Николас Спаркс: Жақсы жазу тым қиын...
Николас Чарльз Спаркс танымал америкалық жазушы, Христиан діні, махаббат, адамның сезімдері жайлы көптеген романдардың авторы. Оның шығармалары шамамен 80 миллион тиражбен сатылып, 45 тілге аударылған. Ол әйелі Кэти Котпен және 5 баласымен Солтүстік Каролина штатындағы Нью-Берн қаласында тұрады.
– Сіз роман жазуға қалай кірісесіз?
– Мен әлдебір оқиға туралы шешім қабылдағаннан кейін, қарапайым үлгіде қағазға түсіргенді ұнатамын. Күніне кемінде 2000 сөз жазамын, аптасына үш-төрт күн жұмыс істеймін, әдетте таңғы сағат 10:00 мен 15:30 аралығында жазуға отырамын, бұл барыс кейде үш сағатқа, кейде жеті немесе сегіз сағатқа созылуы мүмкін. Осы қарқынмен мен бір романды төрт-бес айда бітіремін, өңдеу процесі әдетте жеңіл жүреді. Романды өңдеуге көп болса екі ай уақыт кетер, бірақ сол уақыттың басым бөлігінде менің агентім, редакторым түзетулер жасайды. Содан кейін мен олардың жазбаларына сәйкес қолжазбаны қайта қарау арқылы өңдеу процесін өлшеп аламын — бұл процесс әдетте бірнеше күндік жұмысты қамтиды.
– Сіздің шығармалар идеяға бай болып келеді. Шабытты қайдан аласыз?
– Маған идеялар менің өмірімдегі оқиғалардан, мен білетін адамдардан, оқыған мақалалардан немесе естіген әңгімелерден туындайды. Мен әрқашан жауап беруге тырысатын сұрақтар төңірегінде жиі ойланамын. Оның үстіне әрбір идеяларға ойымды ашық ұстауды үйрендім.
– Бірнеше романыңыз негізінде кино түсірілді. Шығармаңызды сценарийге, одан кейін киноға бейімдеу процесіне қаншалықты қатысасыз?
– Жалпы, мен сценарий жобасының редакциялық барысына ғана қатысамын. Кейде түсірілім алаңына бір-екі рет барып, фильмді насихаттауға көмектесетін шығармын. Ал кастингке, бюджеттерге, режиссерлікке немесе монтажға еш қатысым жоқ. Мен сценарийлерді өзім жазамын және мұндай жағдайларда ең жақсы сценарийді жазу үшін продюсерлермен және режиссерлермен жұмыс істеймін. Осыдан кейін менің рөлім әдеттегідей қалпына келеді.
– Романдарыңыз киноға бейімделгеннен кейін сіз режиссердің көзімен жаза бастағаныңызды байқайсыз ба?
– Жоқ. Мен романистпін. Менің жалғыз мақсатым - ең жақсы роман жазу. Ал киноның әлеуеті туралы мүлде ойламаймын.
– Жазу үрдісі немесе стил шығармашылық барысында қалай өзгереді?
– Техникалық деңгейде мен әдеби стильімді жетілдірдім деп ойлаймын және жазудың кейбір аспектілері оңайырақ болды. Менің жазу кестем жылдар өткен сайын жетіле түсті. Сонымен, жақсы жазу әрқашан қиын болып қала береді. Орташа, тіпті жақсы шығарма жазу оңай. Бірақ ең жақсы шығарма жазу өте қиын.
– Сіздің романдарыңыздағы Солтүстік Каролинаның шағын қалаларындағы оқиғаларды сурететйді. Неліктен әңгімелеріңіз үшін осы параметрді таңдадыңыз?
– Бұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, мен «Күнделік» атты алғаш шығармамды жазғанымда, әңгімеде махаббат хикаясының элементі болады, роман Солтүстік Каролинаның шығысында өрбиді және кейіпкерлер ұнамды болуы керек деген ұстанымды алға қойдым. Содан кейін мен әр романды дауыс, көзқарас, жас және кейіпкерлердің мінезі, сюжеті арқылы ерекше етіп жазуға кірістім. Шағын қалада роман жазу оқырмандар арасында сағыныш сезімін тудырады деп ойлаймын. Адамдар шағын қалаларда өмір басқаша деп сенеді, ал шынын айтқанда, олай емес. Өмірдің қарқыны баяу, көлік тығыны аз, адамдар көршілерін білуге бейім болғанымен, әр шағын қаланың өзіндік ерекшелігі мен сүйкімділігі бар.
– Алғашқы романыңызды жазған кезде оның қаншалықты танымал болатыны туралы ойыңыз немесе үмітіңіз болды ма? Әлде қолжазбаңыз өміріңіздің соңына дейін тартпада отырады деп ойладыңыз ба?
– Мен «Күнделіктің» бірінші сөйлемін жазбай тұрып-ақ өте сәтті болуы мүмкін деп ойладым. Бұл оқиға маған шынымен есте қаларлықтай әсер етті. Дегенмен, мен романды толық аяқтай алатыныма сенімді емес едім. Тамаша оқиғаны өрбіту бір бөлек, бірақ оған сай келетін сөздерді қағазға түсіру мүлде басқа нәрсе. Сол себепті мен алдымен соңғы бөлімді жаздым, содан кейін Нұх пен Аллидің махаббаты туралы әңгіменің басым бөлігін қағазға түсірдім. Менің ойымда романның соңғы үштен бір бөлігі керемет болуы керек, бірақ менде мұны істеу қабілеті бар-жоғын білмеймін, сондықтан алдымен соңғы бөлімді жазамын деген ой болды. Шығарманы жаза келе бірнеше жерін өңдеу қажет болды. Сонымен қатар, бұл нәрселердің ешқайсысы романның сәтті болатынына кепілдік бермеді және мен баспа әлемінің іскерлік сипатын жақсы білдім. Дегенмен, романымды агенттерге жіберген кезде, олардың көпшілігі оны басудан бас тартқанда, мен қатты таңғалғанымды мойындаймын. Бірақ Тереза Парк қызығушылық танытты, ол әлі күнге дейін менің агентім болып жұмыс істейді.
– «Күнделік» кітабында: «романтиктер мұны махаббат хикаясы деп атаса, циниктер бұны трагедия деп атайды» деген сөз бар. Бұл талдауды барлық романдарыңызға қолдануға бола ма? Сіз романдарыңызға трагедиялық махаббат хикаялары ретінде қарайсыз ба?
– Мен грек трагедияларының заманауи нұсқаларын жасауға тырысамын. Шекспир Ромео мен Джульеттамен бірдей әрекет жасады. Қазіргі мысалдарға Эрих Сегалдың «Махаббат тарихы», Роберт Джеймс Уоллердің «Мэдисон округінің көпірлері» және Николас Эванстың шығармаларын атауға болады. Негізінде, бұл жанрға қойылатын талаптар: Әңгіме манипуляциясыз адам эмоциясының барлық ауқымында шынайы эмоционалды әсерді тудыруы, мелодрамалық болмай, драмалық шиеленісте болуы, кейіпкерлер, сюжет және оқиға элементтері әмбебап, қызықты және түпнұсқа болуы керек деген шарттарды орындауы тиіс.
Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz