Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 1395 18 пікір 12 Қараша, 2024 сағат 13:15

«Отандастар» ұғымы – империялық саясаттың көрінісі

Сурет: ieshua.org, samddn.ru сайттарынан алынды.

Arasha kz. сайтында белгілі журналист Кәмшат Тасболат «Орыс әлемінің» қаупі: Ресей Қазақстанға тісін қайрай бастады ма?» атты өзекті де өткір мақаласын жариялады.

Онда: «Таяуда Мәскеуде шетелде тұратын Отандастардың VIII дүниежүзілік конгресі өтті. «Біз Ресеймен біргеміз» ұранымен өткен жиынға орысша сөйлейтін әрі шетелде тұрса да, өздерін «ресейлік қоғамның» мүшесі санайтын белсенділер қатысты. Жиындағы бас тақырып Жеңістің 80 жылдығын тойлау болды, бұдан бөлек сыртта тұратын отандастардың құқын қорғау мен мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды. Кездейсоқтық па, әлде әдейі ұйымдастырылған шара ма екен, дәл сол тұста «Орыс әлемі – Қарағандыда» деп желеулетіп, ресейлік бір топ белсенді жергілікті тұрғындарға орыстың ұлттық киімдерін таратқан. Телеграмм арнасында «Орыс мәдениетін оның тарихи позициясына қайтарамыз. Орыс болу сәнді» делінген», - деп жазды журналист.

Осы мәселе бойынша біз де Аbai кz. порталы арқылы өз ойымызды білдіре кетуді жөн көрдік.

Мұндағы ең алдымен назар аударатын мәселе «Отандастар» терминіне қатысты айтылуы тиіс. Неге десеңіз, Ресей саяси технологтары осы терминнің мәні мен мағынасын түбегейлі өзгерту арқылы қазіргі әлемге үлкен қауіп төндіріп отыр. Ресейдің Украинамен қазіргі соғысының бастауында да «Орыс әлемі» идеологиясының пайда болуы мен соған ілеспелі түрде «жанастырылған» «Отандастар» терминінің қолданысқа енуі тұр деуге болады.

Өйткені, «Орыс әлемі» жеке-дара ұғым ретінде белгілі бір мәдени-рухани кеңістікті бейнелейді. Шынында да, әлемнің түпкір-түкпріне шашырап кеткен орыс халқының өкілдері – әлемнің қай түкпірінде жүрмесін – өздерін «орыс әлемінің» бөлшегі санай алады. Оған демократиялық қоғамда да, авторитарлық қоғамда да ешқандай шек қойылуы мүмкін емес. Әрбір елдің ұлты орыс азаматының, не болмаса, өзін «орыспын» деп санайтын кез келген ұлт өкілінің – мейлі ол африкалық болсын – «орыс әлемінің өкілі» болуына құқы бар. Әрі, бұл дәстүр ғасырдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатыр...

Сол сияқты, әлемге тарыдай шашыраған көптеген ұлттардың өкілдерінің де өз ұлтына деген осындай қатынасы болуы заңды: мәселен, еврей халқының өкілдері өздерін «еврей әлемі өкілімін», қазақ ұлтының өкілі өзін «қазақ әлемінің өкілімін», украиндар – «украин әлемінің өкілі» және т.т. деп санауына кедергі жоқ.

Себебі, қазіргі заманда адамға өзінің «ұлттығын сақтау» үшін алдымен адамның сол ұлтқа деген бастапқы қатынасы анықталуы тиіс. Содан кейін ғана ол адам ұлтының тілін, мәдениетін, дәстүрін және басқа ерекшеліктерін сақтауға ұмтылады. Өзге тілді және өзге мәдени ортада өзінің ұлттық мәдени ареалын қалыптастыруға ұмтылады. Бұл жағдай барлық көпұлтты мемлекеттерде – ал қазір таза бірұлтты мемлекетті кездестіру қиын – қалыпты жағдай саналады.

Бірақ, осы бір еш бүкпесіз, қарапайым әрі адами түсінікке Ресей идеологиясы «Отандастар» сөзін тіркеді. Сол-ақ екен әлемде «Орыс әлемі және «Отандастар» деп аталатын бұл тіркес өркениетті 21-ғасырда архаикалық империялық идеологияның, шовинизм мен фашизмнің пайда болуы тетігіне әрі құралына айналып шыға келді.

Неге?

Себебі, қазіргі заманда барлық елде және барлық тілде «Отан» ұғымы негізінен Мемлекеттік құрылыммен және оның азаматтығымен тікелей байланыста ғана айтылатын ереже қалыптасып үлгерді. Мәселен, кез келген мемлекеттің азаматы өзінің Отаны деп сол мемлекеттің бір ғана бөлігін атамайды. Ол Отаным деп 1.Унитарлы мемлекетте мемлекеттің атын атайды; 2. Федерациялық мемлекеттерде Мемлекетті және оның құрамындағы автономды Республикалар мен облыстарды атайды. Мәселен, Өзбекстан – Қарақалпақстан, Ресейде – Татарстан (Башқұртстан, Шешенстан, Тыва, Бурят, Якут, Адыгей және т.т.). Ал, Қазақстанда - тек қана Қазақстан. Мұнда ешкім «Менің Отаным – Жамбыл облысы» демейді. Жамбылдық қазаққа не басқа ұлт өкіліне Жамбыл облысы «туған жері» болып саналады.

