Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Біртуар 830 16 пікір 20 Желтоқсан, 2024 сағат 15:51

Шоқан сүйген Айсара

Суреттер: Бағдат Ақылбековтің мұрағатынан алынды.

ШОҚАН - 190

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -
Шоқан Уәлиханов.

І. Кіріспе

2025 жылы ұлы ғалым, ағартушы, гуманист Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады.

Осы датаға орай өскелең ұрпақ біле жүрсін деген ізгі ниетпен Шоқанға қатысты кезекті мақаламызды жариялауға бел будық. Өзіміз Шоқан жерленген Алтынемел өңірінде, Шоқан ауылында ер жетіп, жастайымыздан Шоқан, Тезек төре және Айсара туралы көптеген әңгіме-аңыздарды естіп өстік. Мектеп қабырғасынан бастап шамамыз келгенше Шоқантану ісімен айналысып келеміз.

Біз естіген әңгімелерде Айсара апамыз Абылайдың Жетісуды басқаруға жіберген ұлы Әділ ханның ұрпағы, Тезек төренің туысы әрі ағасы болып келетін Көшен төренің қызы деп айтылады. Бірақ, Айсара апамыз жастайынан Тезек төренің қолында өскен, ұзын бойлы, ашаң жүзді, ақылды, мінезі салмақты қыз болған екен.

Жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Ақ боз атты ару» романында Айсараны «Ашаң, сүйкімді. Көп сөзі жоқ. Бұл қыз ұяң емес, ұстамды. Сұлу емес, тартымды» деп сипаттай отырып, «ал қызыл, дөңгелектеу келген шырайлы жүзі бұрыңғыдан бетер қызарып кетті. Шоқан оның ұяң, сүйкімді өңіне көз қиығымен ұрлана қарады» деп жазған (Бақбергенов С. Ақ боз атты ару. Роман – Алматы: Жазушы, 2016. – 304 бет. 100, 252 - беттер).

Айсара шамамен 1844 - 1912 жылдары өмір сүрген.

Шоқан Айсараны алғаш рет 1856 жылы Ыстыққкөлге бара жатқан сапарында Тезек төренің ауылында көрген шығар, ол кезде Айсара 12-13 жаста болса керек деген ойдамыз.

ХІХ ғасырда Алтынемел өңірінде өмір сүрген Көшен төре ақжарқын мінезімен елге жайлы, сыйлы адам болған. Ол көшпенді қазақты егіншілікке баулып, алғашқы өнеркәсіп орнын, нақты айтсақ диірмен салдырған, осы уақытқа дейін зерттелмеген, әлі толық анықталмаған тарихи тұлғалардың бірі. Ел аузында, қызы Сұлушаштың әкесін жоқтағандағы жырында Наурызбаймен кездесіп, Кенесарыға заттай көптеген көмектер бергені айтылады.

Қазіргі уақытқа дейін Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылдық округіне қарасты жерлерде «Көшен тоған» (Шоқан жерленген жер), «Көшен арықтары» (суару жүйесі – 1898 жылы этнограф-ғалым Н.Н. Пантусов келіп көріп, суретке түсіріп, атақты «Могила Чокана Валиханова» атты еңбегінде жазып кеткен ), «Көшеннің алма бағы», «Көшен бастауы», «Көшеннің диірмені» атты жер-су атаулары сақталған.

ІІ. Негізгі бөлім

Тарихи деректерде Шоқан Уәлиханов 1864 жылдың көктемінде генерал М.Г. Черняевтың Оңтүстік Қазақстан, Ташкент, Орта Азияны жаулап, Ресейге қосып алуға аттанған армиясы қатарына қосылды деп жазылған. Оған жергілікті халықпен келіссөздер жүргізіп, қантөгістің алдын алу міндеті жүктелді. Бірақ, атаққұмар, қаныпезер Черняев өз білгенін істеп, Пішпек, Әулиеата сияқты бекіністерді мылтық, зеңбіректің күшімен, қоқан әскерлерімен қатар жергілікті бейбіт тұрғындарды да қанға бөктіре отырып, жантүршігерлік қатығездік көрсетті. Оның шектен шыққан озбырлығына қарсылық көрсеткен Шоқан өзін қолдаған бір топ офицерлермен бірге 1864 жылғы 8 шілдеде Верный қаласына кетіп қалады (Марғұлан  Ә.Х.  Шығармалары. Құраст. Д.Ә. Марғұлан, Д.А. Марғұлан – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. – Т.10 – 592 б. 481-бет).

