2024 жылы дипломатиямыз диверсификацияланды ма?
«ТРАМ-ПУТ-ЦЗИ-ЛЯЙЕН» ТҮЙІНІ
Кез келген елдің әлемдік саясатта өз орны бар екені даусыз. Оған, ең алдымен, мемлекеттің экономикалық әлеуеті әсер ететіні де рас. Әрине, басқа да факторлар бар. Мәселен, басқа елдер мұқтаж табиғи ресурстардың бар-жоқтығы немесе аса ықпалды державалар мен орталықтардың мүдделері тоғысқан не бір-біріне қарама-қайшылыққа түскен аумақта орналасуы не орналаспауы сияқты жайттар бар.
Қазақстан да өтіп бара жатқан 2024 жылы дәл осы сүбелі себептердің санқырлы салдарын көрді.
Бір қызығы Біріккен Ұлттар Ұйымы 2024 жылды «Түйетектестер жылы» деп жариялапты (осылайша адамның пішіні не мінезін емес, түйенің өзін атап отыр деп ойлаймын). Ұят болса да айтайын, түйелі ауылда өсіп, бала кезден өркеш пен табан жеп, өсіп, түйе сүтін қатқан шәй ішкен мен бұл бастамадан бейхабар екенмін. Не десек те, «мал өсірсең түйе өсір, пайдасы оның көл-көсір», түйе мәселесінің БҰҰ деңгейіне жеткеніне қуанамын да. Ойсыл қара атасынан тараған, төрт түліктің ішіндегі төресі әрі үлкені көпірден таяқ жей беретін осы жануарға қатысты бір мақалдың геосаяси астары бар екенін жиі айтып жүрміз: «екі түйе сүйкенсе, шыбын өледі».
Әлемдік деңгейде шешім қабылдайтын орталықтар тектоникалық өзгерістерге ұшырап, әрбір елге сауал салып, жауабын талап етіп жатқан кез – Қазақстан үшін де үлкен сын боп отыр.
Ең бастысы сол: әлемді қақ жарған ең басты дилемма – Украинаға қарсы Ресей ашқан соғысқа қатысты дербес ұстаным танытуда біз ешкімнің алдында ұятқа қалған жоқпыз. Қанша жамандасақ та, кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «көпвекторлық» саясаттың бір оң жемісі осы болды-ау деймін. Тіпті РФ президенті Путин елімізге ресми сапармен келіп жатқанда да Ақорда бұл ұстанымынан айнымады. Мұның бәрі Жаңа Қазақстанның дипломатиясыың бір «бәрекелді-айы» десек болғандай.
Ресей секілді Құдай берген көршімізбен қарым-қатынаста біздің билік «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», сабырлы да салиқалы саясат жүргізуге мәжбүр екенін өз ішіміздегі кейбір қызуқанды ағайын түсінбей жатқаны да рас, алайда дилпоматия әлеуметтік желілердегі хайппен немесе ешкім өз сөзіне жауап бермейтін митингілерде жүргізілмейді. Ол жағын да ескерген абзал.
Алайда, инсайдерлік ақпараттарға сүйенсек, ресейлік бизнестің Қазақстан экономикасына экспансиясы үдеп бара жатқан секілді: Батыс санкцияларының астында қалған ресей капиталы, барар жері, басар тауы қалмай, шекарасы мен құшағы айқара ашық біз жаққа ойысқандай. Қытай компанияларының мұнай-газ саласын иемденіп алғанын біз, демократтар талайдан бері айтып келеміз. Биліктің үн қатпауына қарағанда, ондай сөздердәң жаны бар сықылды. Жалпы алғанда, мұның бәрі жақсы үрдіс емес.
Бір нәрсе анық және оны билік басындағылар түсінуі тиіс: ескі Қазақстаннан Жаңа Қазақстанға көшіп жатқан елде жекешелендірудің келесі кезеңі сыртқы күштердің қолында, соның ішінде, өркениетті дүниеден аластатылған, ертең сол меншікті неоимпериялық мақсатында пайдалануы мүмкін Ресей мен бүкіл әлемді қаржысымен жаулап жатқан Қытайдың қолына біржақты һәм біржолата өтіп кетпеуі тиіс. Бұл жерде де диверсификация жүзеге асырылуы керек.
Өтіп бара жатқан жылы президент Тоқаев біраз елді шарлады, Астанаға да біраз мемлекет басшысы сапар шекті. Бір қызығы, біз барған, бізге келген елдердің саяси, экономикалық, геосаяси, дүниежүзілік рейтингтердегі орны әрқилы: алпауыттар да, «сен тұр, мен атайындары» да бар, бұған дейін біз тек география сабақтарынан естіп-білгендері де бар.
