Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
46 - сөз 1734 4 пікір 6 Желтоқсан, 2024 сағат 18:38

Тәуелсіздік таңын жақындатқан Желтоқсан!

Сурет: wikipedia.org

Қай халықтың болсын тарихындағы елеулі оқиғалар сол халықтың болашағына айтарлықтай өзгеріс әкеледі, келешегін айқындайды, тағдырында айшықты із қалдырады. Қазақ тарихындағы сондай оқиғалардың бірі – 1986 жылғы желтоқсан айында бүкіл Қазақстанды қамтыған қазақ жастарының қозғалысы. Біреулер оның көлемін тарылтып, тек Алматы қозғалысымен шектейді, екіншілері оның саяси мәнін төмендетіп, жай ғана «оқиға» деп санайды, ал енді үшіншілері оны ХХ ғасырдың мәнді құбылысы деп атап, КСРО сияқты супердержаваның күйреуінің бастауы санайды.

Өкінішке орай, әйгілі осы процеске не саясаткерлер тарапынан, не ғалымдар тарапынан тұщымды баға әлі берілген жоқ. Біздің түсінігімізше, тарихи оқиғаға баға беретін – халық. Өйткені тарихты жасайтын – сол халықтың өзі. Ал ғалымдар тек соның тұжырымын жасайды. Желтоқсан қозғалысына Үкіметтен ресми баға күтудің реті жоқ сияқты. Ал халықтың арасында Желтоқсан-86-ға көтеріліс деген баға беріліп қойған. Өткен ғасырдың сонау дүбірлі жылдары туралы жазылған көркем туындылар да, ғылыми шығармалар да – соның айқын дәлелі.

Бүкілодақтық баспасөз беттерінде алаңға шыққан жастар «бұзақылар», «арамтамақтар», «қоғамға жат адамдар», «нашақорлар», «шектен шыққан ұлтшылдар» деп бағаланып, олардың әрекеті «оқиға» деп тырнақшаға алынды. Жаңа заманда ел ішіндегі құбылысты жасырын ұстау мүмкін болмай қалды. Кеңес Одағында болған мұндай оқиға әлемді дүр сілкіндірді. Хельсинки тобы мұны «толқу» деп атап, оны тырнақшаға алды.

1986 жылғы оқиғаның бүге-шүгесіне дейін зерттеу мақсатында құрылған Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Мұхтар Шаханов басқарған арнаулы комиссиясының ұзақ және жемісті еңбегінің арқасында біраз дүниенің беті ашылды. Желтоқсан құбылысын комиссия «толқу», «қақтығыс» деп бағалап, жоғарыда аталған Хельсинки тобының пікіріне қосылды.

Сол жылдары Желтоқсан-86 оқиғасын зерттеумен айналысқан белгілі журналист Қайым-Мұнар Табеев оны Ресей тарихындағы 1825 жылғы декабристер бүлігімен салыстырып, алғаш рет «көтеріліс» терминін пайдаланды.

Жазушы ағамыз Әбіш Кекілбаев та тұңғыш рет Желтоқсанның статусын анықтауға тырысты. Оны Желтоқсан проблемасын зерттеп жүрген Қостанай педагогика институтының профессоры, тарих ғылымының докторы Аманжол Күзембайдың тұжырымдамасынан байқауға болады.

– 1986 жылғы желтоқсанға анықтауыш ретінде «Желтоқсан толқуы», «Желтоқсан оқиғалары» «Желтоқсан оқиғасы» сияқты ұғымдар аталуда. Ал Кекілбаев көкеміз Желтоқсан 1916 жылғыдай «Орталықтың бір ғана озбырлығын пайдаланып, күллі ұлттық болмысты түгелімен шайқап, жаңа сапалық өреге көтергені үшін «1986 жылдың желтоқсан оқиғасын көтеріліс деп те пайдалануға болады» деген болжам жасады. Оқиғаның ұйымдастырылмағанына қарамастан, салдары жағынан өзінен кейінгі бүкіл бір ұлт, бір елдік ауқымдағы әлеуметтік процестерді алдын ала анықтап бере алады деп санайды жазушы ағамыз. Әбекеңнің мұндай пайымы бізді «көтеріліс» деген тұжырымға сілтегендей көрінді.

