Жұма, 21 Тамыз 2026
Әдебиет 393 0 пікір 20 Тамыз, 2026 сағат 10:37

Еуропа модернизмінің Мағжан поэзиясына ықпалы

Сурет: Sn.kz сайтынан алынды.

Рухани аңсарлары ұлы Абайдан бастау алатын ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясының ірі өкілдері Ахмет, Міржақып, Мағжан, Бернияз, Сұлтанмахмұт, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер өз шығармашылықтарымен қазақ көркем сөз өнерінің рухын асқақтатқан, байытқан, оны биік тұғырға көтерген тұлғалар болатын.

Аталмыш тұлғалар қазақ мәдениетінің шеңберінде ғана қалған, көркемдік көкжиегі ұлттық өрістен ұзамаған, тар өрісті тұлғалар емес еді. Олардың шығармашылдығында әлем, орыс, шығыс әдебиеттерінің көркемдік әсер-ықпалы, рухани асыл қайнарлары тоғысып жатты. Мағжан поэзиясының көркемдік болмысын пайымдағанда оның ұлттық бітімімен ғана шектелмей оның әлем мәдениетінің де асыл қайнарларыменде үндесіп, ұштасып, тоғысып жатқандығын да ұмытпағанымыз ләзімǃ

Қазақ поэзиясындағы романтизм аңсарларын орнықтырушы Мағжан поэзиясындағы интертекстуалдылығында тегін тектеп, нақтылағанымыз абзал. Бөтен сөз бен диалогқа байланысты Бахтиндік тұжырымдамаға сүйеніп, сонымен бірге онымен полемикаға келе отырып Ю.Кристева былай дейді: “Кез-келген мәтін цитаталар мозайкасы тұрғысында құрылып, кез-келген басқа мәтіннен қоректеніп, оны трансформациялайды. Осымен бірге интерсубъективтілік (диалогтық байланыс немесе тұлғааралық қатынас) ұғымының орнына интертекстуалдылық ұғымы келеді. Сонымен бірге “Әдеби сөз” дегеніміз, бұл “мәтіндер иірімінің тоғысу орны”, “әртүрлі жазулардың диалогы” болып шығады. [1, 99, 77].

Мағжан поэзиясында да әлем және шығыс поэзиясы мәтіндерінің тоғысқан, шарпысқан сипат – күйін бағамдаймыз. Мағжан поэзиясының интертекстуалдылығын сөз еткенде бөгде мәдени кеңістік мәтіндерімен ғана емес, ұлттық төл мәдени кеңістіктегі мәтіндермен де тоғысатындығын байқаймыз. Соның бірі – Абай. Оған алғаш назар аударған Жүсіпбек Аймауытов болатын.[2.417 - 418];

Ақынның “Көңілді ашар”, “Сәуле”, “Хор сипатты қарындас”, “Күз”, “Өткен күн” өлеңдерінде Абай сөздерінің әсер-ықпалы бар. Абай “Күз” өлеңінде:

Кемпір – шал құржаң қаққан, бала бүрсең,

Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.

Кемік сүйек, сорпа – су тимеген соң,

Үйде ит жоқ, тышқан аулап қайда көрсең – деп күздің жадау көрінісін ақындық тілмен өрнектесе, Мағжанның күзі:

Көрік жоқ ойда-қырда шығып жүрсең,

Естілмес құс – құрт дауысы құлақ түрсең.

Қақтанған, жамыла түсіп, от маздатып,

Көресің кемпір – шалды үйге кірсең – боп суреттеледі.

Абайдың жазы:

Сылдырап аққан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда

Қыз – келіншек үй тігер.

Бұрала басып былқылдап.

