәуелсіздік үшін күресті олардан әлдеқайда бұрын бастағанбыз», - дейді М.Майлиян. 

 Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан Таулы Қарабақ сепаратистік аймағының үлкен айырмашылығы бар. Грузиядан бөлініп кеткен ол аймақтар бөтен бір елдің қолтығына кіріп отырса, армяндар қоныстанған Қарабақ Арменияның өзіне арқа сүйейді. Әзірбайжан жағының Арменияға кінә артатын да жөні бар. Армения Таулы Қарабақты тәуелсіз ел деп ресми түрде мойындамағанымен, іс жүзінде Қарабақ Арменияның бір провинциясына айналған. Екі арада ешқандай шекара жоқ десе болады. Қарабақта армян ақшасы жүреді, төлқұжаттары да Армениянікі, автокөлік нөмірлері де солардікі. Саясаттанушылар Қарабақтың мәртебесі анықталған жағдайда «республиканы» Арменияның құрамына қосу туралы мәселенің көтерілетінін ашық айтып отыр.

 

Шушада мешіт қаңырап тұр 

Біз сөйлескен Камо есімді жас жігіт соғыс басталғанда 12 жаста болыпты. «Бұл соғыста үш бірдей ағамды жоғалттым. Көршілеріміздің біразы сол кезде Ресейге кетіп бас сауғалаған. Кейін олар ірі бизнесменге айналды. Бірақ елге келуге әлі күнге дейін қорқады. Оларды мұндағылар «сатқын» деп атайды», - дейді ол.

Мектептерде әскери дайындық сабағы қатал өтеді, әскери комиссариаттарға тіркелу өте қатаң жүргізіледі. «Әзірбайжанмен шекара небәрі 150 шақырым жерде жатыр. Сондықтан бәрі болуы мүмкін», - дейді Камо.

Степанакерт түбіндегі Шуша қаласына кірсең, кеше ғана бомбаланып, астаң-кестеңі шыққандай. Терезелері үңірейіп тұрған үйлер, жартылай қираған ғимараттар өлілердің қаласын еске түсіреді. Сәждеге жығылатын мұсылман баласы қалмағандықтан, ХІХ ғасырда салынған мешіт алқа-салқа болып қаңырап тұр. Қалаға соңғы жылдары жұрт келіп қоныстанып, тіршілік бір арнаға түсе бастапты. Әзірбайжаннан қашып келген босқын армяндар бұл өңірден Әзірбайжанға көшіп кеткен халықтың үйлеріне кіріп алыпты. «Бакуде мен тұрған үйді де біреулер иемденіп алыпты. Демек, айырбас жасадық деген сөз», - дейді Бакуден көшіп келген Арсен Маткарян есімді кісі. Арсен Әзірбайжанды жиі еске алады, тіпті үйінді әзірбайжан әндерін тыңдағанды жөн көреді екен. «Соғыстың кінәсі ғой, әйтпесе екі халық аралас-құралас тату өмір сүріп жатқан едік», - дейді ол.

Әзірбайжандарды сағына еске алатын армяндардың бірі – Шушадағы шығыс базарының қаңқасын қарауылдап отырған Коля ақсақал. Базарға қарауыл болып жұмысқа орналасқандағы себебі де сол - әзірбайжандардың мұрасына деген жауапкершілікті сезініпті. Қабырғадағы арабша жазуды нұсқап: «Көрдің бе, бұл – қасиетті орын, мұны біз келер ұрпаққа сақтап қалуымыз керек. Ертең әзірбайжандардың үрім-бұтағы келіп сұраса, не айтамыз?» - дейді ақсақал. Көрші ел деп жүрегі елжіреп отырған Коля атайдың соғыс кезінде полк командирі ретінде Шушаны әзірбайжан әскерінен азат етуге белсене атсалысқанын естігенді таң қалдық. «Біз мұсылмандардан еш жамандық көрген жоқпыз, тек күш қолданудан басқаны білмейтін басшылардан теперіш көрдік. Ондай басшыларда ұлт болмайды, сондықтан біз Әзірбайжанның қоластына ешқашан қайта кіре алмаймыз», - дейді Коля атай.

   

Мүгедектер елі

Таксидің рөлінде отырған 40-тардағы жігіттің бір жақ қолы білегінен шұнтиып біткен екен. «Соғыста снаряд жұлып кеткен», - дейді Арсен есімді шопыр. Соғыс ардагері ретінде 25 мың драм (80 АҚШ доллары шамасында) зейнетақы алады екен. «Отан үшін соғысып жеткендегі күніміз – осы, таңғы сағат 8-ден түнгі 12-ге дейін дамылсыз жұмыс істеймін, сондағы табатыным – азғантай ақша», - деп мұңын шақты Арсен. Қарабақта көшеден қолы, аяғы жоқ, балдақпен жүрген жарымжан кісілерді көп кездестіресің.

Мұнда өндіріс орны жоқ, сондықтан, жұмыссыздық деңгейі жоғары. Халық негізінен қызмет көрсету саласында, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді. «Жұмыссыздық деңгейі жоғары болғандықтан, мекемелер ақшаны тым аз төлейді, мұны жақтырмасаң, орныңа басқа біреуді аламыз деп қорқытады», - дейді Арсен.

