Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1193 4 пікір 18 Қараша, 2024 сағат 14:51

Нобель сыйлығының иегері Хан Каңның сұхбаты

Сурет Википедиядан алынды.

Хан Каң: «Адам табиғатынан бұғы тәрізді, бәрі де қараңғыдан жарыққа ұмтылғыш»

(Нобель сыйлығының иегері Хан Каңмен сұхбат)

2024 жылғы Нобель әдебиет сыйлығы «буырқанған поэзиялық қуатқа ие шалқымалары (эсселері) арқылы тарихтың жарақатына бетпе-бет келіп, адамзат өмірінің әлсіздігін әйгілегендігі үшін» кореялық жазушы Хан Каңға бұйырды.

1999 жылы Ол «Бала буд» повестімен Корей әдебиет сыйлығын еншілейді. Осыдан кейін ілгерінді-кейінді «Өсімдік әйел» (2000 ж.), «Кербұғы» (2005 ж.), «Қатықсыз тағам тұтынушы» (2007 ж.),  «Өспірімдер келді» (2014 ж.), «Ақ» (2016 ж.), жаңа туындысы «Қоштаспаймыз» романы (2022 ж.) жарық көреді.

2013 жылы Қытайдың «Табыс» журналының редакторы У Юе оңтүстік Кореяда Хан Каңмен сұхбаттасып, «Сөзсіз жазылуға тисті - біздер» деген кітапқа, Қытай жазушылар сайтына осы әдеби сұхбатты жариялап, былайғы жұрттың жазушыны ішкерлей білуіне негіз қалады. Бұл сұхбат Қытай жазушылар сайытынан аударылды.


У Юе: Сіз әдебиет әлеміне қалай келдіңіз?

Хан Каң: Өткен ғасырдың 90-жылдары дара билеушілік пен әскери үстемдіктің аяқтаған мезгіліне тура келді, сол кезден бастап Кореяның әдебиет саласында макролық, қоғамдық сипатты туындылардың базары тарқады деуге болады. Жазушылар мен оқырман да адамның ішкі жан дүниесін, жеке тұлғалық болмысын зерттеуге тіпті де мән бере бастады. Көптеген жас жазушылар жарыққа шықты. «Жазушының міндеті қоғамдық шындықты әшкерелеу» дейтін зорығу ауруынан айығып бірінші ұрпақ жазушы ретінде, 1993 жылы «Қызыл Якор» деген шығармаммен әдебиет шебіне қадам бастым.

У Юе: 1988 жылы Сеулде өткен ХХIV жазғы олимпиада ойынының сізге қандай әсері болды?

Хан Каң: Мен сол кезде пысықтау сыныбында қайталай оқып жүрген кезім болатын. Терезенің жанында қасиетті алау жеткізіліп жатты. Сол кезде көңіл-күйімнің тым шіркін-ай емес екені ашып-жарып айтпасам да түсінікті еді.

У Юе: Әкеңіз де жазушы екен. Ендеше, жазушының мұрагері салауатына қалай қарайсыз?

Хан Каң: Ең алғашқы шығармамды жариялаған кезде 20 неше жаста ғана едім. Сол кезде басқалардың мені кімнің қызы екендігімді білуін қаламайтын, өзім де мүмкіндігінше ауызға алмауға тырысатын едім. Бүгінде жасампаздықпен шұғылданғаныма 20 неше жылдың жүзі болды, өзімнің кім екенімді, әкемнің де кім екенін бүкпесіз, ашық айта алатын дәрежеге жеттім. Бұл терең сүйіспеншілікке, адамгершілікке толы шындық деуге болады. Кітаптан бас алмау – менің балалық шағымнан қалыптасқан бірден-бір әуесім болатын. Тәлейіме жарай әкем жазушы болғандығы себепті, кішкентайымнан көптеген құнды кітаптарды оқу орайына ие болдым.

У Юе: Алдыңғы буын жазушыларының шығармаларына қандай көзқарастасыз?

Хан Каң: Шындығын айтқанда, екі ұрпақ жазушыларының шығармалары бір-біріне мүлде ұқсамайды деуге болады. Көтерген тақырыптарында қайталау жоқ, мазмұны да алуан түрлі, көңіл бөлетін түйіндері, стильдері де өзгеше. Дейтұрғанымен, мен оларды дәуірге бөліп жіктемекші емеспін, өйткені бір өзеннің суын ішіп, ортақ қалам тербегеннің барлығы сол лектің бір мүшесі саналады.

У Юе: «Кербұғының» көркемдігі мен қасіреті маған терең әсер қалдырды, бұл аңыз Кореяның өз жерінде болған ба?