Ақ білегін түрініп,

Сыбырласып, сыңқылдап – боп жырланса, Мағжан жазы:

Сылдырап аққан өзенге

Үй тігіп дереу қонысып,

Бұрала басып былқылдап,

Әзілдесіп сыңқылдап,

Жас келіншек, жас қыздар,

Кереге жайып, уық бойлар – боп өрбиді. Адыңғы, “Күз” , кейінгі “Жаз” өлеңдерінде Абай мен Мағжан өлеңдерінен тонның ішкі бауындай жақындық, туыстық, үндестікті байқаймыз. Мұнан Мағжан өлеңіндегі интертекстуалдылықты ғана емес, ұстазы Абайдың көркемдік, әсер- ықпалындағы Мағжанның Абай өлеңіне деген стилизациясын да сезінеміз. “Мағжанның ақындығы” деген әйгілі мақаласында Жүсіпбек Аймауытов Мағжан мәтіндеріндегі интертекстуалдықты еліктеушілік сипатта қарастырған. “Мағжан – еліктегіш ақын. Еліктеу ақынға мін емес, қандай күшті ақындар да алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған, Пушкин, Лермонтов Байронға, Шекспирге еліктеген. Толстой сықылды әлемге аты шыққан жазушы да Пушкинге, Гогольге еліктеп жазған. Леонид Анреев, Чехов, Аркыбашев, Сологуб сықылды ақындар Достоевскийге еліктеген, Максим Горький, Пушкиндерді жатқа білген. Абай Лермонтов Пушкинге еліктеп жазған. Бір ақын көп еліктесе, сол көп еліктеуші Мағжан деуге болады. Мағжан еліктегенде орыс, қазақ, татар, араб деп талғамайды. Кімнің сөзі көңіліне жақса, соған еліктеп жазады. Сондықтан Мағжанның алғашқы кездегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар. Сыртқы түрінде орыстың бейнешілдеріне (символист) еліктесе, ішкі рухында күйректік, жылауықтық (сентиментализм) романтизм болды. Сентиментализм әсері, әсіресе әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды»[2, 415].

Белгілі орыс ақыны Есенин деревня жыршысы болып, қаймағы бұзылмаған патриархалдық деревняны асыра мадақтап идеализациялайды. Барлық бақытты тұрмыс, орыстың халықтық рухы деревняда, ал қала осылардың бұзушысы, дәстүрді, рухтың құртушысы капиталистік қоғамның негізі, бәрін бастаушы қала деп, өз жырларында оған қарсы шығады.

Қазақ поэзиясында Мағжан мен Бернияз жырларында да осындай сарындар бар. Мағжанның “Айда атыңды, Сәрсембай” өлеңінде де лирикалық кейіпкер бұзықтықтың, азғындықтың ордасы қаладан қажып, мүлдем түңіліп, сайын сахараға, қырға кеткісі келеді. Сарыарқаның кең самалына кеудесін төсеп, даланың таза ауасын мол жұтып, еркін тыныстағысы келеді.

Қала бір жатқан дәу пері.

Айналасы тұман, түн.

Дем алысы от - түтін.

Жарқ – жұрқ етер көздері,

Жүздерінің қаны жоқ,

Көздерінің жаны жоқ,

Еркектері терілер,

Осыларда отты жүрек жоқ.

Тамақтан басқа тілек жоқ.

“Сәрсембай – ау, сен неге

Шырқап бір ән салмайсың? – дейді кеңдікті, еркіндікті аңсаған ақын жаны.

Екінші бір қазақ ақыны Бернияз Күлеевтің өлеңінде де осындай сарындардың ізі бар. 1920 жылы жазылған, “Мен – саған жат қыр баласы” өлеңінде ақын қаланы жатсыну сезімін тұп – тура С.Есенин, М.Жұмабаев лирикаларындағы осындай сарындарға ұқсас былай береді:

Мен – саған жат қыр баласы,

Қырда тудым, қырда өстім.

Таулы, тасты айнала,

Көлде жүзіп су кештім.

Ынды – зынды үлкен қала

Маған теріс, маған жат.

Алдартқан жалғыз ғана

Жас періште көңіл шат.

Мағжан интертекстуалдылығы оның “От”, “Пайғамбар”, “Күншығыс” атты өлеңдерінде айқын байқалады. Зерттеушілер бұл туындыларды “От” цикліндегі өлеңдер деп атайды.