Шоқан Верныйда ұзақ тұрақтамай, одан әрі Алтынемел өңіріндегі Тезек төренің ауылына аттанады.  

Тезек төре Шоқанды жанындай жақсы көрген, қолынан келген бар көмегін аямаған. Шоқанның келгеніне қатты қуанған Тезек төре Шоқанның тынығып, демалуына барлық жағдай жасайды.  Көп ұзатпай Тезек төре Шоқанды өзінің қолында өскен, жасы жиырмаға келіп қалған қарындасы Айсараға үйлендіреді. Ұлан-асыр той жасап, жастарға бөлек отау тіккізіп, күзетші-күтушілеріне дейін сайлап береді. Осы жерде Шоқанның 1864 жылы салған «Аға сұлтан» суретіндегі адам Тезек Төре екендігін біздер дәлелдеп отырғанымызды айта кетуімізге болады.

Әттең, Ұлы ғалымның ғұмыры қысқа еді. 1865 жылдың көкек айының басында Шоқан қайтыс болады. Дүниеден қайтардан біраз бұрын ол генерал Колпаковскиге және әкесіне хат жолдайды. «Қажыдым, күшім бітті, - дейді, қан-сөлім кетіп, құр сүйегім қалды, кешікпей жарық дүниеден кетермін. Менің аяулы туыстарым мен достарыммен көрісуді тағдыр жазбай тұр, бұған ешқандай амал жоқ. Бұл менің соңғы хатым. Қош болыңыздар, баршаңызды құшағыма алдым. Жетісуға келіп, сорлы Айсараны елге алып қайтыңыз, оны қараусыз қалдырмаңыз» (Марғұлан  Ә.Х.  Шығармалары. Құраст. Д.Ә. Марғұлан, Д.А. Марғұлан – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. – Т.10 – 592 б. 74, 75-беттер).

Шоқанның осы ақырғы тілегін орындау үшін әкесі Шыңғыс                     1865 жылдың жазында Көкшетаудан Алтынемелге керуен жібереді. Керуенді Шоқанның інісі Жақып бастайды. Ол өзі Ә. Марғұлан еңбегіндегі туыстарының естелігінде айтылғандай, «Шоқандай емес, аусарлау кісі болған көрінеді. Кезінде кадет корпусында оқи алмай шығып кеткен»... Міне, сол Жақып Жетісуға 25 кісімен келген. Олардың ішінде Садуақас, Имантай Сәтбайұлы, Мұқан Жолтабарұлы сияқты елге сыйлы азаматтар болған деседі.

Олар Шоқанның басына уақытша күмбез тұрғызады да Шоқанның жесірі Айсараны алып, Көкшетауға қайтып кетеді. Еліне келгеннен кейін Жақып әкесі Шыңғыстың ұйғарымымен, әмеңгерлік заңына сәйкес Айсарамен некелеседі. Айсараның алдында Жақыптың Тұрлыбекқызы Ману және Өсіп қызы Ғакия-Керей деген екі әйелі болған. Жақып пен Айсарадан үш бала – Мариям, Мәлік, Рабиға дүниеге келеді (Марғұлан  Ә.Х.  Шығармалары. Құраст. Д.Ә. Марғұлан, Д.А. Марғұлан – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. – Т.10 – 592 б.     192 - бет).

Жақып Айсарамен ұдайы бірге тұрмай, анда-санда ғана барып тұрғаны туралы да естеліктерде айтылған. Ал, Шоқанның әкесі Шыңғыс Айсараға арнап өзінің үйіне жалғастырып, тағы бір үй салғызады. Айсараны Шыңғыс Шоқанның көзіндей санайтын еді, өте жақсы көрді, қолынан келгенше қамқорлық көрсетті. «Қарашығым, Шоқанымның сүйген әйелі» деп, аялап отырған. Айсара Шоқанның жағына, иегіне сақал өсіп, мүсіні әдемі сақталған фото бейнесін өле-өлгенше қойнына тығып, сақтап жүрген. Айсараның бар мұқтажы Шыңғыстың мойнында болды, 80 жасына дейін Жақып пен Айсараның балаларын, оның ішінде туған, шешесінен айнымайтын Рабиға деген қызды өзі оқытып, әріп танытқан.