Осы тақырыпқа алғашқыпардың бірі болып қалам тартқан кәсіби тарихшы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев еді. Академик 1986 жылғы Қазақстан желтоқсанын Ресейдегі 1905 жылғы Санк-Петербургтағы қанды жексенбі мен Москвадағы желтоқсанда болған қарулы көтеріліс арасына аналогия жүргізді. «1986 жылдың 16–18 желтоқсанында Қазақстан астанасында болған қанды шайқас халқымыздың тарихына тоң-тоң болған шері мен мұңы бар, қатпар-қатпар сыры бар күндер болып мәңгі хатталады» деп жазды ол. Осы бір тарихи құбылыс пердесі әлі толық ашылмау себептеріне тоқталды. «Біріншіден, бейбіт демонстрацияға, манифестацияға шыққан шын мәніндегі реформатор ұрпақтың өкілдерін қанға бөктіру процесіне қатысқандар әлі арамызда. Екіншіден, жүйе алғашқы жылдары Желтоқсан қозғалысына байланысты негізгі деректерді құртып үлгерді. Үшіншіден, 1986 жылғы желтоқсан проблемасын зерттеуге тарихшылар, қоғамтанушы ғалымдар әлі араласқан жоқ. Өйткені фактілер жиналып, одан оқиға, оқиғалардан құбылыс, құбылыстардан тарихи заңдылық өрбіту үшін, уақыттың ұзаруы керек» деді ол. Манаш Қабашұлы шығармасында қозғалыс пен көтеріліс анықтауыштарын қатар пайдаланған.

Осы қозғалыстың ең басты зерттеушісі және 2016 жылы Астанада өткізілген «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» конференциясын ұйымдастырушы, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов сонау 1996 жылы өткен Желтоқсан-86-ның он жылдығына арналған бірінші ғылыми-практикалық конференцияда бұл тарихи құбылысқа «көтеріліс» деген толықтай ғылыми анықтама берді.

Осы пікірін өзінің газет тілшілеріне берген сұхбаты мен мақалаларында бірнеше рет қайталады. Ол Желтоқсанға тек құқықтық баға мен қорытынды беріп қана қоймай, сонымен қатар маңызды саясаттанымдық ұсыныстар мен тұжырымдамалар жасады. Мысалы, ол «Желтоқсан» феноменін жастардың көрсеткен жаппай батырлығы және отансүйгіштік сезімнің ең жоғары деңгейі деп есептейді. Сайып келгенде, Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерінде халқымыз, оның ішінде қазақ жастары бостандыққа ұмтылудың жан аямас серпілісін көрсетті. Қазақ жастарының ызғарлы желтоқсан кезіндегі ерлігі туралы жазбаған газет-журнал жоқ шығар. Ол ондаған ғылыми конференциялардың тақырыбына айналды. Бірақ, өкінішке орай, бірде-бір диссертация қорғалмаған, бірде-бір монография жазылмаған. Ұлтымыздың ерлігін бүкіл әлемге паш еткен қазақ жастарының тарихи ерлігі осылайша еленбей қала бере ме?

Мәскеулік билік қазақ қоғамын басқару, сондай-ақ оның қоғамдық өмірін түбегейлі қайта құру ісін бүтіндей өз міндетіне ала отырып, оны жүзеге асыратын жоспары да болмады, оған ниет те білдірмеді. Орталықтың мұндай күрделі іске даярлықсыздығын көп ұзамай өмірдің өзі көрсетіп берді. 1929–1932 жылдары Қазақстанда кеңестік реформалық шараларға қарсы ұйымдастырылған 372 қарулы бас көтерулер, көтерілістер – кеңестік биліктің негізсіз реформаларына қарапайым халықтың көрсеткен қарсылығы болатын.