“От” өлеңі атақты символист Д.С.Мережновскийдің “Дети ночи” (1896) өлеңімен рухтас, үндес дүние. Батыс Еуропаның ойшыл зиялылары сол кезеңдерде адамдардың моральдық – этикалық қасиеттерінің құлдырай бастағаны туралы пессимистік ойларға бой алдырып, Еуропа тағдыры туралы уайым, қайғы білдіріп қам жей бастайды. Осы кезде Шпенглердің “Закат Европы” деген кітабы Ресейде ерекше танымал болатын. Осы кітап идеясына ерекше үн қосқан орыс ақыны Д.С.Мережковский болатын. Орыс ақыны:

Мы – над бездною ступени,

Дети мрака, солнце ждем.

Свет увидим и, как тени,

Мы в лучах его умрем – десе,

Мағжан:

Қараңғылық бұққанда

Қызарып күн шыққанда,

Күн отынан туғанмын,

Жүрегімді, жанымды,

Иманымды, арымды

Жалынменен жуғанмын, - деп үн қатады.

Ақынның “Пайғамбар” өлеңі де Д.С.Мережковскийдің “Дети ночи” өлеңінің әсерімен туған “Пайғамбар” өлеңіне ақын Д.С.Мережковскийдің:

Устремляя наши очи

На бледнеющий Восток,

Дети скорби, дети ночи

Ждем, не придет ли наш пророк, - деген өлең жолдарын эпиграф ретінде алуы да тегін емес. Мағжанның “От” цикліндегі өлеңдері түгелдей Мережновский мәтінімен интертекстуалдылық қатынасқа түскен.

Мағжанның көркем аудармаларына жататын он бес шығарманың үшеуі шығыс әдебиетінен алынған шығармалар болса, екеуі – орыс әдебиетінен алынған авторы белгісіз өлеңдер, алтауы – орыс әдебиетінен авторлық өлеңдер болса, қалған төртеуі – еуропалық әдебиеттен аударылған. Мағжан еуропалық әдебиеттің екі ақынының төрт өлеңіне тәржіма жасаған. Атап айтсақ, неміс поэзиясынан – И.В.Гетенің “Айрылдым сенен, жан сәулем”, “Орман патшасы” шығармалары және Г.Гейнеден тәржімаланған “Екі бетің, сұлу қыз...”, “ Күннің батуы” сияқты өлеңдері еді.

Мағжан аударған И.В.Гетенің “Орман патшасы” - 1782 жылы, “Айрылдым сенен, жан сәулем” өлеңі 1788 жылы жазылған. Бұл – Гете шығармашылығының веймар кезеңі болып табылады. Осы жылдары неміс ақынының қаламынан “Балықшы”, “Орман патшасы”, “Жыршы балладалары”, “Мидинг өліміне” поэмасы, “Қараңғы түнде тау қалғып”, “Айрылдым сенен, жан сәулем” сияқты бірнеше лирикалық өлеңдер жарық көрген. Гетенің табиғат көріністерін, сол табиғат аясындағы адам тірлігін, құдіретті жаратушы, болмысы, табиғат, жан – жануар, өсімдіктер әлемі, адамзат тіршілігін тұтастықта қарастыратын көне анимизм, бертінгі гилозоимдік таным, пантеистік сана, Абай аударған “Қараңғы түнде тау қалғып” өлеңінен де, Мағжан аударған “Орман патшасы” өлеңдерінен де айқын аңғарылады.

Гете мен Мағжан арасындағы шығармашылық байланыста ерекше тоқталуға болатын шығарма – Гетенің “Орман патшасы” өлеңі. Бұл өлеңі қазақ поэзиясының тарихында Мағжаннан басқа қазақтың талантты ақыны Қалижан Бекхожин де аударған.

“Орман патшасы” – еуропалық баллада үлгісіне тән сипаттардың барлығын бойына жинақтаған туындылардың бірі. Оның сыры еуропалық баллада жанрының қалыптасуында И.В.Гетенің де айрықша еңбек сіңіргендігінде жатыр. Сол себепті осы тұста “баллада” ұғымының мәніне көңіл қояр болсақ, Гете қаламынан туған “Орман патшасының” көркемдік құрылысы мен мазмұнына, сюжетіне қандай ерекшеліктер тән екендігін айқын түсіне аламыз [3].