Қалада ірі сауда орындары, әлемге әйгілі тауар фирмаларының өкілдіктері орналасқан. Соңғы кездері заманға сай кафелер, сауда орталықтары көптеп салына бастапты. «Тұрақтылық болған соң аймаққа капитал келіп жатыр. Ертең аздап тербеліс бола қалса, бизнесмендер тұра қашып, ел  экономикасы қайта тұралап қалуы мүмкін», - дейді жергілікті сарапшы Давид Карабекян. 

Соңғы жылдары бұл өңірдің туристік аймақ ретіндегі рөлі арта бастапты. Шетелде тұратын армян диаспорасы өкілдерінің өзі Қарабақ бюджетіне қомақты қаржы құйып кетеді екен. Бірақ, сонда да Таулы Қарабақ «үлкен аға» - Арменияның көмегіне сүйенуге мәжбүр. Ел бюджетінің жартысына жуығы мемлекетаралық көмек туралы келісім-шарт негізінде Армения бюджетінен келіп түседі. Сыртқы әлем үшін Армения басшылығы Таулы Қарабақты бөлек ел ретінде көрсеткісі келгенімен, осы фактінің өзі олардың іс жүзінде бір шаңырақ астында отырғанын дәлелдейді.

 

Кішкентай ел – «үлкен» президент

Армения мен Таулы Қарабақ арасында мемлекеттік шекара да жоқ. Әрі-бері өткенде біздің көлікті ешкім тоқтатып тексерген жоқ. Қарабақтың тәуелсіз ел болып, өзінше ту тігіп отырғысы жоқ екенін саясаттанушылар да мойындайды. Олардың мақсаты – алдымен Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындатқызып алып, сосын Арменияға қосылу.

«Шынайы тәуелсіздік алатын күніміз жақындады дей алмаймын, бірақ әйтеуір Әзірбайжаннан төніп тұрған соғыс қаупі сейілді», - дейді Таулы Қарабақ сыртқы істер министрінің орынбасары Эдуард Атанесян.

Шағын ғана екі қабатты ғимаратта отырған, штатында оншақты қызметкері бар мекеме «Сыртқы істер министрлігі» деп аталады. Кәсіби дипломат «мойындалмаған республиканың сыртқы істер мекемесімен кім санасады?» деген сұрағымызға шамданған жоқ. Қарабақтың БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-да өкілдіктері бар екенін тәптіштеп айтып берді.

Қарабақ президенті Бако Саакянмен кездесу үшін алдын-ала бірнеше апта бұрын жазылып, уақыт белгілеу керек. «Кішкентай болсын, үлкен ел болсын – ол мемлекет басшысы, сондықтан, оның қолы тие бермейді», - деді президенттің баспасөз хатшысы. Президент әкімшілігінің алдында тізіліп тұрған «Тойота Ланд крузерлердің» өзі Қарабақ басшыларының қаражаяу адамдар еместігінен хабар беріп тұрғандай.

Қарабақ басшыларының мәртебесін арттырып тұрған және бір нәрсе бар. Арменияның соңғы екі президенті де алдымен Қарабақта президенттік тақта отырып келгендер. Демек, Қарабақтағы билік элитасы жалпы Армениядағы билік тізгінін қолда ұстап отыр десе болады.  

Соңғы кездері Қарабақтың үмітін оятқан нәрсе - Әзірбайжанның мүддесі үшін Арменияға қырын қарап келген Түркияның жіби бастағаны. Атанесянның айтуынша, Түркия Еуроодаққа кіру үшін Кавказда бейбітшілік орнатушы ел ретінде көрініп қалғысы келеді. «Сол үшін Түркия армяндармен табысуға да баруы мүмкін. Мұндай жағдайда Таулы Қарабақтың түйіні шешіле кетпесе де, тынысы ашылар еді»,  - деп санайды Э.Атанесян.  

Қараша айында Таулы Қарабақ жанжалы тарихындағы ерекше бір оқиға болды. Мәскеуде Армения, Әзірбайжан және Ресей президенттері бірігіп дауды шешудегі басты принциптерді айқындайтын декларацияға қол қойды. Баку ақпарат құралдарында «Мәскеу Әзірбайжанның мұнайы мен газын өз жері арқылы Еуропаға жеткізуден мүдделі. Сондықтан, бұл жолы Ресей Арменияны көндіріп, Қарабақты Арменияға қайтартқызуы мүмкін» деген мазмұндағы болжамдар айтылған. Таулы Қарабақ парламентінің сыртқы қатынастар комитетінің басшысы Ашот Бегларянның айтуынша, Әзірбайжан ақпарат құралдары оқиғаны өз мүдделеріне қарай бұрмалап жазғанды жақсы көреді. «Шындығында, бұл – Мәскеуден қоңырау шала салу арқылы шешетін оп-оңай шаруа емес. Таулы Қарабақ та Мәскеудің айтқанына көніп отыра бермейді», - дейді Бегларян.

 

Мұнда саясаткерлердің біразы Таулы Қарабақ жанжалын шешуге әу баста Қазақстан президентінің де талпыныс жасап көргенін ұмытпапты. 1991 жылы Н.Назарбаев Ресей басшысымен бірге Степанакертке келіп, екі жақты бітімге қол қойғызбақ болған. Әзірбайжан жағы қарсы болыпты. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін Қазақстан Кавказдағы бұл түйінді шешуге белсене атсалысатын шығар деп үміттенеді Қарабақ сарапшылары. 

 

Мұхтар Жанұзақұлы, Степанакерт (Ханкенді) – Шуши (Шуша), Таулы Қарабақ.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371