Хан Каң: Бұл хикаят Қытайдан келген болуы мүмкін. Мен алғашында оны Аргентина жазушысы Борхестің «Қиялдағы хайуанат» деген кітабынан көрдім. Кітапта бұғы жарық дүниеге кенелу үшін, жердің астынан үстіне оралып, адамдарды зақымдамау уәдесінде тұрып, болат тұяғы мен тісін аманат етіп тапсырып бергендігі жазылған. Бірақ «ол жер бетіне шығысымен еріп, көз жасы көлшігіне айналып кетіпті» дегенді мен қостым. 20 неше жасымда осы әңгімені оқыған едім, 25 жасымда осы аңызды кірістіріп, көмір кен тақырыбындағы бір туынды жазу ойына келдім, үш жылдан кейін аталған «Кербұғы» жазылды.

У Юе: Сыншылар сізді «Хикаяттарды» қайта өмірге алып келді деп бағалайды екен, сіз бұған қалай қол жеткіздіңіз?

Хан Каң: Мен «Кербұғыда» көмір кеншілерінің тұрмысы мен олардың шеккен азабын арқау еттім. Осы желіден үзілмей өзіндік хикаят та қалыптастырдым. Бұл әңгіме көмір кеніне қатысты болғанымен, іс жүзінде, күнделікті жұмысы қараңқылық ішінде өтетін И Шиян, Рын Иың, соңындағы аппаратшы сияқты кейіпкерлерім жер бетіндегі жарыққа соншалық зәру еді. «Бұғы» деген тақырып Кореяда «қара бұғы» деген мағынаны береді. Адам табиғатынан бұғы тәрізді, бәрі де қараңқылықтан жарыққа ұмтылғыш.

У Юе: Шығармаларыңыздағы махаббат тақырыбына өз көзқарасыңыз қалай?

Хан Каң: Ер-әйел махаббаты адамзаттың тіршілігінің тынысы. Ер мен әйелдің арасында да шынайы достық өмір сүреді, таза пиғыл арқылы осы достықты сақтауға болады деп қараймын. Алайда, менің шығармаларымның негізі махаббатты талқылау үшін емес, қайта «шынайы адами болмысты» ашуды өзек етеді. Адамның сүйіспеншілігі өте күрделі дүние. Демек, осы нәзік те күрделі сүйіспеншілікті егжей-тегжейлі бейнелегім келді. Бұл шығармалардағы кейіпкерлердің барлығында барынша жалғызсырау, мүсіркеу сезімдері бар болып, олар өзара бастан кешкен кешірмелерімен ортақтасады.

У Юе: Сіз ең көп ой өрбіткен «адам деген сірә не» тақырыбы туралы бізбен қандай ой бөлісесіз?

Хан Каң: Менің шығармаларымның негізгі тақырыбы үлкен жақтан алып қарағанда, шынында нағыз адами болмысты ашу туралы, қазірде осы тақырып төңірегінде тынбай ізденіс жасап келемін, әр жолы қолыма қалам аларда да осы мәселені ой елегінен өткіземін. «Кербұғыны» жазу барысында, адам деген не, адам да бұғы сияқты өмір сүре ме? Екінші романым «Тастай суық қол да» адам деген не өзі? Адамның бет әлпеті қалай, ол да жалған ба, жоқ? Елдің бәрі жалған бетперде киіп өмір сүргесін, сүреңсіз жалғыздық күйін кеше ме? «Қатықсыз тағам тұтынушы» атты үшінші шығармамды жазу барысында, адамның зорлықты күшті бүкілдей жоя алу-алмауына, зорлықты күшсіз өмір сүре алатын-алмайтындығына ой өрбіттім. Қазірде «Өспірімдер келді» атты алтыншы роман да  осы тақырып төңірегінде жазылды деуге болады.

У Юе: «Қатықсыз тағам тұтынушыдағы» «келіншек» образын сомдау қалай есіңізге түсті?

Хан Каң: «Қатықсыз тағам тұтынушының» шабыты кореялық жазушы Ли Санның күнделігіндегі «Меніңше,  адам дегеніміз шын мәнінде өсімдік» деген бір ауыз сөзінен келген болатын, бұл сөз бірталайға дейін есімнен шықпай жүрді. Соның алдында ғана бір әйелдің біртіндеп өсімдікке айналғанын суреттейтін «Өсімдік әйел» деген повесть жазған едім, бұл менің қазірге дейінгі ең  ден қойып жазған шығармаларымның бірі деуге болады. Кейін өзімнің осы шығармамды қайталай оқып, бір ғажайып сезімге кенелдім. Сөз жоқ, осы образды тіпті де биік өреге көтеру керек екен деген оймен «Қатықсыз тағам тұтынушы» деген шығармам дүниеге келді.

У Юе: Роман жазу өзіңіздің мықтылығыңызды дәлелдеу үшін бе, әлде, ішкі сұраныс па?