Мағжан Гете шығармасына орыс ақыны В.А.Жуковский аудармасы арқылы келген. “Орман патшасы” орыс ақынында 8 шумақтан тұрса, Мағжанда 16 шумақтан құралады. Қазақ ақынындағы шумақтың көп болуы, орысша мәтіндегі бір шумақтағы көріністерді, Мағжан екі шумаққа созған. Мағжан алайда түпнұсқаның көркемдік сипаты мен поэтикалық құрылымына соншалықты нұсқан келтірмейді. Жолаушы мен жас бала, ормандағы элфтердің патшасы арасындағы диалогтардың мән – мағынасын аша түсуге Мағжанның шумақты ұзарту тәсілі ықпал еткен. В.А.Жуковскийдің аудармасын келтірейік:

Дитя, я пленился твоей красотой:

“Неволей иль волей, а будешь ты мой”.

Родимый, лесной царь нас хочет догнать

“Уж вот он: мне душно, мне тяжко дышать”.

Ездок оробелый не скачет, летит;

Младенец тоскует, младнец кричит;

Ездок погоняет, ездок доскакал...

В руках его мертвый младенец лежал.

Осы сегіз  тармақ Мағжан аудармасында бөлшектеніп, он алты тармаққа ұзарған. Мағжанды сөйлетейік:

“Жараланды жүрегім,

Ғашықпын, бала, көркіңе,

Қоймаспын, сірә, еркіңе!” –

“Жан ата, орман патшасы

Қуып бізге жетті ғой.

Келіп қалды мінекей,

Қысылдым, демім бітті ғой!”

Жолаушы енді қысылып,

Шаппайды, ұшып келеді.

Қайғырады нәресте,

Нәресте жылай береді.

Құйындатып жолаушы,

Үйіне ұшып келіпті.

Бірақ оның қолында

Нәресте жолда өліпті.

Бұл Гете, Жуковский, Мағжан мәтіндеріндегі интертекстуалдылықта қазақ ақынының мәтінінде түпнұсқаға ақау келмей, сюжеттік – композициялық, көркемдік мазмұн тұтастығы сақталған.

Мағжанның орыс ақыны Александр Блок 1921 жылы қайтыс болғанда жазылды дейтін “ Александр Блок” дейтін өлеңі бар. Блокты Мағжан үлкен ақын ретінде құрмет тұтқан. Мағжан осы өлеңінде былай дейді:

“Әдемі әйел” – идеал,

“Әдемі әйел” – бір қиял,

Блоктың басын байлаған.

“Әдемі әйел” – бір гүл,

Блок – бір бұлбұл,

Блок – бұлбұл сайраған.

Осы мәтіндегі интертекстуалдылық Мағжан тіркесіндегі “Әдемі әйел” реминисценциясы. Бұл “Әдемі әйел” – Блоктың “Прекрасная дамасы”.

Мағжан поэзиясындағы ерекше зерделеп, байыптауды қажет ететін тағы бір мәселе – оның шығармаларындағы модернистік – денаденттік сарын. Бұл тұрғыда тағыда Жүсіпбек Аймауытов былай дейді: “Бейнешілдердің өлең жазу әдісін Мағжан қазақ әдебиетіне кіргізеді. Кей жерде Мағжан символистер өлеңінің сыртқы түріне еліктесе, кейде ішкі мәнісін де алып жібереді. Бильмант 22 жасында өмірден тарығып, әлеуметтен қол үзіп: “Әлдиле, өлім әлдиле” десе, Мағжан да Бальмонтшілеп, жас басынан торығып, өлім шақыруды шығарды. [2, 417].

