Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 614 28 пікір 21 Желтоқсан, 2024 сағат 13:51

Қазақстан қашан «Қазақ мемлекеті» болады?

Коллаж: qazaquni.kz сайтынан алынды.

Ақиқатын айтпай қалай жүреміз?

Кейде көкірегіңе талайдан жиналған ойлар мен пікірлер адамның мазасын алып, еріксіз шығаруға тура келеді екен. Сондай бір қордаланған ойларды жоғарыдағылар біле жүрсін деп қағазға түсірген едік.

Еліміздің қадірменді билігі мемлекеттік басқару орындарына, қорғаныс саласына, сонымен қатар, қаржы жүйесіне (банктерге иелік ету), өзге ұлттарды жолатпаса екен дейміз! Неге десеңіз, бұл үш тармақ мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен ел болашағының тұрақты және мәңгілік болуы үшін аса қажетті және Ұлттық мемлекет болу үшін де, осы үш тармақты иелігімізден шығармай ұстаумыз керек-ақ!

Біздің ел Америка Құрама Штаттары немесе Канада секілді мигранттардың мемлекеті емес. Тіпті, Ресей секілді федеративтік мемлекет те емеспіз. Қазақстанның негізін салған – қазақ халқы болған соң, еліміз «Қазақ мемлекеті» болып табылады.

Сонымен қатар, екінші дәрежелі банктерді өзге ұлт өкілдеріне ұстата беруді қою керек. Егер, ұлттық мемлекет боламыз десек, жоғарыда аталған жүйелерді тек қана қазақтардың қарамағына беру жөн болар еді.

Сонан кейін, қазіргі күндері ұлтын қазақ етіп өзгерткен ұйғыр да, татар да, башқұрт та көбейді. Әрине, бұларға кір жағайық деп отырған жоқпыз. Дегенмен, кезінде Кәрім Мәсімовтің де «қазақ» деп жазылғанын білеміз. Артынан не болғанын өздеріңізде білесіздер! Елімізді төңкеріп кете жаздады. Кезінде, Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Смайыл Юсупов та  халқымызды сатып кете жаздаған. Сондықтан да, кадрларға аса тиянақты болу қажет-ақ. Еліңнің  болашағын, қауіпсіздігін ойлаған соң, көңілімізде күдік тұрады.

Мысал ретінде келтірейін: Американың негізін ағылшындар қалағанымен, мұнда ағылшын тілі үстемдік еткенімен және президенттерінің көпшілігі (Барак Обамадан басқа) ағылшындар мен ирландықтар болса да, осы әлемдік державаның бүкіл қаржылық жүйесінің көпшілік пайызын  еврей ұлты ұстап отыр. Олар, билікке келген әрбір президентке, өздерінің ұстаған түпкі  мақсаттарын жүзеге асыртып келеді. Сондықтан, билікке ұсыныс ретінде айтарымыз: Біздің қаржылық жүйемізді, әсіресе банктерді өзге ұлттарға ұстатуды доғаруымыз керек.

Г.В.Колбин (Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші  хатшысы болған) елімізден кеткен соң, осы Орталық Комитеттің қысқа мерзімде болса да, екінші хатшысының міндетін атқарған Марат Сәмиұлы Меңдібаевтың қазақ емес екендігін естіген едім. Есілде жұмыс істеп жүргенімде, үйіміздің  қасында көршіміз болған, жасы үлкен бір апайымыз, әлгі М.С. Меңдібаевтің  үй-ішімен қатар бір көшеде тұрған екен. Ұмытпасам, Қарағанды жақта деген еді. Сол кісі үйге келгенде, анда-санда айтып отыратын: – Анау Меңдібаевтардың әулеті башқұрттар, - деп. – Шешесі кішкене кезінде арқасына салып, көтеріп жүретін. Кейін жоғарғы оқу орынын бітіріп, жұмыс істеп жүрген кезінде өсіп кетті ғой. Сөйтсем, құжатын қазақ қылып өзгерткен екен. Мұны да, соның өз үй-іші  бірде айтып қалған болатын. Кейін, оның екінші хатшы болып тұрған кезінде, ішімнен қатты қорқушы едім. Біріншілікке тағайындалып кете ме деп. Абырой болғанда, Н.Назарбаев ел басшылығына келді ғой, - деген.

Елінің тілеуін тілеп жүретін, қатардағы қарапайым сол кісінің айтқаны сөзі әрқашан ойымда жүреді.  Сондықтан, әрбір  кадрды  жоғары  көтергенде, оның қайдан шыққаның,  өскен  ортасын, ата-анасының кім екенін, туған-туыстарын зерттеп, зерделеп алу керек. Тек қана, бітірген оқуына,  жинаған тәжірибесіне қарау аздық етеді. Кәрім  Мәсімов секілді «жалған қазақ» болып, еліміздің  билігін тартып алушылар әлі де кездесуі мүмкін. Әсіресе, күштік құрылымдар мен Қазақ  армиясын иеленіп алып жүрмесін.

Тағы бір айтарым – қалың орыс пен немістің ортасында өсіп, мектепті орысша бітіргендерден кадр тандаудың уақыты әлдеқашан біткен. Ұлттық мемлекетке айналудың жолын іздеуіміз керек. Орысша бітіргендер кезінде Кеңес Одағы тұсында және Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында мемлекетті құру және көтеру уақытында ғана қажет болатын. Қазір олардың ешқайсысының да керегі шамалы. Олар, орысшамен күнін көру үшін де, елді орыс қоғамына бұрып жіберуге жақын тұрады. Тіпті, бұрып та жіберді деуге болады. Сондықтан, осыны да әрдайым ескерген жөн. Мысалы: Бізде ана тілімізден басқа, орыс және ағылшын тілдерін жақсы білеміз. Дегенмен, қазақ болып туғандықтан, Қазақ елі үшін күресеміз! Министрлерді қазақ мектебін бітірген, тәжірибесін жетерліктей жинаған,  сыналған,  ысылған  адамдардан  тағайындау  керек. Әйтпесе, орыс тілінің ықпалынан шыға алмай, тұтас Қазақстанды еліміздің солтүстік облыстары секілді «орыс әлемінің» құшағына беріп, (Башқұртстан немесе Якутия секілді) Ресей  губерниясына айналуымыз көп қиындық тудырмайды. Қазіргі кейбір министрлер: А.Сәтқалиев, Қ.Шарлапаев, М.Такиев секілді азаматтардан істі мемлекеттік - қазақ тілінде жүргізуге қатаң талап қою керек!

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1955