Өз басым мұндай жайтты өзгеріп жатқан әлемдік геосаясат тұсында Жаңа Қазақстанның дипломатиядағы жаңа басым бағыттарды іздестіруінің айқын көрінісі деп санаймын. Солай болуы да керек, ішкі экономиканы ғана емес, сыртқы саясатты да диверсификациялау, яғни әртараптандыру қажеттігі дәл осындай ізденістерге итермелейді.
Сол тұрғыдан алғанда, мәселен, бізге сонау алыстан Гвиней-Бисау секілді экзотикалық елдер президенттері сапарлатып келгендегі кейбір ағайынның мысқылы мен мазағын қолдамаймын: ең бастысы, ол байланыстар Қазақстанның түпкілікті мүдделеріне сай болуы тиіс, сыртқы саясатта «анау мынадай екен, пәленше, түгенше» деген бағалар ойнамай қалады.
Басым бағыттарды анықтауда кезінде Назарбаев бекіткен (бірақ кейін ұмыт қалған) «Еуропаға қарай жол» бағдарламасы жанданғандай. Осы жылы президент Тоқаев осы маңызды бағытты назарынан тыс қалдырмағаны дұрыс болды.
Орталық Азиядағы Құдай берген туыс әрі көршілерімізбен де қарым-қатынас түзелып, жүйелік сипат ала бастағаны да көңілге демеу.
Түркі мемлекеттері Одағы да әлемдік саясаттың ықпалды күшіне айналатын зор мүмкіндігі бар. Тек қана ел басшыларының жекебас амбициялары мен әлемдік саясаттың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша әрқилы ұстанымда болуы кедергі жасап қоймаса болды.
Сыртқы бағыттарды жаңалауда Оңтүстік-Шығыс Азияның дамыған елдерімен байланыс орнатып, экономикалық ынтымақтастықты орнықтыру да қолдауға тұрар іс. Ол жақтағы Қытай секілді монополиске балама болар ұжым іспеттес Жапония, Индонезия, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея және басқалары да бүгінде біздің елге келгіштеп кетті. Ол да жаман емес.
Сыртқы саясаттың тағы бір өзіндік ерекшелігі сол: бар нәрсе ресми ақпаратпен шектелмейді, білдірмей істейтін, көзге түсе беруі міндетті емес, иненің жасуындай нәрселер болады.
Тарихтағы жеке адамның ролін ешкім де жоққа шығара алмайды. Әңгіме, төрт жылдан соң Ақ үйдегі кабинетіне қайта оралып жатқан АҚШ президенті Дональд Трамп туралы.
АҚШ секілді супердержаваның әлемдік саясатқа ықпалы қандай екені бесенеден белгілі. Бұдан бұрынғы каденциясында Трамп өз елінің сыртқы саясатын түбегейлі өзгертті десе болады. Басты халықаралық ұйымдардың (НАТО, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) қатарынан шығу бастамалары бәріміздің есімізде. Енді, міне, бір айдан соң, яғни 2025 жылдың 20 қаңтарында қызметіне кіріскелі жатқан ол Канаданы АҚШ-тың 51-ші штаты болуға шақырып жатыр, әлемдік теңіз қатынастағы орны ерекше, атақты Панама каналын АҚШ-қа қайтарып, Гренландияны сатып алатыны туралы оқыс мәлімдемелер жасады. Бұл экстравагантты, сөзі де, ісі де оғаштау һәм оқыстау Трамптың әлі де әлемді таң қалдырар бастамаларының басы ғана болса керек.
Сол себепті келе жатқан жыл «трампофандар» мен «трампофобтардың» тектіресінің жылы болуы әбден ықтимал және де ол күрес АҚШ-тың өзі ішінде де, сыртында да жүрмек. Трамп осылай кете берсе, оның шулы бастамаларынан шаршаған электорат пен оның қарсыластары оған импичмент жариялауға дейін баруы мүмкін.
Ол да әлемдік саясатқа өз әсерін тигізері хақ.
Дүниежүзілік болмыс пен тірліктің бір бөлігі ретінде Қазақстан да одан тыс қала алмайды.
Сөзімді қорытындыласам, Дональд Трамп (АҚШ), Владимир Путин (РФ), Си Цзиньпинь (КХР) және Урсула фон дер Ляйен (Еуроодақ) басқарып отырған орталықтардан құрылған «ТРАМ-ПУТ-ЦЗИНЬ-ЛЯЙЕН» түйіні қалай шешілмек, алдағы жылдағы көп нәрсе соған байланысты болмақ.
Осы түйіннің шешілуінде РФ мен КХР-мен іргелес, «ұжымдық Батыспен» қарым-қатынасын үзе қоймаған Қазақстанның да өзіне лайық ролі бар деп санаймын. Тек сол мүмкіндіктерді қолдан жіберіп алмасақ болды.
Әміржан Қосан
Abai.kz