ХІХ ғ екінші жартысында Еуропада, Францияда бастау алған модернистік – декаденттік бағыт ХХ ғ бірінші жартысында Ресейде де өрістеп, күміс ғасыр поэзиясын туғызған. Олардың жарқын өкілдері – Брюсов, Соллогуб, Гиппиус, Маяковский, Белый, Мандельштам, Ахматова, Ходасевич, Шершеневич, Ивнев, Мариенгоф, Кусиков, Есенин, Фет, Северянин, Хлебников, Каменский, Клюев, Иванов, Цветаева, Гумилев т.б. болды.

Модернистік әдебиеттің өзі де іштей символистік, имажинистік, экспрессионистік, имперессионистік, футуристік, сюреалистік, экзицстенциялық бағытталды. Мағжан поэзиясында да осы бағыттардың сипаты байқалады. Мағжанның “Қараңғы дауылды түн”, “Көбелек”, “Ескендердің қос мүйізі”, “Толқындай ойнап”, “Толқын”, “Жүсіп хан”, “Өтірік ертегі” шығармаларында символизмнің бернелеу тәсілінің астарлы болмысы көзге ұрады. Ал ақынның “Түс”, “Қараңғылық қоюланып келеді”, “Сарғайдым”, “Жел”, “Сағындым”, “Мені де, өлім әлдиле”, “Тұтқын”, “Өмір”, “Жиіленді қара арман” өлеңдерінде адам тірлігінің болмысы безбенге түсетін экзистенциализмнің нышан – сипаты аңғарылады.

Енді Мағжан поэзиясында қылаң беретін экспрессионистік, импрессионистік реңкі бар модернистік өрнектерге тоқтала кетсек. ХХ ғасырдың 10 жылдарынан бастау алатын әдебиет пен өнердегі авангардистік ағым – бағыт ретінде көзге түскен экспрессионизм “сезімді жеткізу өнері” ретінде өзін реализмге қарсы қойды. Экспрессионизмде көркем образда эмоционалдық сипат пен ширығу шегінен асып отырды. Экспрессионистерде азап, торығу, махаббат, үміт, сенім сияқты барлық сезімдер өзінің шырқау деңгейіне жеткізіле суреттелді. Оның көрнекті өкілі ретінде неміс ақыны И.Бехерді атаймыз. Сезімнің экспрессионистік осындай шырқау күйін Мағжанның бес шумақты тұратын “Шолпы” атты өлеңінен байқаймыз.

Ақын:

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...

Қанымды қайнатты құрғыр.

Шық – шық жүрекке тиеді,

Күлпара талқан боп сыңғыр! – деп бастап, сезімнің шырқау күйін осы “сылдыр, сылдыр, сылдыр... деген сөзбен өрбітіп отырады.

“Сылдыр, сылдыр, сылдыр

Сыбырға айналды сылдыр.

Жүректі өртеді құрғыр – ды

Оқығанда,   маңайының   бәрі   сылдырлап     кеткендей боласың”  – дейді Жүсіпбек Аймауытов [2, 417].

Тағы бір тоқталатынымыз Мағжандағы импрессионистік өрнек. Импрессионизм Францияда ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде бой көрсеткен көркемдік бағыт. Бейнелеу өнерінде импрессионизм Ж.Моне, О. Ренуар, Э.Дега, Ресейде К.Коровин сияқты үздік суреткерлерді шығарды. Әдебиет тарихында импрессинизм арнайы бағыт ретінде қалыптаспады. Сезім күйін, құбылтпай сол қалпы ерекше бейнелеу, суреттеу сипатын білдіретін импрессионизм дей тұрсақта орыс ақыны А.Феттің “Шепот, робное диханье...” деп аталатын өлеңіндегі импрессионистік шумақтарында байқалады. Мағжанның “Біраз Фетше” деп аталатын өлеңі бар.