Кезінде 1920 жылы 17 мамырда А.Байтұрсынұлы Ленинге жолдаған хатында Совет үкіметі орталық пен жергілікті халық арасында өзара сенім орнықтыра алмай отыр деген ойды ашық білдірген болатын. Ал 1986 жылғы 17–18 желтоқсан күндері Алматыдағы Орталық алаңда және бүкіл ел көлемінде болып өткен қанды қақтығыстар мен толқулар, қанша жылдар өтсе де, Кеңес үкіметі мен қазақ ұлты арасында өзара сенімсіздіктің сол күйінде қалғандығының нақты айғағы болып табылды.

Қазақ жастарының көтерілісі елімізге сырттан әкелінген басшының орыс болғандығынан емес, Қазақстанның мемлекеттік, ұлттық мүддесінің ескерілмеуінен туындады. Мұны 17 желтоқсан күні шеруге шыққан жастардың қолдарына ұстаған «Ешқандай ұлтқа ешқандай артықшылық болмасын!», «Ұлт саясатының лениндік ұстанымын сыйлауды талап етеміз!» деген ұрандар айғақтайды.

Желтоқсан көтерілісі – кеңестік Қазақстан тарихында ерекше орын алатын бетбұрысты кезең. Ол ұлттық рухтың жаңғыру, қайта түлеу үдерісінің басы, ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілгені. Ол халықтың дүниетанымына, өміріне әсер етіп, ұлттық сананы өсірді, азаттыққа ұмтылысты жандандырды.

Желтоқсан көтерілісі Қазақстанды жаңа әлемдік кеңістікке алып шықты. Батыстың демократиялық күштері кеңестік тоталитаризмнің зорлық-зомбылығын айыптады. Желтоқсан көтерілісі Одақ көлемінде жалғасын тапты. Одақтың құлдырауына, ыдырауына әкелді. Одақтас республикалардың мемлекеттік егемендігін жариялауына мол мүмкіндік берді. Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте, Ригада, Сумгаитте және өзіміздің басқа қалаларда тоталитарлық жүйеге қарсы оқиғалар өрбіді. Осылайша, біздің Желтоқсан республика шеңберінен шығып, Евразиялық сипат алды. Жоғарыда аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар – Польшаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Владислав Соколовский, Түркиядағы Эрджиес университетінің профессоры Абдулкадир Ювалы, Венгрия республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани «көтеріліске қатысушыларды билік аяусыз қудалаумен бірге азаптап түрмеге жапты. 1986 жылы желтоқсанда Алматыда сондай жағдай болды. Желтоқсан көтерілісі – соның дәлелі» деген тұжырым жасады және олар бірауыздан өздері қабылдаған қарарда қазақ жастарының әрекетіне көтеріліс деген анықтама берді.

Аталған конференцияға қатысушы тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов Желтоқсан көтерілісін былайша сипаттап өтті:

– Ия, Желтоқсан көтерілісі ұлт тарихының қастерлі де қасіретті беттерін жазды. Ол ғасырларға созылған отарлау мен тоталитарлық зорлық-зомбылықтан қазақ халқының сүрінсе де жығылмағанын, өршіл рухты азаттықты аңсайтынын барша әлемге паш етті. Ол ұлт мұраты мен мүддесінен, жер мен елді сақтаудан биік ешқандай құндылықтың болуы мүмкін еместігін дәлелдеді. Желтоқсан халықтың ұйытқысы да, қорғаны да өз ортасынан шығатынына, сын сағатында сынбағандар шын асыл екеніне көз жеткізді.

Ол қазақ халқының болашағы да, болашағына есікті ашқан да жастар екенін мойындатты. Өткен ғасыр басында ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп, сәуегейлікпен жар салған болатын. Ғасыр соңында қазақ жастары сол сенім үдесінен шыға білді. Ұрпақтар сабақтастығы деп осыны айтуға болады.

