Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Айбын 796 0 пікір 6 Қараша, 2024 сағат 15:17

Айгүл Құспан: Студенттерді әскерге тартудың тәртібі өзгереді

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс заңнамаға әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бағытында өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан таныстырды.

«2022 жылы Үкіметке азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тәртібін айқындау құқығы берілген болатын. Сол жылы-ақ тиісті ережелер қабылданды, бірақ бұл іс-әрекет қалыптасқан жағдайды өзгертпеді», - дейді депутат.

Осыны ескерген Парламенттің бір топ депутаты әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірлеп отыр.

Айгүл Құспанның айтуынша, заң жобасы «Әскери қызмет туралы» Заңын «әскери-патриоттық тәрбие», «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» терминдерінің мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқындайтын жаңа баппен толықтырады.

Сонымен қатар осы норма республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құруды көздейді.

Ол кеңестерге мынандай міндеттер жүктелмек:

– әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;

– әскери-патриоттық тәрбиеге мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіру;

– жастардың бойында Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыратын көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шыншыл ақпарат беру.

Сондай-ақ заң жобасында жоғары оқу орындарының жанында жұмыс істейтін әскери кафедралардың желісін кеңейту ұсынылып отыр. Депутат Юлия Кучинскаяның айтуынша, елдегі студенттердің 1 пайыздан астамы ғана әскери кафедраға тартылады.

Депутаттар жоғары білім алып жүрген студенттердің әскери борышын өтеу мерзімін кейінге шегеру мәселесін біржола реттеуді ұсынып отыр. Нақты айтсақ, бір жоғары оқу орнын бітіріп, екінші оқуға түскен студент әскери борышын өтеу мерзімін кейінге шегере алмайды. Тек алдыңғы білімін жетілдіру үшін магистратура түссе, колледжде алған білімін университетте жалғастыратын болса ғана әскери борышын өтеу мерзімін шегере алады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1974