Қазақстан мен БАӘ байланысы арта ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Онда Президент Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитіне қатысады. БАӘ-ге кеше барған қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесулер өткізген. Бүгін сол кездесулерге шолу ұсынамыз...
Президент әуелі БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Кездесу «Qasr Al Shatie» сарайында өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
– БАӘ – біздің араб әлеміндегі басты серіктесіміз. Елдеріміздің игілігі үшін екіжақты және көпжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Мен достық, өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Аса Мәртебелі Президент мырза, Сізді өз елімде құшақ жая қарсы алуға дайынмын. Қазақстанға жасайтын сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне бастау болатынына сенімдімін, – деді.
РЕПЛИКА: БАӘ Қазақстан экономикасына қаржы құйған 10 ірі инвестордың қатарына кіреді. Қазақстан мен БАӘ компаниялары екеуара көлік-логистика, энергетика, қаржы, туризм және басқа да салаларда белсенді ынтымақтастық жүргізуде. Екі ел басшылары ақырғы рет 2023 жылы Абу Дабиде және Дубайда кездесулер өткізген. Сол кездесулер барысында екіарадағы тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу туралы мақсат қойылған. Ал былтыр БАӘ-ден келген тікелей инвестиция көлемі екі есеге ұлғайған.
ЖОСПАР: Қазқастан мен БАӘ үкіметтері өзара сауда-саттыққа жаңа күш беру мақсатында нақты экономикалық күн тәртібін жасамақ. Нақтылай айтқанда: Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларацияны жүзеге асыру мәселесіне мән берілмек.
Abai.kz