Сейсенбі, 26 Қараша 2024
46 - сөз 185 0 пікір 26 Қараша, 2024 сағат 15:50

Қара аспанды төндіргіш журналисттердің ойы не?

Сурет: Abai.kz мұрағатынан алынды.

Алтын астаудан жем жеп отырған бір сайттар бар. Әлгілерді кейде ақтарып шығамын. Құдай-ау, біреуінде бір жөнді мақала жоқ қой, жоқ. Танымдық, сараптамалық мақалаларды табу тіпті қиын. Жазатындары, жариялайтындары - ақпарат. Оның өзі бір қолдан шыққандай бірінен бірі аумайтын, ресми дерек көздерінен тараған ақпараттар. Мем органдар болмаса, бүгінгі журналисттер ақпарат таппай арам қататын шығар тегі деп ойлаймын кейде.

Ә, айтпақшы, бұлардың сүйіп, сүйсініп жазатын жалқы тақырыбы бар. Оны айтпасақ болмайды енді. Ол тақырып осы жылдың басында пайда болды. Жер сілкінісі. Әлемнің алыс шалғайында жарықтық жер сілкініп қалса, соны алдымен жарыса жазып, жаһанға жар салатын қазақ сайттары шығар. Кейде фейк жібереді: «Алматыда жыл соңына дейін қатты жер сілкінісі болады екен», «әйтеді екен, бүйтеді екен» деп.

Алып тау баурайында, тым биік үйлерде тұратын жұрт ақпан мен наурыздағы жер сілкінісінен қорқып қалған. Олар осы күндері қосүрейлі хал кешуде. Сондай алаң көңіл елді шошытып, зәре құтын қашыратын ақпараттарды тықпалай беретін журналисттердің сондағы ойы не? Ел басына жамандық тілеу ме? «Апат келіп, астаң-кестең болып жатайық» дей ме әлде?

Сөзде (ақпаратта) заттанатын қасиет бар. Ел ішінде қандай сөз көп айтылады, сол сөз қоғамдық ортаға белсене араласып, санаға сіңеді, бұқаралық ойды жетегіне алып, әрекетке көшеді.

Алтын астаудан бас алмай күйсей беретін сайтсымақтар қайталап жаза беріп еді, кеше түнде Жетісу облысында жер сілкінді. Құдай сақтап ел аман, жұрт тыныш. Әрине, журналисттердің бір тақырыпты жарыса жазғанынан Тәңірім жаратқан жарық дүние бүтіндей бүліне қоймас. Жер сілкінбей тұрмайды. Ал, анда-санда бір сілкінуі мүмкін жердің сілкінетіні туралы ақпараттарды реті келсін келмесін жариялай бергенімен сайттар бәрібір ол қауіптің алдын ала алмайды. Бір ғана алдын алу шарасы бар: ол - сейсмологиялық қауіпті аймақтарда тұратын елді түп қопара көшіріп әкетіп, қауіпсіз аймақтарға орналастыру. Солай істейік пе? Бұл жалпы мүмкін бе? Мүмкін емес, әрине. Ендеше журналисттер қоғамды, билікті сілкіндіретін мақалалар жазып, үзбей жариялап отырса игі болар еді...

Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095