Көкшетау жұртшылығының айтуынша Айсара ұзын бойлы, сұңғақ, сабырлы, салмақты адам болған екен. Бір қызығы, Жетісу өңірінде ол кісінің аты Айсара деп айтылады, ал Көкшетау жақта Айсары деп атайды. 

Академик Ә.Мағұлан 1958 жылы Сырымбет ауылына барып, Шоқанның туған-туыстарынан естелік жинағаны мәлім. Нәтижесінде «Шоқан туралы оның ұрпақтарының жарқын естелігі» атты еңбек жазды. Осы естелікте мынадай жазулар бар: «Шыңғыс қартайған кезінде әдемі сақалы бар, көзілдірік киіп отыратын, шөгіп қалған қария еді. Жақсы көргені Шоқанның әйелі Айсары. Айсары аршындай сөйлейтін ашық кісі еді, сары бейнелеу. Рабиға сияқты ұзын, сұңғақ, ашаң кісі еді» (Марғұлан  Ә.Х.  Шығармалары. Құраст. Д.Ә. Марғұлан, Д.А. Марғұлан – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. – Т.10 – 592 б. 179, 180-беттер).

Бұл деректерді Шоқанды өте жақсы білген достарының бірі, ғалым-этнограф, Ресей армиясының генерал-лейтенанты атағына дейін қол жеткізген Александр Константинович Гейнс (1834-1892) айшықтай түседі. Ол әріптесі Гутковский екеуі 1865 жылдың қараша айында Тезек төренің ауылына барады. А.К. Гейнс бұл сапары туралы өзінің күнделігінде төмендегідей жазба қалдырған:

«31 қазан. Бүгін таңертең бізге албан руының сұлтаны Тезек келді. Ол Ұлы жүздегі ең ықпалды адам. Үстіне полковниктің мундирін киген. Тезектің бойы онша ұзын емес. Өткір көздерімен бүкіл бөлмені шолып шықты. Жылдам әрі байыпты сөйлейді. Біз Тезекті асқа шақырдық.

1 қараша. Таңертең Тезектің  ауылына қарай шықтық. Біз үшін Сұлтанның ордасына жақындау жерге ерекше үй тігілді. Біраздан кейін Тезек келді. Киіз үйде бізді Тезектің үлкен әйелі (оның төрт әйелі бар) қарсы алды, оның қасында өңі ажарлы, бірақ егделене бастаған қызы және сары түсті қытай халатын киген кішкентай бала отыр екен. Олармен біраз ілтипат алмасқан соң, Тезектің қарындасының, Шоқан Уәлихановтың жесірінің үйіне бардық. Біз оған күйеуінің өмірден ерте кеткеніне шын жүрегімізден өкініп, көңіл айттық, оның өзі мен ақылы, мәліметтерімен бізге көп пайдасы тигендігін еске алдық. Жесір әйел қатты қайғырып отыр, бірақ күйреп, жыламсырап отырған жоқ. Оның жүзі өте мейірімді еді.

Мен Жақып Уәлиханов туралы айтуды ұмытып кетіппін. Оның мұнда тұрғанына бір айдай болған екен. Оның ағасы Уәлихановтың жесірі өз күйеуінің отбасына жазған хатында өзін Сырымбетке алдыруды сұрайды. Қайсақ дәстүрі бойынша, оған қайнысы, яғни Жақып үйленуі керек. Осыған келген Жақып біраз ауырып қалып, жазылғанша осында күтіп жатыр»...

Міне, құрметті оқырман, Шоқанның сүйікті жары болған Айсара апамыз туралы бізге жеткен ауызша және жазбаша деректер осындай. Енді мұның бәрін ыждахатты түрде, ықыласпен жазу себебін түсіндіре кетеміз.

2023 жылғы 26 қазанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Шоқан Уәлихановтың бейітіне зиярат етіп, Шанханай ауылындағы «Алтынемел» мемориалдық музейін аралап көрді. Ондағы жәдігерлерлердің аздығына көңіл аударып, алдағы уақытта олардың қатарын толықтыра тусу туралы тапсырма берген болатын.

Президентіміздің айтқан бұл тапсырма бізге үлкен ой салды. Күндіз-түні ғылыми-іздестіру жұмысы басталды. Нәтижесінде жоғарыда аталған деректер негізінде Айсара апамыздың портретін салдыру туралы шешім қабылдадық.