Міне, қазір атышулы болып отырған «Орыс әлемі» осы ережені бұзу арқылы – бүкіл жер шарындағы орыс ұлты өкілдерін олардың тұрып жатқан еліндегі азаматтығынан бөліп алып, оларды Ресейдің азаматымен теңестіре «отандастар» деп атай бастады. Көп ұзамай оның қауіпті белгілері РФ шектесетін, орыс халқы өкілдері тығыз орналасқан көршілес Тәуелсіз (дербес) мемлекеттерде дүрбелеңге алып келе бастады:

Мәселен, ол Литва және өзге Прибалтика мемлекеттерінде шиеленісті өтті. Ол елдердің билігі амалсыз қатаң шаралар қолдануға мәжбүр болды, Прибалтиканы Отаным деп санамайтын азаматтарды Ресейге күштеп қоныс аударуға дейін шара қолданды.

Өздерін «орыс әлемі өкілі», деп, ал, Отанды ресейлік «отандастар» сөзімен алмастырған бұл саяси сауатсыз азаматтар біріге келе, Латвия мен Литваның, Украинаның мемлекеттігіне, мәдениеті мен тілдеріне қарсы шығып, онда «қос тілділікті» талап ете бастады... Өздері тұрып жатқан территорияны Ресейге қосу үшін күресті бастады.

Барлығы осы мақсатта «отандастар туының» астына бірігіп, Тәуелсіз мемлекетті бөлшектеуге бағытталған «сепаратистік-саяси құрылымдар» құрды. Тәуелсіздік бастауында мұндай шиеленісті жағдай Қазақстанда да орын алғаны жасырын емес. Тіптен, бүгінде де ол қатарда «казактар сословиесі» өкілдері арасында, ұлыорыстық шовинизм кеселіне ұшырағандар арасында көптеп кездеседі.

Ал, Унитарлы мемлекет билігі олардың талаптарымен келіспеген жағдайда «Біздің құқымызды аяққа басты» деген байбаламмен олар Ресей билігіне шағымданумен келеді. Ресей болса оларға «Сіздер тәуелсіз мемлекет азаматысыздар. Сондықтан, сіздерді Отандарыңызға көшуге шақырамыз. Ресей өзге елдің ішкі жағдайына араласпайды» деп сабырға шақырудың орнына, «Біз орыс әлемін түгел қорғаймыз» деп, олардың сепаратистік қимылына дем берумен, шоқты қыздырумен, отты үрлей түсумен айналысуда...

Мұның ақыр-соңы Ресейдің Украинаға қарсы соғыс басталуына алып келгенін көріп отырмыз – Ресей алдымен «отандастардың» көмегімен Қырым түбегін тартып алды, содан кейін Донецк және Луганск облыстарын өздеріне қаратты. Енді Украинаға АСҚ (арнайы соғыс қимылын) жариялап, 21-ші ғасырда адамзат күтпеген соғыс өртін тұтатты.

Міне, осындай күрделі жағдайда Қазақстан билігі өте сауатты идеологиялық ұлттық саясатты жүргізуі тиіс деп есептеймін. Билік әкімшілік жүйесі арқылы Қазақ Елін мойындамай отырған «отандастар» арасына барып, оларға «азаматтық» ұғымының саяси астарын, құқықтық нормаларын және моралдік һәм заң алдындағы құқықтық жауапкершілігін түсіндірулері тиіс.

Егер, билік олардың ығына жығылып, Мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіпті саналатын қадамдарға жол берер болса, Егемендік туралы БҰҰ ережелері аясында бекіген Халықаралық заңдарды талап ете алмаса – бұл елді жайлаған сепаратизм ошағына «отандастар» атынан кез келген соғысты өздеріне шақырып алуға қабілетті күшке айналады.

Олай болса, осындай қауіпті «жанжалды» бастауға дайын күштерге мемлекет жан-жақты тосқауыл қойып отыруы керек. Яғни, тәуелсіздікті көз қарашығындай қорғаған ләзім. Сонымен бірге, мемлекет «өздерін өзге сезінетін» азаматтарды (отандастарды) азаматтықтан босатып, оларды өз еркімен «өз отандарына» шығарып салуға, сөйтіп,олардың өздерінің «нағыз отандастарымен бірігуіне» қолдау көрсетуі тиіс деп санаймын (Прибалтика тәжірибесі).

Шынында да, адасқан адамға өз Отанын тауып беру - қандай кезде де сауапты іс болып саналмақ.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 871