Шығарма бір қарағанда төл туынды, әрі аударма сияқты екі ұшты, екі ұдай әсер қалдырады. Шығарманың төл туынды ретінде қабылдайтынымыз, екі ақынның шығармаларының арасында тікелей мәтіндік – сөздік сәйкестікті көрмейміз. Осы жағынан алғанда бұл өлең Мағжанның төл туындысы. Шығарманың аударма сияқты әсеріне келсек, ол екі ақынның мәтіндеріндегі тылсым әлемінің мезеттік, сюжеттік құбылыстарын ерекше суреткерлік ыждақаттылықпен образды, бейнелі сипатта қабылдауға мүмкіндік беретін импрессионистік қуаты, тілдік қолданыстағы әуезділік сипатында жатса керек. Осындай сипат – белгілеріне қарап біраз зерттеушілер бұл өлеңді эксперименттік аудармаға жатқызып жүр.

“Туынды эксперименттік аударма ретінде бағалауға мүмкіндік беретін жағдайлардың тағы бірі – шығарманы ақынның өзі “Біраз Фетше” деп атауы. Бұл жайт туындының түп негізі А. Фет өлеңінде жатқанын анық көретеді. Осы орайда еске түсіре кетер болсақ, шығыс әдебиетіндегі сияқты, қазақ әдебиетінің тарихында да нәзирашылдық аударма дәстүрі болған. Бұл тұрғыдан келсек, “Біраз Фетше” өлеңін ұлттық әдебиетіміздегі назирашылдық дәстүрдің М.Жұмабаев шығармашылығы арқылы жаңа кезеңге сай жаңғыруының үлгісі ретінде қабылдаудың да орайы бар [3].

Енді орыс ақынындағы импрессионистік өрнектерді келтірейік:

Шепот, робкое дыханье,

Трели соловья,

Серебро и колыханье

Сонного ручья,

Свет ночной, ночные тени,

Тени без конца,

Ряд волшебных изменений

Милого лица,

В дымных тучах пурпур розы

Отблеск янтаря,

И лобзания, и слезы,

И заря, заря!..

Мағжанның “Біраз Фетше” өлеңінде бұл адам, табиғат құбылыстары былай беріледі:

Жібек түн-

Бәрі тың.

Сайраған,

Жайнаған,

Екі жас –

Екі мас!

Жүрек мас,

Көзде жас!

Сүттей ай,

Терең сай:

Бұлбұл,

Гүл – гүл.

Екі жан

Ыстық қан,

Жан ессіз,

От сүйіс.

Орман

Тынған.

Белдер –

Гүлдер.

Күбір,

Сыбыр,

Тұман –

Таң, таң!...

Мағжан өлеңінде бұл импрессионистік құбылыстар үш буынды өлең өлшемімен беріліп, құбылыста, сезімдер де ерекше жарасымдылықпен, әсем әуезбен жеткізіліп тұр. Екі ақын мәтіндерінде импрессионистік бояу – өрнек мейлінше тұнық, мейлінше табиғи күйінде бейнеленген. “Жібек түн, ғашықтар сыбыры, екі жас, сүттей ай, бұлбұл, гүл – гүл, орман, тынған, от сүйіс, таңғы сурет” осылардың барлығы да екі ақынның да поэтикалық мәтіндерінде қайталанбас ғажап сурет, нәзік сезім бояуын, асқан поэтикалық өрнек, жарасымды нақыш тапқан. Мағжан интертекстуалдылығын сөз еткенде оның “Біраз Фетше” өлеңі поэтикалық – көркемдік тұрғысынан алғанда ерекше қызық мәдени құбылыс деп бағалағанымыз жөн.

Қорыта келгенде айтарымыз, Мағжан поэзиясындағы интертекстуалдылық пен модернистік өрнектер алда да ерекше зерделеп талдауды қажет етеді.

Әдебиеттер:

  1. Кристева Ю. Бахтин, Слово, диалог, роман (1967) //Вестник МГУ. Серия 9. Филология. 1995. №1 С.99.97
  2. АймауытовЖ. Мағжанның ақындығы. //Кітапта: Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. Алматы “Жазушы” 417-418 б.бӘ
  3. Бейсентай А.Б. Мағжанның поэзиялық аудармалары. Қарағанды университетінің хабаршысы. 2011, Қарағанды

Сәбит Жәмбек

Abai.kz

0 пікір