Хан Каң: Жан-дүниемнің қалауы солай. Роман жазуды ұнатамын. Әдетте әрбір романды жазуға бір жылдан үш жыл аралығындай уақыт кетеді.  Менің тұтас өмірім жасампаздыққа тәуелді. Өз қаблетімнен ешқашан күманданған емеспін. Алғашқы шығармам «Кербұғыны» жазу біршама қиынға түсті, материал жинау да өте әуреге салды. Бірақ тұңғыш рет ойға алған нысана мен реалдық ортасындағы тепе-теңдікті сақтауды үйренуге жақсы тәжірибе болды деп ойлаймын. Ұзын-сонар роман жазудың экономикалық қысымы да, салмағы да оңай емес, қысқа туындыларды әдетте бір ай ішінде жазып шығуға болады, күнделікті тірлікке де көп ықпал жасамайды. Бірақ романға кіріскенде, ең алдымен кіріс қайнары үзіледі, ең қиыны шығарманың құндағынан шыға алмайсың. Соңында оның баспадан шығуын сарыла күтесің, бұл адамды әбден қалжыратады. Мейлі қанша роман жазсаңда, әр күні реалдықпен бетпе-бет келесің. Осы дүниеде жасайды екенсің. Бұған амалың да болмайды, мен тек ең жоғары шекте жасампаздықпен шұғылдануға, ел қатарлы өмір сүруге тырысып келемін.

У Юе: Айова жазушылық лагеріне қатынасқан екенсіз, әр ел жазушыларымен рухани ауыс-түйіс барысында өзіңізді Корея әдебиетінің қай саласына уәкілдік еттім деп ойлайсыз?

Хан Каң: Мен 1998 жылы АҚШ-тың Айова шығармашылық жобасына қатынасқанымда, менімен бір кезекте Қытай жазушысы жоқ сияқты болатын, 18 мемлекеттен 20 жазушы қатынасқан сол кезеңде, мен өзімді Корей еліне уәкіл болып бардым деп ойлаған жоқ едім. Өзге елдің жазушыларымен рухани, пікір-ауыс кезінде, әдебиетшілердің барлығы бір-біріне өте ұқсап кететіндігін, ұқсамастығынан ортақтығы басым екенін сезіндім. Мен тек өзіміздегі осыншама көп ұқсастықтарға көз жеткізу үшін ғана барған сияқтымын.

Қытай тілінен аударған: Халида Әнуарқызы


Хан Каң туралы қысқаша дерек

Хан Каң 1970 жылы туған, Оңтүстік Корея, Ионсы университетінің әдебиет факультетін бітірген. Қазір Оңтүстік Корея көркемөнер университеті әдебиет-көркемөнер жасампаздығы факультетінің профессоры, әдебиет саласында халықаралық ықпалы ең күшті жазушылардың бірі. Ол ілгерінді-кейінді «Сеул ақпарат» газетінің жылдық әдебиет сыйлығын, Оңтүстік Корея роман әдебиеті сыйлығын, Бүгінгі Жас көркемөнерші сыйлығын, Дұңли әдебиет сыйлығын, Ли Шияң әдебиет сыйлығын, Уан Хай әдебиет сыйлығын еншілеген.

2016 жылы 16 мамырда  Хан Каңнің «Қатықсыз тағам тұтынушы» романы Нобель әдебиет сыйлығының иегері Орхан Памұктың жаңа туындысы - «Санамдағы ғажайып нәрсе» романынан, Нобель әдебиет сыйлығының иегері Кендзабуро Оеның уәкілдік туындысы - «Су астында жан үзу» романынан және кезінде ең өтімді кітаптардың бірі саналған - «Жоғалған бала» қатарлы 154 бәсекелес туындылардан балл саны асып, халықаралық Букер әдебиет сыйлығын жеңіп алады. Сондай-ақ, осы сыйлыққа тұңғыш қол жеткізген азиялық жазушыға айналады.

Ол 2017 жылы «Италияның Нобель әдебиет сыйлығы» саналатын - Малапати әдебиет сыйлығымен марапатталады. 2018 жылы «Ақ» туындысымен есімі халықаралық Букер әдебиет сыйлығының қысқа тізімдігіне, «Өспірімдер келді» атты туындысы арқылы халықаралық Берлин әдебиет сыйлығының үміткерлер тізімдігіне енеді.

2019 жылы Испанияның Сан Клемент әдебиет сыйлығын қанжығасына байланса, жеті жыл уақыт жұмсап жазған романы «Қоштаспаймыз» романы 2022 жылы оңтүстік Кореяның Дашан әдебиет сыйлығы мен Жин Уанхұң әдебиет сыйлығына арт-артынан қол жеткізеді.

Дайындаған және редакциясын қараған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058