Сөз жоқ, қазақ жастарын талай ұлттық мәселелер ойландырған. «Неге мен ана тілімде білім ала алмаймын? Неге қазақ мектептері аз? Неге қазақ тілі өмірдің көптеген салаларында қолданыстан ығыстырылған?» деген сияқты сауалдар тоталитарлық билікке қарсы іштей наразылық туғызғаны жасырын емес.

Желтоқсан көтерілісінің сабағы сол қордаланған ұлт мәселесін жария етіп қоймай, сонымен бірге тәуелсіздік таңының атуын да тездетті.Тәуелсіздіктің арқасында ұлтымызға қатысты мәселелер шешімін таба бастады. Ұлт үшін, тіл үшін біраз шаруалар істелініп жатыр. Дегенмен, қазақ қарнының ашқанынан гөрі, мемлекет құрушы ұлт ретінде қадірінің қашқанына ренжулі.

Егер қазақ мемлекетіндегі өткір ұлт мәселесін айтатын болсақ, қазақ мемлекеті жөнінде проблема туындайды. Мұндай проблема көпшілікке ой салары анық. Бүкіл ұлтты ойландырып, толғандырған проблема бірте-бірте іс-әрекетке әкелетіні заңдылық. Сондықтан Желтоқсан оқиғасын – бейбіт сипаттағы көтеріліс деп айтуға негіз бар. Алматының Орталық алаңына шыққан жастардың қолында ешқандай қару болған жоқ.

Желтоқсан көтерілісін осылай атауымызға Альберт Эйнштейн институты осындай құбылысты «азаматтық көтеріліс» немесе «күш қолданбау көтерілісі» деп анықтауы себеп болып отыр. Өкінішке орай, көтеріліс тарихшылар тарапынан да, мемлекет тарапынан да әлі күнге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Желтоқсанның ақиқаты бүгінге дейін «жабулы қазан» күйінде қалуда.

Желтоқсан көтерілісі кеңестік отаршылдық саясатқа қарсы алғашқы көтеріліс еді. Бұдан 38 жыл бұрын ол үлкен тарихи сілкініс болды. Оны сол заманда ой елегінен өткізу оңай емес-ті. Сол кездегі жариялылық, демократиялық идеяға сенген қазақ жастары қара күш иесі кеңес армиясының тепкісінде қазақтың ұлттық идеясы тапталғанына анық көз жеткізді. Бұл көтеріліс – Кеңес Одағын құрдымға кетіруге бастау болған және құрамындағы бодан халықтардың азаттық қозғалыстарына дем берген тарихи құбылыс. Ұлттық рухты көтеріп, тәуелсіздікке жетуімізге серпін берген бұл көтерілістің тарихтағы орнын жоғары бағалауымыз керек. Желтоқсан көтерілісі – бірнеше ғасырға созылған ұлтымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы жанкешті ұлт-азаттық көтерілістерінің сабақтастық жалғасы және биік шыңы. Өйткені Желтоқсан бізді тәуелсіздікке жеткізді. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды.

Қазір қазақтың тарихы ұлттық көзқараста жаңаша жазылуы керек деген талап қойылуда. Ендеше Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты бұрмаланған фактілерді қайтадан зерделеу, жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді қайта қарап, тарихи бағасын беру, желтоқсаншылардың мәртебесін анықтау сияқты мәселелерді қолға алып, бір шешімге келетін уақыт жетті. Ұлттық маңызы бар осындай мәселеде самарқаулық пен салғырттыққа жол беруге болмайды.

Ал осы Желтоқсан көтерілісінің деректерін мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламасына не себепті енгізбейміз? Оған кімдер кедергі жасауда? Сан салалы мәселелерді көтеріп жатқан Сенат пен Мәжіліс депутаттары Желтоқсан-86 мәселесін көтеруге неге мұрындық бола алмайды? Әдеттегідей сұрақ көп, бірақ оның нақты жауабын алу – қиынның қияметіне айналмақ па?

Мейрам Байғазин,

Конституциялық соттың бұрынғы баспасөз хатшысы, Қазақстанның құрметті журналисі

"DAT". 04.12.2024.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1980