Ол үшін алдымен Шоқан туралы азды-көпті білетін суретші табу қажет болды. Ақын, жазушы, публицист Азамат Ақылбеков (псевдонимі – Азкен Алтай)  ондай адамды тапты. Ол елімізге белгілі суретші Марат Төтеев, өзі 2023 жылы Шоқанның «Алтынемел» мемориалдық музейін реставрациялау жұмысына қатысқан. Біз Марат Төтеевті жинақталған материалдармен қамтамасыз етіп, Айсараның суретін салуын өтіндік. Қазіргі Шоқан ұрпағы Көкшетаулық Дулат Серғалиұлы бауырымызбен ақылдаса отырып, іске кірістік. Айсара мен Жақыптан туған Рабиға есімді апамыздың әбден қартайған шағында түсірілген жалғыз фотосуреті сақталған екен, оны да М.Төтеевке үлгі ретінде пайдалану үшін жолдадық.

Жақып пен Айсарадан туған Рабиға апамыздың фотосуреті. Сурет Бағдат Ақылбековтың мұрағатынан алынды.

Ең қызығы, осы уақытқа дейін елімізде Шоқантану саласында мұндай істі ешкім атқармаған екен. сонымен Азамат Ақылбеков пен Марат
Төтеевтің ізденістерінің арқасында төмендегі портрет дүниеге келді.

Шоқанның жары Айсара Көшен төре қызының портреті. Сурет Бағдат Ақылбековтің мұрағатынан алынды.

ІІІ. Қорытынды

Қазіргі уақытта Айсара апамыздың бұл портреті ғылыми сараптамадан өтуде. Реті келгенде, Уәлихановтар әулеті өкілдері Айсараның портретіне оң баға беріп, қолдауларын білдіргенін айта кетеміз. Атап айтсақ, жоғарыда аталған Мәлік Уәлихановтан Қабдөш, одан Ербатыр, Серғали деген балалары дүниеге келген екен, бұл екеуінен де ұрпақтар бар. Айсара апамыздың портретіне пікір жазып, қолдап жүрген Серғалидың ұлы Дулат деген азамат екенін тағы қайталай кетеміз. Дулат бауырымыз Рабиға апаны көзімен көрген туыстарына портретті көрсетіп, ұқсастығын тауып, анықтап отыр.

Бұл өнер туындысына деген қызығушылық арта түсуде. Сырымбеттегі Шоқан музейі де сұрастырып жатыр. Сараптаманың оң шешімі шыққан күнде, бұйыртса портретті Шоқанның «Алтынемел» мемориалды музейіне салтанатты түрде тапсыруды жоспарлап отырмыз.

Ондай күнге жетсек, Мемлекет басшысының жоғарыда аталған тапсырмасы айтылған жерде қалмай жүзеге асырыла бастады деп есептеуге болады. Дей тұрғанмен, бұл істі құзырлы мемлекеттік органдар қолға алғаны жөн. Себебі Шоқан музейін жәдігерлермен толықтыру үшін ғылыми-іздестіру жұмысы жүргізіліп, қажетті қаржы бөлінуі тиіс.

Шоқан тек қазақ халқының ғана емес, күллі адамзаттың ұлы тұлғасы, әлемдік ғылымның мәңгі өшпес шамшырағы. Ұлы ғалымның есімі мен артында қалдырған теңдессіз мұрасын жоғары деңгейде дәріптеу, насихаттау арқылы оның жатқан жеріне және музейіне келуші туристер санын күрт арттыруға болады (қазіргі уақытта жылына 2 мыңнан астам адам ғана келеді).

Ол үшін Үкіметке Шоқанның обелиск ескерткіші түрған «Көшен тоған» деген жерде туристерге арналған кешен салудың жоспарын әзірлеуді ұсынамыз. Онда заманауи санитарлық-гигиеналық торап, ауыз сумен қамтамасыз етілген демалыс орны, аллея, тротуар, ақпараттық тақта сияқты нысандар құрылысы қарастырылуы қажет деп санаймыз. Басқару, ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін республикалық меншіктегі шаруашылық жүргізу құқығындағы  мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құруды ұсынамыз.

Сөз соңында айтарымыз, жоғарыда айтылған іс-шаралар мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, жүзеге асырылса туристерден түсетін қаржы көлемі де арта түсетіні сөзсіз. Оларға қызмет көрсету, тамақтандыру, туристік заттар сату саласы жылдам дамиды және жаңа жұмыс орындары ашылады.

Сурет: Бағдат Ақылбековтің мұрағатынан алынды.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Тезек төре және Шоқантанушы, өлкетанушы, бірқатар тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы.

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1948